Будапешттің Буда жағындағы жасыл желегі жайқалған бульвар. Szepilona Bisztro мейрамханасы. Қолымда Рубик текшесі. Ал іздегенім осыдан шамамен елу жыл бұрын мен ұстап тұрған дүниені ойлап тапқан адам еді. Эрно Рубикпен түскі ас ішуге өзімді лайықсыз сезініп, қысылыңқырап отырмын. Оған мына Рубик текшесін әлі құрастырып болмағаным себеп екен деп ойлап қалмаңыз. Даяшы қыз жақындағанда, оған текшені көрсетіп, осы бір өнертабысты ойлап тапқан жанмен кездескелі отырғанымды айттым. Қыз таңданып, күлімсірей қарады. Рубик еш дабырасыз келіскен уақытта келді. Біраз күнге күйген екен. 76 жастағы өнертапқыштың қылықтары бірде баланы, бірде профессорды еске салады. 1960 жылдардың соңынан бері осы мейрамхананың тұрақты қонағы. Бірақ ол кезде магистрант болатын. Жер жаһанға мәшһүр болған басқатырғы пазлды (43 квинтиллион комбинациясы бар, тек бір ғана шешімі дұрыс болатын атақты текшесін) әлі ойлап таппаған шағы. Тек 1974 жылдың көктемінде шабыты шарықтай түскен екен. Ол кезде Рубик Буда мен Пештті бөліп ағатын Дунай өзенінің Пешт жағындағы ірі даңғылдардың біріндегі ата-анасының үйінде тұратын. Архитектура пәнінің оқытушысы болса да, бөлмесі «баланың маржандар мен қазынаға толы қалтасындай» хаоста еді. Студенттерге үш өлшемді есептерді шешу жолын түсіндіру үшін бір-бірінен ажырамайтын, бірақ әрқайсысы жеке-дара қозғала алатын текшелер жиынтығын құрастыруға талпыныс жасаған екен. Ақыры ол әр қырында тоғыз кішкентай текше өзара тоғыса орналасқан алты қырлы құрылым ойлап тапты. Әр қырын түрлі түсті етіп бояйды. Бірақ оны бұрап көргеннен кейін, бастапқы қалпына қайта келтірудің оңай шаруа емес екенін ұғынады. «Оны қалпына келтірудің жүйесін ойлап табу сол құрылымды жасап шыққаннан да қиын болды», – дейді ол. – «Оның себебі менің математикадан гөрі инженерия, құрылым мен дизайнға көбірек қанық болғаным шығар». Жеме жемге келгенде оған бір ай қажет болыпты. Мақсатына жеткен сәтте жан дүниесін «эйфорияға толы еркіндік сезімі» жаулап алғанын ол сол жылдары баяндап берген еді.

Рубик текшесі осылайша өмірге келді. Бүгінге дейін оның 450 миллионнан астам данасы сатылған, ал 1980 жылдардың басында бұл құбылыс шарықтау шегіне жетті. Рубиктің бойынан өз туындысының әлемге осыншама кең таралғанына әлі күнге дейін таңданып, тәнті болатыны байқалды. «Әдетте кез келген қайталанбас құбылыстың нақты мәні болады. Ол бір нәрсенің белгісіндей қабылданады», – дейді ол. – «Ал Текше мазмұнының ауқымды болғаны сонша, ол логикалық ойлаудың да, тіпті өмір салтының да символына айнала алады». Бүгін әлемдік спидкубиң сайыстарында бұл жұмбақты шешу рекордын бірнеше наносекундқа болсын жақсарту жолында жарысатындар көп. Қазіргі рекорд 3,47 секундты құрайды.
