1967 жылдың 21 сәуірінде Иосиф Сталиннің қызы Светлана Аллилуева Кеннеди әуежайына қонған Swissair ұшағының баспалдағынан ширақ адымдап түсті. Ол кезде жасы қырық бірде еді. Үстіне қос өңірлі ақ түсті сәнді жакет киіп алыпты. Ұшу-қону жолағының маңына жиналған журналистерге қарап, көтеріңкі көңіл күймен саңқ-саңқ етіп:
– Сәлеметсіздер ме! Мұнда келгеніме сондай қуаныштымын! – деді.
Светлана бір-ақ сәтте қырғи-қабақ соғыс кезеңінің ең әйгілі саяси қашқынына айналып шыға келді. 1953 жылы қайтыс болған Иосиф Сталиннен тараған балалардың ішіндегі көзі тірісі жалғыз осы қызы еді және көпшілік оны «Кремльдің кішкентай ханшайымы» деп атап кеткен. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана ол Кеңес Одағының шекарасынан аттап басып көрмеген адамдар қатарынан болатын. Енді, міне, Кеннеди әуежайында журналистерге Америкаға келгендегі көздеген еркіндік пен мүмкіндіктер жайында әңгіме-дүкен құрып тұр. Ол қылықты, әзілге де жақын адам болып көрінді. Ағылшын тілінде де еркін сөйлейтін. The New York Times оның Америкаға келгені жайлы оннан астам мақала жариялады. Онымен алғаш сөйлескен Орталық барлау басқармасы қызметкері кейін қызметтік жазбасында былай депті: «Біз оны көрмей жатып Сталиннің қызы, сірә, анадай болуы керек, мынадай болуы керек деп әлдеқашан ойлап алған түсінігіміз бар еді. Алдымызға жылы жүзді, ақжарқын һәм тартымды орта жастағы үй шаруасындағы әйел келгенде, бұл бейнесінің ақиқат екеніне сене алмадық».
Кейін Светлана былай деп жазды: «Америкаға алғаш аяғым тигенде Лоң Айлендтің керемет кең тас жолдарына тәнті болдым». Кең байтақ жер, езуі жиылмайтын көңілді адамдар. Коммунистік жүйеде жарты ғұмырын өткізген Светлана өзін «тордан босап шыққан құстай» сезінгенін айтты. Америкаға келгеніне бірнеше күн болғанда ол Плаза қонақүйінде баспасөз мәслихатын өткізді. Оған төрт жүзге жуық журналист қатысты. Солардың бірі:
– Америка азаматтығын алуға өтініш бермек ойыңыз бар ма? – деп сұрады. Светлана жымиып:
– Некеге тұрмас бұрын махаббатқа мас болу керек қой, – деп жауап берді. – Егер мен бұл елді сүйсем, бұл ел де мені солай сүйе алса, онда үйленудің жарасы жеңіл ғой.
АҚШ-тың Кеңес Одағындағы бұрынғы елшісі әрі елдегі Ресей жайының білгірі, ең беделді мамандардың бірі болған Джордж Кеннан Светланаға Кеңес Одағынан кетуге көмектескен еді. Кейін Светлана Кеннан тұратын Принстон қаласына қоныстанды. 1967 жылдың күзінде Кеннанның қолдауымен ол «Досыма жазған жиырма хат» (Twenty Letters to a Friend) атты кітабын шығарды. Физик Федор Волькенштейнге жазылған хаттарынан құралған бұл еңбек оның отбасының қасіретке толы тарихынан сыр шертті. Кітап «Сталиннің қарамағындағылардың бірі боп күн кешу қандай қиын болса, оның туысы болудың азабы одан да ауыр» деген оймен түйінделеді. Екі жылдан кейін Светлана «Бір ғана жыл» (Only One Year) атты тағы бір естелік кітабын жариялады. Бұл жолы ол Кеңес Одағынан кетуге бел буғанға дейінгі және одан кейінгі бірнеше айда кешкен күйін баян етеді. The New Yorker журналында жазушы Эдмунд Уилсон: «Онда "Доктор Живагоға" тән өжеттік пен құштарлық бар», – деп аталған туындының мақтауын асырған. Екі кітап та жақсы сатылып, Светлананың дәулеті артып шыға келді. Ал Кеңес Одағының қауіпсіздік комитеті (КГБ) оған «Кукушка», яғни «Көкек» деген лақап ат қойған.
Алайда жұрттың Светланаға деген қызығушылығы ұзаққа созылмады. Ол біртіндеп сұхбат беруден бас тарта бастады, баспасөз де оған деген ықыласын жоғалтты. Оның Кеңес Одағынан кеткені ерекше оқиға болғанымен, тұлға ретінде жұртты ұзақ уақыт қызықтырып ұстап тұра алмады. Светлана жазуын жалғастыра берді. Бірақ оның еңбектерін Америкада басып шығаруға құлықты баспалар да табылмай қалды. Ара-тұра құлағымыз шалған сыбыстардан оның жалғыз да мұңлы күн кешіп жатқанын біліп отырушы едік. 1985 жылы The Times журналы ол туралы мақала жариялап, Светлананы қоғамнан оқшауланып, артық салмақ қосып, мінез-құлқы да қасарысып, өктем әрі ашушаң адам болған деп көрсеткен. Мақала авторы: «Ол әкесімен тартысты да жүрді. Ақыр аяғы, тағдырдың тәлкегі ме дерсің, өзі де әкесінен айнымай қалыпты», – деп жазды.
Қырғи-қабақ соғыс аяқталған кезде Светлана жұрт назарынан мүлде жоғалып кете жаздаған еді. Кейінгі жиырма жыл ішінде The Times ол туралы небәрі бір ғана материал жариялады. Оның өзі 1992 жылы шыққан бес-ақ абзацтан тұратын қысқа ғана жазба болатын. Онда Светлананың «қайырымдылық ұйымына қарасты жатақханада ел көзінен таса өмір сүріп жатқаны» айтылған.
2006 жылы Кеннан мен қырғи-қабақ соғыс туралы кітабымды жазуға материал жинап жүрген кезімде Светлана Аллилуеваға хат жазып көруге бел будым. Уикипедиядан қарасам, Светлана Уисконсин штатында тұрады екен. Ашық дереккөздер де дәл сол адамды шығарып берді. Хатымның оған жетуі екіталай еді. Жеткен күннің өзінде жауап бере қояр деймісің?! Алайда арада бір апта өткенде пошта жәшігіне жұп-жуан бір конверт кеп түсті. Ішінде бірнеше жерден ұқыптап бүктелген алты парақ хат жатыр екен. Сыртына: «Өз қолына ұстатыңыз. Құпия» деп жазыпты.
«Әуелі хатымды қолмен жазғаным үшін кешірім сұраймын. Мен (интернет, теледидар, микротолқынды пеш, тағысын тағы деген сияқты) техника атаулыны жақтыра бермейтін ескінің адамымын. Қолжазбамның қандай шимай-шимай екенін өзім жақсы білемін. Жастарға мұны оқудың өзі азап шығар. Хатшыларға да оңай тимесі анық. Не шара, сіз үшін де, өзге жұрт үшін де қолымнан келері тек осы».
Ол Кеннан туралы әңгімелесуге ынталы боп шықты.
«Елші Дж.Ф.Кеннан туралы сұрақтарыңыздың бәріне қуана жауап берер едім. Ол шынымен де Америка жұртының ұлы перзенті бола білген еді. 1967 жылы маған көп көмектесті. Кейін Принстонда (Нью Джерси штаты) қазіргі саясат тарихынан дәріс оқығанымды қалады... Бірақ мен одан бас тарттым. Өйткені саясат тарихы саласында беделді біреу болғанымды көргісі келетін жан болса, сірә, менің әкем болар еді».
