1
The New Yorker

Гуманоид роботтар қолданысқа дайын ба?

Стефен Уитт
Сурет:
NEO Home Robot

Адам кейіпті Neo мен өзге де оннан астам робот нарыққа шығарылғалы жатыр. Ал сарапшылар бұған алаңдаулы.

Тыңдау
0:00
1x

Силикон алқабындағы шуақты күндердің бірінде 1X Technologies-тің штаб-пәтерлерін көріп қайттым. Мұнда қауіпсіздік шаралары қатаң екен. Neo үй роботы орналасқан алапат кеңістікке жетемін дегенше ұялы телефонымның камерасын жауып қоюыма тура келді. Міне, осылай, әупірімдеп Құпиялылық туралы келісімге (N.D.A. Non-Disclosure Agreement) қол қоймаудың амалын жасадым.

Neo-ның бойы – 167,6 см (5 фут 6 дюйм). Адамға тән бет-бейнесі жоқ, қос жанарының орнына қос қара камера қойылған. Бұл робот – гуманоид, яғни тұрпаты адамдікіндей. Ал дене бітімі әдеткі америкалық ер мен әйелдің тоғысында. Ішіне ызыңдап тұрған жүзден астам қозғалтқыш пен аяқ-қолын басқаратын бау тәрізді жасанды сіңірлерден құралған қаңқа салынған. Бірақ терімен қапталмаған. Іші көрінетін сауыттың сыртынан мойны жабық, сарғыш түсті нейлон боди кигізіліпті. Қолында қолғабы, аяғында жұмсақ төсемді кебісі бар. Neo-ның жайлы да минималистік эстетикасы қоршаған ортамен біте қайнасып кеткендей әсер қалдырады. Әгәрәки кафеде отырғанымда эспрессо әкеле қалса, соны елеп, телефоннан басымды көтеріп қараймын деп айта алмаймын.

Роботтың салмағы – небәрі 30 келі (алпыс алты фунт), мен оны қалыңдықты көтергендей көтеріп алдым. Кеуде тұсындағы дауыс зорайтқыштан алуан түрлі дыбыспен тіл қатады. Әу бастан бекітілген баптаудағы үні сабырлы, бірақ мысы басым ер адамның сөйлегені сияқты. Оны ЖИ бірнеше актердің дауысын араластырып жасап шығарған екен. Neo әңгімелесе алады, бұйрықты да орындайды. Оның бас сүйегінде шаршы пішінді аналық тақша тұр, шамамен бір тілім нандай және маржандай тізілген ақ конденсаторлармен (электр қуатын қысқа уақытқа жинақтап, қажет кезде беретін электрондық бөлшектермен) көмкерілген. Бұл – Neo-ның миы. ЖИ-ді пайдалана отырып, аузыңнан шыққан сөздерден іс-әрекетке көшуге тырысады. Neo-ға «үстел үстіндегі кесені ал» деген пәрмен берсең, Neo оны алуға ұмтылады. Ал Neo-ға «сүтті тоңазытқыштың ішіне сал» десең, Neo сүтті тоңазытқыштың ішіне салуға талпынады. Бірақ Neo бұл тапсырмаларды сәтті орындай бермейді, шындығына келгенде оның не істеп, не қоя алатыны жан баласына беймәлім.

Аталған роботты 1X Technologies-тің атқарушы директоры Бәрнт Бөрник жаратқан. Бөрник өзі – бала күнінен робот атаулыға әуес боп өскен, қазір қырықтың екеуіне келген норвег азаматы. Бұрын Halodi деп аталған фирмасы Ослоның оңтүстігіндегі кеңседе дөңгелекті күзет роботтарын сатқан. Бірақ 2022 жылы Бөрник Силикон алқабына қоныс аударып, компания атауын өзгертті, шашын өсіріп, дизайнерлік дүниелер киіп, сәндене бастады. Содан көп ұзамай Neo жайлы да жария етті.

Бөрник адами кейіптің артықшылығына сенім артады. «Біздің бітімімізде мін жоқ, – деген еді ол. – "Эволюцияда озық шыққанымыздың себебі де – осы" деп сөз таластыруға дайынмын». Гуманоидтар жұмыс істейтін орта он екі мүшесі сау адамдарды негізге ала отырып жасалған. Есіктің тұтқасын ұстау үшін қолың бүтін болуы керек; баспалдақпен көтерілу үшін аяғың сау болуы керек. Қазір көптеген робототехника мамандары гуманоид жасаумен айналысып жүр, бірақ Бөрник өз әріптестеріне қарағанда биомимикрияға (табиғатқа еліктеу, табиғаттағы тірі ағзалардың құрылымы мен тәсілдерін технологияда немесе жобалауда үлгі ету) әлдеқайда жетік. Басқалар қозғалтқыш қолданып жатқан шақта Neo-ның сіңірлері бар. Neo-ның аналық тақшасы тура басында орналасқан, өзгелерде ол әлі күнге дейін кеуде тұсында тұр. Бөрник гуманоидтардың «қолынан келмейтін іс болмайды» дегенге сенеді.

Басқа робототехника мамандарына Neo не Бөрник атын атай қойшы, олар сілейіп тұрып қалады. Бөрниктің техника саласындағы білімі терең, бірақ көпшілік оны өз-өзінен асып түсті деп ойлайды. Тіл мен суреттерді генерациялайтын ЖИ-мен салыстырғанда, роботты басқаратын «физикалық» ЖИ кенже қалып келеді. «Жаһанда роботқа арналған ChatGPT-дей балама жоқ», – дейді микрочип әзірлейтін Nvidia компаниясында робототехника саласын қадағалайтын Дипу Талла.

Ал Google DeepMind-тағы робототехника басшысы Каролина Парада: «Үйге арналған түрлері кейін келеді, – деп санайды. – Оған себеп қызығушылықтың төмен екені не мүмкіндіктің жоқтығы емес». Мәселе қауіпсіздікте жатыр дегенге келтірді ол өз ойын түсіндіру үшін. Өндірістік-гуманоид жасаушы Apptronik-тің бас атқарушы директоры Джефф Карденас маған: «Үй жануарлары мен балақайлардың жанында қауіпсіз жұмыс істеу үшін әлі де көп нәрсені жетілдіру керек», – деп ағынан жарылды.