Кездесіп амандасқан соң баяу ғана тамақтанудың қамына кірістік. Дәстүрлі үш-төрт тағамға тапсырыс беріп, мажар асханасынан гуляштан басқа астың дәмін татып, суық жеміс сорпаларына бір тойсам ба деп үміттенгенмін. Алайда Рубик мәзірге айтарлықтай қызығушылық танытпай негізгі тағамдармен ғана шектелдік. Мен дәстүрден жаңылмай гарнирге пюремен ұсынылатын қуырылған үйрек конфиі, бұқтырылған қырыққабат пен салат сынды классикалық тағамдарды алдырдым. Паззл-мейкер ас мәзірінде қандай және қанша тағам опциясы болу керек деген мінсіз формула туралы (қысқаша айтсақ, опциялар шамадан тыс көп те, тым аз да болмауы тиіс) қаузағаннан кейін қуырылған тауық еті мен қытырлақ қиярды таңдады. Біз бас қосқан уақыт қияр (uborka) маусымының басына тұспа-тұс келді. Бұл кезде бар назарың қияр жинау мен оны тұздыққа дайындауға ғана ауады. Рубик мейрамхананың қиярының өз үйіндегімен салыстырғанда қаншалықты дәмді болатынын білгісі келді, бірақ аса бір үміттенбегендей болды. «Өкінішке қарай, әйелім – тамаша аспаз», – деді ол. – «Жалпы айтқанда, үйде пісірілген асқа жететіні жоқ қой».
Рубик Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында өмірге келген. Сол жылдары Мажарстан Батыстан Темір Перде арқылы оқшау қалған. Әкесі – авиациялық инженер, «қылтың-сылтыңы жоқ адам», ал анасы ақын болған. Рубик өз бойындағы «бақытты бола білу қасиеті» сол кісіден дарығанын айтады. Бала кезінен ол басқатырғы жұмбақтарды жақсы көретін. Ал университетте оқытушы болмас бұрын мүсін, сәулет және қолданбалы өнер салаларын зерттеген. 1974 жылы текшені «ашқан» кезде 29 жаста еді.
Ол етістікті мұқият таңдап сөйлейді: «Мен “бір нәрсені ойлап табу” деген сөзді ұнатпаймын, себебі табиғатта бәрі бар, тек олардың мүмкіндіктерін көре білу қажет», – деді ол. – «Бірақ егер сіз сурет салып жатсаңыз, оны неге өнертабыс деп атамасқа? Немесе мүсін жасадыңыз делік, бұл да бір өнертабыс түрі ғой! Әдетте өнертабыс патенттермен тығыз байланысты, ал патенттер – шығармашылықтың елеусіз бір бөлігі».
Рубик алғашқы прототипті ағаш блоктарды резеңке жолақтармен біріктіру арқылы өз қолымен жасап шығарғанда достарының қалай ойнайтынын көріп, оны тек оқу құралы емес, коммерциялық әлеуеті бар ойыншық ретінде де қарастыруға болатынын түсінді. Ол өзінің өнертабысын 1975 жылы патенттеп, үш жылдан кейін оны Мажарстандағы дүкендерде Buvos Kocka, яғни «Сиқырлы текше» деген атаумен сата бастады. 1979 жылға қарай Рубик 300 000 дана текше сатқан, ал келесі жылы өнертабысын Нью Йорктегі ойыншықтар жәрмеңкесінде көрсету мүмкіндігі туды. Бұл оның Шығыс блоктың аумағынан тыс алғашқы сапары болды. Сол сәттен бастап текше әлемге таралды: үш жылдың ішінде (миллиондаған фейк нұсқаларын есептемегенде) шамамен 100 миллион Рубик текшесі сатылды. «Мен 80 жылдардағыдай дүрбелеңді көрген емеспін, ол кезде шынымен де біртүрлі эпидемия сияқты болды», – деді күлімдеп. Ол менің қолымдағы текшеге нұсқады. Мен оны әлі құрай алмай отырғанымды айттым. Рубик мені 1980 жылдары сайыстарда айтылған жапон ұранымен жұбатты: «Оны үйренуге бір минутың, хас шебер болуыңа бар өмірің кетуі мүмкін».
