5
Vanity Fair

Обама мәнері

Майкл Льюис
Сурет:
Ақ Үйдің ресми фотосуретi

2011 жылғы наурызда штурман Тайлер Старк Ливия шөліндегі тікенек бұталар арасына қалай барып қалғанын түсіну үшін, ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының президенті болған қалай екенін, әсіресе нақты осы бір президент жайын ұғу керек. Майкл Льюис алты ай бойы Барак Обаманың жанында жүрді: Ақ үйде де, Air Force One ұшағында да, баскетбол алаңында да қасында болды. Сол уақытта ол Тайлер Старкты соғысқа аттандыра тұра Нобель бейбітшілік сыйлығы иегері атанған адамның шынайы болмысын танып білді.

Тыңдау
0:00
1x

Парашюті ашылса да, Тайлер Старк тым жылдам құлдилап келе жатқанын сезді. Соңғы естігені – ұшқыштың «Катапульта тетігін бас! Катапульта тетігін бас! Ката...» деген сөздері ғана. Үшінші бұйрық аяқталмай жатып, катапульта орындығы қатты серпіліп, іле-шала бетіне салқын ауа ұрды. Оның «ашылу соққысы» аталатыны бекер емес. Старк абдырап қалды. Бір-ақ минут бұрын, ұшақ мұзға тайып кеткен көліктей шыр айналғанда, ойында бәрі жақсы болады, алғашқы тапсырмам, алғашқы қауіпті сәтім ғана деген сенім бар-тын. Тек көп ұзамай ол ойынан айныды. Көз алдында ұшағының реактив қозғалтқышынан шыққан қызыл от біртіндеп алыстап, ұшқыштың парашюті төмен құлдилай жөнелді. Енді тәртіпке сай әрекетке көшті: алдымен құтқару салынан босап шықты, кейін парашюттің қалқанын тексеріп, жыртылған жерін байқады. Тым тез құлдилап түскенінің себебі де сол екен. Қаншалықты тез түсіп бара жатқанын өзі де ұқпай қалды, әйтеуір аман қаламын десе, жерге аяғы тиген соң мүлт кетуге болмайтынын ұққан. Түн ортасы болатын. Аспан қап-қара. Төменде бытырай қонған үйлер мен жамырай жанған шамдар көрінгенімен, көз жетер жер түгелдей шөл дала екен.

Тайлер Старк екі жасқа толғанда, ата-анасына кезінде Аустрия аспанында немістер атып түсірген атасындай ұшқыш болғым келеді депті. Ата-анасы баланың сөзіне аса мән бере қоймайды. Тек бұл Колорадо штаты университетіне оқуға түсіп, алғашқы күні-ақ әуе күштерінің резерв даярлық бағдарламасына (ROTC) жазылғанда ғана ниеті шын екенін түсінеді. Дәрігерлер қателесіп, көзінде ақау бар дегенінің кесірінен ұшқыш болсам деген арманының күл талқаны шығып, ұшқыштың артында отыратын штурман ғана болып қалады.

Әуелде бұл жайт Тайлерге ауыр тиді. Алайда көп ұзамай ол мына бір дүниені ұқты: әуе күштерінің ұшқыштары кейде жүк таситын ұшақтарға немесе тіпті ұшқышсыз аппараттарға кете береді, ал штурман тек жойғыш ұшақтарда ғана болады. Демек, көзі ауру деген дәрігердің қатесі, жеме-жемге келгенде, мұның маңдайына жазылған бақ болып шықты. Әскери қызметінің алғашқы жылдарын Флорида мен Солтүстік Каролинадағы базаларда өткізеді де, 2009 жылы Англияға, нағыз ұрыс алаңына түсу мүмкіндігі бар қызметке аттанады. Ал 2011 жылғы 21 наурызға қараған түні капитан Тайлер Старк енді ғана танысқан ұшқышпен бірге F-15 жойғыш ұшағымен Италиядағы базадан әуеге көтерілді. Бұл оның алғашқы жауынгерлік тапсырмасы еді. Сол сәтте бұл соңғы сапар да болуы мүмкін екенін ұққан-ды.

Қалай болғанда да құлап бара жатқан сәттің өзінде де ол тым сабырлы еді. Түнгі салқын ауа, жан баласы жоқ, мүлгіген тыныштық. Жалпы мына жерге, яғни Ливияға не айдап келгенін өзі де білмейді. Бар білетіні – өзіне берілген тапсырма, жүктелген миссия бар. Ал сол миссияның түпкі себебін білмейді. Осы күнге дейін бір де бір ливиялықпен бетпе-бет келіп көрмеген. Шөл далада көктен құлдилап келе жатқан ол өзінің осы бір күйі президенттің түн ортасында Ақ үйде отырып №2 қарындашпен қағазға түсірген бір саяси ойын іске асырып келе жатқанын ұққан жоқ, әрі сол ойдың іске асуына төніп тұрған қатер де өзі екенін ұғынбады. Ол өз өмірін шырмаған көзге көрінбейтін сол жіптерді сезген жоқ, тек жыртылған парашютіне байланған, көзге анық көрінетін жіптерді ғана аңғарды.

Бар ойы – тірі қалу. «Мен отқа оранған ұшағымды да, әуеде қалықтап келе жатқан парашютімді де көріп тұрсам, демек, мұны дұшпаннан жасыра алмайсың» деп ойлады. 27 жасқа енді толған. Қолға түсіп қалса, жасынан бөлек өзі туралы айта алатын тағы екі-ақ дерек бар: аты-жөні мен әскери шені.

Салбырап тұрған аяғының астындағы жерді шолып өтіп, қатты соғылатынын білді, тек оған қылар шара жоқ еді.

Сенбі күні таңғы сағат тоғызда Ақ үйдің бірінші қабатындағы Дипломаттарды қабылдау залына бет алдым. Президентпен баскетбол ойнауға өзім сұранып бара жатырмын. Оған бір себеп – елуді еңсерген ер азамат неғып жиырма бестегі жас жігіттің бойына лайықталған ойынды ойнай беретінін білгім келсе, екінші себеп – адамды танимын десең, онымен бірге бірдеңе істеп көр деген амал еді. Ойын қалай өтетіні жайында еш түсінігім жоқ. Қызметшілердің бірі президенттің 44 деген нөмірі салынған қызыл-ақ-көк түсті жалтыраған Under Armour спорт кебісін құдды қастерлі дүниедей мәпелей ұстап жанымнан алып өткенде, алғашқы соққы осы болды ма дедім. Артынша президенттің өзі де келді, жекпе-жекке шыққалы тұрған боксшыдай жинақы, спорт киімін киген, тек аяғындағы қара резеңке сүйретпесі түр-сипатына сәл үйлеспей тұр.

Қара түсті жол талғамайтын көліктің артқы орнына отыра бергенде, жүзінен алаң білінді: 

– Тісқалқанымды тастап кетіппін. 

 – Тісқалқан? – деппін мен. – Оның не керегі бар?

– Әй, Док, – деп айқайлады ол қайда барса да қалмай ілесіп жүретін медицина қызметкерлері мінген фургонға қарап: – тісқалқаным бар ма? 

Док тісқалқанын әкеп берді. Обама орындықтың арқалығына тіреліп отырды да:

– Сайлауға 100 күн қалғанда қайтадан тісімді сындырып алар жайым жоқ, – деп бір күліп алды да, бұрынғы бір баскетбол ойынында қай тістері сынғанын көрсетті. 

– Бұл не ойын өзі? – дедім мен. 

Ол күлді де, уайымдама дегендей ишара қылды. Өзінен де еш алаң сезілмейді.

– Жас ұлғайған сайын ойыным нашарлап барады. Отыздағы кезіңде жақсы нәтижеге жетер мүмкіндік екіге бір болса, қырыққа келгенде үшке не төртке бір болады екен, – деді. 

Бұрын өзінің жетер жерін ғана ойлап, ұмтыла берсе, қазір жеке жүріп көп жетістікке жете алмайтын болған соң, бар ойы командасын алға сүйреу амалына ауған. Ғұмыры бесінге ауған шақта да мақсат-мүддесіне әлі де адал. 

Президенттің жұмыс кестесінде баскетбол ойыны жоқ, сондықтан Уошиңтон көшелерімен жұрт қатарлы жүрдік. Алдымызда бір-ақ полиция көлігі жүріп отырды, мотоциклдер, сиреналар не жанатын айналмалы шамдар да қосылған жоқ, тіпті бағдаршамға тоқтап жүрдік. Алайда сол FBI ғимаратына тиесілі алаңға бес-ақ минутта жеттік. Президент бірнеше федералдық алаңда ойнайды, алайда өзі FBI залын жақсы көреді: ол кәсіби алаңнан сәл кіші, демек жастардың артықшылығын пайдаланатын мүмкіндігі азаяды. 

Он шақты ойыншы қыздырынып, дайындалып жатыр екен. Бұрын Харвард университеті баскетбол командасының капитаны болған, қазір білім министрі қызметін атқарып жүрген Арне Дунканды таныдым. Одан өзгесі, жасы қырықтар шамалас бірді-екілі ірі денелі кісіні есептемегенде, дені бойы 2 метрдей, өздері 1 метрдей ыршып секіре алатын 28-30 жастағы жігіттер екен. Бұл еріккенде ойнайтын pickup баскетбол емес, аптасына үш-төрт рет шынайы кәсіби деңгейдегі ойыншылар жиналады. Мүмкіндік болғанда оларға Обама қосылады. 

– Колледжде ойнағандар бар ма? – деп сұрадым бойы менімен шамалас бір ойыншыдан. 

– Бәріміз ойнағанбыз, – деп көңілді жауап қатты ол. Флорида штатында плеймейкер болып ойнапты. – Көбіміз, президенттен өзгеміз, NBA болмаса да, Еуропа мен Азияда кәсіби деңгейде ойнағанбыз, – деді сөзін жалғап.

Сөйлесіп тұрғанымызды естіп қалған бір ойыншы маған жеңсіз жейдесін лақтырып, былай деді: 

– Сенің жейдеңе салынған – менің әкемнің суреті. Майами университетінің бас бапкері. 

«Қарсы шап не тұра қаш» деген түйсігім жақсы дамыған ғой, соның арқасында төрт-ақ секундта жуылмаған қасықтай қыстырылып, бөтен ортаға түсіп кеткенімді ұға қойдым.  «Жарайды енді, – деп ойладым. – Құрығанда президентті қорып жүрермін». 

Обама мектепте ойнаған, командасы Һавай штатының чемпионы болған. Алайда коллежде ол ешқашан ойнамаған, тіпті мектепте де бастапқы құрамда болмаған. Оған қоса, доп ұстамағанына бірнеше айдың жүзі болыпты. Санаулы күнде жасы 51-ге толатыны тағы бар. Осының бәрін ескерсек, қаншалықты шебер ойнай алар дейсің?

Президент алаңды екі айнала жүгіріп шықты да, «Кеттік!» деді. Командаларды өзі бөлді: әрқайсысында алыптар мен кәрілер саны тең болсын деген сыңайлы. Мені өз командасына қосқан соң, бұрыла қарап: «Біз сәл озып алғанға дейін отыра тұр» деді. Әзілі ме десем, әзіл емес екен. Өзегіме дық етіп тиді. Мені шынымен де қосалқы құрамға қосып отырғызып қойды. Ақырын барып ағаш мінбердегі орныма жайғастым. Тағы бірнеше ойыншы, Ақ үйдің фотографы, медиктер тобы, Құпия қызмет өкілдері, сосын «ядролық чемоданды» тасып жүретін тақырбас әлгі жігіт бар, бәріміз президенттің ойынын тамашалауға жайғастық.

Обама олардың көбінен кемі жиырма жас үлкен екені анық әрі жас айырмашылығына қарай нақты айту қиын болғанымен, бойындағы күші де олардікінен артық болып тұрғаны шамалы екеніне сенімдімін. Алайда ойын барысында ешкім аянып, президент екен деп жорта жеңіле қойған жоқ. Тіпті өз командасындағы жігіттер допты қақпақылдап, оған ұстатпай кетіп жатыр. Президент бос тұр-ау деп қымсына қойған жоқ. Көшеде көлігімен келе жатқанда, жұртшылық ысырылып жол береді. Ал алаңда, доп соғатын шеңберге қарай ұмтылған сәтте, ірі денелі, адуынды қарсыластары оны тоқтату үшін алдынан кес-кестеп шыға келеді. Өзгелер оған шынайы ойнауға мүмкіндік беретіні әрі президент дәл осындай ойынды әдейі іздеп келгені оның болмысына қатысты көп нәрсені аңғартады. Осы бір көріністі сырттай тамашалап тұрған бір де бір адам алаңдағылардың қайсысы президент екенін дөп басып айта алмас еді. Ал салмағы Обамадан шамамен 45 келі ауыр қарсылас команда ойыншысы АҚШ президентін арқасымен ығыстырып, бір-ақ лэй-апқа бола оны аямай түйіп өткенде, мен Флорида штаты университетінің бұрынғы плеймейкеріне қарай еңкейе түстім…

– Оны аяп жүрген адам жоқ, – дедім.