Ол хатында өмірде талай шоқ басқанын мойындап, егде тартқан шағында қарттар үйін паналауға мәжбүр боп отырғанын жазған:
«Мен туралы қанша нәрсе айтылып, қанша нәрсе жазылды десеңізші, солардың бәлду-бәлду бәрі өтірік! Һәм жала! Сәуірде (22-сінде) Америкаға келгеніме тура қырық жыл толады. Бұл сапарым кезінде екі бестселлер кітаптан басталып еді, ал бүгін келіп әлеуметтік жәрдемақыға қарап отырған күйбең тірлікпен тынды. Жәрдемақы төлейтін жүйені құрып кеткен Рузвельтті құдай жарылқағыр!.. Қырық жыл Америкада тұрсам да, әлі күнге дейін өзімді қонақ секілді сезініп, бұл елді өз үйімдей көре алмай келемін».
Біз Кеннан туралы хат жазысып тұратын болдық. Ол Американың қырғи-қабақ соғыстың алғашқы кезеңіндегі Кеңес ықпалын тежеу саясатын қалыптастыруға атсалысқан, кейін сол саясаттың ең беделді сыншыларының біріне айналды. Кітабымды «Қаршыға мен көгершін» деп атадым, көгершін дегенім осы Кеннан еді. Аталған кітабыма материал жинап жүргеніме бір жарым жылдың жүзі болды. Бірақ сол кезге дейін Кеннанның мінез-құлқын Светланадай дәл танып, соншалық терең түсінген бірде-бір адамды кездестірмеген едім.
Мен оған айына шамамен екі рет хат жазып тұрдым. Уақыт өте келе Кеннанмен шектелмей, өзінің өмірі жайлы да сұрай бастадым. Кейде ол маған шимай-шимай қып жазылған хат жіберетін. Кейде хаттарын компьютерге теретін. Бірақ ол мәтіндердің өзі де ала-құла болатын: бір жерінің астын сызып қояды, бір жеріне кейіннен сөз қыстырады, енді бір тұсына нобай суреттер салып жібереді. Сол нобайлардың бірінде өзін қоларба сүйретіп бара жатқан етіп бейнелеп, онысын әзілдеп: «төрт дөңгелекті көлігім», – деп атапты. Оның Caps Lock пернесімен де қарым-қатынасы оңып тұрған жоқ еді. Кей сөйлемдерді аяқ астынан бас әріппен жазып кететін, кейде мүлде қолданбайтын. Хат жазыса бастағанымызға бір жыл толғанда, мен оған амандасып арнайы барып-қайтайын деп ұйғардым.
Ол кезде Светлана сексен бір жаста еді. Уисконсин штатындағы небәрі мың алты жүз тұрғыны бар Сприң Грин қалашығындағы қарттар үйінде тұратын. Кездесуге балағы кең сұр спорт шалбарын киіп, көзіне күннен қорғайтын көзілдірік тағып шығыпты. Жақында ғана көзіне катарактадан ота жасатқандықтан, көзілдірігін тастамайды екен. Бойы аласа, денесі мығым. Жирен шашына ақ түсіп, жұқара бастапты. Сколиоз салдарынан арқасы бүкірейіп кеткен. Қолына таяқ ұстап алыпты. Мені екінші қабаттағы бөлмесіне ертіп кірді. Терезе түбіндегі шағын үстелді көрсетті. Үстінде жазу машинасы тұр. Кітап сөресінде ескі National Geographic бейнетаспалары, Калифорнияның карталары, Балиде жасалатын батик маталар, Хемингуэйдің кітаптары мен кезінде әкесі пайдаланған орысша-ағылшынша сөздік қатар тізіліп тұрды.
Светлана қонақжайлық танытты. Оның үстіне, көптен ешкіммен кездеспей, іші толып қалыпты. Әңгімесін емен-жарқын ерекше ықыласпен айтты. Бірнеше сағат өткен соң, серуендеп келейік деп ишара жасады. Баспалдаққа жақындағанда демеп жіберейін деп қолымды тосып едім, бірден қағып тастады. Сөйтіп екеуміз жым-жырт жатқан көшемен жүріп отырып, гараж сейл жәрмеңкеге тап болдық. Онда үстіне Harley-Davidson жазуы бар футболка киген бір кісі шойыннан құйылған шағын кітап сөресін сатып тұр екен. Оны Светланаға ұсынып көрді. «Әзірге ала алмаймын», – деді Светлана. Келесі айдың басына дейін қалтасында бар-жоғы жиырма бес доллар ғана қалған екен. Әлеуметтік жәрдемақысы сол кезде ғана түсетін көрінеді. Сәл ойланып тұрып, оған дейін сақтап қоюын өтінді.
Әлгі кісі алғашында қарсы болды. Бірақ Светлана ақыры оны көндірді. Біз жүре бердік. Артымыздан әлгі адам: «Sprechen Sie Deutsch?» (Немісше сөйлейсіз бе?) – деп дауыстады. Светлана артына бұрылмастан алға қарай жүріп отырды. Сосын: «Жұрт менің акцентімді немістердікіне ұқсатады. Сондай кезде мен әдетте: “Иә, менің неміс әжем болған”, – деп жауап беремін», – деп күліп жіберді.
1890 жылдардың басында Светлананың неміс әжесі Ольга жасөспірім еді. Ол Гүржістандағы үйінің терезесінен секіріп түсіп қашып кетеді де, сүйгеніне қосылады. Ал Ольганың қызы Надежда Аллилуева он алты жасқа келгенде отыз сегіздегі Иосиф Сталинге еріп кетеді. Ол кезде Сталин семинарияда оқыған, өлең жазатыны бар, бұлардың отбасымен етене жақын араласқан әрі көз алдарында революциялық қозғалыстың жетекшілерінің біріне айналды.
Сталиннің алғашқы некесінен Яков атты ұлы болған. Кейін Надежда Аллилуевамен отбасын құрғанда тағы екі бала дүниеге келеді: Василий және Светлана. Солардың ішінде Светлана әкесінің ерекше жақсы көретін перзенті еді. Светлана бала кезінде әкесіне қысқа-қысқа хат жазып, бұйрық беріп ойнайтын: «Мені театрға алып бар деп бұйырамын»; «Мені кино көруге жібер деп бұйырамын». Ал ол болса: «Бағынамын», «Мойынсұнамын» немесе «Бұйрық орындалады» деп жауап жазатын. Қызын «Шаңырағымның кішкентай иесі» деп атайтын, ал хаттарының соңына: «Шаңырақтың иесі Сетанканың бейшара хатшысы һәм жарлы шаруасынан» деп қол қоятын.
Надежда Светлана алты жасқа толғанда қайтыс болды. Оған анасының өліміне соқыр ішек себеп болған деп түсіндірген. Алайда Светлана он бес жасқа келгенде ағылшын тілін жетілдіру үшін Батыс журналдарын оқып отырып, әкесі туралы мақаланың үстінен түседі. Сол мақалада Надежданың өз өмірін қиып кете барғаны жазылған еді. Мұны кейін әжесі Ольга да растайды. Тіпті кезінде Надежданың Сталинмен бас қосуына қарсы болғанын да айтып берген. Светлана кейін «Досыма жазған жиырма хат» (Twenty Letters to a Friend) кітабында: «Мұның бәрін білгенде есімнен тана жаздадым. Бар жан дүнием астан-кестең күй кешті. Сол күннен бастап әкемнің әр сөзіне бас иіп, әр бұйрығына мойынсұна алмайтын болдым», – деп жазды.
Келесі жылы Светлана да өзінен біраз жас үлкен адамға ғашық боп қалады. Жүрегін жаулаған отыз сегіз жастағы еврей ұлтынан шыққан кинорежиссер әрі журналист Алексей Каплер еді. Бұл махаббат хикаясы нацистік Германия Кеңес Одағына басып кірген ауыр кезеңде, 1942 жылдың күзі аяқталар тұста басталды. Каплер мен Светлана алғаш рет кино көрсетілімінде танысады. Екеуі фокстрот билеген күні жігіті неге мұның сонша мұңлы екенін сұрайды. Светлана сол күні анасы қайтыс болғанына тура он жыл толғанын айтады. Каплер оған тыйым салынған «Қоңырау кімді жоқтайды» романының аудармасын, сосын «Жиырмасыншы ғасырдағы орыс поэзиясының» өзі шимайлап жазып, жиегіне бір ойларын түртіп қойған данасын береді. Екеуі «Ақшақар мен жеті ергежейлі» мультфильмін де көреді.