Текшенің мәнінің ауқымды болғаны сонша, ол логикалық ойлаудың, тіпті өмір салтының символына айнала алады. «Бұл – Текшенің дәл сипаттамасы» деген cөзінен мақтаныш сезілді. Өзіне сенсек, алғашқы жылдары ойыншық жәрмеңкелеріне барғанда, оның басты міндеті «Текшеге қызыққан адамдарға оны шынымен-ақ құрастырып алуға болатынын дәлелдеу» болған екен. Мен одан өзіне таңсық, мүлде басқа саяси және экономикалық жүйемен бетпе-бет келгеннен кейін үйіне оралғанда қандай күйде болғанын сұрадым. «Бірінші сұрақ: «Саясат деген не?», – деді ол – «Мен су бетіндегі саясатқа қанағаттанбаймын. Ол даурықпа болуы мүмкін, бірақ мен үшін маңыздысы – оның астарында не жатқаны – адам өмірінің сапасы». Рубиктің айтуынша, Текше танымал болған кезде, батыс журналистері әлемнің көп бөлігіне есігі жабық елдегі оның өмірі туралы жазған екен. Олар әлемдегі ең танымал ойыншықты ойлап тапқан адамның академиялық жұмысына қайта оралып, айына шамамен 200 еуро табатынын назарда ұстап, соларды ғана негізге алған. Алайда, Рубиктің айтуынша, бұл коммунизмде өмір сүрудің қаншалықты күрделі екенін толық көрсетпейді. «Сол кезде белгілі бір құрылым, теңдестірілген өмір стандарты сияқты нәрсе болды. Ол уақытта да дәмді кешкі ас ішіп, басқа да көптеген нәрселерден ләззат алып, өзіңе қолжетімді таным көкжиегінің шеңберінде ғана әлемді танып-біліп, бақытты өмір сүруге болғаны рас. Егер бір нәрсе жетіспесе, ол мәселе болуы мүмкін немесе керісінше, артықшылыққа айналуы да ғажап емес», – деп жалғастырды сөзін. – «Өйткені адам өз қабілетіне, «бір нәрсе жасасам» деген ішкі талпынысына сүйене отырып, соны орындау жолында талай дүние үйрене алады».
Алғашқы «Текшелер» мемлекетке қарасты зауыттарда шығарылды. Мажарстандағы экономикалық либерализм арқасында Рубик авторлық құқыққа төленетін ақыдан аз-кем дәулет жинап алды. Ол өзін миллионерлер қатарына қосу туралы ойыма күле қарап: «Үйі не көлігі бар кез келген адамды миллионер деуге болады, әсіресе мажар форинтімен есептесек», – деген еді. (Біз кездескен күннен көп уақыт өтпей, қазан айында канадалық Spin Master компаниясы Рубик текшесін 50 млн долларға сатып алды.)
Рубиктің танымал болуы 1956 жылы Мәскеудің үстемдігіне қарсы Мажарстан көтерілісін кеңес әскерлері асқан қатыгездікпен басып жаншығаннан жиырма жылдан астам уақыт өткен кезеңмен тұспа-тұс келді. 1970 жылдары Мажарстанды Шығыс блоктағы «ең бақытты казарма» деп атай бастады: ол көршілес Румыния немесе Шығыс Германияға қарағанда әлдеқайда либерал ел еді. 1956 жылдан 1988 жылға дейін елді басқарған Янош Кадар “Гуляш коммунизмі” идеясын насихаттады, яғни бірпартиялық жүйеге қарсы шықпайтын азаматтарға салыстырмалы түрде мәдени еркіндік берді. Рубик те қосымша мүмкіндіктерге ие болды. Оған Батысқа саяхат жасауға жол ашатын арнайы паспорт жасалды. Сондай-ақ ол мажар өнертапқыштарын өз өнімдерін жобалап, нарыққа шығаруға ынталандыруға арналған екі қор құрып, елдегі кәсіпкерліктің бастауында тұрды. «Мен өз еркіндігімді алдым, бұл, бәлкім, менің өмірімдегі ең маңызды дүние болған шығар, яғни, өзіме қажет істі жасай алу», – дейді ол. – «Бұл мен бәрін істей алатын едім деген сөз емес. Белгілі бір шектеулер шегінде ғана істей алатын нәрсені жасауға мүмкіндік беріледі және соның өзі бізге жеткілікті еді. Ақшаға қатысты да солай: егер өз қолыңнан келетін нәрсеге риза болмасаң, өте бақытсыз ғұмыр кешесің».
