Университет ауруханасында дәрігер өкілетіне ие медбике болып істеп жүрген Алисса Шәннонға NASA қоңырау шалып, оны Марс миссиясына таңдап алғанын хабарлағанда, ол күнделікті әдетімен таңмен таласа Оуклендтен Сакраментоға бара жатқан. Алисса қуанғанын жасыра алмай, шыңғырып жіберді. Сосын көлігін жол жиегіне тоқтата сала, Калифорниядағы Берклидің ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі операциялар менеджері болып істейтін серіктесі Жейк ХәрУудқа қоңырау шалды.
– Мәссаған, – деді ХәрУуд.
– Шынымен, – деді Шәннон, – сене алар емеспін.
Екеуі бұл жаңалықты үнсіз отырып ұзақ таразылады, оның артар салмағы мен нендей боларын ақылға сыйдырудың өзі оңай емес еді.
Сол күні Иллинойс штатындағы Сприңфилд қаласының жедел жәрдем дәрігері Нейтан Жонс сәске түс кезінде қорықса да, асыға күткен хабарын алды. Оның ойы бірден әйелі Кейси мен сегіз, он және он екі жастағы үш ұлына ауды. «Балаларың ұядан ұшқанша қасында болатын уақытың он сегіз-ақ жыл, – деді ол өз-өзіне. – Ал жаңа келген ұсынысты қабыл алсаң, соның біреуін құрбан етуге тура келеді».
Дегенмен… оның NASA ұсынысынан бас тартуға дәті бармады. Марс өзінің тағдыры екеніне ол әбден сеніп алған. Бала күнінен өзге ғаламшарларды тамсана аралап жүрсем деп армандайтын; ғарышкерлер лагеріне баруға үмітті, тек отбасы мұнсыз күн көре алмайтынын жақсы біледі. Ұлдары сәл ес білген кезде оларды Канаверл мүйісіне апарып, зымыран ұшқанын бірге тамашалағаны есіне түсті.
Жаңалық Кейсидің құлағына тиіп еді, көзі мөлтілдеп шыға келді.
CHAPEA деп аталатын бұл Марс миссиясы шын мәнінде Марсқа ұшпайды. («Экипаждың денсаулығы мен жұмыс қабілетін зерттеу аналогы») CHAPEA миссиясының сәтті өтуі оның Марсқа жасалатын алғашқы адам экспедициясын қаншалықты дәл модельдей алатынына байланысты болады. NASA мұндай экспедиция 2040 жылға қарай жүзеге асады деп күтеді.
Адам баласы Марсқа аттанары хақ һәм ол күн алыс емес. NASA-лықтар өзара мұны күмәнсіз ақиқаттай көреді. 2018 жылы Конгрестің тапсырысымен дайындалған ақпарда NASA «2020 жылдардың аяғынан қалмай» Марсқа адам аяғы тиеді деп болжаған екен. Алайда адам қатысатын алғашқы миссияның межелі мерзімі сәл шегерілгенімен, сенім әлсіреген жоқ. Техникалық кедергілер көп болса да, түбінде мақсатқа жетеміз деген сенімге селкеу түскен емес. Шілдеде шыққан дерекке сүйенсек, жуырда ғана NASA-ның Марс бағдарламасы директорының міндетін атқарған Рейчел МакКоли адамдар алғашқы миссияға аттанғанға дейін шешілуге тиіс сегіз жүздей мәселенің тізімін ұсынған. Олардың көбі Жерге ешқашан 54,5 миллион (33,9 миллион миль) шақырымнан артық жақындамайтын ғаламшарға адам жеткізудің механикалық қиындығына қатысты; оған қоса, улы топырақ, тыныс алуға жарамайтын ауа, Күн радиациясы мен ғарыш сәулелерінің соққысына төтеп бере отырып, Жермен байланыс үзілсе де аман қалуына жағдай жасау; әрі бір жарым жылдан астам уақыт өткен соң оларды аман-есен кері қайтарып алуға қатысты болды. Тағы бірқатар мәселе аса күрделі әрі нақты бір сала төңірегінде болғандықтан, МакКоли оларды жақсы журналист екеніне қарамастан, инженерлік жоғары білімі жоқ кісіге неден бастап түсіндірерін білмейтін. Соның өзінде ол NASA бұл техникалық сынақтардың бәрін еңсере алатынына күмәнданбайды. Алайда жауабын NASA ғана емес, жан баласы білмейтін бір сұрақ бар: адамзат Марстағы өмірдің психологиялық азабына төзе ала ма?
Осы арада іске CHAPEA кіріседі. Бұл жолы жылу қалқаны мен Марстың бетінде жол табу сияқты мәселелерге емес, жобаның басты назары адамдарға аумақ. 378 күн бойы төрт қарапайым адам Марсқа барып түскен колонистер есепті өмір сүріп көреді: олар миссия басқармасының нұсқаулықтарын орындап, жауап қатып, ақпар беріп отырады, олардың әр ісі толық қадағаланады. Ғарышкерлерше тамақ ішеді, маңызды тәжірибелер жасайды, жөндеу жұмыстарын жүргізеді, сауалнамаларға жауап береді және қатал тәртіп орнаған ортада барынша жайбарақат өмір сүріп көреді. Осындай дәл шынайы өмірдегідей реалистік тәжірибе адамзат миллиондаған шақырым алыста жанашырлары мен жақындарынан шалғай өмір сүре алатын-алмайтынын анықтау үшін қажет.
Тәжірибе жүргізуші ғалымдар экипаж мүшелері жүздеген күн қатарынан ғарышкерлердің тұзы аз дайын тамағын жей бере ала ма, тәбеті құрып, жүдеп, көңіл-қошы бұзылмай ма дегенді білгісі келді. Олар тар жерде бөтен адамдармен тату тұра ала ма? Жермен арада хабар жоқ үш аптадай уақытта бір-бірін көрместей боп кетпей, кәсіби бірлігін сақтап қалуға шамасы жете ме? Мұндай мәселелер аса маңызды, өйткені миссияға қатысатындар өз денінің саулығын қадағалап, жайлы орта қалыптастыра білмесе, ең бастысы, жүйкесі тез тозатын болса, ешбір миссия сәтті болмайды.
Сөйтіп NASA ғарышкерлер Марста тіршілік ете алатынына көз жеткізу үшін алдымен адамдарды «ғарышкерлер» кейпіне енгізіп, Марстағы өмірді барынша дәл беретін жағдайда өмір сүре алатынын анықтауға тиіс.