– Аясаң, келесіде ойынға қоспай қояды, – деп түсіндіргендей болды ол.

Іштей «Президентті аямай ойнау қиын шығар» деп ойладым.

Плеймейкер күліп жіберді де, қосалқы құрамда отырған бір жігітке қарап:

– Рей есіңде ме? – деді.

– Рей деген кім? – деп сұрадым жағаласып.

– Финт жасап алдаймын деп артқа бұрылғанда президентті қағып кеткен бір жігіт, – деді әлгі. – Кейін терісін он алты жерден тіктірді ғой.

– Рей қазір қайда? – деп сұрадым.

– Содан қайтып келген жоқ.

Обама өзімен деңгейлес қарсыластар арасында да абырой тауып, допты еркін лақтырып, ұпай жинап, жұлдыз болып ойнай алар еді. Әйтсе де ол әдейі дәл осы ойынды таңдайды. Бұл ойын оған шамадан тыс қиын, шеберлік көрсетуге мүмкіндік аз. Сонда да жанарынан өз ойынына іштей разы екені байқалады. Шынтуайтына келгенде, ол командасына пайдасы тиетіндей деңгейде ғана ойнайды. Нағыз қойылымдай көркем ойын жоқ, көз тартар қимылы да аз. Сөйте тұра қарсыласына фол жасату үшін барын салады, пасты дәл береді, ұсақ-түйектей көрінгенімен, шешуші сәттерде аса қажет болатын дүниелердің бәрін дұрыс атқарады. Оның тәуекел ететін жалғыз сәті – доп тастағаны. Соның өзінде аса сақтана, өте сирек тастайды, сондықтан айтарлықтай қауіп төндіре қоймайды. (Тастаған добы түспей қалса, жымиып қана қояды; ал дөп тисе, керісінше, одан бетер салмақты кейіпке ене түседі.) 

– Ойыншының алаңдағы орны өте маңызды. Ол қай жерде тұру керегін жақсы біледі, – деді қасымда отырғандардың бірі. – Әрі солақайлардың көбінен айырмашылығы – оң жағына да еркін өте алады. 

Оның үстіне, ол тынбай нұсқаулық беріп айқайлап жүр. «Ананы ашық қалдыруға  болмайды!»...  «Мінсіз! Дөп соқтың!»… «Енді сал! Лақтыр!» 

Командасы алға шыға бастады. Негізгі себебі – допты мәнсіз, ойсыз лақтыра берген азайғаны. Мен допты қалай болса солай тастаған сәтімде осыны ұқтым. Президентпен бір команда болып ойнап жүріп, ойланбай доп тастасаң, АҚШ президенті саған айқай салады екен: «Алақ-жұлақ етпе! – деп ақырды ол маған. – Қорғанысқа қайт та, дұрыстап ойна!»

Содан мен өзіме тиесілі орынға, яғни ойын уақытын қадағалайтын Мартин Несбитт дейтін жігіттің жанындағы трибунаға барып отырдым. Обамаға оны нұсқап: 

– Бұл кім? – деп сұрағанымда, жасөcпірім баладай қымсынып: 

– Марти… иә, Марти – менің ең жақын досым, – деді.

Несбитт өзінің ең жақын досы АҚШ президенті екенін оншалық елей қоймайтын адамдай бола қалуды әбден игеріп алған. Президенттің командасы 3–2 есебімен алға шығып, бесінші тайм аяқталарға таяғанда, ойыншылардың бәрі өзінің спорт сөмкелеріне қарай беттеді.

– Тағы бір тайм ойнар едім, – деді Обама.

Несбитт күліп жіберді: 

– Тең есепке жетуге мүмкіндік бере ме? Тәуекел етпек пе? Ондай әдеті жоқ еді. 

– Соншалық бәсеке құмар ма еді? – деп сұрадым. 

– Тіпті біз ешқашан ойнамайтын ойындарда да бәсекеге ұмтылып тұрады. Мысалы, шаффлбордта. Мен шаффлборд ойнай алмаймын. Ол да ойнай алмайды. Ал ойнай қалсақ, бірден: «Сені жеңіп кетемін» деп шыға келеді, – деді Несбитт. 

Әуежайдағы автотұрақтарды басқаратын компанияның атқарушы директоры Мартин Несбиттпен Чикагода баскетбол ойнап жүріп танысқанда, Обама әлі мемлекеттік қызметке үміткер болмаған кезі еді. Екеуі достасып кетсе де, алғашқы жылдары ол Обаманың жетістіктері туралы түк білмеген. Мысалы, Харвард құқық мектебінде оқығанын, ол жерде Law Review журналының редакторы болғанын... алаң сыртындағы мәртебесін көрсететін басқа да деректерді айтпапты. 

– Бір-бірімізді танығанымызға бірнеше жыл болғанда ол маған өзі жазған кітапты сыйлады, – деді Несбитт. – Сенесіз бе, мен оны жай ғана сөреге қоя салдым. Өзімше, бұл жай өзі шығарған нәрсе екен деп ойладым. Ол кезде Обама туралы ештеңе білмейтінмін. Әрі маған ол нәрсе маңызды да емес еді. 

Бір күні Марти әйеліне үй жинасып жүріп, сол кітап көреді. Кітаптың атауы Dreams from My Father, яғни «Әкемнен қалған армандар» екен. 

– Кітап сөреден құлап кетті. Мен оны ашып оқи бастағанда: «Мына жігіт керемет жазушы екен ғой» деп ойлап қалдым. 

Ал әйелі «Марти, Барак бір күні президент болады» деген екен. 

Кешкі ондар шамасында әйелі жатып қалғаннан өзі жатқанша, яғни түнгі бірге дейін Барак Обама жалғыз қалып, нағыз жеке өмір дегенді сезінеді: қайда отырғанын, не істеп отырғанын тек өзі ғана біледі.

Әрине, ол үйінен шыға алмайды, алайда ESPN телеарнасын көре алады, iPad шұқылайды, кедергісіз кітап оқиды, түрлі уақыт белдеуінде тұратын шетелдік көшбасшыларға қоңырау шала алады әрі бұл әрекеттердің бәрін қалыпты өмірі көреді. Сондай-ақ, қажет болса, ол бар ой-санасын өзін толғандырған дүниелер туралы жазуға жұмсай алады. Сондықтан, президенттің күні шын мәнінде түннен басталады десек болар. Таңғы жетіде оянғанда, ол өзгелерден бір қадам алда тұрады. 

Жеті жарымда жатын бөлмесінің үстінде, үшінші қабатта орналасқан спортзалға барады. Содан сегіз жарымға дейін жаттығады (бір күні кардио, бір күні ет қосатын жаттығулар жасайды), сосын жуынып алып, көк не сұр костюмін киеді. «Әйелім нағыз тәртіптің адамына айналыпсың деп күледі» дейді өзі. Президент болардан бұрын да осы тәртіпке жету жолында еңбектенген, ал лауазым оны одан бетер шыңдай түсті. «Бұл менің табиғи күйім емес. Мен жай ғана Һавайдан шыққан қарапайым баламын. Алайда өмірімнің бір сәтінде тым асыра сілтеп жіберген сияқтымын» дейді.

Таңғы асын тездетіп ішіп алып, газетке бір көз жүгіртіп шыққаннан кейін (көбін iPad-ынан алдын ала оқып қойған) күнделікті қауіпсіздік брифиңін қарайды. Президент болған алғашқы кездерінде ол құпия жаңалықтарға таңғалатын, қазір онысы сиреген. «Айына бір-ақ рет» дейді. 

Жаздың бір күні таңертең мен онымен резиденциясынан төмен түсіретін жеке лифтінің жанында кездестім. Президенттің жұмысқа барар жолы шамамен 65 метрдей ғана: ол төменгі қабаттағы орталық холлдан басталып, одан әрі май бояумен салынған Розалинн Картер мен Бетти Форд портреттерінің жанынан өтіп, Құпия қызмет күзетшісі қарауындағы қос есіктен әрі кетеді. Артқы террасадағы қара костюм киген тағы бірнеше адам күзетіп тұрған жерден өтіп, Француз есігінен Доғал кабинеттің алдындағы қабылдау бөлмесіне кіреді. Хатшысы Анита өз орнында отыр. Обаманың айтуынша, Анита 2004 жылы Сенатқа үміткер болып сайлау науқанын бастаған кезден бері жанында жүр екен. Саясат тұрғысынан қарасақ, сегіз жыл деген көп уақыт емес, алайда бұған келгенде, тұтас бір ғұмырға тең. Сегіз жыл бұрын ол Ақ үйге экскурсияға келген туристер тобымен бірге жүрсе де, ешкім танымас еді.

Анитаның жанынан өтіп, президент Доғал кабинетке кірді. «Уошиңтонда жүргенде уақытымның жартысы осында өтеді, – деді ол. – Бір қызығы, мына жер өте жайлы». Жұмыс күндері ол кабинетте жалғыз болмайды, ал демалыста төменге түсіп, өзіне ғана тиесілі жерде жұмыс істейтін мүмкіндігі бар. Обама бұл бөлмеге алғаш рет сайлауда жеңіп шыққаннан кейін, Жорж Бушқа сәлем бере келгенде аяқ басқан. Екінші рет жұмысқа ресми кіріскен алғашқы күні келді. Сол күні ешкім оны танымайтын кезден бастап бірге жүрген бірнеше қызметкерін Доғал кабинетте отырған қандай сезім сыйлайтынын түйсінсін деп шақыртып алған екен. «Қарапайым қалпымыздан таймайық»  депті президент оларға. 

Жаңа президент сайланған кезде Ақ үйдің кураторлық қызметі Доғал кабинетке бұрынғы басшы әкелген заттардың бәрін алып тастайды. Тек әлдебір саяси жанжал тудыруы мүмкін деп қауіптенсе ғана, жаңа президентпен ақылдасады. Мысалы, соңғы сайлаудан кейін, қабырғадан Техас бейнеленген картинаны алып тастапты. Обама бұл кабинетті өзгертуге бірден кіріспеген. Мұның себебін ол былай түсіндіреді: «Біз билікке экономика құлдырап тұрған кезде келдік, кабинет безендіруге бас қатыратын уақыт емес еді». Тек қызметіне кіріскеніне он сегіз ай толған соң ғана ол демалыс бұрышындағы екі орындықтың тысын жаңартсын деп бұйрық берген. («Орындықтар сыбағысқан кір болып кеткен. Жұрт соны сөз қыла бастай ма деп қорыққаным рас» деп әзілдейді.) Одан кейін антиквариат кофе үстелін заманауи үлгіге ауыстырып, Тони Блэр Жорж Бушқа берген Уинстон Черчилль бюстін алып тастап, орнына Мартин Лютер Киң мүсінін қойған. Ал қытай фарфоры толып тұрған кітап сөрелеріне көзі түскенде: «Бұлай болмайды» деген. «Сөре тола тәрелке екен, – дейді таңданысын жасыра алмай. – Мен ыдыс-аяқ жинайтын адам емеспін». Тәрелкелердің орнына ол әйгілі өнертабыстарға қатысты түпнұсқа патент өтінімдері мен үлгілерін қойғызады. Соның бірі – 1849 жылы Самуэл Морзе жасаған алғашқы телеграф моделі. Соны нұсқап «Интернет дәл осы жерден бастау алады» деді. Соңында ол сопақша пішінді жаңа кілем тоқытып, оған өзі қадір тұтатын тұлғалардың қысқа да нұсқа нақыл сөздерін өргізеді. «Көбі сыймай қалды ғой» дейді. Ал кілемге кестелеп жазылған цитаталар арасында Мартин Лютер Киңнің мына бір сөзі бар еді: «Адамгершілік ғаламының доғасы ұзын келеді, тек ол түптің түбінде әділетке қарай иіле түседі».

Міне, Обамалардың жұмыс кеңістігіне алып-қосқанының бас-аяғы осы-ақ. «Мен қарапайымдықты ұнататын адаммын» дейді өзі. Дегенмен, осы өзгерістердің өзі дау тудырды, әсіресе Уинстон Черчилль бюстін алып тастағаны біраз шу болды. Мәселе ушығып кеткені сонша, тіпті Митт Ромни өзінің сайлауалды сапарында жұртқа бюстті Доғал кабинетке қайтарамын деп уәде етіп жүр екен.

Ол Буш отырған, Жон-Жон Кеннедидің есімін әйгілі еткен жасырын панелі бар жұмыс үстелін алып қалды. Мұны кезінде Жонсон мен Никсон отырған, ішіне жасырын дыбыс жазу жүйесі орнатылған үстелдің орнына Жимми Картер әкеп қойған екен. 