Бөрник те NEO-ны кішкентай балалардың жанында қолданбаған жөн деген пікірде. Десе де өзі «робототехниканың былығы» деп атайтын шала-шарпы орындалған тапсырмаларға тұтынушылардың төзімі қашанға дейін жетер екенін сынап көргісі келеді. Мысалы, былтыр қазанда Wall Street Journal-ға көрсеткен кезде, Neo бір бөтелке суды әкелуге бір минуттан астам уақыт жұмсаған. Neo-ның бекітілген бағасы – 20 мың доллар. Оған он мыңнан астам тұтынушы әлдеқашан алдын ала төлем жасап қойған.

Әрине, өзіңіз де байқап отырғандай, тұтынушылар – Бэй аймағы, Лос Анжелес пен Нью Йорктағы бар жақсылықтың қызығын жұрттан бұрын көретін ауқаттылар. OpenAI-дың бұрынғы қызметкері Уилл Депю Сан Францискода техно-энтузиастармен бірге тұрады. «Біздің үй үш бірдей гуманоид роботқа тапсырыс беріп қойған сияқты, – дейді ол. – Құдды бір жаңа iPhone алғалы жатқандай». Осы жылы 1X-тің Оукләнд маңындағы зауытының жұмысшылары Neo-ны тура AirPods-тың қабына ұқсас алып контейнерге буып-түйіп, трактың артына тиейді де, Депюдің резиденциясына жеткізіп береді. «Neo мінсіз өнім болмайтын да шығар, бірақ тым құрығанда, ол – алда болатын дүниенің алғашқы нұсқасы іспетті дүние», – деді Депю.

1X-тің штаб-пәтерінде маған өнім басшысы және Бөрниктің оң қолы Дар Слипер гид болды. 27 жастағы Слипер айтарлықтай мансап жолын жасап үлгерген. Колледждегі оқуы біткен соң, ол Yeezy сән брендіне жұмысқа тұрған, кейін Tesla-да өнеркәсіп дизайнымен айналысқан. Басқаша айтқанда, оның бірінші бастығы Канье Уэст, екіншісі Илон Маск болыпты. Слипер Бөрникті Масктың «адамға жаны ашитын» түріне теңейді екен.

2024 жылы Бөрник Cлиперге «түрі балаларды шошытып алмайтын» робот дизайнын жасап шығаруды тапсырыпты. Алайда Слипердің алғашқы талпынысы құрдымға кетіпті. «Негізі, жасы жүзге толмағанның бәрі одан қорқатын», – деді ол (бет-әлпеті тым теп-тегіс әрі қап-қара еді). Одан кейінгі нұсқасы жақсырақ еді, бірақ 12 жасқа толмаған балалар үркіп қалатын. Бет-әлпетін сан құбылтты, терісінің текстурасына да тәжірибе жасады, көз ұясының жүздеген нұсқасын да сынап көрді. Ақыры Neo-ның бойындағы артық-ауыстың бәрін жоқ қылып, жұмсақ матамен қаптады. «Жасы беске келмеген балақайлардың өзі оны ұнатып қалған сияқты, – дейді Слипер. – Алайда сәбилерге дауа жоқ».

Слипер штаб-пәтердің өндіріске арналған лабиринт сынды шым-шытырық кеңістігімен алып өтті. Ол жерде құрастыру жұмыстары, сынақтан өткізу, зерттеу мен дамыту бағытында шамамен сегіз жүз адам еңбек етеді. Біз үздіксіз жұмыс істеп тұрған жону білдектері, метал диірмен мен 3-D принтер толы сөрелерді жағалай жүріп шықтық. Қауіпсіздік сынағын жасайтын аймақтан да өттік. Ол жерде қорғаныш көзілдірігін киген техника мамандары роботтың қолдарын (алақанның шынашақтан білекке өтетін қырымен) карате соққысын жасап канталупаны (қауынның бір түрі) сойып салуға баулып жатты. Содан Neo-ның сынақ ортасы саналатын, ішінде жатын бөлме, жуынатын бөлме, асүй мен татами төсеніші жатқан додзо кеңістігіне де келіп жеттік. Қимыл-қозғалысты бейнежазбаға тіркейтін студияға да тоқтадық, оның бір жақ шетінде қолданыстан шыққан жиырма төрт модель тізерлеп отыр, бейне бір дұға қылғандай.

Слипер тура осы жерде Neo-ға алғаш тәй-тәй бастырыпты. Neo-ның жүріс мәнеріне өзінің денесін үлгі еткенін айтты (Слипердің бойы 183 см-ден едәуір биік (6 футтан асады) тұрпаты Витрувий адамынан айнымайды). Инженерия саласындағы жұмыстастарын меңзеп Слипер: «Жігіттердің көбі осылай жүреді», – деді де, бүкірейіп алып асығыс кетіп бара жатқан жүрісті салды, арқасында рюкзак бардай, соның бауын қатты қысып ұстап алғандай сыңай танытып қояды. «Бірақ мен колледжде оқыған кезімде атлет болдым, – деп сөзін жалғады ол, – жүгірісім анатомиялық тұрғыда мінсіз еді».

Слипер технологияға әуес жігіттер ортасында «бро» (бауырым) деген сөз қолданады. Ол Мичиган Университетінде лякросс (допты таяқшаның ұшындағы торға қағып түсіріп, бір-біріне беріп, қарсылас қақпасына гол салатын командалық ойын) ойнаған. Канье Уэстке қатысты кереғар пікір өріп жүрсе де, оған «адамзат тарихындағы креатив сала данышпандарының бірі» деген сипаттама берді. Біз Слипердің Neo-ға арнап жасаған портатив қуаттағышының жайын талқылап отырғанда: «шындығында бұл нонтривиал (қарапайым емес, ойлануды қажет ететін) мәселе», – деді ол маған. Мен одан Силикон алқабына көшкенге дейін осы «нонтривиал» сөзін қолданған-қолданбағанын сұрадым. «Қолданбаған шығармын, – деп күліп жіберді. – Бұл жерге аяғым тигенге дейін аузыма келгенді айтпаушы едім».

Слипер Neo-ға тұтас әлем құрап берді. Өзі мекеме ішіндегі ағаш шеберхананың ісін басқарады. Онда Neo игеруге тиіс барлық тұрмыс-тіршілік ортасына лайықталған декорациялар, реквизиттер мен жиһаздар бар. Сондай-ақ 1X кампусына телестудио мен орманды қосқысы келеді. Мен турға барған күні Слипер Neo-ның үстіндегі бодиге ұқсатып өзі жасап алған сарғыш түсті айрықша жемпір киіп алған екен.