«Марс шақырады!». 2021 жылғы тамызда NASA сайтында жарияланған хабарландыру осылай басталады. NASA миссияларының көбінен CHAPEA ерекшелігі оның жалпы жұртшылыққа, жоқ дегенде бұрынғыдан әлдеқайда кеңірек аудиторияға ашық болғаны еді: STEM саласында магистр дәрежесі бар 30–55 жастағы азаматтар немесе жергілікті тұрғындар қатыса алатын. Үміткерлерге бұл эксперимент «психологиялық тұрғыдан өте ауыр» болады деп айтылды.
NASA деп армандап жүрген жұртқа бұл жаңалық Уилли Уоңка жолы болғыш бес жеңімпазға арнап шоколад зауытын ашады дегенге пара-пар еді. NASA Марсқа баратын төрт алтын билет, нақтырақ айтсақ, Хьюстондағы Жонсон ғарыш орталығындағы қойма ішінде салынған ауданы 158 шаршы метр Mars Dune Alpha модулінде тұрып көру мүмкіндігін ұсынды.
Модуль ішіндегі тұрақтар болашақта Марстағы үй-жайлар қалай салынатынына орай жоспарланып, 3D принтерден шығарып салынды. Марстағы тұрақтарды жасап шығаратын сол принтердің «бояуына» Марстан әкелінген топырақ жұмсалды. NASA қорында ондай топырақ жетерліктей мөлшерде болмағандықтан, CHAPEA арнайы ауа өткізбейтін цемент негізді Lavacrete материалын қолданды, ол 3D принтерден лықсып-лықсып шыққанда жалқын түсті тіс пастасы сияқты көрінді. (Lavacrete кез келген түсте басып шығаруға болатын болса да, NASA инженерлері тұрақ-үйлерді біртүрлі, жұрт шатасып «Марсиан қызыл» деп атап кеткен жалқын түске бояды). Тікбұрышты модульдің бір шетінде өлшемі 1,8×3,4 метр болатын, жатын бөлме есепті төрт бірдей бөлме орналасқан. Ортасында теледидар мен шалқайып отыруға арналған төрт креслосы бар шағын «демалыс бөлмесі» тұр.
Ал екінші шетінде бірнеше үстел, компьютер мониторлары, медицина бұрышы және шағын жылыжай орналасқан. Көкөністер ас есебінде тұтынуға емес, психиканы қалыпты ұстауға деп өсіріледі: CHAPEA зерттеушілерінің бірінің айтуынша, өсімдік күтіп-бағу «Жерден алыс, жабық, оқшауланған ортада тұратын ғарышкерлерге психологиялық тұрғыда көмектесуі мүмкін» екен. Бөлмелердің төбесінің биіктігі әртүрлі, құрылысшының сөзінше, бұл «кеңістік тым біркелкі көрінбесін, экипаж мүшелері жалығып кетпесін» деп жасалған. Қақпақты ашып, Марс ауласына шығуға болады: онда экипаж мүшелері қос жүгіру жолағы бар қызғылт құм толтырылған кеңістікте виртуал әлем көзәйнегін тағып алып, «ғарышта жүргендей серуендейді». Аула шарбағына Марстағы жартастар бейнеленген фреска салынған. Терезе жоқ.
Эксперимент ұзақтығы шындықтан тым алыс кеткен жоқ. Орбитадағы геометрияға сәйкес, Марсты барынша тез шолып шығу үшін 570 күн жетеді екен, мұндай сценарий әр 15 жыл сайын ғана қайталануы мүмкін, ендігісі 2033 жылы; ал әдеткі Марс миссиясы кемі 800 күн жүрмек.
Эксперимент барынша шынайы өтсін деп NASA экипаждың 378 күн қандай сынақтардан өтетініне қатысты қосымша ештеңе жарияламаймыз дейді. Бұл оқшаулану 2024 жылғы 6 шілдеде аяқталады. NASA қатысушылар «ресурстардан шектеледі, құрал-жабдықтар істен шығуы мүмкін, байланыс кешеуілдеуі ықтимал және басқа да қоршаған ортаның жағымсыз әсерлері» болады деп қана атап өтті.
Алайда Алисса Шәннон мен Нейтан Жонс NASA-ның бәрі шынайы болады деген сөзіне қалтқысыз сенсе, онда міндетті түрде әлдебір деңгейде жағдай қиын болады деп болжар еді. Мысалы, Марсқа аттанған миссиядағы экипаж мүшелері бұрын-соңды көрмеген адамдармен берік эмоциялық байланыс орнатуға мәжбүр болады, Жердегі жақын жандарынан алыста жүріп, жұбаныш пен қолдауды сол әріптестерінен іздейді. Экипаж кез келген төтенше жағдайға өзі жауап беруге тиіс, ал миссия командасының орталығы басқа ғаламшарда болғандықтан, SOS сигналын дер кезінде қабылдап, іске араласуға мүмкіндік бола бермейді. Сондай-ақ олар ауру баласына қарай алмайтынына, ренжіген жарын жұбата алмайтынына немесе төсек тартып жатқан ата-анасын көре алмайтынына көнуге мәжбүр болады.
Келешекте Марсқа аттансам дейтін саяхатшылардың алдынан шығатын сынақтар бұлар ғана емес. Анау ғарышқа аттану құқығына ие болу үшін олар осы мүмкіндікті адал атқарып, жан-тәнімен беріле кірісуге тиіс. Әлемде олардан асқан марсқұмар табылмауы керек. Сондай-ақ олар ғалам тарихында кемі 570 күн бойы оқшау қалған адамдар тобы болатынына да көнуге тиіс.
Алисса Шәннон ес білгелі Марсты адам жайласа деп қиялдап өсті. Апталап бөлмесінен шықпай, Lego бөлшектерінен Марс станциясына айналатын ғарыш кемесін құрастыратын. Кейін Рэй Брэдберидің «Марс хроникалары», Жеймс С.А. Кори жазған Кеңістік» сериясы мен Ким Стэнли Робинсонның «Марс трилогиясы сынды осы бір ғаламшар туралы қолына түскен ғылыми-фантастикалық шығармалардың бәрін оқып шықты. Өзі бір орнында тұра алмайтын, Жон Мюир жолын 23 күнде жаяу басып өткен, Испанияны 40 күнде аралап шыққан турист болған соң, небір қиындыққа мойымай, ұзақ уақыт оқшауланып та өмір сүре алатынын білетін. Тамақ істеуді өзінің басты мамандығындай көреді, әрине, тұтас дәнді ашытқыдан істеген пиццасын сағынары анық, алайда адамзаттың келешегі жолында кулинарияға деген құмарлығын құрбан қылуға дайын екенін жан серігі Жейк те түсінетін. Ол Алиссаның экипаж құрамына енгені «маңызды әрі жауапкершілікті қажет ететін істі ол міндетті түрде аяғына дейін жеткізетін қасиетіне дәлел бола алады» деп сенеді. NASA-дан жауап күтіп жүрген кезде Алисса бұл туралы көп айтпайтын: өйткені экипаж құрамына қосыласың десе, бақыттан жүрегі жарылып кетер еді.