– Мұнда дыбыс жазу жүйесі жоқ па? – деп сұрадым бедерлі карнизіне тамасана қарап тұрып.

– Жоқ, – деді де, іле-шала, – дыбыс жазу жүйесі қойылса, қызық болар еді. Тарихтың сөзбе-сөз таспасы сақталса, керемет емес пе? – деді.

Обама есеппен жүретін немесе екіжүзді адам сияқты көрінбейді, тек кейде сөзін контекстен суырып алып, өзіне жақсылық ойламайтын адамдар қару қылып қолдануы мүмкін-ау деп ойлап қоятын сияқты. 

– Шынымен, бұл жерде аузымнан шыққан әр сөзге сақ болуым керек.

– Жұрт мұнда келгенде қатты қобалжи ма? – деп сұрадым, әңгіме ауанын бұрайын деп. Тіпті Ақ үйдің дәлізінде де кім мұнда жұмыс істеп жүргенін, кім сырттан келгенін олардың әңгімесі мен жүріс-тұрысынан-ақ аңғаруға болады. Жұмыс істемейтіндер «нағыз менін босағада тастап кеткендей», өмірінде алғаш рет теледидарға түсуге келген адамша көрінеді. Президенттің алдына барғанда атақты адамдардың өзі мазасы кетіп, не істеп, не қойғанын ұқпай қалады. Жұрттың қалтасына түсетін ұрыға таптырмас серік болатын адамның нақ өзі дерсің. 

– Иә, – деді ол. – Ақ үйге келгендердің көбі сөйтеді. Маған салсаң, бұл жердің мысы басады. Алайда жұмыс істей бастағанда, қобалжу басылады ғой.

Ол мені қысқа дәлізбен өзінің жеке кабинетіне – әдетте қызметкерлерден шаршаған сәттерде тынығатын жеріне апарды.

Жолай ол қойған тағы бірнеше дүниенің қасынан өттік. Оларды кейінгі президент оңайлықпен алып тастай алмайтынын өзі де жақсы білетін сияқты: Құлдықты жою туралы Жарлықтың көшірмесі, әбден қартайып толып кеткен Тедди Рузвельттің атқа мініп төбеге шығып бара жатқан тосын фотосуреті («Тіпті аттың әбден болдырғаны анық байқалады»), сондай-ақ 1963 жылғы 28 тамызда Уошиңтонда өткен шеру туралы хабарландыру. 

Жеке жұмыс бөлмесіне кірдік. Үстел үстін толған кітап, бетінде Жулиан Барнстың The Sense of an Ending, (Өмірдің ақырын түйсіну) деген кітабы жатыр. Ол терезесінің сыртындағы ауланы көрсетті. Айтуынша, бұл жер Рейганның тұсында салынған. Алып магнолияның саясындағы әсем де тыныш мекен. 

Осыдан бір ғасыр бұрын президенттер қызметіне кіріскенде, Ақ үйдің ішіндегі заттарды ауласындағы көгалға шығарып, бәссаудаға салатын. 65 жыл бұрын Хәрри Трумэн оңтүстік беттегі қабырғаны түгел бұзып, өзіне жаңа балкон салса, 30 жыл бұрын Роналд Рейган осындай жұрт көзінен таса жеке демалыс орнын жасаған. Ал қазір, президенттер Ақ үйді жақсартатын дүние жасаймын десе, олардың әрекеті қастерлі мекенге қол салғаны немесе резиденцияны қонақүйге айналдырғаны, бюджет ақшасын ысырап қылғаны, немесе, ең сорақысы, сырт көрінісін есепке алмағаны деп бағаланады. Обама Рейганның террасасына тағы бір мәрте көз тастап, оны барын салып жасағанын ойлап жымиды да қойды.

Сол күні таңертең Ақ үйдің ауласындағы көгалдың үстімен кетіп бара жатып, бір терең шұңқырды айналып өттім де, оны жағалай тұрған ауыр машиналарды көзім шалды. Жылға жуық уақыт бойы көп жұмысшы Ақ үйдің астын қазып, бірдеңе салып жатыр, алайда шынымен не істеп жатқанын ешкім ашып айтпайды. Сұрай қалсаң, «Инфрақұрылым» деп қана қысқа қайырады. Ешкім түбіне жетіп сұрамайды, тіпті қоғам хабардар болсын деп те талап етпейді. АҚШ президенті Доғал кабинетте бір бюстті орнынан қозғап қойды деп, жұрт шулап шыға келіп еді. Ал аулада терең шұңқыр қазып, жер астына шытырман жол салып алса да, ешкім одан не істеп жатырсың деп сұрамайды да, білгісі де келмейді.

Тайлердің ата-анасы Брюс пен Дорин Старктар Денвер маңындағы Литтлтон қалашығында тұрады. Қалашық дегеніміз біз ойлағаннан әлдеқайда үлкен болып шықты. Былтырғы наурыздың ортасында аяқ астынан ұлынан хабар алардан бұрын онымен кездеспекке Англияға жол жүргелі отырған болып шықты. «Бізге одан бір қызық хат келді, – дейді Брюс. – “Сәлем, мама-папа” деп бір ауыз амандасқан да жоқ. Бірден: “Мен қазір Ұлыбританияда жүрген жоқпын және қашан оралатынымды білмеймін” деген». 

Екеуі ұлының айтпағын ұқпаған, алайда, Дориннің сөзінше, «кеудесіне біртүрлі уайым мен үрей ұялапты». Одан бір апта өткеннен кейін дүйсенбі күні кешке телефон шырылдады. «Бір телешоу көріп отыр едім, – деп еске алады Брюс. – Телефонға қарасам, “Желіден тыс” деп тұр екен. Жауап бердім. Аман-сәлем жоқ, бірден “Папа” деді. Мен: “Қалың қалай?” дей бергенде ол: “Көмегің керек: саған бір нөмір беремін, соған қоңырау шалшы” деді. Мен де: “Асықпа, нөмірді жазып алатын қағазым жоқ” дедім». 

Брюс Старк қалам мен қағаз тауып, қайтадан телефон тұтқасын көтерді. Тайлер әкесіне Ұлыбритания әуе күштері базасының нөмірін береді. «Сосын, – деді Брюс сол күнді еске алып, – “Оларға тірі екенімді айтсаң болғаны. Бәрі жақсы» деді».  «Тірімін, бәрі жақсы дегеніңді қалай түсінемін?» деп сұрапты Брюс не ойларын білмей. 

Тек Тайлер тұтқаны қоя салады. Брюс Старк әйеліне қоңырау шалып, ұлы хабарласып, біртүрлі нәрселер айтқанын жеткізеді. Дорин Брюске: «Бірдеңе болған ғой» деді. Ананың ішкі түйсігі не бәленің бәрін бірден сезеді ғой. Ал Брюс: «Жоқ, шын сөзі секілді, даусынан бәрі жақсы сияқты сезілді!» дейді. Екеуі ұлы әлемнің қай түкпірінде жүргенін білмейді. Жаңалық қарап, әлдебір белгі іздейді, тек ештеңе таба алмайды, бар беріліп жатқаны – Фукусимадағы цунами мен өршіп тұрған ядролық апат туралы хабарлама легі ғана. «Мен Құдайға сенемін» деп Дорин дұға қылуға ниеттенді. Шіркеуге барса, жабық тұр; есікті қағып көреді, тек ешкім жауап бермейді. Англияда түн болғанын ескеріп, Брюс ұлының базасына email жолдап, Тайлердің біртүрлі хабарламасын жеткізді.

Ертеңінде төрт жарымда оларға ұлының командирі қоңырау шалды. Подполковник таңмен таласа оятып алғанына сыпайылап ғафу өтініп, басқа жерден естігеннен гөрі, өзім хабар бергенім дұрыс болар депті. CNN-де көрсетіліп жатқан ұшақ шынымен Тайлердікі болып шықты. Подполковник Тайлер бір жерге қонды, бәрі дұрыс депті. Сол кезде сарбаздар аяқ-қолынан айырылып қайтып жатқанын естіген Дорин оған: «Сіз бен біздің “бәрі дұрыс” дегеніміздің арасы жер мен көктей болса керек» дейді.

Старктар теледидар қосып, CNN арнасын тауып алды. Ливияның шөлдегі бір түкпірінде құлаған ұшақ көрсетіліп жатыр екен. Қапелімде АҚШ Ливияға шабуылдауы мүмкін-ау деген ой ешкімнің басына келмеген. Екеуі Барак Обаманы жақтырмайды, оған дауыс бермеген, сонда да президенттің ісіне еш күмән келтірмей, түрлі телекомментаторлардың соғысқа қатысты сыни пікірлеріне аса мән бермей келген.

Алайда ұлының ұшағынан қалған бықсыған қирандыны көрген оңай болмағаны анық: «Ондайда бойыңды үрей билеп алады» деп еске алады Брюс. Ал Доринге бұл сезім таңсық емес, бір таныс күйдей сезіледі. Ол күйеуіне бұрылып: «КолАмбайн есіңе түскен жоқ па?» деп сұрапты. Тайлер әлемді шулатқан қанды қырғын болған жылы Columbine High мектебінің бірінші курсында оқып жүрген. Сол күні, ата-анасы жаңалық көріп отырып, мектеп кітапханасында болған балалардың кейбірі қаза тапқанын біледі. Әлі ештеңе анық емес кез. Оқ «дайындық сағаты» кезінде жауған. Тайлер де дәл сол уақытта кітапханада болуы керек еді. Енді, міне CNN арнасынан ұлының ұшағы апатқа түскені туралы хабар көріп отырып, Дорин сол баяғы күйге қайта түскендей болады. Бәз баяғы КолАмбайн қырғыны туралы жаңалық көріп отырған кезде кешкен күйі. «Сені жаман хабардан қорғау үшін денең ұйып қалғандай болады» дейді.

Біз Air Force One ұшағына мініп, Солтүстік Америка мен Оңтүстік Американың арасындағы бір тұста ұшып бара жатқанбыз. Кенет біреу иығымнан түртіп оятты. Көзімді ашсам, тас төбемнен төніп Обама тұр. Мен ұшақтың дәл ортасында отырғанмын. Бұл – президент қайтыс болған жағдайда оның табытын қоюға ыңғайлап үстел-орындықтарды еркін қозғауға болатын орын. Сірә, ұйықтап кетсем керек. Президенттің ерні жыбырлайды, бірдеңе айтып тұрса керек. 

– Не болды? – деппін мен ақымақ.

– Жүр, кеттік, – деп иығымнан тағы бір сілкіп жіберді.

Президенттің өмірінде «кең жер» деген бола бермейді. Тек Air Force One ұшағының алдыңғы бөлігі сынды қалтарыс-қуыстар ғана. Ұшақта жүргенде оның кестесінде кейде ешкім еншілей алмайтын бірен-саран бос уақыт шығып қалуы мүмкін. Бұл жолы Обама отыз минуттай еркін адамға айналды. 

– Ал, не айтасың? – деді де, үстелінің жанындағы креслоға жайғаса кетті. 

Оның үстелі ұшақ жерде тұрғанда сәл көлбей тұратын, ал ұшақтың тұмсығы көтеріліп ұшып бара жатқанда – біркелгі тегіс болатындай етіп жасалған. Қазір ол тегіс тұр. 

–  Өткен жолғы ойынды тағы ойнайықшы, – дедім. – Мысалы, жарты сағаттан соң сіз президент болмай қаласыз делік. Орныңызды мен басамын. Мені соған дайындаңыз. Президент болуды үйретіңіз.

Мен оған осымен үшінші мәрте түрлі формада ойнаған болып осындай сұрақ қойып отырмын. Алғаш рет, осыдан бір ай бұрын дәл осы кабинада, ол президент өзі емес, мен болатынымды мойындай алмай қиналған. Сәл кідірді де, сөзінің басында жаттанды да тосын емес, сөйте тұра, өзі әбден дұрыс деп санаған нәрсені айтты. 

– Сізге былай дер едім, – деді ол. – Бірінші һәм басты міндетіңіз – Америка халқының өзіңізге артып отырған үміті мен армандарын назардан тыс қалдырмау. Сіздің әр ісіңіз осы көзқарас аясынан ауытқымауға тиіс. Оның үстіне, әр президент… Мен шынымен әр президент мойнына жүктелген жауапкершілікті түсінеді деп ойлаймын. Жорж Бушты аса білмеймін, Билл Клинтонмен жақсырақ таныспын. Алайда менің ойымша, екеуі де осы ойды ұстанады. 

Содан кейін бүкіл әлем мұны саясатқа тым көп көңіл бөледі деп ойлайтынын, ал шын мәнінде олай емес екенін жеткізбек болды. 

Бұл жолы ол әлдеқайда ашық-жарқын және президенттің күнделікті өмірі туралы да бүге-шігесіне дейін айтып беруге дайын еді. 