Силикон алқабынан хабар таратып жүргеніме біраз болған, басқаша айтқанда, бар өміріме жетерлік сандырақтың түр-түрін естіп үлгергем. 1X-ке келгенге дейін, Neo-ға қатысты да талай сандырақтың басын қайырғам. Бірер ай бұрын аталған компания әлеуметтік желілерде жарқ-жұрқ еткен бейнежазбалар салды да, кейін үнсіз қалды, содан мен Neo-ны «тағы бір жоқты бардай қып әсіре жарнамаланған дүние» деп топшыладым.  

Жеме-жемге келгенде робототехника өндірісін тұтастай жоққа шығаруға дайын едім. Осы қаңтарда Лас Вегаста өткен Тұтынушылық электроника көрмесінде (Consumer Electronics Show, CES)  өндіруші компаниялар роботтың түр-түрін көрсеткен еді. Олардың бәрі ебедейсіз һәм тым даурықпа көрінді. Жүргенде даңғырлайды. Бір робот сальто жасады, бірақ кейін бір бөлшегі сынып қалды да, жиналған жұртқа қарай ұшып кетті. О жерде ешбірі қолдануға даяр еместей әсер қалдырды.

Бірақ Neo-ның жөні басқа. Түр-сипаты келісті еді. Жұмсақ-ақ. Бәрінен бұрын Neo-ның жүрген ізі білінбейтін сұңғыла еді. Жұмсақ төсемді кебісі мен инновациялық сіңірлері бар. 22 децибел деңгейінде әуенге қосылып ыңылдап отырды, нақ самал ескендегі жапырақ сыбдырындай. Мұнысы менің ішімнен терең де сұмдық бір эмоциялық күйді оятты, кез келген америкалыққа тән бір күй – «қажетіме жаратсам» деген құмарлық. «Менің үйімде де Neo болса ғой, шіркін» деп, әп-сәтте һәм дереу иемденгіп келіп, өлердей қаладым.

Слипер мені демонстрациялық асүйге ертіп барды, онда Neo беймарал ғана ыдыстарды кептіргіш тор сөреге жайғастырып жүр екен. Қарап тұрып, робот қолының ептілігі мен қимыл-қозғалысының ширақтығына таңқалдым. Кейін қолына басқару тетігін ұстап, басына VR, яғни виртуал кеңістік құрылғысын киіп алып роботты қашықтан басқаратын оператор тұрғанын көзім шалды. Neo-ның әр қимылына әмір етіп тұр. Алдымдағы робот «қуыршағы» екен. 1X маған Neo-ның жұмысын қамтамасыз ететін ЖИ-ді көрсетуден бас тартты. Слипердің айтуынша, Neo-ның бұрынғы нұсқалары құлап қала берген көрінеді. 1X бұл мәселе қайта шешімін тапқанын айтқан, бірақ Слиперден соңғы үлгілер құламайтындай күйге жетті ме екен деп сұрағанымда, ол: «құламайды десем, әсіре сілтеу болар еді», – деді. 1X 2026 жылғы тапсырыстарды үйді-үйге жеткізуді дәл уақытында үлгерер-үлгермесін білгім келгенде: «Әлем алдында серт бердік, демек одан таймақ емеспіз», – деді мүдірместен.

Neo – алдағы бір жылдың ішінде нарыққа шығады деп жоспарланып отырған 12 гуманоид роботтың бірі. Онымен қатар аламанға түсетін бәсекелестері қатарында Figure-дің 03 Humanoid-ы, Boston Dynamics-тің Atlas-ы мен Apptronik-тің Apollo-ы бар. Қаңтар айында Маск Калифорнияның Фримонтындағы Tesla автокөлік зауытының бір бөлігін робот өндіретін фабрикаға икемдеп жатқанын және түптің түбінде Optimus атты роботтың  жыл сайын миллион данасын шығаруға дәмелі екенін хабарлады. Оның түпкілікті мақсаты – робот жасайтын өндіріс басында роботтардың өзін жұмысқа жегу, сөйтіп, өзі айтқандай, «шексіз ақша жасаудың айласын игеру».

Қытайдағылардың талпынысы да зор. Хаңчжоуда орналасқан Unitree өткен жылы G1 гуманоидтарының бес мыңнан астам данасын жөнелтіп, жаһанның үздік жеткізушілерінің біріне айналды. G1-ның бойы 137 см (4,5 фут) және бас сүйегінен бетіне өтетін тұсы қуыс келген. Қозғалтқыштарының дыбысы зор, жүргенде салдырлайды, еш сүйкімі жоқ. Бағасы он төрт мың доллардан басталады, қазіргі нарықтағы барынша қолжетімді дамыған роботтар қатарында және ашық кодты бағдарлама жасақтамасы арқылы жұмыс істей береді, мұнысы академиялық робототехника зерттеушілеріне әбден жақты. G1 үй роботтарына әуестердің арасында да танымал болды, соңғы өткен NBA (Ұлттық баскетбол қауымдастығы) финалында Knicks (Нью Йорктың баскетбол командасы) жейдесін киген G1 роботы ойынды Madison Square Garden сыртында жұртпен бірге тамашалайтын кешке де қатысты.

Мен алғаш рет G1-мен Caltech-тің механикалық инженерия профессоры Аарон Әймстің робот зертханасында ұшырасып қалдым. Басыма VR құрылғысын киіп алып, қолыма басқарушы тетік ұстап, роботты сәл ғана әрлі-берлі жүргізіп көрдім, сосын жеңіл жаттығу жасатып қойдым. Қалт-құлт етіп әрең істеді, сылқия тойып алғандай. Шапалақтатпақ та болдым, бірақ G1 көнбеді. «Вертикал байқап көр», – деді зертханада жүрген магистрант. Сөйтіп көрген едім, робот болар-болмас шапалақтаған сыңай танытты, қолдары бір-біріне тиген де жоқ.

Кейін кеңсесінде болғанда Әймс он минуттан сәл ұзағырақ сөйледі де (минутына шамамен екі жүз сөз), 1X-тің талпынысын тас-талқан етіп сынады. Әймс инженерия қаншалықты озық сала болса да, автоном роботтарға сенімді ЖИ шығаруға әлі біраз жыл керек екенін алға тартты. «1X бұл мәселеден қалай құтылмақ екенін білмеймін, – деді Әймс. – Әлгі роботтардың бірі адамның үстіне құлай қалса, құқықтық салдары қандай болады деп уайымдар едім».