Үш баланың әкесі Нейтан Жонс егізінің сыңары Мэтьюға миссия дәл өзіне арналғандай сезіледі, соған бола жаралғандаймын дейді екен. Мэтью де оны қолдайды. Нейтан кез келген адаммен тіл табыса алады, қиындыққа төзе алады. Өзі жылдар бойы түнгі ауысымдағы жедел жәрдем дәрігері болып жұмыс істеп, адамдарға риясыз қызмет етіп келген: Гондурас жунглиіндегі медициналық миссияларға ерікті болып қатысып, үндіс тайпаларының тілін білмесе де (құрығанда испанша бір ауыз сөз білмей), ем-шара жасап жүрген. Өз үйінде де төтенше жағдай шыға қалса, Жонс бірден білек сыбана кіріседі: ағып тұрған шүмек, істен шыққан құрылғы не бітелген дәретхана тесігін де бұйым құрлы көрмейді. Ол Марсты, жоқ дегенде модуль «Марсты» бағындыра алатынына сенді.
Оның жары Кейси бала-шағасын жалғыз баққанның қиындығын еңсере аларына сенбейді. Нейтон осы миссияға барсам деп өтініш беріп қойғанын айтқанда, ол таңырқап: «Неге, – деп сұрайды. – Бір жыл бойы үй-ішіңнен жырақта жүруді өз еркіңмен таңдағаның қалай?»
Дәл осылай болмаса да, сәл басқаша сұрақ тарихшылар, этика саласының сарапшылары және NASA консультанттары сынды Америкалық ғарыш бағдарламасын қадағалап, кәсіби өмірінің көп бөлігін ғарышты зерттеуге және өзге ғаламшарларға адам қоныстандыру болашағын болжауға арнап келе жатқан түрлі мамандардың да көкейінде тұрған. Сол сұрақ: NASA ғарыш агенттігі CHAPEA іске асырғанда өзіне бұрын-соңды беймәлім боп келген нендей жайтты білмек?
Үйреншікті әлеуметтік ортадан ажыраудың психологиялық салдары болары айдан анық. «Адамдар жалғыз қалғанда нендей күйге түсетінін білмеуші ме едік? – деп сұрайды Уичито университетінің философия профессоры, ғарышты бағындыру барысындағы этиканы зерттейтін Ж. С. Жонсон-Шварц. – Адамдарды бір жыл бойы бөлмеге қамап қойса, не болатыны баршаға мәлім емес пе? Бөлмені Марс топырағының түсіне бояғаннан нәтиже өзгеріп сала бермейді».
Жонсон-Шварц сүйеніп отырған зерттеу нәтижелері кейінгі 80 жылдағы оқшаулану эксперименттерінен алынған. Бұл зерттеулер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Ұлыбританияның Король әуе күштері барлау рейстерінде жалғыз ұшқан пилоттардың өнімділігін зерттеуді қолға алғанда басталған екен. Офицерлер ұшқыш әуеде қаншалықты ұзақ ұшып жүрсе, неміс сүңгуір қайықтарын соғұрлым аз табатынын байқаған. Психолог Норман Макуорт мұның себебі миссия бірсарынды екенінде деген шешімге келген. Мәселе олардың алаңғасарлығында емес еді: бірсарынды тапсырма пилоттардың қырағылығын бәсеңдетіп, ең қарапайым тапсырманы орындау қабілетін әлсіретіп жібереді екен.
Макуорт жасаған қорытындылардан шабыт алып, Монреальдағы Макгилл университетінің психологі Дональд О. Хебб жаңа зерттеулер сериясын жүргізе бастайды. Эксперимент барысында студент жігіттер күніне 20 доллар ақы алып, жарық түсетін, бірақ дыбыс өтпейтін сұр кабинада жатады. Хебб Макуорттың тұжырымдарын растап қана қоймай, алаңдатарлық тағы бір жайтты анықтады. Бірсарынды өмір салты интеллектуалдық қабілетті төмендетіп қана қоймай, адамның көзқарасының өзгеруіне де әкелетін.
Басында Хеббтің студенттері көп ұйықтап, арасында оқудағы қиындықтары мен жеке проблемаларын ой елегінен өткізуге кіріседі. Кейін өткенге шолу жасап, көрген фильмдерін немесе барған саяхаттарын санасында қайта жаңғыртты. Кейбірі тіпті іші пысқаннан тоқтамай санай берген. Алайда уақыт өте олар зейінін тұрақтандыра алмай қалады. Бірнеше студент кейде бастарына бірде-бір ой келмей, мида «түк қалмағандай» күй кешкендерін айтқан.
Одан кейін галлюцинация көріне бастаған: қап арқалап тізіліп келе жатқан тиіндер. Ормандағы тоғанда асыр сап су шашқылап жүрген жалаңаш әйелдер. Көше кезген көзәйнектер. Басына арнайы дулыға киіп, ваннада резеңке дөңгелекпен сырғанап ойнаған қария. Иттер, толған ит. Бір студент елес мақұлық көзінен өтіп «миын сорып жатқанын» айтып шағынады. Бұл жайт студенттерді манипуляцияға өте сезімтал етті. Оларға елестер, аруақтар мен экстрасенсорлық қабілеттер туралы жазбалар көрсетілгенде, мұндай құбылыстар шын екеніне сенуге әлдеқайда бейім болды, тіпті эксперимент аяқталғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы сол сенімнен арыла алмай қойды.
Хебб жасаған тұжырымдардан кейін оқшаулану мәселесін зерттеушілер саны күрт артты. Экспериментке қатысушылар темір қоршау ішіне, су толы резервуарлар мен жерасты үңгірлеріне салынды; нәтижелер бір-біріне ұқсас шықты. «Бұл эксперименттер сан алуан сала өкілдеріне аса пайдалы болды, – дейді оқшаулануға қатысты зерттеулер тарихын жазып жүрген Корнелл университетінің ғалым тарихшысы Жеффри Мэтиас. Бұл зерттеулер нейробиологтер мен психологтердің ғана емес, АҚШ барлау қауымдастығының да әуестігін оятып, қаржылай қолдауға ие болды. Орталық барлау басқармасы бұл қорытындыларды өздерінің «мәжбүрлі қарсыбарлау тергеуі» деген ресми атаумен бүркемеленген бағдарламаларында қолданды. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл кәдімгі «ми шаю» мен «азаптаудың» өзі еді.