– Шынығу керек, – деді ол мысал ретінде. – Әйтпесе бір күні бойың қирап тынады. 

Оған қоса көп адамның уақытын алатын майда-шүйде мәселелерден арылу қажет.

– Сұр не көк костюм ғана киетінімді байқаған шығарсыз. Таңдайтын, ұйғаратын нәрсені азайтуға тырысып бағамын. Не жесем, не кисем деп ойлап отырғым келмейді. Себебі менің шешімімді күтіп тұрған басқа мәселе жетіп артылады. 

Адам көп шешім қабылдай берсе, қабілеті әлсірейді деген зерттеу бар екен, сол туралы айтып берді. Міне, дүкен аралаған да шаршатып жіберетіні содан.

– Шешім қабылдауға кететін күш-қуатты дұрыс дүниеге жұмсау керек. Бүкіл уақытыңды бір тәртіпке бағындыру керек. Күні бойы ұсақ-түйек нәрселерге алаңдап жүруге болмайды. 

Осы жұмысқа керек өзіндік тәртіптің құны қымбатқа түседі дейді. 

– Жайбарақат серуендеп жүруге болмайды, – деді. – Жаңа нәрсеге таң қалу қиындап кетеді. Өміріңде болып тұратын кездейсоқ сәттер азаяды. Көп жыл көрмеген досыңмен мейрамханада ұшырасып қалуың екіталай. Жасырын қалу мүмкіндігі мен тосын жайттар болмауы табиғи жағдай емес. Оған үйреніп кетесің, тек толық дағдыланбайсың, мен сөйттім.

Қызметінің кей тұстары өзіне айдан анық болып көрінсе де, маған оғаш, тіпті айтпай-ақ қойғанға келмейді. Мысалы, ол жаңалық көргенде басқа адамдардан өзгеше көреді. Қай жерден шықса да, жаңалық оған тез жетеді және шешім қабылдауға мәжбүр етеді. Ол не жауап қатады, не бағыт-бағдар береді, не жай сол күйінде қалдыра салады. Жаңалық тезірек тараса, біздің президент те лезде жауап қатуы керек, әрі бәрінен де маңыздысы, оның жауабын қажет ететін жаңалық көбінесе оның өзі туралы болады.

Менің жанымда, былғары диванның үстінде ол жолға шыққан сайын қызметшілері әкеп жайып қоятын бес газет жатыр екен. 

– Осылардың әрқайсысынан сіз туралы жағымсыз бірдеңе жазылған мақала табуға болады, – дедім. – Теледидар қоссаңыз, одан да сорақысын көресіз. Мен президент болсам, үнемі ашулы жүретін шығармын, біреуді ұрып жіберуге сылтау іздеп тұратын сияқтымын.

Басын шайқады. Теледидардан берілетін жаңалықтарды уытты деп санап, мүлде көрмейді екен. Бір көмекшісі маған мынадай әңгіме айтып берген: бірде ол президент басқа нәрсе істеп отыр деп ойлап, Air Force One ұшағындағы теледидарды Обама ұнататын ESPN-нен басқа арнаға ауыстырып қойыпты. Президент кабинаға кіргенде, жүргізуші Обаманың әлдебір қадамдарды неге жасағанын «тәпсірлеп» отыр екен. Бұл «Ееее, сол үшін істеген екем ғой» деп, шығып кетіпті. 

Қазір соған орай былай деді: 

– Бұл лауазымда отырғанда бірден санаңызға тоқып алу керек болатын нәрсенің бірі мынау. Сырттағы адамдар көретін кейіпкер бар, ол – Барак Обама. Тек ол сіз емессіз. Жақсы болса да, жаман болса да, ол сіз емес. Мен оны сайлау науқаны кезінде түсіндім. Ақпаратты сүзіп отыруды үйрену керек, тек оны шындықтан шалғай әлемде өмір сүретіндей шектеп тастауға болмайды.

Оның жұмысының тағы бір мойындау қиын тұсы – бір күнде түрлі эмоциялық күйге түсіп шығатыны. Айналдырған бірнеше сағатта президент Супербоул чемпиондарын құттықтайды, одан бірден қаржы жүйесін түзету жөніндегі кездесуге қатысады, теледидардан өзі туралы айтылып жатқан түрлі әңгімелерді талдап, Конгресс мүшелерінің «бұл идеяны президент құптапты екен деп қана қолдауға міндетті емеспіз» деген сөзін тыңдайды, жақында қаза тапқан жас сарбаздың ата-анасымен кездесу сынды алуан сезімге бөлейтін шаралар арасында жүруі керек. Күнін осылай түрлі эмоциялар арасында секіріп өткізеді. Мұндайға қалай төзуге болады?

Ұйқылы-ояу отырып сұрағымды дұрыс қоймаған екем, десе де ол менің ойыма да келмеген «Неге ол эмоциясын көп көрсетпейді?» деген сұраққа жауап берді. Кейде мен анық сұрақ қойсам да, оның астарында бұған дейін неше рет естіген жасырын сыр бардай, ашылып айтпайды. Табиғатынан қорғаншақ емес болғандықтан, бұл әдейі бойына сіңіруге тырысып жүрген дағдысы екені байқалады. 

– Президент болудың кей қырлары әлі де қиын, – деді. – Мысалы, жалған эмоция көрсеткен қиын. Өз басым оны өзге адамдарды қорлау деп білемін. Мысалы, ашу-ызамды жасанды көрсетсем, Америка халқын құрметтемей қалғаным деп санаймын. Маған салсаң, мен өз сезімімнен айнымаған кезде америкалықтарға әлдеқайда жақсырақ қызмет ететін сияқтымын. Бұл сөз көп айтылады ғой. Қазіргі адамдар шынайы болуды үйреніп жүр. Ал мен өзім айтқан нәрсеге шын сенгенде ғана керемет нәтижеге жетемін.

Тек менің сұрағаным бұл емес еді. Білсем дегенім – мүлде басқа нәрсе болатын: жұмысыңда шын сезімдеріңді көрсетуге орын жоқ болса, оларды қайда қоясың? Президент өзін жаңалықтардан қорғау үшін жүрек қақпасын тарс жаппауға тиіс. Тек тағы кеш қалдым: маған бөлінген уақыт аяқталды да, салондағы орныма қайттым.

Air Force One ұшағын аралап жүрсеңіз, ұшақтың ортасында орналасқан үлкен есікті көресіз. Үлкен болатыны – президент жатқан табыт сыйсын дейді. Кезінде Рейганды әкелгендегідей ғой. Сондай-ақ президент мөрі басылған M&M’s кәмпиттері, кез келген төтенше жағдайға арнап жабдықталған медицина бөлмесі (тіпті «Цианидті тойтаратын дәрі» деп жазылған сөмке де бар), 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін президент аспанда жүріп-ақ елге үндеу жасасын деп заманауи видеоқұралдар қойылған конференц-зал бар. Тек сізге айтылмайтын бір нәрсе – ұшақ құдды жерден тым дербес дүниедей сезім беретіні. Пилот хабарлама айтпайды, белбеу тақ деген белгілер де жоқ; адамдар ұшақ көтеріліп бара жатқанда да, қонғанда да еркін жүріп-тұра алады. Президенттің ұшағы қонғанда өзге ұшақтардағыдай жермен үйкеліс білінбейді. Қазір ғана аспанда ұшып жүрген сияқты едің, енді міне, гүрс, жердесің!

Тайлер Старк шөл даланың қақ ортасына қонғанына өзі іштей мінсіз деп баға берді. «Бәрін жап-жақсы істедім деп келе жатқам, бірақ жарты жолда бірдеңе “тық” ете қалды да, жамбастай құладым» дейді өзі. Сол аяғының буыны мен тізесінің сіңіріне зақым келіпті. Паналайтын жер іздеп төңірегін шолып шықты, алайда кеуде тұсынан келетін тікен жапырақты бұта мен кішкентай тастардан өзге түк көрген жоқ. Құм ортасында бас сауғалайтын жер жоқ. «Мұнда қалуға болмайды, кету керек» деп ойлады. Керек деген құрал-сайманын жинап алып, өзгесін бұта арасына жасырып, қозғала бастады. 

«Мазам кетті» деп еске алады Тайлер сол сәтті. Бұл оның алғашқы әскери миссиясы болғанымен, бұрын да басынан осындай сезім өткенін ойлады. КолАмбайн оқиғасы есіне түсті. Сол кезде бұған қарата асханада бір оқ, бұл қашып дәлізге шыққанда тағы бір оқ атылған. Төбесінен ысқырып өткен оқтар металл шкафтарға тиіп жатқанын естіген. «Бұл қорыққан емес, – дейді. – Не болып жатқанын ұқпай есеңгіреген бір күй. Әйтеуір түйсігіңе еріп, бас сауғалайтын жер табайын деп жанталасып жүгіре бересің». О кезден бар айырмасы – бұл жолы дайындығы бар. «КолАмбайн кезінде түк дайындығым жоқ еді, сондықтан алды-артыма қарамай қаша бердім».

Ал шөл далада сенделіп жүріп, ақыры бас сауғалар жер таппасын ұқты. Ақырында өзгелерінен сәл биіктеу тікенекті бұта тауып алып, соның түбіне жатып жасырынайын деді. Кейін НАТО басшылығына хабарласып, қайда түскенін жеткізді. Хабарласар орайын табу оңай болған жоқ. Бәрі бір иттің кесірінен еді. Бордер-коллиге ұқсайтын бір ит мұны байқап қалып, байланыс құралын алайын деп қолын созса болды, үре бастайды. Бұл 9 миллиметрлік тапаншасын алып, шүріппесін қайырып та қойды, тек іле-шала: «Мұным не? Итті атып тастағалы отырмын ба?» деген ой топ ете қалды. Иттерді жақсы көретіні бар-тын. 

Екі сағат бойы жасырынып жатқанда анадайдан бейтаныс дауыстар естілді. «Дауыс парашют түскен жақтан шыққандай көрінді. Арабша білмеймін, сондықтан не айтып жатқанын ұққам жоқ, әйтеуір “Әй, біз парашют тауып алдық” деді-ау деп топшыладым». Кенет, қайдан шыққаны белгісіз, бір көліктің үстінде тұрған прожектор жарқ ете қалып, бұталарды жарық сүзіп өткенде, Тайлер бұға қалды. «Мүмкіндігінше көзге түспесем екен дедім». Тек бір кезде жарық аялдап, тура өзіне қадалғанын аңғарды. «Әуелде бұл жайтты мойындамауға, қабылдамауға тырыстым» дейді. Сол кезде біреу «American, come out!», яғни «Америкалық, бері шық!» деп айқай салды. «Оп-оңай қолға түсіп қалғаным ба деп ойлап үлгердім». Тағы да айқай естілді: «American, come out!» Тайлер орнынан тұрып, жарыққа қарай беттеді.

Обаманың келешекте президент болсам дейтіндерге берер кеңесінің мәні мынада: жұрттың көбі президент қызметін негізінен қоғаммен байланыс орнату, жұртшылықты иландыруға қатысты іс деп ойлайды. Жұртшылықпен қатынас маңызды екені рас, әсіресе қазір, ымыраға келмей жүрген оппозицияны тізеге салып көндірудің жалғыз амалы қоғамның пікіріне жүгіну болып тұрған шақта, оның маңызы тіпті де арта түссе керек. Обама кей кездері халықтың көңіл күйін жыға тани алмағанын өзі де мойындайды. Мәселен, республикандар енді Обама қолдап отыр деп қана кезінде өздері қолдаған идеяларға қарсы шыққанда, оның саяси шығыны аз-ақ болатынын жете бағаламай сан соғып қалған. Өзінше, қарсы тарап президентті әлсіретемін деп елге зиян келтірсе, оның өтемі қымбатырақ болады деп оңбай адасқан. Сөйте тұра Конгресті қорқытып, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізем деген ойды әу бастан абсурд көргені бар. 

– Сол күштердің бәрінен қалыптасқан ортада саясаткерлерді бір ымыраға жетелейтін түрткілердің әсері қалмай барады, – дейді өзі. – Линдон Бейнс Жонсон тұсында екі-үш комитет төрағасымен келіссең, мәселе шешілді деп саналатын. Ол төрағалар «Шай партиясының» қысымынан да, теледидардағы жаңалықтардан да қауіптенбейтін. Алайда бұл модель президент ауысқан сайын біртіндеп өзгеріп отырды. Әңгіме жұртты қорқыту не сүйкімді болудың бірін таңдауда емес. Мәселе қарсы тарап «жоқ» дей алмай қалатындай етіп қоғам пікірін қалыптастырып, пікірталасты өзіңе ыңғайлы арнаға бұрып жіберу амалында болса керек. Қазір «Бөлінген қаражатты азайтамын» немесе «жездеңді федералдық сот қылып тағайындамай қоямын» деген бопсаң жүрмей қалған.