Мен тіл қатысқан өндірістік робототехника мамандары осы бір гуманоид серпініне күдікпен қарайды. Олар маған стандартталған даму өлшемдері жоқ екенін, сондай-ақ елеулі деген жетістіктер паш етілген бейнежазбалар әдетте жүздеген дубль ішінен іріктеліп алынатынын айтты. Наурыз айында гуманоид стартаптарға ақша құятын венчур инвестор Модар Алауимен сөйлестім. Ол Қытайдың Xpeng деген компаниясынан шығатын Iron роботы жайлы құлшына әңгімеледі. Оның подиумдағы модельдей маңғаз жүрісі тәнті еткені сонша, көрмеге қатысушылар робот боп киініп алған адам екен деп ойлап, құлтемір екеніне көз жеткізу үшін үстіндегі панельдерді сыдырып ашып көріпті.

«Xpeng атқарған істі көріп, ендігәрі жүріс-тұрысқа қатысты ештеңе ойлап табудың керегі жоқ, – деді Алауи. – Жүріс-тұрыс мәселесі шешіліп қойды». Алауимен сөйлескен күннің ертеңіне Шінжіндегі (Шэньчжэнь) сауда орындарының бірінде өткен көпшілікке таныстыру іс-шарасы кезінде Iron аяқасты құрысып, құлап қалыпты, тура инсульт алғандай. Салмағы 68 келіден астам (150 фунт) тартатын роботты сол жерде қайта қалпына келтіру мүмкін болмаған соң, үш оператор сүйреп әкетіпті.

Осы жылдың ақпанында Unitree Қытайдың Жаңа жыл мерекесіне орай ондаған G1-ға куң-фу қимылдарын жасатып, көрсетілім қойды. Қойылым шынайы көрінді, бірақ шынтуайтына келгенде, роботтар қимыл-қозғалысты таспалап алатын костюм киген нағыз у-шу шеберлерінің орындауындағы алдын ала бағдарламаланып қойған сценарий бойынша әрекет еткен. Жекпе-жек роботтарына жақын тұрудың өзі қауіпті болуы мүмкін. Осыдан біраз бұрын Қытайдағы ойын-сауық саябағында сайқымазақтың жасанды шашын тағып алған G1 кішкентай баланың ішінен теуіп жіберді. Бағдарламаланған сценарий болмаса, бақылауы жоқ орталардағы роботтар әрекетті өздігінен орындау барысында қиналып қалады. «Сальто жасап жүрген робот баспалдақпен көтеріле алмайтын болуы мүмкін», – деді маған Google-да істейтін Парада.

Осындай оқыс жағдайлардан бөлек, Neo қасақана зиян келтіруді көздейтін бұйрыққа да бағынуы мүмкін. Жас баланың Neo-ға «басыңды үстелге соқ» деп бұйырғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. ЖИ-ге орнатылған тосқауылдардың мұндай бұйрықты орындатпау ықтималдығы жоғары-ақ, жоқ дегенде, басында солай болуы керек. Бірақ зерттеу барысында бұл тосқауылдарды айналып өтуге болатыны анықталған. Егер бала дегенінен қайтпай тұрып алса және айтарлықтай креатив ойлайтын боп шықса (әдетте балалардың бәрі сондай келеді), роботты бағындырып алады.

Роботтарды бұзып алуға да болады. Өткен жылы қауіпсіздік мәселесін зерттеуші Андреас Макрис пен Кевин Финистер Unitree G1 роботтарының тұтас паркін бақылауға алуға мүмкіндік беретін Bluetooth-дің осал тұсын тапқан. Олар мұндай әрекет роботтарды бірінен кейін бірін зақымдап, «пайдаланушының араласуынсыз-ақ таралатын ботнет (шабуылдаушы қашықтан басқара алатын, зиянды бағдарлама жұққан құрылғылар желісі) жасау» арқылы жүзеге асырылатынын жазды.

Гуманоид роботтар мына әлемде өмір сүруі үшін оларға камералар мен микрофондар керек, ал бұл жеке бастың шекарасы мәселелерін туындатады. Оған қоса, роботтың не істеп, не қоярын да нақты білмейсің. «Бұл роботтарды бақылап отыру үшін тұтас бір операторлар тобы керек, – деп жазды өткен жылдың аяғында Nvidia-дағы зерттеуші ғалым Джим Фән. – Қате кетсе, қайта реттей алмайсың және кешіріммен қарауға да болмайды».

Ал Парада үйде робот ұстау дегенді «арманның шыңы» деп мойындайды. Венесуэлада өскен ол үйдің тірлігін жасауға роботты жұмсасам деп қиялдайтын. Мен сөйлескен робототехника мамандары арасында аталған саланың қазіргі жай-күйінен көңілдері қалғандар да баршылық, бала күнгі қиялдарына татымағандай. Өйткені бір-ақ сәтте ғажайып орнап, жансызға жан бітіп, кенеттен қимылдай жөнелмейді. Слипер бала кезінде «жануар кейпіндегі жұмсақ ойыншықтарға қарап тұрып, олардың осынша қарабайырлығынан көңілі қалғанын» еске алды. Оның технология жайлы ойлардан салы суға кететін кездері де бар көрінеді: «Мұның бәрі шынайы өмірге аяқ басудың орнына экраннан әрі аспай қалды», – дейді.

1X кеңсесінен шыққаннан кейін Waymo атты автономды көлікпен жол жүру қызметін алғаш қолданып көрдім. Waymo таза әрі тыныш екен, әрі шеткі көшелер мен қосалқы соқпақтарға түсіп алып, күре жолдардағы кептелістерді айналып өтті. Мені діттеген жеріме жеткізіп тастағаннан кейін In-N-Out Burger-дің мәшинеге толы кіріп-шығу жолағына қарай бұрылды. О жерден өту бір сағаттан астам уақыт алады. ЖИ-дің тағы бір «бет қызартар сәті» жайлы жазуға дайындалып, қарқылдап тұрып күліп алдым. Кенет көлік үш-ақ жүріспен кері бұрылды да, кезектен қашып, зу етті.

Waymo осындай күмәнді жағдайлардың кейбірінде оператор маманның көмегіне де жүгінетінін кейін бір-ақ білдім. Филиппиндегі кәсіби қашықтан басқару «пилоттары» көлік камераларынан алынған бейнежазбалар жинақтарын басқарады, құрылыс жүріп жатқан жерлер мен калифорниялықтардың қарындары ашып, кезекте тұрғаны жайлы да ескерту жасайды. Мұндай пилоттар басқа өндірістерде де жұмыс істейді: Жапонияда 7-Eleven дүкендер желісі тауар қорын автономды түрде толықтыру үшін роботтың қолын ғана пайдаланады, оны V.R. виртуал шындық құрылғысын киген жұмысшы қашықтан басқарады. Адам пилоттар ЖИ-ді үйретуге қажет деректермен қамтамасыз етеді. Waymo да өз бетімен жүретін модельдерге серпін беру мақсатында нақты өмірдегі жағдайлардан жиналған кемінде жарты миллион сағаттық дерек пайдаланған.