Оқшаулану жөніндегі бұл зерттеулерді 1958 жылы NASA құрылғанға дейін АҚШ ғарыш бағдарламасын басқарған Әуе күштері де мұқият бақылап отырды. Ғарышқа барған сапар ғарышкерлерді есінен адастырып жіберуі мүмкін деп қауіптенген Әуе күштері 1955 жылы Сан Антониодағы Әуе күштерінің Аэронавтикалық медицина мектебінде CHAPEA-ге ұқсас алғашқы эксперимент өткізді. Болашақ ғарышкерлерді табыттан сәл ғана үлкен, ішіне люминесцент шамдардан үздіксіз жарық түсіп тұратын ғарыш кемесінің кабинасына бір аптаға қамап қойған екен. Әскери ұшқыштарға көп техникалық тапсырмалар жүктеліп, кейбіріне шамадан тыс мөлшерде амфетамин берілген.
Ол тәжірибе барысы белгілі бір реттілікке сай өрбіген: әуеліде көңіл күйі көтеріңкі болған қатысушылардың бірі «біртіндеп ашушаң бола бастадым» дейді, ол ашуы бара-бара «ашық өшпенділікке» ұласқан. Көбіне, тіпті ешқандай стимулятор ішпегендердің өзіне де бірдеңе елестей бастаған. Бір ұшқыш жабдық тақтасына қонақтап отырған «кішкентай адамдарды» көрген: «Олардың жаны бар деп ойладым ба, жоқ па, шыны керек, айта алмаймын, – деді ол: – Өзім де анық білмеймін». Ал тағы бір ұшқыш үш сағаттан соң эксперименттен бас тартып, психиатрдан көмек сұраған.
Осыған ұқсас зерттеулер кейін де жалғаса берді: қараңғыланған, дыбыс естілмейтін камераларда және биіктегі әуе шарларынан салбырап тұрған капсулаларда жүргізілді. Алайда бұл бағыттағы ізденістердің бәріне «Меркурий» жобасы нүкте қойды. 1960 жылдардың басында америкалық ғарыш бағдарламасының ресми бастауын айқындаған жеке миссиялар барысында ғарышкерлерден айқын психологиялық күйзеліс белгілері байқалмағанға, Хебб зерттеушілері біраз тынышталып қалған. Кейінгі ұзақ мерзімді экспедициялардың бір де бірі Жер орбитасынан асқан жоқ – Халықаралық ғарыш станциясы өз ғаламшарымыздан Манхәтн мен Уошиңтонның арасындай ғана жерде ұшатын – сондықтан экипаж мүшелері отбасы мен достарына оңай хабарласып отыратын. Мемлекеттік мекемелер, әсіресе ядролық сүңгуір қайықтардағы экипаждың жұмыс қабілетіне алаңдайтын құрылымдар оқшауланудың әсерін зерттей бергенімен, NASA бұл тақырыпқа ұзақ уақыт бойы қайта оралған жоқ.
NASA ғарыштағы оқшаулану мәселесін әлі шешкен жоқ. Агенттік бұл дәл қазір шешуді талап етпейтін мәселе деген тұжырымға келді. Кемі жарты ғасыр бойы солай ойлап келгенде, жаңа бір сынақ шықты: адамзат алыстағы, алыстығы сондай, көмек шақырған дабыл Жерге жеткенше Күн жүйесін 22 минут көктей өтетіндей алыстағы ғаламшарға аттанбақ ниет білдірді.
CHAPEA экипажының серіктестері мен отбасын ең қатты алаңдатқан нәрсе хабар кешеуілдеп, кідіріп жететіні болды. Ғарыш модулінде жасалатын сигналдардың бәрі Жерден жүздеген миллион шақырым қашықта жатқан Марсқа ақпарат шын өмірде қанша уақытта жететін болса, соған сәйкес кешіктірілетін. Тіпті ең қысқа («Қалай боп жатыр?» «Жақсы») деген диалогтың өзі 44 минут жүрер еді.
44 минут деген – тосын, оқыс ештеңе болмағандағы уақыт. Ал байланыс атаулының бәрі бір-ақ нүктеден өтенінін ескерсек, мәселе қиындай түседі. Хабарламалар ғана емес, бақылау видеосы, аудио, эксперимент және биостатика деректері сынды ақпараттың әр бірлігі кезекпен ғана жолданатын. Бірінші кезекте ең шұғыл сигналдар мен ең шағын деректер берілуге тиіс еді. Айналып келгенде, Жердегі адаммен әдеттегідей әңгіме-дүкен құру мүмкін еместей көрінді. Мысалы, туған күн шырағын үрлеп тұрған баланың қысқа видеосы секілді ең қарапайым цифрлық ашықхат бірнеше апта кідіріп жетуі мүмкін. Ал эксперименттің ортасында екі ғаламшардың арасы үш аптадай тым алшақтап (400 млн шақырымнан астам) кететін кезде байланыс мүлде болмай қалады.
Алисса Шәннонның киберқауіпсіздік саласының маманы болып жұмыс істейтін серігі Жейк цифрлық дерек ағынындағы кептелісті «айналып өтудің» жолын іздеуге бар күшін салды. «Өзім жолдаған сигнал өзгелердікінен жылдамырақ жетсін деп не істей алатынымды білуім керек, – деді ол: – Технологияның құлағында ойнаймын: бит рейтін барынша төмендетуге болады. Сапасы төмен болса, сурет тезірек жетеді. Түрлі түсті емес, ақ-қара болсын. Әрең көрінсе де, жымиып тұрған мен екенімді шырамытуға болатындай ең шағын дерек көлемін есептеп шығаруым керек».
Нейтан Жонс NASA экспериментаторларынан мүмкіндігінше жұмысты үйіп-төгіп берсін деп сұрады, бос уақытым болмаса деді. Сеңделіп құр жүрсе, әйелі мен ұлдарын уайымдап, оларды «әке боп» құша алмағанын ойлап, азап шегер еді. Ол өзінің сүйікті топтарының концерттерінен, фортепиано кештерінен, кросс-кантри жарыстарынан, футбол ойындарынан құр қалғаны мен Марсқа сапары аяқталғанша үлкен ұлының бойы 15 сантиметрге өсіп кететінін ойлап отырғысы келмеді. Сондай-ақ миссияға шақырту алғанын естігенде бір жағынан таңданғанын жасыра алмай, екінші жағынан алаңдап қалған Орталық Иллинойстағы достары бұл туралы не ойлайтыны да қызық болған жоқ. «Міне, ең қиын кезең осы болды, – дейді ол: – Олардың аузы ашылып қалды. Кейсиге: “Неге күйеуіңе бұл қадамға баруға рұқсат еттің? Өзің қалай күн көресің?” деген сыңайлы сұрақтар жаудыра берді. Көпшілікке бұл ессіздік сияқты көрінеді. Мүмкін, шынымен солай-ақ шығар. Бұл жақтың адамдары әдетте мұндайға бармайды».