Светлана бұл қарым-қатынастың соңы жақсылықпен бітпейтінін іштей сезген екен. Ағасы Василий әкесінің Светланаға ерекше ықылас танытатынын бала кезден қызғанатын. Ақыр аяғы, ол Сталинге Каплердің Светлананы Хемингуэймен таныстырып қана қоймай, одан да «сорақы нәрсеге» әуестендіріп жүргенін жеткізеді. Көп ұзамай Сталин Светлананың жатын бөлмесіне кіріп келіп:
– Айнаға қарашы өзің! Сені кім керек қылады? Ақымақ! – деп дүрсе қоя береді.
Сосын, соғыс жүріп жатқан кезде, Каплермен көңіл қосқаны үшін қызын жерден алып, жерге салады. Мұнысы барып тұрған жала еді. Бәрібір де Каплерді ұстап әкетіп, Солтүстік Мұзды мұхит жақтағы Воркутадағы еңбек лагеріне айдап жіберді. Светлана дәл сол күні әкесінің бір ауыз сөзбен адамды түрмеге тоғытып жібере алатын құдіретке ие екенін алғаш рет анық ұққан екен.
Светлана Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, сонда Григорий Морозов есімді еврей жігітімен танысады. Кейін екеуі шаңырақ көтереді. Светлана Кремльдің қыспағынан құтылудың жалғыз жолы осы деп ойласа керек. Соғыс қамымен жүрген Сталин де амалсыз келісімін береді. Светлананың айтуынша, әкесі оған:
– Бар да тұрмысқа шық. Бірақ сенің әлгі еврейіңмен ешқашан таныспаймын, – деген.
Тұңғыш ұлдары Иосиф нацистік Германия тізе бүккен тұста дүниеге келеді. Морозов көп балалы болуды армандады. Ал әдебиетке жақын Светлана оқуын аяқтап, өз жолын тапқысы келді. Иосиф дүниеге келгеннен кейін Светлана үш рет түсік жасатып, бір рет баласы өздігінен шетінеп кетеді. Кейін ол бұл кезеңді: «Өңім қашқан, дімкәс, бозарған әйелге айналдым», – деп еске алатын. Ақыры Морозовпен ажырасады. Осылайша екі мәрте жүрек қалауына еріп бас қосқан Светлана үшінші жолы әкесінің ығына жығылады. Ол Сталиннің ең жақын серіктерінің бірі болған Андрей Ждановтың ұлы Юрий Ждановқа тұрмысқа шығады. Алайда Светлана: «Мен бой жетіп, тұрмыс құрар жасқа таяғанда әкемнің мені төбесіне көтеретін баяғы ықыласынан сарқын да қалмаған еді», – дейді. 1950 жылы, Кәріс соғысы қарсаңында, ол Екатерина есімді қызды дүниеге әкеледі. Бірақ жаңа күйеуі Светланаға салқынқанды әрі қызықсыз адам болып көрінді. Көп ұзамай бұл неке де бұзылды. Светлана оқуын тәмамдап, еңбек жолына түсті. Ол дәріс оқумен айналысып, ағылшын тілінен орыс тіліне кітаптар аудара бастады.
1953 жылдың наурызында Сталин инсульт алады. Кейін Светлана бұл сәтті былай деп жазып шыққан: «Жаны қысылып жатқан соңғы сәттері сұмдық болды. Көз алдымызда кетіп бара жатқан. Жаны тәнінен босап шыққандай боп көрінген ақырғы сәтте ол кенет көзін ашып, бөлмедегі адамдардың бәрін шолып өтті. Қарағаны үрейлі еді. Есінен адасқан адамның жанары ма, әлде ашуға булыққан адамның көзқарасы ма – ажырату қиын. Бірақ ажалдан қорыққаны анық еді».
Светлана әкесінің жантәсілім алдындағы азабының себебін былай деп жазды: «Құдай жеңіл өлімді тек ақ адал жандарға ғана нәсіп етеді». Сонда да әкесі құрғырды сондай жақсы көретін. Оның мәйітін тексеруге алып кеткен кезде Светлана: «Сол күні әкемді алғаш рет жалаңаш күйінде көрдім. Денесі өте сұлу екен. Қартайған адамға да, ауыр сырқаттан титықтаған жанға да ұқсамайтын... Маған өмір сыйлаған сол тәннің енді жаны да, тынысы да жоқ екенін ұқтым. Ал мен өмір сүре бермекпін» – деген естелік қалдырған.
Сол жылы маусымда Алексей Каплер ГУЛАГ-тан оралды. Арада бір жыл өткенде екеуі жазушылар конференциясында кездейсоқ қайта жолығады. Сол сәтті Светлана күлімсірей отырып маған баяндап берді: «Фойеде жарық төгіліп тұрған. Біз бір-бірімізге қарай жүріп келе жатып, аяқ астынан бетпе-бет ұшырастық».
Каплердің шашына ақ түскен екен. Бірақ Светланаға ол бұрынғыдан бетер келбетті болып көрінді. Каплердің әйелі бар болса да, көп ұзамай екеуі қайтадан көңіл жарастырады. Каплер оған: «Саған қоңырау шала алатынымның өзі ғажап қой», – деп жиі айтатын. Ал Светлана үшін ең үлкен ғажап Каплердің мұның әкесі көрсеткен қорлықты кешіре алғаны еді. Светлана Каплердің әйелімен ажырасып, өзіне үйленгенін қалады. Бірақ оған көңілдес болғанның өзі жетіп жатты. Жеңілу дегенді білмейтін Светлана бір күні кешке Каплердің әйелімен бетпе-бет сөйлесуге театрға барады. Кейін Каплер жазушы Энцо Бьяджиге: «Светамен өткен өмірімнің екінші кезеңі де, екінші некем де дәл сол жерде аяқталды», – деген екен.
Үшінші кезең 1956 жылы басталды. Ол кезде Светлана Мәскеу мемлекеттік университетінде Кеңес романдарындағы кейіпкер бейнесі туралы дәріс оқитын. Сол жылы Никита Хрущев әйгілі «Құпия баяндамасын» жасады. Төрт сағатқа созылған сөзінде ол Сталиннің қылмыстарын әбден әшкерелеген еді. Баяндамадан кейін Каплердің үшінші әйелі – ақын Юлия Друнина (Светлананың сөзіне сенсек, шығармашылығы «ортаңқол» болыпты-мыс) Каплерге Светланаға хабарласып, көңіл айт деген екен. Содан кейін олар Светланамен жақын араласа бастайды. Бір-бірінің үйіне барып, түрлі кештерге қатысады. Бірақ Каплерді өзге әйелмен көруге Светлананың жүрегі шыдамайды. Бір күні ол Каплерге әйелін жамандап хат жазады. Каплер оған ашулы күйде жауап қайтарады. Содан кейін олар өмір бойы бір-бірін көрмей кетеді. Арада елу екі жыл өтсе де Светлана маған: «Каплер өмірімдегі жалғыз шынайы махаббатым болып қала берді», – деген еді.