Мәшине жай ғана бірдеңеге соғылып қалмаса болғаны. Ал робот заттарды сындырмай, епті ұстап, қозғалта алуы керек. 1X бұрын маркетиңде де қашықтан басқаруға басымдық берген, бірақ бұл әрекеті болашақ тұтынушылар тарапынан қарсылық тудырды. Қазір аталған компания ЖИ-ге басымдық береді, десе де қашықтан басқарудан әлі бас тартқан жоқ. Neo-ның көзіндегі камералар арқылы бөтен адамның үй ішін көру мүмкіндігі алаңдатады. Соған қарамастан, компания «уақыт өте келе жұрт бұған да үйренеді» деп есептейтін тәрізді (Сан Францискодағы тұңғыш қолданушылардың бірі Депю «үйін бөгде біреу жинап жүргеннен, басқа адамның роботты қашықтан басқарып, тазалағаны әлдеқайда қауіпсіздеу сезілетінін» айтты).

Қашықтан басқарушы операторлар Силикон алқабындағы 1X-тің кампусында ЖИ тобының қасында отырады. Neo-ның құлақ шекесіндегі жарықтандырылған шеңбер түсін өзгерткен кезде тұтынушылар оның қашықтан басқарыла бастағанын ұғады. «Егер роботтың сауықкештегі бартендер болғанын қаласаң, оператор маманды жауапты етіп қоямыз, – деді Бөрник. – Бізге де пайдалы дерек болады».

Өндіріс революциясы кезінде көмір қалай керек болса, ЖИ революциясына дерек те солай керек. ЖИ деректің «токен» деп аталатын жекелеген бірліктері арқылы тілдеседі. Деректерді өңдеу тілімен айтқанда, «токен» – бірнеше әріптен немесе таңбадан тұратын мәтін бөлігі. Робототехникада бұл термин саусақ буынының қозғалыс траекториясын білдіруі мүмкін. Алайда тілдік модельдер бүкіл ашық интернеттегі мәтіндерден, оған қоса даркнеттен алынған әрі авторларына ақы төленбеген, авторлық құқықпен қорғалған туындылардан үйренеді. Ал буындардың қозғалыс траекториялары жинақталған мұндай дерекқор заңды түрде де, заңсыз түрде де жоқ.

Бұл мәселені шешетін бір тәсіл – қимылды таспалауға салынған күш-жігерді күрт арттыру. Германиялық робот жетілдіруші Neura қимылды таспалауға мыңнан астам өндіріс жұмысшысын жұмылдырып, сол деректерді гуманоидтарды жаттықтыруға пайдаланып жүр. «Жұрттың бәрі дау-дамай шығып кете ме деп қорқады, өйткені адамдар: “Олар сенің жұмысыңды тартып алғалы жатыр ғой” деп ойлайды, – дейді Neura бас атқарушы директоры Дейвид Регер. – Олай емес! Біз деректерді молынан жинап жатырмыз». Бұл жауап жұмыс орындарының қысқаруына қатысты мәселені біржақты ете қоймады, сондықтан бастамалары сәтті жүзеге асса, еңбек нарығында не болатынын Регерден қайта сұрадым. Ол бойын тіктеп, алдағы бірнеше жылда АҚШ-қа мұндай роботтар қажет болатынын қадап айтты. «Жұмыс істейтін адамдардың саны азаяды, оның әсерін сонда сезінесіздер, – деді ол. – Қазірше сіздер мұны байқап отырған жоқсыздар, ал Еуропада біз мұның салмағын қатты сезінеміз. Құдды бір жұмыс күші ғайып болып кеткендей».  

Жер бетіндегі бүкіл адамзат қимыл таспалайтын киім киіп алса да, ChatGPT-ді жаттықтыруға қолданған мөлшерде дерек генерациялау үшін ондаған жылдар керек болады. Роботтарды баулудың тағы бір әдісі – адам басына камера қондырып алып, YouTube-ке жүктеген бейнежазбаларды қолдану. Инженериялық сиқыр қосып жіберсе, әлгі «эгоцентрикалық» бейнежазбалар буын-траекториялық дерек жиынтығына айналып шыға келеді. Әлдеқайда жетік бейнежазба модельдері ас әзірлейтін шоулар мен спорт ойындары сынды шынайы өмірдегі тәжірибелерге қатысты деректерді үшінші жақтағы адамның көзқарасы тұрғысынан экстраполяциялай (басқа жағдайларға қолдана) алуы мүмкін.    

Робототехникамен айналысатын кей компаниялар мүлде жабдық (hardware) өндірмейді. Есесіне барша робот атаулының мына физикалық әлемге бейімделуіне көмектеспек. 1X-тің штаб-пәтерінен солтүстікке қарай шамамен төрт шақырым жердегі Skild AI стартапына бас сұқтым. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей еді. 1X роботтары жоғары талғамды сән бұйымдары іспетті. Ал Skild-тің кіреберісі жедел жәрдем бөлімшесі сияқты. Қолданыстан шыққан Unitree роботтары крандардан салбырап тұр, кейбірі үстел үстінде жатыр. Бірі зембілде, екіншісі мүгедектер арбасында отыр.

О жерде Skild-тің негізін қалаушылар Дипак Патак пен Абхинав Гуптаға кез болдым, екеуі де – Карнеги-Меллон университетінің профессорлары. Слипер мен Бөрник нағыз нарықтың адамдары болса, Патак пен Гупта Силикон алқабының «технологияға нық сеніп, қоғам пікірін құлағына қыстырмайтын» типажына жатады. Бұл кампусының ішіне ағаш отырғызып, орман жасамақшы компанияның сиқы емес.

Skild әмбебап физикалық ЖИ жасауға, яғни кез келген денеге қондыруға болатын миды ойлап табуға талпынып жатыр. Мұндай ми гуманоидтарды басқарып қана қоймай, денеден ажыратылған қолдарға да, робот жануарларға да, дөңгелекті арбаға да орнатыла алатындай болуы керек. Патак пен Гупта сол роботтардың дағдарысқа төзімділігін сынап, ұзақ уақыт бойы оларды теуіп, жұдырықпен ұрып, жалпы «зорлық-зомбылық» жасаған. Бір кезде олар маған робот иттің аяғын шынжырлы арамен кескен ер адамның бейнежазбасын көрсетті. Бірнеше секунд өткенде, әлгі ит аяқтарының кесілмей қалған түбімен жүре берді.