Кейси сан түрлі күй кешті: ашуланды, қорықты, мұңайды, тайталасқа түсті, мақтанды, қайраттанды. Нейтанға біресе «бармашы» деп жалынса, біресе «жібермеймін» деп жылады. «Бір жыл бойы балаларды тастап кету ешқандай ананың ойына да кіріп-шықпас еді», – дейді ол. Алайда ақырында оның ынта-жігеріне тәнті болып, райынан қайтты. NASA «ingress», яғни «кіру» деп атаған, экипаждың модуль ішіне кіріп, толық оқшауланатын сәтіне бірнеше ай қалғанда, Нейтан жұбайының «Жаным, мынаны істей салшы, ананы да жасап қойшы» деп тапсырған шеті мен шегі жоқ шаруаларының тізіміне бар ынтасымен кірісіп кетті.
Өзі жоқта отбасы теріп жесін деп бақшаға қызанақ, қияр, бүлдірген, қауын-қарбыз бен қаражидек екті. Балаларына жер күтіп-баптауды: арамшөп жұлуды, бұтақ қырқуды, қоршауды ретке келтіруді үйретті. Хьюстонға соңғы дайындық айына аттанып кеткеннен кейін, Кейси бір қызық жайтты байқайды: ұлдары аулаға шығып, бүйірін таянып бақшаны үнсіз шолып тұрады екен. Өздері де аңғармай әкесінің қимылын қайталаса керек.
Нейтан екі жуынатын бөлмені жаңартып, отбасы көлігінің карбюраторын реттестірді, үйдегі жабдықтарды ауыстырып, қарағайдың артық бұтақтарын қырқып шықты. Кейсиге есепшоттарының бәрінің құпиясөздерін беріп, салық төлеуді егжей-тегжей түсіндірді. Оған тіпті ара ұстауды да үйретті. Естелік болып қалсын деп кәсіби фотограф жалдап, отбасылық портретке түсті, ал көктемгі демалыста Disney круизіне баруға қомақты қаржы жұмсап, қалтасын қақты.
Нейтан өзі жоқта болатын алдағы туған күндер мен мерекелерге арнап «Жарты жолдан өттік!», «Бір ай қалды!» деген сынды ашықхаттар мен сыйлықтар дайындап қойды. Оған қоса диван жастықтарының астына, төсектің іргесіне немесе Кейси күйзеліп кетеді-ау деген сәттерде көзге түсетін жерлерге стикер-жазбалар қалдырды. Мысалы, электр қалқанының жанына жасырып қойды. Құрал-сайман салынған жәшіктің ішіне «Қолыңнан келеді. Еш мойыма» деп хат салып кеткен. Соңында ол Кейси некелескендеріне 15 жыл толған күні ашсын деп бір конверт берді.
Жонс пен Шәннон NASA-ның миссияға қатысты көп нәрсені құпия ұстау жөніндегі ұстанымына түсіністікпен қарады. Алайда алдағы бір жыл өмірі қандай боларын анығырақ түсінгісі келсе, CHAPEA мақсаттарына үндес болған Марс симуляциялары туралы ескі материалдарға, мысалы, 2013–2017 жылдары NASA қаржылай қолдауымен жүргізілді HI-SEAS деп аталатын экспермент нәтижелеріне жүгінуіне болар еді. Ол эксперимент Һавай аралдарындағы Мауна Лоа жанартауының қызғылт тартқан баурайында, атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейін үздіксіз өлшеп отыратын обсерваториядан шамамен 900 метр төменде тұрған күмбез пішінді модульде өткен. Экспериментке қатысушылар қара халық арасынан іріктеліп, модуль ішінде 12 айдай тұрған. HI-SEAS аясында түрлі тамақтану жүйелерінің қорек ретіндегі әрі «психоәлеуметтік» әсері зерттелді. Сонымен қатар еріктілердің мінез-құлқы, ақыл-ойының сергектігі және тар, оқшау ортаға тез бейімделу жолында қалыптастырған психологиялық сипаттарына назар аударылды.
«Баяғыда, Марста тұрғанымда» – HI-SEAS жобасының алғашқы экипаж мүшелерінің бірі Кейт Грин жазған эссе форматындағы мемуар. Бұл жинақта «Зерігу туралы», «Оқшаулану туралы», «Марс туралы түстер, Жер туралы түстер» деген тараулар бар. Грин миссияның адамды жүнжітіп жіберердей тым бірсарынды ырғағының әсері қалай болғанын баяндайды. «Біртіндеп, – деп жазады ол: – психиканың қажуы қалыпты күйіме айналды». Экипаж мүшелерінің ұйқысы қашты, үздіксіз бақылау мен бейнетаспаға түсіруден шаршады, ал белгілі бір уақытқа ғана жоспарланған демалыс уақыты «ширыққан» секілді көрінді. Грин ұсақ-түйек нәрселердің өзіне: баспалдақ жақтан біреудің тәпішкесін сүйрете басқан дыбысына, дастарқан басында бір экипаж мүшесі аяғын айқастырамын деп, байқамай бұған тиіп кеткеніне ашулана бастайды. Бара-бара Жердегі ең қарапайым тіршілікті, сонда қалған жұбайын, қартайып бара жатқан ата-анасын, сырқат бауырын сағынып, құса болады. Ал әдеттегі сенсорлық сынақ кезінде мұрнына ананас иісі келгенде, жылап қоя берді.
HI-SEAS жобасы Mars500 зерттеуінен кейін жүрген. Ресейдің Биомедицина мәселелері институты жүргізген Mars500 осы күнге дейін жасалған ең ұзақ Марс симуляциясы болатын. Ұйымдастырушылар алты ер кісіні 2010 жылғы маусымнан 2011 жылғы қарашаға дейін 520 күн бойы ғарыш кемесі мен модуль симуляторында, сондай-ақ «жасанды» Марста оқшау ұстайды. Ресейлік зерттеушілер уақыт өте ғарышкерлердің ынтасы құрып, жұмыс тиімділігі азайып, отбасы мен достарын сағынып жүдей бастайды деп болжаған еді. Симуляция аяқталған соң ғалымдар өз болжамы «расталды» деп хабарлады. Экипаж мүшелері байланыс азайған кезде командирлер мен миссияны басқару орталығына сенбейтін болған, тамағынан ас өтпей, үйін сағынып, депрессияға түскен. Шамамен 10 келідей арықтап, шашының көбі түсіп қалған қытай қатысушы Уан Юэ China Daily газетіне берген сұхбатында: «520 күн шынымен-ақ өте қиын. Үнемі бақытты болып жүру мүмкін емес. Түптеп келгенде мен робот емес, адаммын ғой» дейді.