Мен терісі өте қытырлақ етіп даярланған алдымдағы үйректі турап, онымен бірге ұсынылған қанық қызыл қырыққабат пен картоптан ауыз тиіп отырдым. Рубик кәдімгі қытырлақ тауық стрипстерін асықпай жеп отыр. Тапсырыс берген қиярларына жай ғана дипломатиялық түрде өзі маринадтағаннан “өзгеше” деген сипаттама берді.
Текшенің 43,252,003,274,489,856,000 түрлі қалпы бар. Бір топ зерттеуші мен суперкомпьютер 30 жыл жүргізген зерттеу нәтижесінде Текше әуесқойлары “Құдай саны” деп атайтын мән анықталды. Яғни Текшені кез келген күйден бастапқы қалпына келтіруге қажет болатын ең аз жүріс саны, ол 20-ға тең. Ал екі жыл бұрын терең зерттеулер жасауға арналған жасанды интеллект машинасы адам көмегінсіз-ақ өздігінен Рубик Текшесін құрастыруды үйренді.
.avif)
Рубик соңғы жаңалықтарға қатты қызығушылық танытты. «Менің ойымша, егер біз қандай да бір деңгейдегі жасанды интеллектке қол жеткізсек, ол адамзаттың... артықшылықтар мен кемшіліктері қатар жүретін табиғатын көрсетуі керек. Өткенге көз жүгіртіп отырсақ, техникалық дамудың көбі соғыс пен қақтығыстарға негізделген», – деп жалғастырды сөзін. – «Ғарышқа саяхат туралы ойланып қарасақ, бастапқыда ол да супердержавалар арасындағы ойыннан туған. Әдетте, прогресс қарама-қайшылықтарға толы… Бірақ мен жақсы жағын көруге тырысамын және бізде бәрі оңынан болады деп үміттенемін».
Рубик технофоб емес, оның Текшесі ғаламторда белсенді өмір сүреді. 96 000 жазылушы тіркелген Instagram парақшасы да бар. Оның пікірінше: «адамзаттың шын мәніндегі ең басты мәселесі – табиғатпен қақтығыста өмір сүруі. Біз табиғатпен бірге өмір сүретінімізді, бірлесіп тіршілік етіп отырғанымызды түсіну үшін көп уақыт керек. Егер табиғат құрыса, біз де жоқ боламыз».
Мен әңгімені егер де ол Текшені қазіргідей компьютер ойындары, ұялы телефондар мен адам зейінінің тұрақсыздығы ушыққан заманда ойлап тапқан болса, жұрт оны басқаша қабылдар ма еді дегенге келтірдім. «Жоқ, олай ойламаймын», – деді ол: – «Текше екі үлкен империяның шегінде тұр: бірі – цифрлық әлем, екіншісі – шынайы өмір, ал Текше сол шекарада». Оны жинау үшін қажет болатын дәлдік компьютерлік код жазумен пара-пар екенін меңзеді. Біз кофеге тапсырыс беріп, турош палачинта, яғни ірімшік салмасы бар құймақтарды бөлісіп жейміз деп келістік. Сөйтіп, әңгіме саясатқа ауыса бастады. Текше жақында жарыққа шыққан Мажарстан туралы кітаптың мұқабасында бейнеленген. Онда 2010 жылы билік басына қайта оралған мықты көшбасшысы Виктор Орбан БАҚ, әкімшіліктер, жоғары білім мен мәдениеттің көп бөлігін бақылауда ұстайтыны баяндалған. Орбан өзінің ұлтшыл, иммиграцияға қарсы көзқарасының себебінен Брюссельмен бірнеше рет дауға қалды. Ақыр соңында Еуроодақтың 1,8 трлн еуро бюджеті мен қалпына келтіру пакетіне вето қоямын деп қорқытты, себебі қаражатты бөлу жоспары құқық үстемдігі көрсеткіштеріне байланысты болуы керек еді. Біз тамақтанып болайын деген кезде Рубиктен Орбан туралы пікірін сұрадым. «1980 жылдардан бастап әлемде үлкен өзгерістер болды, әрине, менің елім де қалыс қалмады. Болмаған нәрсе жоқ бірақ біз ойлағандай ауқымда емес», – деді ол. – «Әр нәрсе біз күткендей тез болмайды, және бұл прогресс атаулы – қарама-қайшылыққа толы, менің осыған ғана көзім жетеді». Будапештте кездескен адамдардың көпшілігінің үкімет туралы нақты пікірі бардай көрінеді. Ал Рубик абайлап сөйледі, мүмкін, бұл оның тек үкіметтердің ғана емес, бүтін бір жүйенің құлағанын көргенінен шығар. Ол сақтана сөйлей бастады: «Өмірде… белсенділік түрлері көп. Белгілі бір деңгейде белсенді өмір сүру – қалыпты жағдай. Бірақ бізге шынымен де спорт түрлері арасында соншалықты үлкен айырмашылық жасап, дәл X мөлшерде стадион салу қаншалықты қажет?»