Мен бастапқыда Skild-тің не себепті өз роботтарына осылай жасап жатқандарын түсіне қоймадым (не себепті шынжырлы ара көрсетілген бейнежазбада хэйр-метал (хард-роктың бір жанры) ойнап тұрғанын да ұқпадым). Патак зақым келген орынды қайта қалпына келтіре білу жалпылама физикалық интеллекттің аса маңызды аспектілерінің бірі екенін түсіндірді. Skild-тің уоркшобында ондаған жартылай құрастырылған робот болды: олар түрлі компаниядан шыққан; біреуінің басы болмаса да, жосып жүрді. Тур жасап келе жатқан кезде бір робот иттің алдына келіп тоқтадық. Бір көзі істен шығып, сымдары ашық тұрған болатын; қызметкер оны қайта-қайта тепкілеп тұрды. Мені де шақырды.

– Адамды қалай тепсең, мұны да солай теп, – деді Патак.

– Адамды теппес едім, – дедім мен.

– Олай айтуға асықпа,  – деді Патак.

Екі ойлы боп тұрдым да, робот иттің денесін өкшеммен басып тұрып, қатты жұлқып жібердім.  Ит шоурумның еденін айнала аунап кетті де, тоқтағаннан кейін жарты секунд өтпей тік тұрды.

Кейін конференция залында Патак пен Гупта «роботтың жай-күйіне салғырт қарағансуы» адам қауіпсіздігіне жанашырлық екенін жеткізді (робот адамды бір тепкеннен адамның оны мың тепкені артық). Дәл қазір олар гуманоидтарды тұрғын үй жағдайында қолдану адамдар үшін қауіпті деп есептейді. Тіпті Патактың өзі солардың біреуін өз үйінде ұстаудан тартынып қалғаны рас. «Адамдар сыртын көрсетіп-ақ қоғамды шатастырып жүр, – дейді Патак. – Егер сен адамға ұқсас робот жасасаң, демек оның қабілеті де адамдікіндей болуы керек. Бірақ оған әлі ерте».

Skild – робот жасаушы стартаптар ішінде ең мол қаржыландырылғандардың бірі, бірақ капиталының басым бөлігі дерек орталығы үшін есептеу қуатын (computing power) алуға жұмсалып жатыр. Басқаша айтқанда, ақшаларының көбі Nvidia-ға кетіп жатыр. Бес триллион доллар нарықтық капиталы бар Nvidia – жаһандағы ең бағалы компания. Расында, ақшаның құнсыздануына бейімделуін ескерсек, Nvidia адамзат тарихындағы ең бағалы компания болуы әбден мүмкін; бұл атақты алуда бәсекелес бола алатын тек Dutch East India Company (1602–1799 жылдары өмір сүрген, Азиямен сауда жасау үшін құрылған тарихтағы тұңғыш акционерлік қоғам және әлемдегі ең алғашқы трансұлттық корпорация). Nvidia-ның бас атқарушы директоры Дженсен Хуаң «көктегі айды аламын» дейді. «Ғаламның құрылымы бар кез келген түкпірін ЖИ-ге айналдырып жібере аламыз», – деген еді ол соңғы сөйлеген сөзінде.

Nvidia робототехника саласына 2014 жылы келген. Хуаң сол кездерде «нейрон желінің робот қолға хоккей шайбасын ұруды үйретіп жатқанын» көргенін есіне алады; ол лезде ЖИ нарығындағы робототехника көлемін шамалап есептей жөнеледі. Көп өтпей Nvidia роботтарды жаттықтыруға арналған виртуал кеңістік симуляторларын насихаттай бастайды (бұл симуляторлар үйкеліс күшін, ақауы бар буындардың жұмысын, тіпті тартылыс күшінің өзгерісін әзірлеушілерге тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді). Бастамалар әуелде оңайға соқпады. Алайда Nvidia робот техникасын өндірушілерді өз технологиясына тәуелді ететін жүйе қалыптастыра алды. Мұны компанияның бұрынғы қызметкерлерінің бірі «вендорлық тұйық» (бір технологияға тәуелді ету) деп атаған. Мен осы материалды әзірлеу барысында көрген роботтардың барлығы Nvidia микрочиптерімен жұмыс істейді және олардың бәрі Nvidia-ның диджитал жаттығу залында оқытылған.

Nvidia сондай-ақ Figure, Neura және Skild секілді көптеген стартаптарға инвестиция құйды. Алайда бұл қадам кейбір күмәншіл инвесторлардың сынына ұшырады. Олар бұл әрекетте «айналмалы» мәмілелердің белгісі бар деп секем алып қалды (Nvidia өз клиенттеріне қаржы береді, ал клиенттері сол қаржыға қайтадан Nvidia-ның жабдықтарын сатып алады). 2000 жылдардың соңында тұрғын үй нарығы құлдырайды деп бәс тігіп, «Үлкен бәс» («The Big Short») фильмі арқылы аты шыққан инвестор Майкл Бьюрри бүгінде (Nvidia-ны қоса алғанда) көптеген жасанды интеллект компаниялардың кірістері «күдік тудыратынын» айтады. Хуаң мұндай пікір «ақылға сыймайды» деп, инвестиция құюды жақтап шықты, бұл Nvidia-ның «экожүйесін» кеңейту үшін қажет көрінеді.

Nvidia-ның робототехникаға арналған микрочиптері жасанды интеллектіні үйретуге пайдаланылатын чиптерден өзгеше. Бұлар – «edge» деп аталатын чиптер, яғни есептеуді қашықтағы деректер орталығында емес, роботтың өз ішінде жүргізеді. Адам миы ағза өндіретін энергияның шамамен жиырма пайызын тұтынады. Ал Nvidia-ның «edge» чипі роботтың электр қуаты қорының алпыс пайызына дейін жұмсай алады. «Аккумулятор қуатын ең көп жейтін қозғалтқыштар емес, – деді маған Apptronik компаниясының бас атқарушы директоры Карденас. – Күш көбіне есептеу жүйесіне жұмсалады».