Нәтижелердің бәрі бір-біріне ұқсас, орнықты бола тұра, Марс симуляцияларына деген әуестік толастайтындай көрінбейді. CHAPEA қазір NASA қатысып жатқан оннан астам аналог эксперименттің бірі ғана, олардың қатарында HERA да бар. Төрт қатысушы 45 күн ауданы 60 шаршы метр модульде тұрады. NASA біз әңгіме қылып отырған HI-SEAS жобасынан шыққан соң, бірнеше әлеуметтік және жеке ұйым күш біріктіріп, Мауна Лоада 12 қосымша миссия өткізді. Бейкоммерциялық Mars Society ұйымы шамамен ширек ғасырға жуық уақыт бойы Юта шөлінде және Солтүстік Канададағы аралда салынған зерттеу станцияларын басқарып келеді. Марстың аналогтері Антарктика үстіртінің Dome C күмбезінде, Бразилияның солтүстік-шығысындағы шөлейт аймақта, Солтүстік Сахарада, Аустриядағы Дахштайн мұз үңгірлерінде және Оман Сұлтанатының Дофар аймағында өткізілген.
«Біз бір-біріне ұқсас жобаларды қайта-қайта жасай береміз, – дейді Клемсон университетінің философы, ғарыш зерттеулері этикасы маманы және NASA агентттігінің кеңесшісі Келли С. Смит. Айта кетері, NASA ұжымы құрамында арнайы этика мамандары жоқ. – Алайда бұл істелген жұмыстың бәрі зая деген сөз емес. Қазіргі заманда бұл жолда тәуекелдің бәсі артып барады. Біз мұны өзге ғаламшарларға сапарға аттануды жоспарлап отырғандықтан үздіксіз жасап жүрміз».
Марсқа өзгелерден бұрын аттанбақ адамдардың психологиялық сипаты Шәннон, Жонс және NASA экипажына таңдап алынған тағы екі қатысушынікіне ұқсас болуы мүмкін. Тағы екі қатысушы – Виржиния штатының Чесапик қаласындағы коммуналдық қызмет басқарушысы Росс Брокуелл мен Сан Франциско шығанағы аймағындағы дің жасушалар биологі Келли Хастон. Бұл төртеу – NASA жанкүйері, денсаулығында зәредей кілтипаны жоқ, әрі ұзақ уақыт бойы оқшауланып жүргенді әдетке айналдырған адамдар. Брокуелл Виржиниядағы игерілмеген жерге салған лагерде жалғыз тұратын, ультрамарафоншы Хастон кейінгі онжылдықта жетпіс шақты трейлжарысты, соның ішінде жүздеген шақырымдық бірнеше марафонды бағындырған. Оқшаулану туралы кітаптардан оқығанымен, өмірде ондай тәжірибесі болмаған. NASA үшін, сірә, оқшаулануға деген құштарлық білім деңгейі мен қандағы глюкоза көрсеткіштері сияқты іріктеу процесіндегі маңызды фактор болған сияқты.
CHAPEA жобасына қатысушыларының жалғыздыққа әбден дағдыланып алғаны өздеріне жақсы болуы мүмкін. Чикаго университетіндегі әлеуметтік оқшаулану сарапшысы Луиз Хокли адамның жай-күйі жалғыздыққа өз еркімен не мәжбүрліктен түскеніне тікелей қарайды дейді. Мысалы, өмір бойына бас бостандығынан айырылған тұтқын үнсіздік антын берген тақуаға қарағанда әлдеқайда қаттырақ қиналады. Алайда Хокли қатысушылардың жақындары, оларды қаншалықты қолдай тұра, ондай қасиеттен ада болуы мүмкін екенін де ескереді: «Тіпті экипаж мүшесі өзімен-өзі қалғаннан азап шекпесе де, артында қалған отбасы не болады?» – дейді ол. Хокли NASA миссияның отбасыларға тигізетін психологиялық әсерін зерттеу керек шығар деген ой тастайды.
Әйткенмен оны істей қоюы неғайбыл. Сондай-ақ CHAPEA жобасының авторлары оқшаулануды зерттеу тарихын жақсылап саралағанға ұқсамайды. Сұқбаттарда олар бұрынғы эксперименттерді, соның ішінде HI-SEAS жобасын анау айтқандай маңызды санамаймыз деген. «Олар біздікіндей өнімділік көрсеткіштеріне жете алды деп ойламаймын, – дейді CHAPEA жобасының бас зерттеушісі Грейс Дуглас, алдынғы төртжылдық эксперимент жұмысымен “толық таныс емес екенін” мойындап. – Біздің көрсеткіштеріміз анағұрлым дәл және кең ауқымды болады. Ресурс пайдалану жоспары нақтырақ».
Рейчел МакКоли CHAPEA жобасын қаржыландыруға жауапты NASA өкілі болатын. Адам психологиясы туралы не білгіңіз келер еді деген сұраққа, ол сұрақтың өзін жоққа шығарып: «Мен оны Марс миссиясына қанша тамақ керек болатынын дәлірек білу үшін қаржыландырдым» деп жауап қатқан.
Ал миссияның психологиялық ауыртпашылығы ше? Бірсарындылығы? Жалғыздық ше?
«Бәрінен бұрын мен «темір-терсек» маманымын» деді МакКоли. Нақты айтсақ, ол қатты отынмен істейтін жетек жүйелері инженері. Бәрімізден бір айырмашылығы – ол адамзатты Марсқа жеткізудің ең тиімді әдісін табуға жауапты тұлға. Ол үшін ғарыш кемесі қандай салмақты көтере алатынын білу керек. МакКоли әр шеге мен бұранданың, айналма қақпақ пен жүк салғыш есігінің салмағын миллиграммға дейін есептеп шығара алатын. Ал 378 күн бойы психологиялық қысымға түскен төрт ғарышкер қанша жүгері тортилья мен йогурт жеуі мүмкін? Міне, МакКолиге керегі – дәл осы сұрақтың жауабы. Оған қоса оған олардың қанша киім қажет ететінін білу де маңызды болды. Ғарышкерлердің киімі ауыр тартады.
Оқшаулану тарихын зерттеуші Мэтиас NASA психология аспектілерін кейінгі орынға қоятынын естігенде таңырқай қоймады. Алайда CHAPEA жобасына деген күдігі одан бетер күшейе түсті. Зерттеу деген сылтаумен бірінен соң бірін оқшаулану эксперименттерін жасай берген қаншалық дұрыс деген ойға қалды. «Бәлкім, осы симуляция эксперименттерінің ғылыми мәні маңызды емес те шығар, – дейді ол. – Керісінше, бұл эксперименттер, Марсты отарлау идеясын іске асырудың бір тәсілі сияқты көрінеді. Былайша айтқанда, арманның орындалуы. Ал осы бір поэтикалық сипаттамасын ысырып қойсақ, косплей сияқты дүние. Ішкі бір құмарлықты өтегеннен әрі аспайтын сынды. Сол жалған Марс миссияларын қайталай берсе, түбі шынайы сапарға аттанатынға ұқсайды. Бұл ой бір жағынан таңғажайып әсем көрінсе, енді бір жағынан, сұмдық қорқынышты да».
