9
The Atlantic

Оқырмандықтың ақыры келді

Роуз Хороуитч
Сурет:
Майк Кокс (Unsplash)

Оптимистер бір кездері сауаттылықтың сөзсіз жаппай салтанат құрарына сеніп еді. Алайда қазір оқу дәуірі адамзат тарихындағы ғұмыры қысқа бір құбылыс болып қана қалуы мүмкін деген ой кезіп жүр.

Тыңдау
0:00
1x

Ел жадында сақталған аңызға сенсек, 2300 жыл бұрын Мысыр патшасы Птолемей I сарай кеңесшісіне төрткүл дүниедегі жазба мұраның ауқымды қорын жинауды тапсырады. Ескендір Зұлқарнайын қарамағында қызмет еткен Птолемей адамзат қол жеткізген бар білімді бір жерге жиып, көздің қарашығындай қорғайтын кітапхана құруды ойласа керек. Оның мұрагерлері де аманатқа қиянат жасамады. Патша нөкерлері Александрияға зәкірін тастаған әр кеменің ішін тінтіп, жазба бумалар іздеп, астаң-кестеңін шығаратын. Табылған олжа Аристотельдің Лицейіне ұқсатып жасалған Музалар мекені – Мусейонға орналастырылатын. Әлгі жердегі жәдігерлер ішінде Аристотельдің өзінің жеке кітап қоры да болған деседі.  

Александрия кітапханасы тарихынан сыр шертетін талай дүние бізге жетпеген. Әйтсе де, бағзы заманның ең асқақ ақыл-ой жетістіктері дүниеге келген орда болғаны баршаға аян. Патша кітапханада тұрып, еңбек еткені үшін ғалымдарға ақы төлеген. Ал кітапхана қоры кез келген білімқұмардың игілігіне жараған. «Білімге ынтық жандарға есігі айқара ашық болған бұл мекен күллі қала жұртын даналық жиюға шабыттандырды», – деп жазған екен кітапханаға келген грек шешені. Дәл осы орында Эратосфен Жер шеңберінің ұзындығын есептеп шығарса, Зенодот Гомер дастандарының ең көне қолжазбаларын күзеп-түзеп, бір жүйеге келтірген. Геометрия ғылымындағы әйгілі «Негіздер» (Elements) еңбегін жазған Евклид те осында білім алған болуы ықтимал.

Білім қуған бұл ғасырдың дәурені ұзаққа бармады. Б.з. 400 жылдарында кітапхана тарих сахнасынан біржола ғайып болды. Көптеген зерттеушілер оның күйреуін білім жолындағы ең ұлы қасіретке балап, «Қараңғы ғасырлардың» (Dark Ages) бастауы болды деп сенеді. Тарихшылар оның түбіне не жеткенін анықтау жолында папиросты папиросқа жалғап, ақиқатына жете алмай сан ғасыр дал боп келеді.

Осыған дейін жұртшылық «бұған соғыс себеп болған» дегенге сеніп келді. Б.з.б. 48 жылы Юлий Цезарь Александрия қоршауын отқа орап, кемінде 40 мың бума жазбаның күлін көкке ұшырған. Кітапхананың содан қалған сарқыны IV ғасырға дейін сақталып келген. Алайда сол кездерде Александрия архиепископының жақтастары аман қалған қолжазбалар сақталған ғибадатхананы тонап, пұтқа табынушылардың мінәжат орнын күл-талқан еткен. Дегенмен қазіргі заман тарихшылары құлақ естіп, көз көрмеген бұл оқиғалар кітапхананың құрдымға кетуіне басты себеп болмаған дегенге келтіреді. Оның түбіне жеткен әлдеқайда қарапайым себеп көрінеді – қазынаның қараусыз қалуы.

Кітапхана қорын сақтап, күтіп ұстаудың өзі қыруар қаржыны талап еткен. Ылғал салдары, тышқан мен түрлі жәндіктердің папирус бумаларды кеміруі жыл өткен сайын ол жерді тоздыра берген. Жазбалар ескіріп, әріптері өшіп, оқуға жарамсыз болып қалмауы үшін хатшылар көне мәтіндерді қайта-қайта көшіріп отыруға мәжбүр болды. Ақырында кітапхананы күтіп ұстаудың машақаты оны сақтап қалсам деген ниеттің түбіне жетті. «Кітапхананың жоғалуы Қараңғы ғасырларға (Dark Ages) бастау болды деу де, оның сақталып қалуы сол дәуірдің жағдайын оңалтар еді деу де ақылға сыймайды», – деп жазған екен классикалық дәуірді зерттеуші Роджер Бәгнолл. Кітапхананың біртіндеп қараусыз қалып, ақырында түгі қалмай құрып кетуіне жол берудің өзі «Қараңғы ғасырлардың» әлдеқашан-ақ салтанат құрып тұрғанын көрсетеді емес пе?!