1963 жылы Светлана отыз жеті жаста еді. Ол балаларымен бірге Мәскеуде тұратын. Өзі өскен отбасыдан ешкім қалмаған. Әкесінің бірінші некесінен туған ағасы Яков немістің әскери тұтқындар лагерінде қаза тапқан. Ал Василийдің өлімші боп ішіп, өмірден өткеніне көп болмаған. Светлана өз тегін өзгертіп те үлгерген. Өйткені оған «Сталин» деген фамилияны естудің өзі ауыр болатын. Сондықтан ол анасының тегін алып, Аллилуева атанды. Қазан айында Светлана бадамша безіне ота жасатып, Мәскеудегі ауруханалардың бірінде жатқан кезде Браджеш Сингх есімді аласа бойлы үнді азаматын кездестіреді. Ол да мұрын полиптерін алдырғаннан кейін сол жерде ем қабылдап жатқан екен. Коммунистік көзқарастағы Браджеш Сингх емделу үшін Кеңес Одағына арнайы келіпті. Дертіне дауа іздеген екі жан көп ұзамай тіл табысып кетеді. Әңгімелерінің арқауы Светлана аурухана кітапханасынан тауып алған Рабиндранат Тагор кітабы еді.
Светлана бар саналы ғұмырында дәл Сингхтей ізгі адамды жолықтырып көрмеген. Дәрігерлер емдеу кезінде пайдаланылған сүліктерді құртпақ болғанда, ол қарсы шыққан. Ал бөлмеге кіріп кеткен шыбындарды шығарып жіберу үшін терезені ашып қоятын. Светлана оған әкесінің кім екенін айтқанда, Сингх: «Солай ма?» – деп қана таңданысын білдірген. Содан кейін бұл жайында бір ауыз сөз қозғаған емес.
Сингх Үндістанға қайтуға мәжбүр болғанға дейін екеуі Қара теңіз жағасындағы Сочиде бір ай бірге уақыт өткізеді. Арада бір жарым жыл өткен соң, кеңес және үнді бюрократиясының кесірінен болған кідірістерден кейін Сингх қайтадан Мәскеуге оралған. Екеуі некеге тұру үшін құжат тапсырады. Бірақ ертеңіне Светлананы Кремльдегі әкесінің бұрынғы кабинетіне шақыртады. Онда ол Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинмен кездеседі. Косыгин оған бұл некенің бір жағынан әдепке жат, екінші жағынан мүмкін емес екенін айтқан. Сосын: «Үнділер әйелге жақсы қарамайды», – деген.
Сингх жылдар бойы тыныс алу жүйесінің дертімен күресіп жүрген. Ол 1966 жылы қайтыс болғанда, Светлана оның күлін Үндістанға апарып жерлеуге рұқсат сұрап, дегеніне жетеді. Бұл оның Кеңес Одағы шекарасынан алғаш рет шыққаны еді. Кейін Светлана сол сапарды өзін өмірінде шын бақытты сезінген жалғыз кезең деп еске алған. Мен оның Уисконсиндегі үйіне барғанымда, бірнеше ақ-қара фотосуретті алып шығып, қағаз-қоқысқа толы шыны үстелдің үстіне жайып салды. Суреттердің бірінде – биіктігі ағашпен бірдей кактустар қоршаған Сингх әулетінің еңселі ақ үйі. Басқасында – үлкен терезелі, жеңіл перделері желбіреген, ағаш кереует қойылған жұпыны бөлме. Тағы бірінде – Ганг өзенінің жағасында түйе жетектеген адам. Светлана сол суреттерге қарап отырып: «Үндістан маған зор әсер етті. Ой-санама да, дүниетанымыма да, тұтас болмысыма да...» – деді.
1967 жылғы 6 наурызда, яғни Кеңес Одағына қайтатын ұшағына екі күн қалғанда, Светлана чемоданын жинап алып, жасырын түрде Америка елшілігіне барады. Сол жерде өзін:
– Мен Светлана Аллилуевамын. Сталиннің қызымын, – деп таныстырады.
Сонда дипломаттардың бірі аңтарылып:
– Әлгі Сталиннің бе? – деп сұраған екен.
Үндістанда оның ісімен айналысқан Орталық барлау басқармасы (CIA) қызметкері Роберт Рэйл кейін маған агенттіктің қолында Светлана туралы ешқандай дерек болмағанын айтты. Десе де америкалықтар кеңес билігі оның жоқ екенін аңғармай тұрғанда, Светлананы елден жасырын шығарып әкету туралы шешім қабылдайды. Сол түні ол көзіне бірінші түскен рейске отырып кете барады. Ұшақ бағыты Римге қарай екен. Бірнеше күннен кейін Светлананы Женеваға жеткізеді. Рэйл Уошиңтонға жолдаған жеделхатында: «Өмірімде көрген қашқындардың ішінде тергеуге мұншалық ынтымақтасқан адамды кездестірген емеспін», – деп жазады. Рэйлдің айтуынша, бір кезде Орталық барлау басқармасы Светланаға IQ тестін де өткізген. Нәтижесі жоғары болғандықтан, «көрсеткіш шкаласынан асып түсті» деп бағалаған.
Жиырма бірдегі Иосиф пен он алты жастағы Екатерина шешелері келеді екен деп Мәскеу әуежайында күтіп тұрады. Арада үш күн өткенде Светлана оларға ұзақ хат жолдайды. Хатында ол кеңес коммунизмінің әрі экономикалық жүйе ретінде, әрі моральдық идея ретінде күйрегенін жазады. Мұндай қоғамда енді өмір сүре алмайтынын түсіндіреді. «Бір қолымызбен Айды алмақпыз, ал екінші қолымызбен атам заманғыдай әлі картоп қазып жүрміз», – деп жазған екен ол. Светлана ұлы Иосифке медицина саласындағы оқуын жалғастыруды, ал қызы Екатеринаға ғылым жолынан таймауды өсиет етеді. Хатының соңында: «Жүректеріңдегі тыныштықты жоғалтпаңдар. Мен тек ар-ұжданым бұйырған істі ғана жасап отырмын», – деп жазған.
1967 жылдың сәуірінде Иосиф анасына былай деп жауап жазады: «Сен жасаған әрекеттен кейін бізге алыстан отырып батыл болыңдар, бір-біріңнен ажырамаңдар, мойымаңдар, Екатеринаға бас-көз бол деп ақыл айтқаның қай сасқаның... Меніңше, осы жасағаныңнан кейін сен бізден біржола ажырап кеттің».
Светлана Принстонға қоныстанғаннан кейін оған атақты сәулетші Фрәнк Ллойд Райттың жесірі Ольгиванна Ллойд Райт хат жаза бастады. Ол Светлананы Райттың мұрасын сақтау жолында құрылған Талиесин қауымдастығына шақырады. Уисконсин мен Аризонада оның бөлімшелері бар еді. Ольгиванна өзінің де Светлана есімді қызы болғанын, бірақ оның жиырма үш жыл бұрын жол апатынан қаза тапқанын айтыпты. Ал Светлана Аллилуева болса, Ольгиванна өз анасындай болып шыға ма деп үміттенді.
1970 жылдың наурызында Светлана апельсин гүлінің жұпары аңқыған жылы қала – Скотсдейлге барады. Талиесин Уэстке, яғни Райттар кешеніне аяқ басқан алғашқы күні-ақ оны салтанатты кешкі асқа шақырады. Сол жерде ол ұзын, жалтыраған қып-қызыл үстел басынан бір-ақ шығады. Көп ұзамай бәрінің мән-жайын түсінеді. Ольгиванна Светлананы өзінің қайтыс болған қызының қайта өмірге келген бейнесі деп сенетін болып шығады.
Ал оның арманы – осы «жаңа Светлананы» марқұм қызының бопайымен (әйелі қайтыс болған ер азамат) қосу еді. Светлананың қасында ұзын бойлы, құм түстес смокиң киген, күлгін түсті желбіршек жейде жамылған Уэсли Питерс отырды. Дәл сол адам Ольгиваннаның қайтыс болған қызының бопайы болатын.
Светлананың Уэсли Питерске бірден көңілі ауады. Ол сымбатты сәулетші еді. Әсіресе он жыл бұрын Гуггенхайм музейі құрылысына жетекшілік етіп, атағы шыққан. Келесі күні екеуі Питерстің Кадиллагына мініп, қыдырып кетеді. Кейін Светлана бұл жайлы: «О кісінің қасында жүргенде ойламаған жерден жан тыныштығын тапқандай болдым», – деген еді. Арада небәрі үш апта өткенде олар шаңырақ көтерді.