Аналог эксперименттер біздің Марстағы келешегіміздің утопиялық сипатын көрсетеді. Өйткені адамзаттың Марсқа баратын миссиясы ғарыш бағдарламасының шыңы емес. Бұл бастамасы, адамзаттың кішкентай қадамы ғана. Ғаламшарларды жайлау жолындағы алғашқы саты.
CHAPEA жобасына өтінім қабылдау басталғаны жарияланарға бес ай қалғанда NASA Лэнгли зерттеу орталығының сол кездегі бас ғалымы әрі NASA-да алпыс жыл қызмет еткен Деннис Бушнелл «Шалғай ғарыш кеңістігін зерттеу, коммерцияландыру мен колонизациялаудың келешегі: ойға қонымды шекаралар» деген мақала жариялайды. Марсқа адам қоныстандыруды елестету әуелден отарлаушы елге қиын болмаса керек. Бірақ Бушнелл мақаласында кейінгі жылдары бұл жоспарды іске асыру «біртіндеп қиыннан оңайға» айналып келе жатыр деп атап өтті. Колонизация сонымен қатар «климат өзгеруі, экожүйенің құлдырауы, жұмысты машиналар жасауы және тағы басқалар» сияқты экзистенциалдық әлеуметтік мәселелердің салдарынан барған сайын тартымды бола түсті. Мұндағы «тағы басқа» дегені ғаламшар тозып бара жатқанының айқын көрінісіндей.
Мақаланың таңғаларлық тұсы Бушнеллдің Марста физикалық тұрғыда қалай тіршілік етуге болатынын болжағаны еді. Оның ойынша, колонизаторлар «өзгерген түрге айналады»: «Марста мекен ететін саяхатшылар әлсіз гравитация мен радиация салдарынан уақыт өте келе марсианға айналып кетуі мүмкін». NASA Марс миссиясы арқылы өмірді адам болмаса да, марсиан болып қайта бастау мүмкіндігі туады деп уәде етеді.
Осы бір болжамда сұлу да сұмдық поэзия бар. «Утопия» сөзі грекше ou (емес) және topos (жер) деген екі сөзден құралған. Ал адам баласы сол «жер емес» Марсты игеріп алса, өкінбей, қоршаған ортаны бүлдірмей бейкүнә өмір сүре білсек, онда өзіміз де «адам емес» болуға тиіс екеніміз анық. Біз марсиан болуымыз керек. Ал адамдар арқалаған жүгі, осалдығы мен ақымақтығын құшақтап үйінде отырсын.
Мэтиас шеті мен шегі жоқ Марс аналогтарында үзіліссіз эксперимент жасай беру процесін ойыңнан кетпес қайғылы оқиғаға қайта рефлексия жасағанға, оны түзетемін деген иррационал, бейсана талпынысқа теңейді. «Идеал әлемді қайта жасауға деген құштарлық. Біздің қателескен жеріміз мына тұс, осыны түзеу үшін жаттыға берейік деген ойдан болады, – деді ол. – Біз Марсты аңсап жүрген жоқпыз. Біз Жерді жоқтап жүрміз».
Мамырдың аяғында, яғни, ғарыш модуліне барып қоныстанарға бір ай қалғанда төрт негізгі экипаж мүшесі мен екі резерв мүше кейінгі бір айлық дайындық пен тексеріске Хьюстонға барды. Ingress-тен үш апта бұрын NASA экипаж мүшелерінің жақындарына арнап «отбасылық демалыс» ұйымдастырды. Келгендерге Жонсон ғарыш орталығын аралатып, экскурсия өткізді. Олар шын ғарышкерлермен кездесті, ғарыш кемелерінің макеттерін көрді, экипаж мүшелері «ғарышқа серуен» жасайтын қызыл құмды алаңды тамашалады және CHAPEA жобасының бас зерттеушісі Грейс Дугласқа тікелей сұрақ қойып, әңгімелесті. Жонстың үш ұлы әкесінің адамзат болашағын қалыптастыруға үлес қосып жатқанын біліп, кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.
Алайда осы демалыстың ең маңызды бөлігі – отбасы мүшелері өзге қатысушылардың жақын-жуығымен бас қосып, арқа-жарқа болғаны еді. Қонақүй бассейні жанындағы барбекьюде олар алдағы жылға қатысты ойлары мен уайымдарын, күйзеліске түспеудің амалдарын ортаға салып, бір-біріне Facebook-тегі жабық парақшада хабарласып тұрамыз деп уәде берді.
Жейк ХәрУудтің жанында өткізген Хьюстондағы соңғы кешінде Алисса Шәннон қонақүй асүйінде асшаян қосылған салат жасады. Сол тағамның тәттісі мен ащысы бірдей еді: енді бір жылдан астам уақыт бойы өзі ас істей алмайды. Оуклендтен кетер алдында ол Жейк пен оның достары жейді ғой деп, он шақты тамақты мұздатып кеткен еді. Енді ас пісіргенді сағынып қалары анық. Марста пицца болмайды.
Жұп терезеден толған айға тамсанып тұрды. Жейк оған Марстан оралғанға дейін Ай әлі 13 рет толып-қайтатынын айтты. Қайта кездескенше Ай толғанын санап жүремін деді.
Таң бозынан оянып, шыққан күнді бірге қарсы алды да, Алисса Жейкті әуежайға жеткізіп салды. «Қош айтысқан қиын болды», – дейді Жейк. Десе де ол ingress алдындағы соңғы телефон қоңырауы бұдан ауыр боларын білді. Алайда Алисса Хьюстонда жүріп Жейк күткеннен бес күн бұрын соңғы рет қоңырау шалды.
Алисса өзінің NASA миссиясынан шығып қалғанын айтты. Зерттеушілер оны бөлмеге шақырып, «жобаны жалғастырмайтынын» жеткізген. Оның орнына резерв мүшелерінің бірі АҚШ Әскери-теңіз флотының микробиологі Анка Селариу қатысатын болыпты. Алисса неліктен бұлай болғанын білмейді, зерттеушілер ештеңе ашып айтпаған. Бар айтқаны – шешімге оның көрсеткіштерінің қатысы жоқ екен. Сондай-ақ кейде миссия алдындағы соңғы сынақтарда “медициналық тұрғыдан ауыр емес”, бірақ қауіп тудыруы мүмкін нәрселер шығып жатады депті. Мысалы, бүйрекке тас байлануы қаупі болады екен.
«Менің бүйрегіме тас байлану қаупі бар ма?» – деп сұрайды Алисса.