Ал маңдайыңа дәл осы заманда президент болу жазылса, алдыңнан шығатын басты қиындық жұртшылықпен қатынас емес, тоқтаусыз, бірінен соң бірі тізбектеліп келетін  мәселелер мен шешімдер легі. Кіші Жорж Буш сәл қарабайырлау қылып айтқанымен, түптеп келгенде ойын дұрыс жеткізген: президент деген – шешім қабылдайтын адам. Президент қабылдайтын шешімдердің көбі, тіпті басым көбі – оның еркінен тыс, тосын оқиғалардың салдары. Мұнай төгілгені, қаржылық дүрбелең, індет, жер сілкінісі, өрт, төңкеріс, жау шапқаны, іш киіміне жарылғыш жасырған лаңкестер, кинотеатрдағы атыс-шабыс... мұның бәрі бірінен соң бірі, толассыз келе береді. Олар президенттің алдына байыппен ойланып тоқетерін айтатындай рет-ретімен тізіліп келмейді; үсті-үстіне қабаттасып, үйіліп қалады. 

– Менің үстеліме оңайлықпен шешімі табыла қоятын мәселе түскен емес, – деді Обама бір сөзінде. – Оңай болса, маған жеткенше-ақ шешімі табылып қояр еді. Сондықтан сен ықтимал нәтиже жолында жұмыс істеуге мәжбүрсің. Нендей шешім қабылдасаң да, оның іске аспай қалу мүмкіндігі отыз-қырық пайызға дейін барады. Мұны мойныңа алып, қабылдаған шешімің дұрыс екеніне іштей сенімді болуың керек. «Болмай қалса ше?» деген ойға батып, қорқып отыруға болмайды. 

Оған қоса тағы бір ауыр талап бар: шешім қабылдап қойған соң, сол шешіміне сенімді адамша жүрмесең болмайды. Өйткені президенттің соңынан ерген жұрт «болуы мүмкін, ықтимал» деген нәрсені ойлағысы келмейді. 

Былтырғы наурыздың екінші аптасы президент болудың қызығы мен шыжығын әбден көрсетті. 11 наурызда Жапониядағы Фукусима қаласын цунами басып, қаладағы атом электр станциясындағы реакторлар балқып кеткенде, радиация бұлты АҚШ аумағына жетуі мүмкін деген үрей туды. Сол сәтте сіз Америка Құрама Штаттарының президенті болсаңыз, сізді оятып, осы жаңалықты айтары анық. (Шын мәнінде, президентті кез келген жаңалыққа бола оята бермейді, алдымен оның көмекшілерін оятып алып, президенттің ұйқысын бұзуға тұрарлық нәрсе ме, жоқ па деп ұйғарады. Сондай «түнгі сүзгі» есепті бір маман айтқандай: «Ауғанстанда анандай жағдай боп жатыр» десе, «Енді қайтейін?» деп ойлаймын). 

Фукусима оқиғасы ұйқыңызды қашырмаса да, радиация бұлттары сіздің шешіміңізге қарап тұрған ең қиын мәселе емес екенін білерсіз. Тіпті де. Дәл сол сәтте Усама бен Ладеннің Пәкістандағы үйіне басып кіріп, өзінің көзін құрту жоспарына қол қойсам ба, қоймаса ба деп басыңыз қатып отыруыңыз мүмкін. Не, әдеттегідей, Конгресте республикандармен бюджет мәселесіне келіспей қызылкеңірдек болып жатуыңыз да. мүмкін. Күн сайын түрлі біресе ана араб елінде, біресе мына араб елінде төңкеріс болды деген бриф алып отырасыз. Қаңтардың басында, Мысыр мен Туниске қарап, Ливия жұрты диктаторға қарсы көтерілгенін, енді ол өз халқын басып-жаншуға бекініп отырғанын білесіз. Муаммар Каддафи 27 мың әскерімен Бенгази қаласына бет алып, онда тұратын 1,2 миллион адамның жартысын құртып жібермекке бекініп бара жатқанын білесіз.

Сол сәтте сіз ел президенті болып отырып, бір арнаны қоса қалсаңыз, республикан сенаторлардың көбі Ливияға басып кірейік деп талап етіп, ал конгрестегі демократтар АҚШ азаматтарының өмірін қатерге тікпе деп талап етіп айғайлағанын көрер едіңіз. 7 наурызда ұлттық арналарды қоссаңыз, ABC телеарнасының Ақ үйдегі тілшісі Жейк Таппер баспасөз хатшысы Жей Карниге: «БҰҰ мәліметі бойынша мыңнан астам адам қаза тапқан. АҚШ ұшуға тыйым салатын аймақты бекітуі үшін тағы қанша адам қырылуы керек?» деп сұрап отырғанын естір едіңіз. 

Наурыздың 13-і күні Каддафи енді бір-екі аптада Бенгази қаласына жететіні мәлім болды. Сол күні француздар Біріккен Ұлттар Ұйымына Ливияның әуе кеңістігін бақылау үшін ұйымның күштерін кіргізу, яғни Ливия ұшақтарының қозғалысын шектейтін «ұшақ ұшпайтын аумақ» жасау жөнінде қарар шығаруды жоспарлап жатырмыз деп жариялады. Енді Обама іске араласуға мәжбүр болады: президент сол қарарды қолдайтын-қолдамайтынын ұйғаруға тиіс. 

15 наурыз сағат 16:10 Ақ Үйде осы мәселе турасында жиналыс өтті. 

– Бар білетініміз, – деді Обама, «білетінім» дегенді меңзеп, – Каддафи Бенгазиге бет алғаны және, оның өткенін ескерсек, жүздеген мың адамға қауіп төніп тұрғаны ғана. Уақыт аз екенін білеміз: берісі екі күн, арысы – екі апта. Олар біз болжағаннан да тез жүріп барады. Еуропа «ұшақ ұшпайтын аумақ» құруға қарар енгізбек болып жатқанын білеміз.

Мұның бәрі – жаңалықтан айтылып жатқан нәрселер. Тек медианың назарына ілінбеген бір нәрсе бар еді. 

– «Ұшақ ұшпайтын аумақ» Бенгази халқын құтқарып қала алмайтынын білетінбіз, – дейді Обама. – Бұл – алаңдап отырмыз, уайымдап отырмыз деген мезіреті болғанымен, пайдасы шамалы болатын. 

Еуропа елдерінің көшбасшылары «ұшақ ұшпайтын аумақ» құрып Каддафиді тоқтатпақ болғанда, Каддафи ұшақпен жүрмейтінін ескермеген. Оның әскерлері Африканың солтүстігін джип, танк мініп шиырлап бара жатқан. Обама Ливия халқының тағдырына алаң болып отырған шетел басшылары олар туралы жалпы не біледі екен деп ойланып қалды. Өзге президенттер «ұшақ ұшпайтын аумақ» дегеннің пайдасы жоғын түсіне ме, тым құрыса бір сарбазбен бес минут сөйлессе түсінер ме еді деп ойлады. 

Әттең, бәрі сонымен бітсе ғой. 

– Соңғы білгеніміз, – дейді өзі, – «Ұшақ ұшпайтын аумақ» жарияланып, одан түк шықпаса, ары қарай әрекет ету керек деген қосымша қыспақ туар еді. Франция мен Ұлыбритания сол идеяны қанша жақтаса да, біз аралассақ, операцияны іске асыру міндеті Американың мойнына түсер еді. Өйткені біздің мүмкіндігіміз бар.

15 наурызда президенттің күні әдеттегідей қарбаласқа толы болды. Алдымен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездесті, одан соң «Ешқандай бала қараусыз қалмайды» деген заң жөнінде бірнеше сұқбат берді, вице-президентпен бірге түскі ас ішті, Intel компаниясының мектеп оқушылары арасындағы ғылыми сайысының жеңімпаздарын құттықтады және соңғы тілегі президентті көру болған айықпас науқас баламен біраз уақыт Доғал кабинетте отырды. Ресми кестесінде «Президент пен вице-президент қорғаныс министрі Гейтспен кездеседі» деп жазылғанымен, шындығында жиынға 18 кеңесші қатысады. Осының алдындағы соңғы іс-шарасы ESPN телеарнасына сұқбат беру болды. 25 минут өткеннен кейін, яғни әлемге March Madness турнирінің қорытындысы жайында болжамын айтқан соң, Обама Талқы бөлмесіне түсті. Мұнда бір күн бұрын ғана келіп кеткен: Усама бен Ладеннің көзін құрту жоспарын талқылаған жиынға қатысқан. 

Ақ үйдің тілімен айтсақ, ондай жиындар «принципалдар», яғни басты тұлғалардың басқосуы деп аталады. Байден, Гейтстермен қоса, жиынға мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Каирден телефон соғып қосылды, Құрама штаб бастығының төрағасы адмирал Майк Маллен, Ақ үй әкімшілігінің басшысы Уильям Дэйли, сондай-ақ Нью Йорктен бейнебайланыс арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымындағы АҚШ елшісі Сьюзан Райс және жиынды ұйымдастырған Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Том Донилон қатысты. 

Талқы бөлмесінде лауазымы жоғары тұлғалар үстел басына жайғасады да, оларға шені бағыныштылар бөлмені жағалай отырады. 

«Обама жиындарды дебатқа айналдырмайды, – дейді бір қатысушы. – Шағын баяндамалар оқылады. Ол түрлі позицияларды көріп барып ұйғарым жасағанды ұнатады. Әр көзқарасты ой елегінен өткізгісі келеді». 

Тағы бір қатысушы: «Ол әрбіріміздің пікірімізді тыңдайды. Тіпті әлдеқашан шешім қабылдап қойса да, ең сенімді уәждерге құлақ асып, істемек ісін негіздеп алуға тырысады» дейді.

Үлкен жиындар алдында президентке қатысатындар тізімі және олардың әрбірі нендей мәселеге нендей ой айта алатыны жазылған арнайы «жол картасы» беріледі. Бұл жолғы жиын Ливия жайында нақты ақпарат білетін адамдар Каддафидің не істеп, не қоя алатыны жөніндегі болжамдарын ортаға салса, ал Пентагон соған қарай президентке әскери әрекет нұсқаларын ұсынса дегенді мақсат еткен. 

– Барлаушылардан келген ақпарат тым жалпылама болатын, – дейді бір куәгер.  – Сол себепті Обама: «Ол қалалар жойылған соң жұрты қайтеді? Каддафи қаланы қалай басып алуы мүмкін?» дегендей сұрақ қоя бастады. 

Жиын барысында жағдайды бағамдай келе, ондаған, тіпті жүздеген мың адам қырылады деген сұмдық болжам жасалды (Каддафидің өзі 22 ақпанда «Ливияны үйден-үй қалдырмай тазалаймын» деп мәлімдеген.) Содан кейін Пентагон президентке ұшақ ұшпайтын аумақты бекітсін не мүлде қол қусырып қарап отырсын деген екі нұсқаны төтесінен қойды. Кездесуге қатысқандар әр нұсқаның артықшылығы мен кемшілігін талқыласа керек еді, алайда Обама тосын қадам жасады. «Ол “жол картасынан” ауып кетті, – дейді куәгер. – Ол сөз болып отырған “ұшақ ұшпайтын аумақ” жаңа ғана айтылған сұмдық сценарийге тосқауыл бола ала ма?” деп сұрады». 

Әлбетте, тосқауыл болмайтыны анық болған соң, Обама: «Бөлмедегі өзге адамдардың пікірін естігім келеді» деп, жиынға қатысып отырған әр адам, тіпті ең жас қызметкер де өз ойын айтсын дейді. 

– Соным біртүрлі тосын болғанын білем, – дейді Обаманың өзі. – Алайда үстел басында отырмаған адамдарға қарата айтқанмын. Өйткені әлі айтылмаған бір уәжді естігім келген. 

Ол естісем деген уәж – Ливиядағы азаматтарды жаппай қыруға жол бергеннен АҚШ мүддесіне келетін нұқсан қандай болуы мүмкін деген шетін мәселе еді. Сол уәжді өзгелерден естігісі келгені «Неге соны өзі айтпаған?» деген сұрақ тудыратыны анық. 

– Бұл – Гейзенберг принципі, – дейді ол. – Мен сұрақ қойғанда, жауап та өзгереді. Сонымен қатар мен қабылдайтын шешімге қалқан болады. 

Алайда мәселе бұл ғана емес. Жас қызметкерлердің айтарын тыңдасақ дегені – салқынқанды тактикалық есеп қана емес, өзінің мінезінің бір қыры. Сол мінезіне еріп ол Ақ үйдегі басшылармен емес, аспаздармен гольф ойнайды, өзін қатардағы ойыншы санайтындармен баскетбол ойнайды, Уошиңтонша коктейль ішуге бармай, кітап оқып үйде отырғанды ұнатады, нөпір халық ішінен «әдемі адамдарды» емес, қарттарды іздейді. Оның мәртебе жағынан қажеті бар, тек олар өзгеше. Оған қоса қалыптасқан мәртебе құрылымдарын санаға салып емес, түйсігіне еріп бұзуға бейім. Жеме жемге келгенде, оны президент қылған да – осы мінезі. 