Светлана мен Уэс біраз уақыт Скотсдейлдегі Талиесин кешеніндегі оның пәтерінде бақытты өмір сүрді. Кейін жаз шыққанда Райт қауымдастығы қоныс аударатын Уисконсин штатындағы Сприң Гринге бірге көшті. Бірде Светлана маған Уэстің бұған шын мәнінде тән ләззатын сыйлаған алғашқы ер адам болғанын айтқан еді. Алайда Талиесиндегі өмірінде бір гәп бар еді. Светлананың жазуынша, мұндағылардың бәрі Ольгиваннаға сөзсіз бағынуға тиіс еді. Қауым мүшелері оны мадақтап отыруы, өз «күнәларын» мойындауы және ешқашан оның пікіріне қарсы шықпауы керек болатын. Светлана Талиесинге келгеннен кейін үш ай өткен соң Кеннанға хат жазып: «Қайтадан, баяғы қатігез отаным Ресейдегідей, тілімді тістеп отыруға тура келіп тұр. Ойымдағыны жасырып, өзіме жат мінез көрсетуге, жалған абыройға бас июге мәжбүрмін. Мұның бәрі тым аянышты. Бірақ мен мұны да еңсеремін», – дейді.
Қырық төрт жасында Светлана бала көтереді. Алайда Ольгиванна бала өсірудің машақаты көп әрі алаңдатып жібереді деп санайтын. Балалар оның аруақтармен тілдесе алатын қабілетіне кедергі келтіреді деп қауіптенген екен. Сондықтан Светланадан түсік жасатуды талап етеді. Бірақ Светлана бұған көнбейді. 1971 жылдың мамырында ол қыз баланы дүниеге әкеліп, оған нағашы әжесінің құрметіне Ольга деп ат қояды. Бұл Светлананың үшінші перзенті еді. Үлкен екі баласы Иосиф пен Екатерина дүниеге келгеннен бері жиырма жылдан астам уақыт өтіп кеткен болатын. Оның үстіне, ол кезде Светлананың олармен байланысы да үзілген еді. Ольга дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай Светлана Талиесин кешенінен көшіп кетеді. Ал Уэс әйелінен гөрі өз жұмысына көбірек берілген адам болып шықты. Сондықтан ол сонда қалып қояды. Кейін Светлана маған жазған хатында: «Бұл өмірде көрген азабым аз болмады ғой. Бірақ, шынымды айтсам, мына әйел-диктатордың қасында диктатор әкемнің өзі әлдеқайда жұмсақ болып көрінеді», – деп жазды.
Светлана өмірінің алғашқы қырық бес жылында ақшаға бола бас қатырып көрмеген.
Әкесі ақшаны пайдаланбайтын да, оған мұқтаж да емес еді, тіпті оған мән бермейтін.
Жас шағында Светлананы мемлекет асырады. Ал Америкаға келгеннен кейін кітаптары оған қомақты табыс әкелді. Бірақ ол өзіне тым көп ақша жұмсайтын. Ольгиванна Талиесинді қаржыландыру үшін одан үнемі ақша талап ететін. Ал Уэс болса, ақшаны оңды-солды шашатын еді. Екеуі үйленгеннен кейін Светлана оның шаш-етектен келетін қарызын жауып береді. Сосын оған ірі қара өсіретін ферма ашуға да қаржы береді. Бірақ бұл кәсіп жүрмей қояды. Ақыры Светлана мен Уэс ажырасуға келіскен кезде, Светлананың адвокаты, Джордж Кеннанның күйеу баласы Уолтер Позен бір жыл бойы мүлік бөлісу мәселесін реттеумен айналысады. Бірде оның телефоны шырылдап қоя береді. Түн ортасы ауған шақ екен. Уолтер Позен бір түні Светлана оған телефон шалып:
– Менің бұған қол қойғым келмейді, – дегенін айтады.
Өйткені оның Уэс Питерске деген сезімі әлі суымаған еді және одан ештеңе өндіріп алуды қаламайтын. Сонда Позен ашуланып:
– Сен оны ақшамен қайтарып ала алмайсың! – деп кесіп айтады.
Светлана үнсіз телефон тұтқасын қоя салады. Сол күйі өзіне тиесілі қаржыдан қағылады. Ал Позенмен арадағы үнсіздік бес жылға созылыпты.
Талиесиннен кеткеннен кейін Светлана қайтадан Принстонға оралды. Ер адамдар оған әлі де қызығатын. Бірақ оның өмірінде тұрақтылық деген атымен жоқ еді. Ол бір жерде байыз тауып тұрақтай алмайтын. Біресе Нью Джерсиге, біресе Калифорнияға көшіп, кейін қайта оралып жүрді. Қызы Ольга: «Анам жыл сайын, кейде бір жылдың ішінде екі рет көшетін. Қараша айы туар алдында міндетті түрде жаңа жерде болуы керек сияқты көрінетін. Өйткені дәл сол айда оның анасы қайтыс болған еді» – дейді. Светлананың өзі кейінірек: «Достарымның бәрі біртіндеп менен алыстап кетті. Сондықтан өмір жолын тағы да жалғыз жалғастыруыма тура келді. Тағы да қателестім. Бірде риелторлардың сөзіне ердім, бірде кездейсоқ әңгіменің жетегінде кеттім, бірде көңілімнің қалағанын жасадым», – деп жазды. Содан кейін, 1980 жылдардың басында қызы Ольгаға жақсырақ мектеп табамын деген оймен Светлана Англияға қоныс аударды.
Светлана мен Джордж Кеннан хабар алмасуын тоқтатқан жоқ. Олар бұрынғыдай бір-біріне тұрақты түрде жазып тұрды. Алайда 1970 жылдардың соңына қарай Светлананың хаттарының сарыны өзгере бастайды. Ол Кеннанның өз кітаптарын жеткілікті дәрежеде насихаттамағанына ренжіді. Сондай-ақ Кеннан жалдаған заңгерлердің «Досыма жазған жиырма хат» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының авторлық құқығын оның аудармашысы Присцилла Джонсон Макмилланға беріп қойғанына да наразы болды.
Светлананың ойынша, ақша табу үшін кітаптың қосымша таралымын шығарудың өзі жеткілікті еді. Ал ағылшын тіліндегі басылымның авторлық құқығы өзінде болмағандықтан, мұны жүзеге асыра алмаймын деп есептеді.
Светлана осылай ашуға булығып хат жазған сайын Кеннан оған сабырмен жауап қайтаратын. Біраздан соң Светлана өзі кешірім сұрайтын. Бірақ арада көп өтпей-ақ, ол әлгі айтқандарын қайтадан Кеннанның бетіне басып отыратын:
28 сәуір, 1976
Қымбатты Джордж, сіздің бақытсыз екеніңіз анық көрініп тұр. Себебі сіз өз табиғатыңызды үнемі тұсап келесіз.
«Сіз ешқашан ішкі еркіндігіңізге жол беріп, өз болмысыңызды аша алмадыңыз. Тұтас ғұмырыңызды шіркеу мінберінен айтылатын, сырттай ғана әдемі естілетін пресвитериандық қатаң тақуалықтың құрсауында өткізіп келесіз (айыпқа бұйырмаңыз!).»
5 қыркүйек, 1977
Қаншама жылдан бері біреудің жазған хатын оқығаннан көңілім босаған емес еді. Ал сіздің хатыңыз көзіме жас үйірді. Менің күрделі де кереғар тағдырымды бұл жалғанда сізден артық ұғатын жан жоқ екенін білемін. Тіпті оған шындап жаны ашитын адам да жоқ шығар. Бірақ неге екенін қайдам, сіз жанашырсыз.