Алайда роботқа «ми қуаты» көбірек қажет болса, ол оны Wi-Fi арқылы жергілікті серверден ала алады. Оның жасанды интеллекті де компьютерлік бағдарламалардың көпшілігі секілді үнемі интернет арқылы жаңартылып отырады. Соның арқасында роботтардың апта сайын ақылы толыса түседі. Ең маңыздысы – олардың өзіндік «ұжымдық санасы» бар. «Бір робот бірдеңе үйренсе, оны сол сәтте қалған роботтардың бәрі бірдей меңгереді», – деді Бөрник.

Демек, гуманоид роботтар неғұрлым кеңінен қолданысқа енсе, соғұрлым олардың шеберлігі де шыңдала түседі. Мәселен, мыңдаған гуманоид роботқа сүлгі бүктеу міндеті жүктелсе, олар басқасы жіберген қатеден сабақ алып, жалғыз роботқа қарағанда әлдеқайда жылдам бейімделеді. Осындай желілі әсер болатынын ескере отырып, 1X компаниясы роботтарды адамдардың үйлеріне барынша тезірек енгізуге ұмтылып отырған болуы мүмкін. «Мұнда деректер сервері (data flywheel, деректер көбейген сайын жүйе жетіліп, өзін-өзі күшейтетін үздіксіз айналым) бар екені анық», – деді Бөрник.

Robot (Робот) – ағылшын тіліне чех тілінен енген санаулы сөздің бірі (Polka (полька, би атауы) мен howitzer (гаубица, зеңбірек түрі) де солардың қатарында). Бұл атау алғаш рет чех жазушысы Карел Чапектің 1920 жылы жазылған «Россумның әмбебап роботтары» (Rossum’s Universal Robots) пьесасында қолданылған. Пьесада өнеркәсіпке арналған роботтар шығаратын алып конгломерат жаһан экономикасын түбегейлі өзгертетіні баяндалады: жұмыстың басым бөлігін роботтар атқарады, тіпті оларды сарбаз ретінде де пайдаланады. Дәл осы тұста адамзаттың туу көрсеткіші нөлге дейін құлдырайды. Ақыр соңында роботтар билікті өз қолына алып, Жер бетіндегі адамдардың басым бөлігін қырып-жояды.

Роботтар туралы не әңгіме айтсаң да, ақырзаманға келіп тірелетінін байқадым. Тіпті мәселені барынша оң қырынан қарастыратын шығармалардың өзінде, мәселен, Айзек Азимовтың «Мен, роботпын» (I, Robot) кітабында да, андроидтар түбінде тізгінді өз қолына алады. Бөрникпен роботтар төңкерісі туралы сөз қозғағанымда, оның бұл тақырыптан әбден шаршағанын сездім.

– Қараңыз, олар бізден кек алуға ұмтылмайды, – деді ол. – Біз олардың жадын өшіре аламыз.

Бәлкім, Чапектің роботтар туралы үрейлі ойлары, одан қалса Джеймс Кәмеронның «Терминатор» фильмдеріндегі қорқынышты көріністері де Батыстың робот туралы түсінігіне әсер еткен секілді. Neura компаниясының бас директоры Дейвид Регердің айтуынша, америкалық журналистердің робот туралы қоятын сұрақтары көбіне осындай алаңдаушылықтың төңірегінде екен. Ал Оңтүстік Корея журналистерінің көкейіндегі сұрақ мүлде басқа көрінеді: олар роботтардың келуін тағатсыздана күтіп жүр. «Күте-күте әбден шаршады! – дейді Регер. – “Қашан келеді?” деп сұрайды». Регердің бұл сөзін зерттеу нәтижелері де растайды. Стәнфорд университеті отыздан астам елде жүргізілген қоғамдық сауалнамалардың деректерін саралаған. Нәтижесінде Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд және Индонезия тұрғындарының ЖИ-ді күнделікті өмірде қолдануға деген ықыласы жоғары екені анықталған. Ал АҚШ пен Канада тұрғындары бұл мәселеде аса сақтық танытқан.

Мен сөйлескен робототехника мамандарының көпшілігі гуманоид роботтарды үй шаруасына жұмсағаннан гөрі, өндірісте қолданылу мүмкіндігіне көбірек қызығатын сияқты («оларды алдымен McDonald’s-тан көресіздер», – деді Nvidia компаниясында физикалық ЖИ-ді модельдеу бағытын басқаратын Рев Лебаредян). Apptronik компаниясы жасаған Apollo гуманоид роботының өңі фарфордай аппақ, аяқ-қолы балғадай, сирақтары мығым да мықты. Қазір бұл робот Mercedes-Benz компаниясына тиесілі Еуропадағы автомобиль зауыттарында сынақтан өтіп жүр. Әзірге оның атқаратын жұмысы да аса күрделі емес: қажетті бөлшектерді таңдап алу, конвейерлерге тиеу сияқты қарапайым операциялармен шектеледі. Мұндай жұмысты атқару үшін роботтың күші көп болуы керек. Бірақ бір жері істен шыға қалса, сол күш-қуаттың жұртқа залалы тиюі мүмкін. Сондықтан әзірге роботтарды жұмысшылардан қоршаумен бөліп қойған.

Қазір әлемдегі зауыттарда жұмыс істеп тұрған бес миллионға жуық роботтың ішінде гуманоидтардың үлесі өте аз. Өнеркәсіпті жобалауға бағытталған бағдарламалық жасақтамамен айналысатын Autodesk компаниясының аға зерттеушісі Майк Хейли еңбек жолының едәуір бөлігін осындай мамандандырылған, адамға ұқсамайтын зауыт роботтарын бағдарламалауға арнаған. Ол өндірісте шын мәнінде пайдалы жұмыс атқарып жүрген бірде-бір гуманоид роботты көрмепті. Қарапайым роботтандырылған шешімдер әлдеқайда тиімді деген пікірді ұстанады. Мысалы, бояу шашатын жеке робот-қолдар немесе паллеттерді тасымалдайтын өздігінен жүретін жүк тиегіштер: олар өнімдірек, бағасы арзанырақ, қозғалатын бөлшектері де аз, әрі күтім көрсетуді көп қажет етпейді. «Бірнеше жылдан соң бүгінгі гуманоид роботтарға неге сонша әуес болғанымызды ойлап, “Апыр-ай, мынауымыз барып тұрған ақымақтық болған екен ғой!” деп бас шайқайтынымызға сенімдімін», – деді Хейли.