Ал Пентагон Каддафидің Нью Орлеаннан екі есе үлкен қаланы жер бетінен жойып жіберіп, халқын түгел қырып тастауына тосқауыл болу жолын ұсынбағанына таңғалмадыңыз ба деп едім, Обама қысқа ғана «Жоқ» деп жауап берді. 

Бұл қалай болғаны, президент мен болсам, таңғалар едім дегеніме, ол: 

– Өйткені бұл өте күрделі мәселе. Әдетте процесс сені екіұдай шешімге жетелейді. Міне, араласқанның артығы мен кемі мынадай, араласпағандікі – мынадай дейді. Жұмыс барысында ақ не қара шешімге ғана тоқтай аласың, сұр реңктермен жұмыс істеген қиын. Бір есептен, жиындағылардың түйсігі солай деген соң... – ешкімді сынамайын дегендей сәл іркілді. – Біз ол кезде Ауғанстан ісіне араласып жатқанбыз. Ирактағы міндеттемелеріміз тағы бар. Ресурс шектеулі. Жиындағылар, «Бұл ел қауіпсіздігінің басты мүддесіне тимей ме?» деп ойлайды. Яғни, ел мүддесін қайта қарауды емес, ақ не қара шешім қабылдауды ғана ойлайтын жағдай.

Іс барысын қадағалап отырғандар президент қандай тоқтамға келуге тиіс десе, соған сай ойды алға тартты. Гейтс пен Малленге салса, Ливия ісіне араласу ел қауіпсіздігі мүддесіне қатер төндіре қоймайтын сияқты; ал Байден мен Дейли болса, бұл әрекеттің саяси тұрғыдан залалы көп дейді. «Қызығы сол, жүйе өз жұмысын дұрыс істеді, – деп еске алады жиынға қатысқандардың бірі. – Әркім өз міндетін мүдірмей атқарды. Гейтс айтарлықтай ел қауіпсіздігіне қатысты мәселе көріп тұрған жоқпын деп табандар тұрып алды. Байден бұл саяси тұрғыдан ақымақтық болар еді деді. Президент өз беделін де, орнын да бәске тігіп отырғанын ескертті».

Іргені жағалай отырғандардың пікірі басқаша болды. Кейбірі Руандадағы геноцидті өз көзімен көргендер еді. («Бөлмеде 800 000 тутсидің рухы жүргендей сезілді» дейді олардың бірі.) Кейбірі Обамамен президент болғанға дейін де жақын араласқан, онсыз бұл жиынға ешқашан қатыспас адамдар еді. Олар ең алдымен саясаткер емес, «Обаманың адамдары». Солардың бірі – Америка Құрама Штаттарының заманауи геноцидтерді елеусіз қалдырғанының моральдық және саяси салдарын зерттеп жазған A Problem from Hell (Тозақтан жеткен қиындық) деген кітабы үшін Пулитцер сыйлығын алған Саманта Пауэр болса, енді бірі – танымал боламын деп барын салған романист, бірақ 2007 жылы Обаманың алғашқы сайлауалды науқанында спичрайтер болып кеткен Бен Роудс. Президенттің ұйғарымы не болса да, Роудс соны тәпсірлейтін сөз жазуға тиіс, ал жиналыста ол АҚШ неғып қырғыннан шет қалғанын емес, неге оны тоқтатқанын жазғанды жөн көремін дейді. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің қызметкері Денис МакДоноу да, сондай-ақ, қазір Жо Байденге қызмет етіп жүрген, Руандадағы геноцид кезінде Билл Клинтонның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеген Энтони Блинкен де Ливия халқын аман алып қалуды қолдады. «Осы мәселе бойынша бастығыммен келісе алмаймын» деді Блинкен. Жалпы алғанда, жас қызметкерлер Бенгази тұрғындарын құтқару қажет екенін дәлелдеді. 

Тек оны қалай істеу керек?

Президент Пентагонның осы сұраққа жауап іздемегеніне таңғалмаған да шығар, тек ренжігені анық. «Жалпы, мына жиналыстың мәнін ұқпай отырмын, – дейді. – Маған «ұшақ ұшпайтын аумақ» белгілегеннен пайда жоқ дейсіздер, алайда содан басқа мардымды нәрсе тағы ұсына алмай отырсыздар». Ол генералдарға екі сағатта басқа шешім ойлап тапсын деп тапсырады да, кестедегі келесі шара – Ақ үйдегі салтанатты асқа аттанды. 

2009 жылғы 9 қазанда түн ортасында Обамаға Нобель бейбітшілік сыйлығы беріледі деген хабар жетеді. Әуелде әзіл екен депті. 

– Сол уақыттағы  жайттардың арасындағы ең бір тосындарының бірі болды, – дейді өзі. – Әрі соның арты жақсы болмайтынын да бірден ұқтым. 

Нобель сыйлығы комитеті мұның президент болып сайланғандағы басты шаруасын атқаруын қиындатып жіберді: Жер бетіндегі ең қуатты әскердің бас қолбасшысы бола тұра, қалайша бейбітшіліктің нышаны болмақ. Бірнеше аптадан кейін ол Бен Родс пен тағы бір спичрайтер Жон Фавроны жанына алып, өз ойын қалай жеткізсем екен деп талқылайды. Марапатты алып тұрып айтатын сөзінде соғыс керек екенін уәждеп, дәлелдеп беруім керек дейді. 

– Ирактағы соғысқа қатты қарсы шыққан, маған берілген Нобель сыйлығы әрекетсіздікті ақтап алмақ талпыныс деп ойлауы мүмкін еуропа жұртшылығына қарата сөйлеуім керек еді ғой. 

Родс та, Фавро да алғашқы сайлауалды науқанынан Обаманың жанында жүрген, сөз жазуға келгенде президенттің мәнерін шебер жеткізуші мамандар саналады. Олар Обаманың қалай сөйлейтінін жақсы біледі: уәждерді тізбектеп емес, әңгіме айтып тұрғандай етіп жеткізгісі келеді; нүктелі үтір қойып құрмалас сөйлемдер құрайды; қысқа фразалар емес, түйдек-түйдек сөйлейтін әдеті бар; ойында да, бойында да жоқ эмоцияларды жорта көрсетуден қашады. («Ол шынымен жасанды қылық істей алмайды» дейді Фавро.) Әдетте Обама спичрайтер жазған бірінші нұсқаны алып, өзі өңдеп шығады. «Бұл жолы қағазды қоқысқа тастай салды, – дейді Родс. – Негізі, мен мұнда оның ойын түсіне алғанымның арқасында жүрмін. Ал сол жолы мен мүлт кеттім».

Обаманың ойынша, бар мәселе өзіне тіреліп тұр екен. Бұл өзі толық тізбектеп болмаған уәждерін, толық уәждеп болмаған наным-сенімін жаздырмақ болғанында екен. 

– Өзім жазуға тиіс сөздер болады, – дейді ол. – Мәселенің мәнін өзін түйсінуге тиіс кездер болады.

Спичрайтерлеріне Әулие Августин, Черчилль, Нибур, Ганди, Мартин Лютер Киң сынды өзі қадір тұтын авторлардың соғыс туралы ойларын жинасын деп тапсырады. Екі бірдей қадірлісі – Мартин Лютер Киң мен Махатма Гандидің зорлық-зомбылықсыз шешімдерді ғана жақтайтын көзқарасын қатігез заманның аяусыз шындығына ұштастыратын амал іздеді. Президент сол мәтіндердің жиегіне ойын жазып, ұсыныстарын көрсетіп, спичрайтерлерге қайта жіберді. (Райнхольд Нибурдың «Неге христиан шіркеуі пацифист емес» деген эссесінің тұсына Обама: «Әл-Қаидамен аналогия жасауға бола ма? Төзімнің шегі қайда?) 

– Мәселе әлдебір уәж айтуда емес еді, – дейді өзі. – Мен уәжімнің бәрін ешбір тарап жайланып, тыныштала алмайтындай қылып құрсам дедім.

8 желтоқсан күні қолына тиген мәтін көңілінен шықпайды. 10 желтоқсанда Ослода марапатын алуы керек. Ал 9 желтоқсанда жиырма бір әр алуан кездесу тізіліп тұр. Атқаратын істер кестесіндегі 13:25 пен 13:55 арасындағы «Жұмыс үстеліндегі уақыт» және 17:50 мен 18:50 арасындағы «Президент уақыты» деп құрғақ қана көрсетілген, мағынасы жұтаң жазуды ғана «екі күннен кейін күллі әлемді аузына қаратып айтатын сөзін жазуға арналған уақыт» деп атауға болар ма?! Алайда бұл екеуінен бөлек тағы бір уақыты бар. Түн. Әйелі мен балалары жатып қалған соң басталатын тыныштық. Ең бастысы – айтары бар. Өзегін жарып шыққан сөздері бар.

Сол кеште ол Ақ үйдің тұрғын үй бөлігіндегі Келісім залына барып, үстел басына жайғасты. Алдына сарғыш блокнотын алып, №2 қарындашымен жазуға оқталды. Әдетте біз президенттің сөз сөйлеп тұрғанын елестеткенде, көз алдымызға мінбер келеді: ол халықты әлдебір ойға иландырып, әлдебір сезімге жетелеп тұрғандай болады. Тек президент алдымен өз күйі мен сезімін реттеп, өзін-өзі иландырмақ болады дегенді ойламаймыз. Алайда Обама солай істейді, өзін іштей «мінберге» шығарып, өз сөзіне өзін сендіруге бар күшін салады. 

Шындығында, ол авторлар жазған сөзді бірден қоқысқа тастай салмаған. Оның орнына, 40 минуттық сөзінің мәтінін толып қайта көшіріп жазды. 

– Ойымды жүйелеуге сеп болды, – дейді өзі. – Мен әділет жолындағы соғыс идеясын жеткізсем дегенмін, алайда әділ соғыс деген идеяның өзі қараңғыға жетелейтінін де мойындамай қоюға болмайды. Сондықтан бір нәрсені әділ деп кесіп айтуға келмес. Тоқтаусыз өзіңнен сұрақ сұрай беру керек. 

Сөзін жазып болғанда, сағат таңғы беске таяп қалған. 

– Кейде мен бір ақиқатқа жармасып алып, содан айырыла алмай жабысып жүргендей боламын, – дейді. – Ал менің аузымнан шыққан сөздер жүректерге жетсін десем, айтып тұрғаным ақиқаттың өзі екенін білуім керек. Адамдар түрлі нәрседен күш алады ғой. Ал менің күшім, міне, осыда.

Бірнеше сағаттан кейін ол спичрайтерлеріне ұқыпты майда жазуы тізілген алты сары парақ беріп жіберді. Бейбітшілік марапатын алып тұрып, пацифизмді жақтайтын жұртқа қаратып соғысты ақтап алатын сөз сөйлемек.

Родс мәтінді алғанда, екіұдай ойға түсті. Бір ойы бұл сөзден айқын саяси пайда жоқ секілді десе, екінші ойы – «Мұны қашан жазып жүр? Соны білсем ғой» дейді.

Ослоға бара жатқан ұшақта Обама сөзін тағы біраз өңдеді. 

– Шын айтса, сахнаға шығып бара жатып та мәтінді өңдеп үлгерді, – дейді өзі сол күн туралы әңгімесінде. 

Әйтсе де мінберде айтылған сөздердің дені негізінен Ақ үйдегі үстел басында, бір түнде жазылған еді. Сол сөзі Бенгази қаласындағы қырғынға неге жауап бермек екенін де, жағдай басқаша өрбісе, неге басқаша әрекет етуі мүмкін екенін де түсінсе керек еді.

Сағат 19:30 принципалдар Талқы бөлмесіне қайта жиылды. Бұл жолы Пентагон президентке үш нұсқа ұсынды. Біріншісі: ештеңе істемеу. Екіншісі: ұшақ ұшпайтын аумақ құру, тек онысы Бенгази қаласындағы қырғынға тосқауыл бола алмайтынын жақсы біледі. Үшіншісі: Біріккен Ұлттар Ұйымынан Ливиядағы бейбіт тұрғындарды қорғауға «қажет шараның бәрін» қолдану туралы қарар шығартып алып, содан кейін америкалық әуе күштері көмегімен Каддафи әскерін күйрету. 

– Екінші жиынға барғанда, нұсқаларға басқа қырынан қарай бастадым, – дейді Обама. – Ұшақ ұшпайтын аумақ орнатпайтыным анық еді. Өйткені бұл тек саяси жағынан өз басыңды ала қашу үшін жасалған қойылым сияқты. 