4 тамыз, 1979
Қаншама жыл бұрын біз бәрін бірге бастаған едік, енді міне, достығымыздың оты өшіп, өткен шақ туралы естеліктеріміздің өзі екі басқа арнаға бұрылып кеткені қандай аянышты... Қош болыңыз, Джордж. Осынша жыл менің тағдырыммен байланысып жүргеніңіз үшін де кейде сізді аяп кетемін.
27 қаңтар, 1983
Олар мені алдап кетті... Мен мұны кітап үшін берілетін аванс деп ойладым. Сөйтсем, өз кітабыма деген барлық құқығымды сатып жіберген екенмін... Сіз ешқашан шындықты тыңдағыңыз келген жоқ. Өйткені құлағыңызға жағатын сөздерді ғана естігіңіз келетін.
Авторлық құқықтарымды қайтарып алу үшін қаншама заңгермен арпалыстым. Өйткені, қарғыс атсын, ол кітаптың авторы – мына мен ғой!
Ольга он бір жасқа толғанға дейін өз атасының кім екенін білмеген. Бір күні Англиядағы мектебіне папарацци қаптап келеді. Ақыры мектеп әкімшілігіндегі бір қызметкер оны жұртқа көрсетпей, көлігінің ішінде көрпелердің астына жасырып алып шығып кетуге мәжбүр болады. Сол кеште анасы оған бар шындықты айтып береді. Кейін Ольга осы оқиғаны: «Мұның бәрін бірден қабылдау оңай болған жоқ», – деп еске алады. Сосын: «Бірақ шешеммен бірге өмір сүргенде ақ-қарасын білу керек нәрсе онсыз да аз болған жоқ», – деді күліп.
Одан кейінгі жылы Светлана мен Ольга Кембридж университетінің ботаникалық бағының маңындағы пәтерде бірге тұрып жатқан. Бір күні үйде отырған кезінде телефон шыр ете қалады.
– Мама, бұл сенбісің? – деді ар жақтан орысша сөйлеген ер адамның дауысы.
Бұл Иосиф еді. Ол анасына он бес жылдан бері алғаш рет телефон шалды. Светлана сілейіп тұрып қалады. Сосын:
– Даусың мүлде өзгеріп кетіпті ғой, – деді.
Иосиф та іркілместен жауап қайтарады:
– Өзің де өзгергенсің. Шетелдік турист сияқты сөйлейді екенсің, – дейді.
Олар бірнеше минут сөйлесіп тұрады. Әңгіме соңында Иосиф:
– Қалаған уақытыңда хабарласып тұр, – дейді.
Светлана бұл сөздің астарында басқа мән жатқанын бірден түсінеді. Өйткені Кеңес Одағының жаңа басшысы Юрий Андроповтың рұқсатынсыз бұлай телефон соғу мүмкін емес еді. Светлана сол кездегі жайын: «Ұлымның қандай екені маған мәлім ғой. Сондықтан мұндай батыл қадамды өз бетінше жасағанына сене алмадым», – деп жазды.
Олар ара-тұра телефон арқылы сөйлесіп тұрды. Бірте-бірте Светлана Кеңес Одағына қайтып бару туралы ойлана бастайды. Ол кезде Иосиф кардиолог болып қызмет істейтін. Ал Екатерина геолог мамандығын игерген еді. Екеуінің де балалары бар болатын. Егер барса, Ольга бір шешеден туған аға-әпкесімен және олардың бала-шағасымен танысар еді. Светлана уақыт өте: «Кеңес Одағына жасайтын сапарымның жұрттың бәріне қаншалықты ауыр соққы боларын миыммен ұғынған сайын, жүрегім сонша тарта берді», – деп жазған екен осы хақында.
1984 жылдың қазанында Светлана Мәскеудегі «Советская» қонақүйінде Иосифпен кездеседі. Ол айналмалы есіктен ішке кіргенде, Иосиф мәрмәр еденді кесіп өтіп, анасын қарсы алуға асығады. Бірақ алғашқы кездесудің өзінде бәрі біртүрлі салқын әрі жасанды көрінді. Светлана жасамыс, өңсіздеу бір әйелді байқап қалады. Кейін оның өз ұлының жары екенін білгенде таңырқап қалады. Иосиф Америкада туған қарындасы Ольгамен де араласқысы келмеді. Кешкі ас үстінде Светлана ұлының қолын ұстап еді, ол оған бөтен адамдай сезілді. Кейін маған жіберген, бірақ жарияланбаған «Немерелеріме арналған кітап» атты естелігінде былай деп жазған: «Баяғыда оның қолы ұзын, сүйріктей еді. Саусақтары да әдемі, жіңішке болатын. Нағыз зиялы адамның қолындай көрінетін. Ал енді қарасам, саусақтары жуандап, қысқарып кетіпті. Адамның саусағы осылай өзгере ме екен?»
Ал Екатерина келмеді. Ол Камчаткада жұмыс істеп жүрген. Бірнеше айдан кейін ғана анасына бір беттен тұратын қысқа хат жібереді. Хатында: «Мен ешқашан кешірмеймін», «Ешқашан кешіре алмас едім», «Кешіргім де келмейді» деп жазады. Светлананың өзі қызы жазған хат туралы: «Содан соң, дәл "Правда" газетінің бас мақаласына лайық тілмен, мені сүйікті Отанына жасаған опасыздығым үшін айыптады», – деп еске алған. Хаттың соңында латынша бір-ақ сөз тұрған: Dixit, яки «Үкімін айттым» дегені.
Кеңес басшылығы Светлананың елге оралғанын үлкен жеңіс ретінде көрсетіп, жарнамалауға тырысты. Ал Светлананың өзі бұл жерде өзін бақытсыз сезінді. Көшеде журналистер қаумалап сұрақ қоя бастаса, ашуға мініп, оларды балағаттап жіберетін. Ал ресми баспасөз мәслихатында оның қабағы қатулы, қырсық көрінді. Кейін ол бұл күндерді былай деп еске алған: «1984 жылдың сол бір қара суық күзінде Мәскеуде мен өзімді тұңғиық суға батып бара жатқандай сезіндім. Құдды қорқынышты түс көрген секілді...» Тіпті қаланың сәулеті де оған төбесінен төніп тұрғандай сұс көрсеткен. Ольга анасы екеуінің шетелден бейнемагнитофондар мен қымбат әтірлерге толы чемодандар алып келмегеніне туыстарының көңілі қалғанын айтады. Елге оралғандарына бір ай өткенде Светланаға өң мен түстің арасында Гүржістан елестейді. Ол ата-анасының кіндік қаны тамған жер еді. Көп ұзамай Светлана мен Ольга Тбилисиге ұшып кетеді.
Гүржістанда Светлана өзін еркіндеу сезінді. Бірақ бұл жолы әкесі оған басқа қырынан ашылды. Өзі былай деп жазады: «Қай жерге барсам да жұрттың әкемді ұлықтап, оның қандай ұлы адам болғанын қайта-қайта айта бергені маған ауыр тиді. Бірі көз жасына ерік беретін, екіншісі құшағына қысып, бетінен сүйетін. Ал бұл мен үшін азап болатын. Себебі олардың ешқайсысына әкем туралы ойымның қаншалықты қайшылыққа толы екенін түсіндіре алмадым.»
Ольга да ерекше күй кешті: «Өзімді жұрттың бәрі алақанына салып әлдилеп жүргендей сезіндім. Анам екеумізді көргенде адамдардың көбі көзіне жас алатын.»
Бірақ бұл ықыластың өзі бірте-бірте еңсесін баса бастады. Арада бір жыл өтпей жатып Светлана Кеңес Одағынан АҚШ-қа оралу жайлы шешімге келеді. Оның бұл жолғы мақсаты отбасымен қайта табысу еді. Алайда Екатеринаның жүрегі жібімей қойды, ал Иосиф болса Мәскеуден кеткеннен бері бірде-бір хат жазбаған. Светлана елден шығуға рұқсат сұрап, жаңа Бас хатшы Михаил Горбачевке жүгінеді. Горбачев қарсы болмайды. Бірақ алдымен партияның бір ықпалды консерваторымен кездесуді талап етеді. Сөйтіп Светлана тағы да Орталық Комитет ғимаратының өзіне жақсы таныс дәліздеріне бет алады. Бұл жолы оны жолдас Егор Лигачев қабылдады.