Қытайда коммерциялық мақсатта қолданылатын қызметші роботтар әлдеқашан күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Алайда олардың дені – тамақ жеткізу, жуылып, кептірілген киімді бүктеу секілді белгілі бір жұмысты атқаруға ғана арналған арзан құрылғылар. Мұндай міндеттер үшін қымбат гуманоид роботтардың қажеті де болмауы мүмкін. Skild компаниясындағы Патактың ұстанымы – роботтың әр бөлшегін атқаратын жұмысына қарай жеке дара пайдалану. «Мәселен, осындай зауытқа робот әкеліп, әлдебір бұйым құрастыртып жатырмыз делік. Сонда оған аяқтарын қоса сүйретіп, артық қуат жұмсаудың қажеті бар ма? – дейді ол. – Денесін аяқтарынан бөліп алып, үстелдің үстіне орналастыруға болады. Ал аяқтарын басқа бір затты тасуға пайдаланамын».

1X компаниясы Apple-дің жолымен жүруді жөн көрген секілді: өнімін әу бастан өзі жобалап, бүкіл өндірісін өз қолында ұстайды. Ал Skild Android-тың әдісін ұстанады: түрлі құрылғыларға бейімделе беретін бағдарламалық жасақтама жасап, оны басқа компаниялар шығаратын роботтарға орнатады. Ал Apptronik, Unitree, Tesla секілді компаниялардың болашағы Nokia мен BlackBerry-дің тағдырына ұқсап кетуі де мүмкін. Бірақ бәрі бірдей олай бола бермейді: олардың арасынан біреуі озып шығып, осы бәсекеде жеңімпаз атануы да ғажап емес.

Осыдан жеті не сегіз миллион жыл бұрын приматтардың бір тармағы бөлініп шығып, ми жетіліп, қол ептіленіп, сөйлеу қабілеті дамыды.  Сол тармақ кейін түрленіп, Australopithecus,  Ardipithecus, Homo erectus-ке ұласты. Ақырында Homo sapiens пайда болып, жер бетінде үстемдік құрды. Робототехниканың осы алғашқы кезеңінде пайда болған гуманоидтардың түрлеріне қарап отырып, дәл осындай үдерістің қайталанып жатқанын аңғардым. Негізгі пошымы бірдей: екі қол, екі аяқ, дене және бас. Бірақ түр-әлпеті мен құрылысында айырмашылық көп. Agility компаниясының Digit роботының басы төртбұрышты, ал тізелері шегірткенің аяғындай кері қайқиған. Apptronik-тің Apollo роботы ғылыми-фантастикалық фильмдердегі роботтарға ұқсайды: ауыз тұсы мен кеудесінде сан көрсеткіштері бар. Boston Dynamics жасаған Atlas-тың сыртқы қаптамасы ойыншық машинаның қаңқасын елестетеді, ал басының орнында іші қуыс, жарық шеңбер тұр. Tesla-ның Optimus-ы, Neura-ның 4NE-1-і мен Figure-дің 03-і де бір-біріне ұқсас, өзіндік ерекшелігі жоқ әрі сәл суық, тіпті қорқыныштылау көрінеді: денелері ақ, бет тұсы тегіс қара панельмен қапталған. Солардың біреуі болашақта пайда болатын гуманоид роботтардың барлығының арғы атасы болуы әбден мүмкін.

Роботтардың осал тұсы қолы болуы мүмкін. Адамның қолы – адамтектес тіршілік иелері эволюциясының теңдессіз үш жетістігінің бірі. Қалған екеуі – миы мен дауыс аппараты. Жануарлар әлемінде затты ұстау, бұру, қозғау секілді сан алуан әрекетті адам қолындай шебер атқаратын мүше жоқ: ол бір-біріне тәуелсіз жиырма жеті түрлі қимыл жасай алады. Ал робот қолдары бұл деңгейден әлі кенже қалып келеді. Аяқ киімінің бауын өзі байлап, артынша картаны еркін араластыра алатын роботтың пайда болуына әлі бірнеше жыл бар.

1X компаниясының өндіріс орнында қаптамасы шешілген қолдар мен білектерді көрдім. Олар қаз-қатар тізіліп, төбеге қарай созылып тұр екен. Құрастыру желісінің бойында отырған техника қызметкерлері саусақтарға жасанды сіңірлерді бекітіп жатты. Бұл сіңірлер білектің ішіндегі жетектерге жалғанады. Басқа жұмысшылар саусақ ұштарындағы датчиктерге электр сымдарын жалғап отырды. Кейін бұл сымдар роботтың «миына», яғни басқару жүйесіне тартылмақ. Жанында бір саусақтың қаншалық берік екенін сынақтан өткізіп жатты. Ол алға қарай созылып, қайта бүгіліп, осы қимылды қайта-қайта қайталайды. Монитордағы есептегіш оның бұл әрекетті 2 860 631 рет орындағанын көрсетіп тұрған еді.

Алайда бұл жолы да роботтың механикалық мүмкіндігі оның ЖИ-інен әлдеқайда озық екені көрінді. Мұны Skild компаниясындағы көрсетілім кезінде анық аңғардым. Сол жерде Unitree роботының үстел үстіндегі ақ керамика кесені абайлап ұстап, қоқыс жәшігінің ішіне тік қойып жатқанын байқадым. Кесені қайтадан үстелге қойып едім, роботтың көз іспетті камералары кесенің қозғалысын бағып тұрғандай болды. Содан кесені қырымен жатқызып қойдым. Робот не істерін білмей қалғандай абдырап тұрды. Қолын кеседен шамамен он бес сантиметрдей жерге апарып, кейін ауаны қармауға тырысқандай болды. Бірақ қолы бос кеңістікті ғана сипалап қалды.

Техника маманы қабағын түйе қарап, кесені қайтадан тік тұрғызып қойды. Робот та сол сәтте еш кідірместен оны қайтадан жәшікке салды. Мен көк пластик тостағанды жәшіктен  суырып алып, төңкеріп қойдым. Робот затты таныды, бірақ қалай ұстау керегін таба алмады. Қолы тостағанды ана жерге бір итеріп, мына жерге бір итеріп, әуреге түскенде, мен де адам баласының артықшылығын сезінгендей, мысқылдай жымиып жібердім. Бірақ кенет робот тоқтап қалды. Шынымды айтайын, дәл сол сәтте ол ойлана бастағандай көрінді. Он шақты секундтан кейін робот төңкеріліп жатқан тостағанның түбінде сыртқа шығыңқы дөңгелек тұғыры бар екенін аңғарды. Саусақтарымен сол тұғырдан қысып ұстап, тостағанды көтеріп алды да, жәшіктің ішіне салды.

– Көрдіңіз бе? – деді техника маманы. – Амалын тапты.

Аа