Нобель мінберінен сөйлеген сөзінде ол осыған ұқсас жағдайларда АҚШ жалғыз әрекет етпеуі керек деген ой айтты. «Мұндай жағдайда жан-жақты жұмыс істеуге бейім болуымыз керек, – деді ол. – Өйткені коалиция құру барысының өзі аяусыз сұрақ сұрауға мәжбүр етеді. Өзіңізді ардан аттамай әрекет етіп жүргендей көруіңіз мүмкін, алайда соныңыз алдамшы болуы да ғажап емес».

Ол бұл мәселені Америка жұртшылығына ғана емес, бүкіл әлемге қалай түсіндірсем екен деп ойлайды. 

– Іштей өзімнен: алдымызда нендей сынақтар тұр және осы жағдайда біз ғана істей алатын шешім бар ма? деп сұраймын, – дейді. 

Еуропа елдеріне де, араб әлеміне де жеткізсем деген ойы мынау еді: нақты әскери соққылардың көп бөлігі бізден болады, өйткені тез әрі тиімді соққы бере алатын біз ғана; ал одан кейінгі салдарын реттеу, қирағанды қайта тұрғызу – сіздерге қалар шаруа. 

– Бар ойым – бір айдан соң одақтастарымыздан “Бұларыңнан түк шықпайды, әлі де қимылдау керек” деген хабар алмасақ екен дедім. Сондықтан қорытынды сұрақ мынадай болды: біздің міндеттемеміздің пайдалы әрі нәтижелі болатындай шегі қайда? – дейді өзі.

Обама Талқы бөлмесіне қайта оралғанда да нендей байламға келерін анық білгем жоқ дейді. Тіпті ештеңе істемеу деген нұсқаны да әлі таразыға салып отырғанын жасырмайды. Бенғазиде бір миллиондай адам не тірі қалатынын, не қырылатынын білмей, тағдыры қыл үстінде тұрғанда, ол сұрақтың жауабы сол сәтте бұған да беймәлім еді. Оны райынан қайтаратындай жайттар да бар еді. Мұны райынан қайтару үшін Пентагон айта алатын нәрселер бар еді. 

– Біреу маған “ұшқыштардың өміріне қауіп төндірмей олардың әуе қорғанысын жою мүмкін емес” десе; немесе америкалық әскерилер бұл жолда басын қатерге тігеді деп анық айтылса, менің шешімді өзгерте алар еді, – дейді Обама.  – Әйтпесе, Саркози мен Кэмерон бұл іске шындап кірісіп, ақырына жетуге дайын екенін сезсем, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне қарар өткізе аламыз деген сенім болмаса, шешімім өзгерер еді.

Тағы да бөлмеде отырғандардың бәрінің жеке-жеке пікірін сұрап шықты. Негізгі құрамнан Сьюзан Райс қана (зор ықыласпен) және Хиллари Клинтон ғана (ол да ұшу аймағын жабумен шектелуге болар еді деп ойласа да) әйтеуір бір әрекет ету керек деген көзқарасқа қарсы еместей сыңай танытты. Жиында отырғандардың бірінің айтуынша, Уильям Дейли:

«Біз Ливияға неғып басып кіргенімізді Америка халқына қалай түсіндіреміз?» деп сұрайды. Әрі Дейлидің уәжі де жоқ емес еді: шындағанда, Ливияға жаны ашып отырған кім бар?

Президенттің пайымында Америка қоғамының Ливияда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарағанының пайдасы бар еді. Соның арқасында өзі, аз уақыт болса да, өз қалауынша әрекет ете алар еді. Ливия – анау күні Ақ үйдің көгалынан көрген шұңқыр іспетті еді.

Обама бір байламға келді: Біріккен Ұлттан Ұйымынан қарар шығартып, тағы бір араб еліне басып кіру. Қоя салса болар еді деген ойға ол: «Өйтпесек біз біз боламыз ба?» дейді, яғни «Мен мен болам ба?» дегені. Шешімді өзі, өзі ғана қабылдады. «Жиынға қатысқандардың ешбірі оны қолдаған жоқ, – дейді куәгерлердің бірі. – Ол істі қолдайтын-қолдамайтын таңдауға мүмкіндік те болған жоқ». Содан кейін Обама Доғал кабинетке көтеріліп, еуропалық мемлекет басшыларына қоңырау шалып, «оларды сынап көрмек болды».

Алдымен Кэмеронға, кейін Саркозиге қоңырау шалды. Парижде сағат түнгі үш болса да, Саркози «Мен әлі жаспын!» дегендей, ояу екенін айтып қоймайды. Еуропа көшбасшылары ресми қайырып, алғашқы бомба тасталғаннан кейін әрекетке кірісеміз деп келісім берді. Ертеңінде Обама Медведевке қоңырау шалып, Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымында мұның резолюциясына тосқауыл қоймайтынына көз жеткізді. Ресей Каддафидің Ливиядағы бір қаланың тұрғындарын қырып тастауына қарсы емес деп ешкім айтпаса да, Обама үшін халықаралық қатынастағы Ресейдің рөлі, қазіргі оның ішкі саяси істеріндегі республикандардікіндей болатын. Ресей дүниеге «біртүрлі» қарайды: АҚШ президенті нені қолдаса, олар соған қарсы шыға келеді. Обама Ресеймен қатынасын республикандармен қатынасынан әжептәуір жақсартып алдым деп есептейді; Медведев бұған сенім артып, АҚШ Ливияға басып кірген соң онда ұзақ тұрақтамайды дегеніне иланғандай болды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жоғары лауазымды америкалық бір шенеунік Ресей Обамаға резолюциясын өткізуге мүмкіндік бергенде, сол шешім Америка Құрама Штаттарының түбіне жетер ме екен деген арам пиғылы болған дейді. 

Түбіне жетуі де мүмкін еді. Ондай болуы әбден ықтимал екенін қай президент те  ұғады ғой. 17 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Обамаға резолюция берді. Ертеңінде ол Бразилияға ұшып кетіп, 19 наурызда бомбалау басталған кезде сонда жүрді. Конгрестегі демократтар тобы Обамадан Ливиядағы әскерді әкетсін деп талап етіп мәдімдеме жасады; Охайо штатынан шыққан демократ-конгрессмен Деннис Кусинич Обама заңсыз әрекет жасап отырған жоқ па деген сауал тастады. Бұрын президентті қол қусырып қарап отыр деп айыптаған түрлі адамдар лезде пікірін өзгертіп, оның қадамының дұрыс-бұрыстығына күмән келтірді. Содан бірнеше күн бұрын кезінде президент сайлауына түскен Ньют Гингрич: «Бізге Біріккен Ұлттар Ұйымының керегі жоқ. Бізге тек ел басшысы өз азаматтарын қыруына болмайды, сондықтан араласып жатырмыз десе жетер еді» деген еді. Бомбалау басталғаннан төрт күн өткен соң Гингрич Today бағдарламасында: «Мен бұлай істемес едім» деп мәлімдейді де, бұл сөзі Politico-да «Ливиядағы іске араласу бар болғаны оппортунизм мен медиада көзге түсіп қалуға талпыныс қана» деп шығады. Медиадағы тон да күрт өзгеріп шыға келді. Бір күні «Неге қол қусырып қарап отырсыңдар?» десе, ертеңінде «Бізді неге осындай күйге душар қылдыңдар?» дейді. Ақ үй қызметкерінің айтуынша: «Іске араласуды талап еткен адамдар АҚШ ол жерге басып кіргеннен кейін ашуланып, бұл әділетсіз деп шыға келді. Өйткені шынайы әрекетке қарағанда дау-дамайдың даусы қаттырақ шығады».

Президент бір байламға келген сәттен бастап-ақ талай адам бірдеңе қиыс кеткенін – Америка қуаты оғаш жұмсалғанының нышаны, ана бір оғаш президенттің сипаты қылып бетке басуға келетіндей әлдене болады деп күткен. 21 наурызда Обама Бразилиядан Чилиге ұшып барды. Чили көшбасшыларымен бірге сахнада Los Jaivas деген фолк-рок тобының Жердің шығу тарихын баяндайтын аңыз әнін тыңдап тұрғанында біреу сыбырлап, бір F-15 ұшағы Ливия шөлінде апатқа ұшырағанын жеткізді. Кейін кешкі асқа бара жатып, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Томас Донилон ұшқыш аман қалғанын, бірақ штурман із-түссіз жоғалып кеткенін айтты. 

– Ең алдымен ана жігітті қалай табуға болар екен деп ойладым, – деп еске алады Обама. – Іле-шала қашан да бірдеңе қиыс кетеді деген қауіп бар екенін, ал қиыс кеткеннің салдары болмай қоймайтынын ойладым.

Ливиялық көтерілісшілер Тайлер Старкті тауып алғанда, оны қайтерін білмей, қапелімде абдырап қалды: анау арабша білмейді, мыналар арабшадан өзге тіл білмейді. Қайткен күні де, Тайлердің де шешіліп сөйлей қоятын зауқы жоқ еді. Әлбетте ливиялықтар Каддафи әскерін біреулер бомбалап жатқанын түсінген, алайда нақты кім екенін білмейтін. Аспаннан құлаған осы ұшқышты ұзақ қарап алып, француз болар деген. Сол кезде Триполидегі ағылшын тілі мектебінің иесі Бубакер Хабиб Бенгазидегі қонақүйде диссиденттермен бірге жасырынып жатқан. Көтерілісшілер жасағындағы досы французша сөйлейді-ау деген сеніммен оған телефон шалып сұраған. «Бір француз ұшқышын тауып алыпты, – дейді Бубакер. – Ұшағы құлаған екен. Мен 2003 жылы Францияда тұрғанмын, французша бір-екі сөз білемін. Сондықтан ‘иә’ дедім».

Досы Бубакерге Бенгазиден 30 шақырымдай жердегі «француз ұшқышымен» сөйлесуге келші, оған қалай көмектесуге болатынын біліп берші дейді. Түн ортасы екенін де, анадайда бомбалар жарылып, атыс жүріп жатқанын да елемей, Бубакер көлігіне отырып, келіскен жерге барады. «Мен барсам, Старк тізесін құшақтап жерде отыр, – дейді Бубакер. – Шынымды айтсам, оның қатты қорыққаны көрініп тұр. Не болып кеткенін ұқпай қалған. Көтерілісшілер айнала қоршап тұр, олардың не дос, не қас екенін білмейді».

«Bonjour» деді Бубакер, бәлкім олай демеген де шығар, алғаш не айтқанын өзі де ұмытып қалған. Алайда Тайлер Старк сөйлегенде, Бубакер дереу акцентін танып: «Сіз америкалықсыз ба?» деп сұрайды. Старк «иә» деді. Бубакер оған таяп барып, АҚШ елшілігінде достары барын айтады. Олар соғыс басталған алғашқы күндері эвакуацияға кетіп қалған, ал Старк бұған еріп Бенгазиге барса, оларға хабарластыра аламын дейді. «Ол маған таңдана қарады» деп еске алады Бубакер.

Бенгазиге қарай бара жатқанда, Бубакер Старктің бір жағынан таңырқап, енді бір жағынан сақтанып отырғанын сезді. Әйтеуір, Бубакер Америка Ливияны неге бомбалап жатқанын білгісі келсе де, Старк оған жарытып ештеңе айтқысы келмейді. Сондықтан Бубакер 80 жылдардағы әндерді қосып, әңгімені соғыс тақырыбынан аудырып әкетпек болады. Бірінші болып Даяна Росс пен Лайонел Ричидің Endless Love әні қосылды. «Білесіз бе? – дейді Бубакер. – Мұны тыңдағанда екінші алған әйелім есіме түседі». 

Бубакердің айтуынша, олар жол бойы әңгімелесіп барғанмен, әскери іс-қимыл туралы сөз қозғамаған. Ол «америкалық ұшқышты» қонақүйге жеткізіп, көтерілісшілерге айналаны күзетіп тұрсын деп тапсырады. Тіпті ливиялықтар да Америка қоғамының пікірі құбылмалы екенін ұғатын секілді. «Мұнда америкалық ұшқыш бар. Ол қолға түсіп қалса немесе өлсе, миссия орындалмай қалады. Оған қауіп төнбеуге тиіс» дейді Бубакер. Содан кейін досына – бұрын Триполидегі АҚШ елшілігінде қызмет атқарып, Уошиңтонға көшіп кеткен досына қоңырау шалды.

Старкты алып кететіндер келем дегенше бірнеше сағат өтеді. Ол Бубакердің жанында қонақүйде отырғанда, қала жұртына құтқарушы «француз ұшқыш» туралы хабар тарап кеткен. Қонақүйге келгендердің ішінен бір ер адам Тайлерге раушан гүлін беріпті, Старк оған әрі қызығып, әрі әсерленіп қалған. Енді бүкіл қаладан гүл ұстаған әйелдер қонақүйге ағыла бастайды. Старк адам толы бөлмеге кіргенде, жұрт тік тұрып, қошеметтеп қарсы алады. «Мен Ливияға не боларын білмей барғам, – дейді ол, – әйтеуір қошемет пен алғысқа бөленемін деп ойламағаным анық».