– Мәселеңізді Бас хатшы шешіп қойды, – деді Лигачев.
Сосын сұқ саусағын шошайтып:
– Бірақ тәртіп сақтаңыз! – деді.
Светлана орнынан тұрып шығып бара жатқанда, ол соңынан тағы бір ауыз сөз айтты:
– Отанымыз сізсіз де өмір сүре береді. Мәселе – сіз Отансыз өмір сүре аласыз ба?
2008 жылы мен интернеттен Иосифтің алпыс үш жасында жүрек талмасынан қайтыс болғанын оқыдым. Бірнеше күннен кейін Светланамен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме арасында ол әзілдегенсіп бір күні өзінің де жүрек жеткіліксіздігінен көз жұматынын айтты. Сол сәтте ол ұлының қайтыс болғанын әлі білмейтінін аңғардым. Содан кейін Ольгаға хабарластым. Ол басқа есіммен өмір сүретін. АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында тұрады екен. Антиквариат бұйымдарын, көне киімдерді және хош иісті шамдарды сатып күн көреді. Ол қоңырау шалғаныма алғыс айтты да:
– Анаммен хат жазысып тұра беріңізші, – деді. Сосын анасы туралы: «Ол өте мейірімді, жұмсақ мінезді, жан дүниесі нәзік әйел. Бірақ өткен өмірінің елестері соңынан қалмай келеді», – деді.
2008 жылдың көктемі Светланаға екінші рет барғанымда, ол Уисконсин штатындағы тағы бір шағын қала – Ричленд Сентерге көшіп кеткен екен. Одан бірнеше ай бұрын Нью Йорк университетінің студенті Лана Паршина Сприң Гринге келіп, сабақта жасаған жобасы үшін Светланадан бейнесұхбат алған. Светлана бұл ұсынысқа Лана өз немересіне ұқсап кеткендіктен ғана келіскен. Алайда көп ұзамай оның көңіліне күдік ұялайды. Светлана Лана Паршинаны Ресей барлау қызметімен байланысты адам деп ойлай бастайды. Өйткені оның көкейінде бірінен соң бірі мынадай сұрақтар туындаған: «Неліктен сұхбат міндетті түрде орыс тілінде өтуі керек болды? Неліктен ол сұхбаттан кейін көп ұзамай Мәскеуге барып қайтты?» Ақыры Светлана Владимир Путиннің қолында өзінің Сприң Гриндегі пәтерінің бейнежазбасы жүр деп ойлап қалады. Содан қорқа бастайды. Тіпті тағы да қоныс аудару керек деп шешеді (Ал қазіргі таңда кино саласында жұмыс істейтін АҚШ азаматы Лана Паршина Светлананың жүрегіне күдік ұялағаны үшін қынжылатынын айтты).
Мен демалыс күндерін Ричленд Сентерде өткізіп, Светланамен Кеннан туралы әңгімелестім. Сексен екі жасқа келген Светлана бұрынғыдай ширақ емес, ұмытшақтығы да байқалады. Жексенбі күні түсте мен оны Center Café дәмханасына алып бардым. Мойнына әсем орамал түйіп алған екен. Оны бала күнінде өзіне қараған күтушінің балалары сыйлағанын тілге тиек етті. Тамақтанып болған соң Светлана орнынан тұрып, көлікке қарай ақсаңдай басып кете барды. Сол сәтте денелі келген бір әйел оған есік ашып беріп, Уисконсин тұрғындарына тән акцентпен «әке-шешесінің екеуі де қарттар үйінде тұратындықтан, қарттарға жиі есік ашып беретінін» айтып үлгерді. Светлана бөспе сөзді тыңдағысы келмеді. Зауқы соқпаған соң, жүрісін үдетіп, алға озып кетті.
– Сау болыңыз... жарайды ендеше, – деді күбірлеп.
Жылдар өте келе Светлана екеуміздің арамыз жақындай түсті. Содан кейін ол маған ақыл айта бастады. Ақыл айтқанда да алдына жан салмайтын. Ол маған қайта-қайта:
– Саясатқа жолама, – дейтін.
Тұңғыш ұлым дүниеге келер кезде де өз пікірін бүкпеді.
– Ауруханаға барма. Босанудың азабын көрудің қажеті жоқ. Балаңды жуындырып, киіндіріп әкелген соң бір-ақ көрерсің, – деді.
Ол маған үнемі асықпай, аптықпай жүр деп ескертетін:
– Өзіңді жұмыспен титықтатушы болма! Ешқашан! Ешқашан! – деп жазатын.
Бірде мен оған Кеңес Одағы кезінде жасалған құпия ядролық құрылғы туралы репортаж әзірлеу үшін Ресейге бара жатқанымды хабарладым. Светлана қатты абыржып кетті.
– Барма! – деді.
Ол Путин мені ұрлатып жіберуі мүмкін деп ойлап қалған екен. Тіпті Ресей тыңшыларының арбауына түсіп қаласың деп те қауіптенді. Сосын маған былай деп жазды: «Толықша келген, арақ ішетін орыс әйелдерінен сақ болшы, өтінемін! Сен олардың әлгі ақымақ "орыс патриотизмі" жолында нендей нәрсеге даяр екенін білмейсің. Ал мен білемін...»
Бірде ол шыдамай жарылып кетердей боп хат жазды: «Мен әлі тірі жүргенде (соңғы кезде дем алудың өзі қиындап барады) мені жайыма қалдыршы!» Артынша: «Сенің осы мені инсультке ұшыратқың келмейтін шығар-ә, Ник?» – деп жазды. Бірақ мұндай ашу үстінде жазылған хаттары ұзаққа созылмайтын. Бір жолы ол ағылшын тіліндегі «Досыма жазған жиырма хат» кітабының авторлық құқығы Присцилла Джонсон Макмилланға өтіп кеткеніне күйініп, сала-құлаш шағым жазды. Содан кейін мен Макмилланның өзіне хабарластым. Ол авторлық құқықтың өзіне тиесілі екенін естігенде таңғалып қалды да:
– Қайтарып беруге қуана келісемін, – деді.
Кейін Конгресс кітапханасында авторлық құқықтың Светлананың атына қайта тіркелгенін растайтын құжаттарды көрсеткенімде, Светлананың қуанышында шек болмады.
2009 жылдың мамыр айында мен Серго Берияның кітабын оқыдым. Ол Сталиннің қатыгез құпия полициясын басқарған Лаврентий Берияның ұлы еді. Кітапта Светлананың жастық шағы туралы айтылып, тіпті оның Сергоға тұрмысқа шыққысы келгені де жазылған. Мен Лаврентий Берияға қатысты қандай да бір сұрақ қойған кезде абай болу керегін білетінмін. Өйткені Светлана өз отбасының еншісіне түскен қасіреттің бәрі сол адамнан деп санайтын. Надя сол Берияны «нас адам» деп, үйінің табалдырығынан аттатпауға тырысқан. Кейін Светлана былай деп жазды: «Анам қайтыс болғаннан кейін әкем адамға сенуден қалды. Сол сәтті пайдаланып Берия оның құлағына айналды.» Светлананың түсінігінде Надя өлгеннен кейін Берия күш алған. Ал Берияның күшеюі кейін жұрттың бәрі әкесінің мойнына ілген талай қасіреттің қақпасын ашқан.
Десе де Светлана тағы да сұрақтар жіберуімді сұрады. Оның үстіне Серго Берияның әңгімелері әрі қызықты, әрі шындыққа жанасатындай көрінді. (Бірде ол Светлананың: «Шынымды айтсам, еркектерді сүйіп жарытамын деп ойлаудың қажеті жоқ. Оларға кәдімгі аралар түкті араларға қалай қараса, солай қарау керек», – деген сөзін келтіреді.) Сондықтан мен Серго туралы, бойжеткен шағы жайлы сұрауға бел будым.