Маған «бір нәрсе ойлап табу» деген сөз ұнамайды, өйткені табиғатта бәрі бар, тек олардың мүмкіндіктерін көре білу қажет. Рубиктің сөздері әдеттегідей эвфемистік мәнерде айтылғанымен, оның Орбанның стадиондар салуға, әсіресе футболға арналған алаң тұрғызуға қатысты сүйікті жобасын меңзеп отырғаны түсінікті еді. Жақында үкімет Будапештте ұлттық футбол командасына арналған құны 567 млн еуро болатын стадион салды. Орбан сондай-ақ ЕО-ның теміржол желісін іске қосуға бөлген 2 млн еуро қаражатына өзінің өскен ауылында кішігірім стадион салды. Ел астанасының оныншы ауданында салынып жатқан жаңа гандбол стадионы Еуропадағы ең ірі стадиондардың бірі болғалы тұр.
«Сіз саясаттың өз өміріңізге әсер ететінін сезесіз бе?» – деп сұрадым мен. «Мен әу бастан еркін болдым, және бүгінге дейін сол қалпымда қалдым», – деп жауап берді ол. – «Менің табиғатым сондай болғаннан шығар деп ойлаймын».
Ол Текшені қолына ала бергенде десерт те келді: ваниль кремге молынан батқан үлкен құймақ. Мен Рубикпен сол тәттіні бөлісіп жеп отырғаныма мәзбін. Рубик жақында әлемдегі ең танымал пазл ойыншықтың пайда болуы мен ұзаққа созылған танымалдығы туралы кітап шығарды. «Cubed» кітабы, яғни, «Текшеленген» – мемуардан гөрі, Рубик пен оның туындысы арасындағы қарым-қатынастың эволюциясын баяндайтын хроника іспетті. Ол тіпті өзінің кітабының кіріспесі мен қорытындысын Текшенің атынан жазған. «Бұл ерекше авторлық тәсіл», – дедім мен. Рубик бұл сөзіме: «Текшенің өз дауысы бар, ол менікімен бірдей емес», – деп жауап қатты. – «Өз балаңның болмысын танып, оның тұлғасын, мінезін ашу өте қызық… Текше де дәл солай». Маған қазіргі орта жастағы Текшенің жағдайы жақсы секілді көрінгенін айттым. «Ол бақытты, ешқандай қиындық жоқ», – деп күлімсіреді. Мүмкін, бұған себеп оны қалай ұстасаң да, оған бәрібір болуында шығар.
Рубиктің айтуынша, әлемдегі әр жетінші адам кем дегенде бір рет Текшені ұстап көрген. «Осы тұрғыда Текшені шынымен халықаралық дүние деуге болады, ол ешқандай мәдениетке, дінге немесе нақты бір ойлау жүйесіне телінбеген», – дейді ол: – «Сол себепті оның танымалдығы да өте жоғары». Құймақ өте жақсы шыққанын айтты да, менің тамақ жасай алатын-алмайтынымды білгісі келді: – «Айтпақшы, Текше бірнеше аспаздық кітаптың мұқабасында да бейнеленген…» Біз қоштасып тұрғанда қасымыздағы үлкен отбасылық үстелде отырған жас қыз жақындады. Оның 11 жасар інісі Текшені құрастыруды карантин кезінде YouTube қарап отырып үйреніп алған екен. Мен сол отбасыны Рубикпен бірге фотосуретке түсірдім де, өз Текшемді алып кете бардым.