Бубакер Старктің аяғын емдейтін дәрігер тауып әкеледі де, солардың бірінің iPod-ында Skype бар екен. Старк базаға хабарласайын десе, Ұлыбританияның кодын есіне түсіре алмайды, сондықтан есінде бар ең пайдалы нөмір, яғни ата-анасының телефонына қоңырау шалады.

Бір сәтте Бубакер оған қарап: 

– Сен Ливияға неге келгеніңді білесің бе? – деп сұрайды.

– Орындайтын миссиям бар, – дейді Старк.

– Ол мұнда неғып келгенін білмейтін, – дейді Бубакер. – Сол себепті мен оған бірнеше бейнежазба көрсеттім. Балалар қырылып жатқан бейнежазба болатын.

Осы арада көшбасшы мен бағынышты арасында біртүрлі оғаш билік теңгерімі туындады. Барак Обаманың өз бетімен, өзімбілемге салып қабылдаған шешімінің кесірінен Тайлер Старктің басына қатер төнді. Бір адамның тағдыры өзге адамның мінезіне қарап қалды. Президенттің шешімі келешекті көздеген: Каддафидің көзі құриды, Ливияда алғашқы еркін сайлау өтеді деген келешектен үмітті еді. Сөйте тұра ол өткенге де сілтейді: Обама бір бөлмеге қарындаш ұстап жалғыз кіріп, сәл кейінірек өз сөзіне сенімді адамға айналып шықты.

Дәл сол секілді президенттің де тағдыры Тайлер Старкке қарап тұрған. Ливияда не нәрсе қиыс кетуі мүмкін еді деп сұрағанда Обаманың ең әуелі айтқаны «сол ұшқыш» деген сөз еді. Ол Америка жұртшылығына әңгіме өтетінін жақсы біледі, тіпті өзінің сайлануына сеп болғаны да – сол шебер әңгімеші болғанынан деп сенеді; ал қызметінде қиындық шыға бастағаны – өзі де байқамай әңгіме айтпай кеткенінен дейді. Егер ұшқыш басқа адамдардың қолына түссе, немесе басқа бір жерге қонса, тіпті әлгі итті атып тастаса, бұл жаңа бір әңгіменің басы болар еді. Ондайда бұл әңгіме Америка жұртшылығы елемей келген: құндылығымыз ортақ деп жүрген адамдарды тираннан азат ету үшін ауқымды халықаралық коалиция құрғаны туралы күрделі әңгіме болудан қалар еді. Оның орнына қарабайыр, қарсыластары өз мүддесіне пайдалана алатындай: жұртын бір араб еліндегі соғыстан алып шықсын деп сайланған президент басқа соғысқа қатыстырып қырып жатыр деген әңгімеге айналар еді. Егер Старк бәлеге ұшыраса, Ливиядағы соғысқа араласқаны Ақүй маңындағы шұңқыр емес, керісінше Черчилльдің бюсті болып шығар еді. Сол себептен Обама былай дейді: артқа көз тастасақ, Бенгазидегі қырғынның алдын алу ап-айқын көрінгенімен, сол сәтте ол «51–49 шешімдердің бірі» болатын. 

Енді бір жағынан, Обаманың бағы бар екен. Бұл жолы араб еліне кіргенімізде, жұрт бізді бірден батыр деп қабылдады, өйткені ол елдің тұрғындары біздің араласуымыздан империализм актісін көрген жоқ.

Осы бертіндегі жаздың соңғы күндері президент әдеттегідей қарбалас болған жоқ: Хиллари Клинтонмен 30 минут, Қорғаныс министрі Леон Панеттамен тағы 30 минут, вице-президентпен түскі ас, ауыл шаруашылығы министрімен құрғақшылық жайлы әңгімелесу. Сондай-ақ ел чемпионатында жеңіп шыққан Бейлор университетінің Lady Bears баскетбол командасын қабылдады, бір телехабарға сұқбат берді, апталық үндеуін таспалады, Washington hotel-дегі қайырымдылық шарасына бас сұғып шықты және алғаш рет Митт Ромнимен арада болатын дебатқа дайындалуға отырды. 

– Шынымен қиын күндер деген кестең нығыз күндер емес, – дейді өзі. – Бүгін әдеттегіден сәл қиын күн болды. 

Күнді қиын қылып жіберген – Болгариядағы туристер мінген автобус жарылып, бірнеше Израиль турисі қаза тапқаны және Сирияда бейбіт тұрғындар қырылғаны туралы хабарлар еді.

Бірнеше күн бұрын мен оған ұшақта қойған сауалымды қайта қойдым: президент болу үшін қандай эмоциялық күй диапазоны керек және президент бір күйден басқа күйге қаншалық жылдам ауыса алуы керек деп сұрадым. 

– Менің ең маңызды міндетімнің бірі – жұрттан бұғып қалмағаныма сенімді болу және істеп жүрген ісімнің мәнінен жасырынбау, сөйте тұра соған өзімді тұншықтырардай тереңдей беріліп кетпеу, – дейді ол. – Бірінші жолы – ресми түрде ғана іс жүргізу. Меніңше, бұл президент үшін қауіпті. Алайда басқа да бір жол бар.

– Бұл табиғи күй емес қой, – дедім мен.

– Жоқ, – деді ол да сөзіме келісіп. – Рас. Кейде мен басымдағы күйімді ішімде сақтап, күннің аяғында ғана сыртқа шығаратын сәттер болады.

Ақ үйдегі ең сүйікті орнын көрсетсінші дедім. Доғал кабинеттен шыға сала, ол оңтүстік жақ айлақты бойлай кері жүрді. Жеке лифтісімен екінші қабатқа шықтық. Жол бойында Обама сәл қобалжығандай көрінді, ешкімге ескертпей бейтаныс адамды үйіне ертіп әкелгені ішкі саясатқа қалай әсер етуі мүмкін екенін енді ойлаған сынды. Отбасының қонақ бөлмесі болса керек, футбол алаңының жартысындай үлкен залға өттік. Адам тұратын бөлмеге ұқсамағанымен, Ақ үйдің өзге бөліктеріне қарағанда, үй жайлы сезілді. Мишель Алабамаға қоғамдық іс-шараға кетіпті, бірақ анасы енесі жұмсақ креслоға жайғасып кітап оқып отыр. Ол қонақ күтпегенін аңғартып, таңырқай қарады. 

– Үйіңізге шақыртпай келіп тұрғаныма ғафу өтінемін, – дедім.

Ол күліп: 

– Оның үйі ғой! – деді.

– Менің Ақ үйдегі ең сүйікті орным, – деді президент, – мына жақта.

Қонақ бөлмеден кейін оның кеңсесінің жанынан өттік. Бөлме үлкен, ресми болғанымен, жайлылығы есіп, күнделікті адам арылмайтыны көрініп тұр. Бірде одан ақ үйге алғаш көшкен кездегі сезімін сұрағанымда, былай деген: 

– Ақ үйге алғаш көшіп келіп қонғанда, міне, Ақ үйде келдім. Осында жатырмын деп ойлайсың. – Күліп жіберді. – Кенет түн ортасында оянып кетсең, бойыңды біртүрлі сезім буып, күлкі қысады. Мұндай жұмысқа кімдерді алады? Мен мұнда қалай келіп қалдым? Бұл лауазымға кімнің қолы жететінін кейде кездейсоқ жағдайлар шешіп кетеді. Линкольн жатқан жерде неғып жатырмын? Тек ол ұзаққа созылмайды. Бір аптадан соң, жұмысыңа батып кетесің.

Оңға бұрылып, сарыға боялған доғал бөлмеге кірдік, оны, көрініп тұрғандай, Сары бөлме деп атайды екен. Обама бөлменің арғы шетіндегі француз есігіне қарай жүрді. Бірнеше құлыпты ашып, сыртқа шықты. 

– Ақ үйдегі ең керемет жер осы, – деді.

Мен оған ілесіп Трумэн балконына шықтым да, оңтүстік беттегі көгалдың мінсіз көрінісіне көз тастадым. Жефферсон мемориалының алдында сарбазға ұқсап Уошиңтон монументі тұр. Ыдысқа егілген поинсеттиялар ауладағы қонақ бөлме тәрізді бір орынды қоршай тұр. 

– Бұл – Ақ үйдегі ең керемет орын, – деді ол тағы бір мәрте. – Мишельмен бірге түнде осында келіп, жай ғана отырғанды жанымыз сүйеді. Мұнда сыртта жүргендей боласың. Көбіктен тыс өмірдегіге ең жақын сезім.

Air Force One ұшағында отырғанымызда одан: 

– Сізді ешкім танымайтын, қалағаныңызды істей алатын бір күн берілсе, оны қалай өткізер едіңіз? – деп сұрадым.

Ол ойланбастан былай жауап қатты:

– Һавайда тұрған кезімде мен Уайкикиден әжемнің үйіне қарай көлікпен баратынмын, жағалау бойлай шығысқа қарай жүріп отырып Һанаума шығанағынан өтесің. Анам маған аяғы ауыр кезінде жағалау бойлай серуендеп көп жүрген екен… Көлігіңді қоясың. Жайғасып отырасың да, толқындарға қарап, ойланасың. Кілттерді сүлгіге орап қойып, мұхитқа секіресің. Толқын арасындағы үзілісті күту керек… Серфиңге арналған тақтайшаға тұрасың, өзіңде бір-ақ тақтайшаң болады, дұрыс толқынға дөп түссең, солға беттейсің, өйткені сол жақ – батыс… Содан соң толқынмен төмен сырғисың. Толқынға шағылып күннің жалт-жұлт еткенін көресің. Су бетіндегі иероглифке ұқсап теңіз тасбақасы жүзіп жүреді… Сол жерде бір сағат өткізесің. Ал күн сәтті болса, алты-жеті жақсы толқынды, тағы алты-жеті онша емес толқынды ұстап үлгересің. Содан кейін көлігіңе қайтып барасың. Бір құты газды су не шырын аласың. Отырасың да, күннің батып бара жатқанын тамашалайсың… – Ол қиялдап тұрып былай деді: – Ал егер дәл сондай тағы бір күн берілсе…

Тек ұшақ жерге қонды да, түсетін уақыт келді.

– Мен президент болсам, тізім жасайтын шығармын, – дедім.

– Мен солай істеп жүрмін, – деді ол. – Сізге берер соңғы кеңесім. Тізім жасаңыз.

Трумэн балконында тұрғанда сыртқы әлеммен арада ештеңе қалмағандай сезілді. Конституция даңғылында, оңтүстік қақпаның артында әрі-бері жұрт жүр. Обама қол бұлғай қалса, біреу оны байқап, жауап қатуы мүмкін еді. Былтыр қарашада Ақ үйге мылтықтан оқ жаудырған адам қай жерде тұрғанын нұсқай бере, бұрыла түсіп, сәл бір жақтырмаған кейіппен оқ тиген тұстарды көрсетті.

Ішке қайта оралғанда, бойымды шаруамды атқарып шықтым деген ойға сай келмейтін біртүрлі сезім биледі: бұл жерде жүрмеуім керек сияқты. Кеңістікті сезінуде ерекше талғамы мен таланты бар адамға бұйырған оңаша қалатын азғантай мүмкіндікке қол сұққаным дұрыс емес секілді көрінді, тіпті бұл қаталап шөлдеген адамнан тісімді шаяйын деп су сұрап алғанға пара пар сынды.

 – Біртүрлі болып тұрмын, – дедім. – Сізге кедергі болмайын.

Ол күліп жіберді: 

– Жарайды, – деді. – Тек ақыры келген екенсіз, тағы бір нәрсе көрсете салайын.

Ол мені дәлізден Линкольнның жатын бөлмесіне бастап барды. Онда тұрған үстелдің үстіндегі жасыл шұғаның астында бір қастерлі нәрсе жатқаны анық еді.

– Кейде осында келуге мәжбүр қылатын қиын күндер болады, – деді президент. – Сондайда келемін бұл жерге.

Ол матаны сыпырып, Гөттисбөрг жолдауының қолжазба нұсқасын көрсетті. Линкольн жазған бес нұсқаның бесіншісі, тек ол біреуіне ғана қол қойып, күнін жазып, ат қойған. Алты сағат бұрын президент Бэйлордың Lady Bears командасының жеңісін тойлаған. Төрт сағат бұрын ол Сирияда өз үкіметі қырып жатқан бейкүнә адамдарды ажалдан арашалап қалу жағын ойлап, шешім іздеп отырған. Ал қазір өзіңді мазалаған ойларды бөлеген сөздерің, өзгеден бұрын өзіңе айрықша билігі болатынын түйсінген өзге президенттің сөздерін оқып тұр.

Аа