Көп ұзамай маған хат келді. Онда Берияның «қарғыс атқан әулеті» туралы жазып, мені де әбден сықпыртыпты. Светлана былай: «"Америка мәдениетінің", анығында америкалық журналистиканың, тым төмен құлдырап кеткені өкінішті», – деп жазыпты: «Сен бұдан әлдеқайда жөні түзу іспен айналыса алар едің. Мәселен, өнер саласы... Қош бол, қымбатты Николас. Өміріңді саясатқа арнап жібермессің деп үміттенемін. Қабілетіңді құр рәсуә қылғаның-ай...»
Мен кешірім сұрап хат жаздым. Бірнеше күннен кейін поштадан конверт келді. Ішінде менің ашылмаған хатым мен қысқа ғана жазба жатыр екен. Светлана: «Осы хат секілді (ішіне қоса салып отырмын) бұдан кейінгі барлық хаттарың да ашылмаған, оқылмаған күйі өзіңе қайтарылады», – деп жазыпты. Артынша: «Хат алмасуымызды барынша сыпайы түрде үзгім келіп жүр», – деп қосып қойған.
Екі айдан кейін ол қайтадан хат жазды:
Қымбатты Николас,
Кешірім сұрау үшін қолыма қалам алып отырмын. Өйткені кешіруге болмайтын дөрекі әрі әдепсіз қылық таныттым деп есептеймін. Әдетте мұндайды өзім де көтере алмаймын. Бірақ кәрілік пен қан қысымының кесірінен не істеп, не қойғаныңды білмейді екенсің. Бұл сөзімді кез келген дәрігер құптайды.
Бірақ дәрігерлер не десе де, мұндай ашудың жетегінде кеткен әрекеттерді өзім де ұнатпаймын. Сондықтан кеш болса да мынаны айтқым келеді: қатты өкінемін. Шынымен де қатты өкінемін. Орыстарда тұрпайылау бір мәтел бар. Оның ағылшынша дәл баламасын табу қиын, бірақ айтып көрейін. «Боқты шұқымасаң, сасымайды.» Біздің жағдайымызға келсек, оның мағынасы мынау: өткенді қозғама, сонда иісі де шықпайды...
Сен жалғыз емессің. Мұнда, Америкада Джордж Кеннаннан бастап, әлгі ханымдар мен журналистерге дейін менімен сөйлескендердің бәрі маған тек бір ғана көзқараспен қарады: әкемнің қызы ретінде ғана. Бейне бір менің шешем болмағандай! Ол кісі мына сойқан саясатқа тұншығып, ақыры о дүниеге кетіп тынды. Ал мен одан әлдеқайда ұзақ өмір сүрдім. Бәлкім, оның тағдырының қайғылы болғаны маған сабақ болған шығар. Бәлкім, ол кісіден гөрі төзімдірек болуды үйреткен шығар... Қалай болғанда да, менің ғұмырнамамда көргенім жұртқа дөрекілік танытуға құқық бермейді. Сондықтан саған осы хатты жазып отырмын, яки кешірім сұрау үшін.
Мен оған қайта хат жазып, «анаңыз туралы айтып беріңізші» деген өтініш білдірдім. Светлана бұл жолы маған жауап қатты. Бірақ бұл оған оңай тақырып емес еді. «Досыма жазған жиырма хат» кітабында да шешесі жайлы аяулы естеліктер көп емес. Светлана анасының өзін ұрып жазалағанын, ал әкесінің ағыл-тегіл боп жылап тұрған қызының жанына жетіп келіп жұбатқанын еске алады. «Оның мені құшақтап, басымнан сипағаны немесе бетімнен сүйгені есімде жоқ», – деп жазды ол. Анасының көзіндей боп қалған жалғыз хатта да ол қызының жүріс-тұрысына разы болмаған: «Анасы кетерде кішкентай қызы талай уәде беріп еді, бірақ қазір сол уәделерінің бірін де орындамай жүргені белгілі болды.» Светлана бірде анасының: «Бәрінен жалықтым. Тіпті балалардан да», – дегенін естіген. Арада көп жыл өткен соң Светлана қызы Ольгаға анасы туралы тағы бір ауыр естелікті айтып береді. Анасы жүрегінің тұсына қара шаршының суретін салып: «Жан осы жерде орналасқан», – деген екен. Кейін дәл сол жерге өзіне өзі оқ атқан.
Алайда Светлана анасының саяси көзқарасы туралы ойланғанымды қалады. Надя заманынан ерте туған феминистердің бірі еді, Сталинге тұрмысқа шықпауы керек болатын. Тарихта ол өзіне қол жұмсаған адам ретінде қалды, бірақ онысы аналық парызын өтеуден қашқаны емес, саяси батылдықтың көрінісі деп бағалануға тиіс еді: «Екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайтын жандар еді. Бірақ өзіне қол жұмсаудан өзге де жолдар бар болатын. Дегенмен сол кезде, яғни жиырмасыншы жылдары мен отызыншы жылдардың басында, Ресейде болып жатқан жайттарға қарсылық білдірудің бір түрі ретінде суицид сәнге айналып кеткен еді десек те болады».
Ол сөзін былай деп қорытындылады: «Елдің бірінші ханымы болды, демек өмір оның жанын барған сайын қыса түскен... Өтінемін, оны өзгелер сипаттаған Надя ретінде емес, шынайы Надя ретінде тануға тырыс. Өз шындығы үшін арпалысқан қайсар жан деп білші».
Осыдан кейін оның хаттарынан қайтадан жылу сезіле бастады. Ал менің хаттарым сирей берді. Кітабым аяқталып қалған, көкейдегі сауалдар да сарқыла бастаған еді. 2011 жылдың маусымында Светлана өлім туралы жиі сөз қозғайтын болып алды: «Инсульт алып, төсек тартып қалғаннан қорқамын. Сондықтан Құдайдан маған инсульт емес, жүрек талмасын бере көр деп тілеймін. Қалай болғанда да, оның азабы қысқа ғой. Бірақ мен әуелден-ақ күнәһар пенденің бірімін, сондықтан әлгі жақта тілегіме құлақ аса қояр ма екен...»
Бірнеше айдан кейін телефон шыр етті. Хабарласқан Ольга екен. Сексен беске келген анасының тоқ ішек обырына шалдығып, ауруханаға түскенін айтты. Светлананың адамдармен сөйлескісі келеді екен. Ойы сергек болуы үшін миын жұмыс істеткісі келетін көрінеді. Ольга балаларым жайлы Светланаға ештеңе айтпауымды өтініп тұрып сұрады. Бұл тақырып анасының жүрегін ауыртады екен. Мен хат жолдадым. Бірақ жауап келмеді.
Ольга анасының уақыты таяғанын сезгенде, жанынан табылғысы келді. Алайда Светлана өлім аузында жатқанына қызының куә болғанын қаламаған. Тіпті мәйітіне де жолатпау туралы тілек білдірген. Светлананың көз алдынан өмір бойы шешесінің ашық табытта жатқан мәйіті кетпей қойғанын маған Ольга айтып берген еді.
Светлана сол жылдың қарашасында өмірден өтті. Ол маған бірнеше рет қарашаның ауыр ай екенін айтқан еді. Өйткені дәл осы айда күн суыта бастайтын. Әрі анасы да осы айда өзіне қол жұмсаған болатын. Светлана маған сексен бес жасында қайтыс болатынына сенетінін де айтқан еді. Мен оған Джордж Кеннанның да осындай жазмышқа сенетін адам болғанын айттым. Ол елу тоғыз жасында өлемін деп нық сенген. Бірақ жүз бір жасқа дейін өмір сүрді. Сонда Светлана:
– Бірақ ол өз қалауынша өмір сүрді ғой. Ал мен өз қалауыммен өмір сүріп жатқан жоқпын, – деп жауап берді.