Зерттеушілер бүйрек тасы мысал ғана депті де, одан артық ештеңе айтуға құлықсыз екенін, өйткені экспериментке нұқсан келуі мүмкін екенін байқатқан.
Алисса медициналық көрсеткіштері нашар болған соң өтпей қалғанына күмәнданып қалады. Сірә, «бойынан интроверттің де, экстраверттің де қасиеттері табылатын» деген сипатқа сай келмей қалса керек.
Әлде олар экипаждың өзара әлеуметтік қарым-қатынасына алаңдады ма екен? Егер солай болса, Алисса не түрткі болғанын өзі де білмейді. Бәрібір не себеп болды деп ойласа да, зерттеушілер оны жоққа шығармас еді. «Тек өтірікті місе тұтып кет дегені дұрыс болмады, – дейді ол. – Оның үстіне өтірігіңді есіңде сақтап қалуың керек. Бұл тым қиын. Мен шындыққа жетсем деймін. Бір себебі бары анық, тек олар маған соны айта алмады».
Не болғанын біле алмай қиналғаны өз алдына, одан да қиыны – сонау Лего ойнап, Марсты бағындырып жүрген бала кезгі арманының күл-талқан болғаны. Көңіліне қаяу түскені анық. «Көңіліме қатты келді, – дейді өзі. – Жан-дүнием төңкеріліп түсті. Мазам қашты». Бір күрсініп алды да: «Алайда менің жобаға қатыспағаным миссияға қайырлы болды деп сенуім керек. Кейде кеткенің де – адал қызмет еткенің».
Аяқ астынан миссиядан шығып қалғаны үйдегі қарапайым тұрмыстық жоспарларын да қиындатып жіберді. Кейт Гриннің «Ғарышкер Жерге оралғанда, Жер бұрынғыдай болмайды» деп жазғаны бар. Алисса оралғанда, жұмыссыз, табыссыз әрі баспанасыз қалғанын ұқты. Ауруханасы 13 айдан кейін оған жұмыс беруге уәде еткен, алайда сол аралықта оның орнына басқа адам алып қойыпты. NASA да уәде еткен гонорарын – Алиссаның айтуынша, 60 мың доллардай – толық төлемей қойған. Тіпті жұмыссыздық жәрдемақысына да үміт арта алмайды. Пәтерін бір жылға жалға беріп қойғаны тағы бар. Жейктің қасына көшіп баруға болар еді, тек бұған дейін олар бірге тұруды жоспарламаған.
Жейк қуанышын жасыра алмады. Ол Алиссаны әуежайдан күтіп алып, өз үйіне апарып, екеуі отырып пицца жеді.
Риясыз оптимист Алисса кешкі ас үстінде енді не істейтіні жөнінде жоспар құра бастады. Мүмкін, аяқ астынан шыға келген бос уақытын жаяу саяхаттауға немесе автокөлікпен елді аралап өтуге арнар. Бәлкім, жаңа мамандық игеріп көрер. Болмаса, мүлде жұмысқа оралмас, ешқашан. Жейк оны жымиып тыңдап, көңілін қимай арасында қоштап қояды. Сосын, ерекше бір мейіріммен, алдағы өміріне қатысты бір байламға келерден бұрын, өзіне бірнеше апта демалуға уақыт беруін сұрады.
25 маусым жексенбі күні түстен кейін Жейк пен Алисса NASA YouTube арнасына кірді. Экранда төрт экипаж мүшесі ғарыш модулінің алдындағы тұғырда тұр. Кигені – CHAPEA миссиясының қызғылт түсті эмблемасы тағылған қара комбинезон. Mars Dune Alpha суреті құдды бір Хьюстондағы қойманың ішіндегі дәл сол құм алаңының қабырғасына салынған тау жотасы емес, нағыз Марс сілемінде орналасқандай етіп салынған.
«Біз бұл жерде жиятын білім адамзаттың Марсқа жетіп, аман-есен Жерге қайтуына мүмкіндік береді», – дейді Грейс Дуглас. Экипаж мүшелері NASA-ға алғыс айтты. Ал Анка Селариу «Мұнда тұрғаныма әлі де сене алар емеспін» дегенде, Алисса жылап жіберді.
Нейтан Жонс отбасы туралы сөз бастаған сәтте-ақ дауысы дірілдеп, бойына ие бола алмай қалды. Келли Хастон оны иығынан қағып, жұбатты. «Сүйген жарым мен балаларым, – деді ол өксігін әрең тиып. – Сендерді Марстан Жерге дейін шексіз жақсы көремін».
Дуглас модульдің есігін ашты. Онысы шлюз қақпағы да емес еді, жай ғана кәдімгі ақ түсті кеңсе есігі сияқты. Экипаж мүшелері қол бұлғап, ішке кірді. Дуглас олардың артынан есікті нықтап жапты.
Жабық ғарыш модулінің ішінен экипаж мүшелерінің қуана айқайлап жатқан дауыстары естілді.
Осының бәрін Кейси Жонс Сприңфилдте ұлдарымен бірге қарап отырды. Әкесі бір жылға кеткенде балалардың жағдайы қалай боларын білмегендіктен, ол бір де бір туысын қасына алдырмай, ұлдарымен ғана болайын деп ұйғарған. Балаларының жағдайы жақсы. Ал Кейси ше? Алайда ғарыш модулінің есігі жабылғаннан шамамен 22 минут өткен соң, оған хабарлама келді. Марстан келді.
«Мен сені сүйем» деп жазыпты Нейтан.
Кейси күрсінді де: «Басталды, – деді өз-өзіне. – Демек, енді ілгері жылжи береміз». Ол ұлдарын такоға апарып-келгеннен кейін оларды жатқызып тастады да, таңертең лагерьге дайындалып үлгеруге жеткілікті уақыт болатындай етіп оятқыш қойды.
Оуклендтегі Жейктің үйінде Алисса ноутбугін жапқаннан кейін екеуі не істерін білмей қалды. Ол үстіне NASA ғарыш костюмін киіп, Жалған Марсқа ала барамын деп жүрген Бун-Бун деген жұмсақ қоян ойыншығына да кигізіп, суретке түсті. Бәрі жақсы екенін көрсетейін деген ниетпен Жейк суреттерді Алиссаның отбасына жіберіп, уайымнан арылтпақ болды. Жоқ дегенде, Марстағы бір жылдық экспериментке қатыса алмай қалғанынан туған өкініш басылғаннан кейін бәрі жақсы болады деп сендірді. Жерде қалып, рецепт жазылған кітаптар, Бун-Бун ойыншығы мен адал серігімен бірге болған да, бәлкім, өкініп құса болатындай жайт емес шығар.
Сосын ол тұтас дәнді ашытқыдан пицца пісіріп, Жейк екеуі бірге отырып жеп алды.
