Үлес қосқандар

Назгүл Қожабек

РЕДАКТОР

Назгүл Қожабек – редактор, аудармашы. Фикшн-нонфикшн әдебиет, публицистика, ғылыми-академиялық мәтіндерді қазақ тіліне тәржімалап, қазақ оқырманына жетуіне үлес қосып келеді. Ол «Хәрри Поттер» кітаптары, Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян», «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», Руал Даһлдың «Чарли және шоколад фабрикасы», сондай-ақ «Анна Франктің күнделігі» секілді өзге де кітаптардың қазақ оқырманына жол тартуына мұрындық болды. Жуырда француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты кітабын қазақ тіліне аударды. Мақсаты – түпнұсқа мәтіннің мағынасы мен стилін сақтай отырып, оны қазақ оқырманына тартымды етіп жеткізу. «Калькасыз қазақ тілі» бастамасы сапалы аударма мәселелерін көтеріп жүр.

Айымгүл Башар

АУДАРМАШЫ, ПРУФРИДЕР

Айымгүл Башар – журналист, өнер сыны бағытында жазатын автор, деректі фильмдердің сценарий авторы және көркем аудармашы. 2011 жылдан бері әдебиет, кино, бейнелеу өнері және жоғары сән тақырыптарында қалам тербеп келеді. Әр жылдары Massaget.kz, e-history.kz, Жас Алаш, Өнер порталы, Tatler Kazakhstan және Almaty Museum of Arts ұйымдарында журналист әрі аудармашы болып еңбек етіп, қазақстандық және шетелдік мәдениет қайраткерлерімен сұхбаттар жүргізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетін ағылшын және француз тілдері мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда көркем аударма және деректі жобалармен айналысады.

Ердана Ержанұлы

РЕДАКТОР

Ердана Ержанұлы – халықаралық журналист, тележүргізуші және аудармашы. Қазіргі таңда «Хабар» агенттігінің 24KZ телеарнасында АҚШ-тағы меншікті тілші қызметін атқарады. Әр жылдары «Жетінші арнада» арнайы тілші және жүргізуші болып жұмыс істеп, «Оян, Қазақстан!» таңғы бағдарламасының іске қосылуына атсалысты. Сонымен қатар Tatler Kazakhstan журналына және өзге де басылымдарға фриланс аудармашы әрі автор ретінде үлес қосты. Ұлыбританиядағы Кардифф университетінің халықаралық журналистика магистрі. АҚШ, Еуропа және Орталық Азиядағы маңызды саяси, экономикалық және мәдени оқиғаларды тұрақты түрде жариялап келеді.

Адиса Кин

ДИКТОР, ПРУФРИДЕР

Адиса Кин — PR және коммуникация маманы, ағылшын және қазақ тілдерінің оқытушысы, психолог әрі автор. Ұлыбританияда психология магистрі дәрежесін алған Адиса бүгінде Haileybury Almaty мектебінде коммуникация директоры қызметін атқарады. Оған дейін Almaty Museum of Arts музейінде PR және коммуникация менеджері болды, Tatler Kazakhstan басылымының сайтын іске қосуға және оның авторы ретінде қалыптасуына өз үлесін қосты. Қос тілде жарық көрген «Арманның әмияны» кітабының авторы.

Бейбіт Камаранов

ДИКТОР

Бейбіт Камаранов – Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері. ҚР Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты. Актердің маңызды шығармашылық жұмыстарының бірі – декада бойы аншлагпен өткен Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» спектакліндегі Ілияс рөлі. Сонымен қатар «Мен, ұмытылмаймын!» қойылымында Мұқағали Мақатаевтың бейнесін сомдаған. Қазақ тіліндегі «Галактика сақшылары» фильмінің дубляжына қатысып, Ронан кейіпкерін дыбыстаған. Бейбіт Камаранов театр сахнасында әртүрлі тарихи, драмалық және көркем образдарды сомдап, қазақ театр және кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Cәуле Турдахунова

ДИКТОР

Сәуле Турдахунова – Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 27 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан актриса. Осы жылдар ішінде театр сахнасымен қатар, телеарналардағы дубляж саласында да өз қолтаңбасын қалыптастырды. «Хабар», «31 арна» және КТК телеарналарында шетел фильмдері мен тележобаларын қазақ тілінде сөйлетіп, талай кейіпкер оның үнімен тіл қатты. Көрерменнің «Галактика сақшылары», «Жұлдызды соғыстар», «Батыл жүрек», «Тачки», «Құбыжықтар корпорациясы», «Күлбике» сияқты әлемге танымал фильмдерді қазақ тілінде көруіне еңбегі сіңді. Сонымен қатар ірі брендтердің жарнамалық роликтерін де қазақша дыбыстауға атсалысып келеді. Сәуле Турдахунова – қазақ тіліндегі кәсіби дубляждың қалыптасу кезеңінен бастап, осы күнге дейін аталған салада еңбек етіп келе жатқан елеулі тұлғалардың бірі.

Еділ Рамазанов

ДИКТОР

Еділ Рамазанов – Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері. Актердің маңызды шығармашылық жұмыстарының бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектакліндегі Байтемір рөлі. Сонымен қатар «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымында Жалмұқан, «Хан Кене» спектаклінде Наурызбай, «Күшік күйеу» қойылымында Қабанбай, «Қара шекпен» спектаклінде Көкжал және басқа да көптеген рөлдерді сомдаған. Еділ Рамазанов – театр сахнасы мен кинода сан түрлі бейнелерді сомдап, кәсіби шеберлігімен танылған актер.

Ерасыл Мұхамадиев

ДИКТОР

Ерасыл Мұхамадиев - Disney дауысы, дубляж актері, дубляж режиссері және Dem Pro студиясының негізін қалаушы. Дубляж, локализация және аудиовизуалды контентті қазақ және орыс тілдерінде дыбыстау саласында көпжылдық тәжірибесі бар. Кино, сериал және коммерциялық жобалармен жұмыс істеп, актерлерді іріктеу, режиссура, дыбыс жазу және дубляж сапасын бақылау жұмыстарын атқарып келеді. Disney секілді халықаралық компаниялардың жобаларына қатысып, қазақстандық дубляж индустриясының дамуына өз үлесін қосып келеді. Педагогика ғылымдарының магистрі, актерлік шеберлік пен дыбыс жазу саласында кәсіби тәжірибеге ие.