Енді, міне, дәл содан 2000 жыл өткендегі жағдай мүлдем басқаша болса да, қайтадан көгімізді қараңғылық торлағанға ұқсайды. Бір кездері оқымысты болуды абырой санаған америкалықтар қазір әлдеқайда аз оқитын болып алды. Халықтың оқу әдеттеріне қатысты жан-жақты сауалнама жүргізетін Ұлттық өнер қорының (NEA) дерегіне сенсек, ересектердің жартысына жуығы 2022 жылы қолына кітап алып, парақтап қойғанын айтқан екен. Көркем новелла немесе қысқа әңгіме оқығандар тек 38 пайызды құраған. Америкалықтар уақытын неге арнайтынын зерттеген сауалнамадағы 236,000 жауапты зерттеу барысында анда-санда ермек үшін кітап оқитындар саны 2004 жылы 28 пайызды құраса, 2023 жылы 16 пайыз болғаны анықталған (Зерттеу кітап, журнал, газетке үңілгеннің бәрін есепке алған; аудиокітап тыңдағанды не элекрон кітап оқығанды да). Адамдар енді ермек үшін кітап оқымай, құмар ойындарына әуестеніп кетіпті. Өткен жылы америкалықтардың 57 пайызы бәс тігіп, бағын сынағандар қатарынан табылған екен.

Оқырмандықтың құлдырауы жас, жыныс һәм білім деңгейіне қарамастан, жұрттың бәрін жайлаған. Әуелден көп оқиды деп есептеліп келген зейнеткерлер, әйелдер мен жоғарғы оқу орнын тәмамдағандардың өзі де бұл әдеттерін қойып барады.

Қазір халық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңіл дүниеге құмар. New York Times бестселлерінің сөйлемдері осыдан бір ғасыр бұрынғымен салыстырғанда үш есе қысқа келеді. Ұзақ сөйлем болғаны жақсы деп отырғаным жоқ. Тек олардың бұрын көп болғаны сол замандағы америкалықтардың салмақты әдеби туындыларды оқуға деген қарым-қабілетін көрсетсе керек. 1958 жылы Борис Пастернактың «Доктор Живаго» кітабы ағылшынға тәржімаланған кезде Publishers Weekly дерегі бойынша, сол жылдың ең көп сатылған романы атанған. Пастернактың сөйлемдері шұбалаңқы да күрделі келеді: «...Таулы өлкенің бозғылт та жылы таңында патшаны аяп кеттім, бірақ оның осындай жасқаншақ ұстамдылығы мен ұяңдығының өзінде біреуді езгіге салған өктем болмысы жатуы мүмкін деген ойдың өзі жанымды түршіктірді...»

Өткен жылы ең көп сатылған роман жасөспірімдерге арналған «Аштық ойындары» (The Hunger Games) сериясының ең соңғы кітабы «Шабындықта атқан таң» (Sunrise on the Reaping) болды. Нью Йорк қоғамдық кітапханасының бас маманы Брайан Бәннон жасөспірімдерге арналған көркем әдебиет кітапхананың ең танымал бөлімдерінің бірі екенін тілге тиек етіп, оны жасамыстар да көп оқитынын алға тартты (Үздік ондыққа балаларға арналған «Тойдың шырқын бұзушы» (Partypooper), «Қырсық баланың күнделігі» (Diary of a Wimpy Kid) сериясының 20-шы кітабы және «Догмен: Биг Джим сенеді» (Dog Man: Big Jim Believes) сияқты кітаптар да кірген). Ал ересектерге арналған кітаптардың ішінде ең көп танылған роман – ромэнтези жанрындағы шытырман оқиғалы «Оникс дауылы» (Onyx Storm). Бұл кітап қанша қызық десек те, Пастернактай емес: «Ол маған тесіле қарағанда, атжақты жүзінің шықшыты бүлк етті де, қоңырқай өңіндегі болар-болмас түк басқан терісі толқып қоя берді».

Америкалықтар бұрынғыға қарағанда жаңалық оқуды да азайтқан. 1975 жылы жиырма жастан асқан жастардың шамамен жартысы күн сайын газет оқитынын айтқан. Ал бүгінде олардың 10 пайыздан азы ғана газет оқиды. Қазір АҚШ халқының көпшілігі жаңалықты телефоны мен ноутбугынан алады, ал 40 пайызы интернеттегі жаңалықтарды оқығаннан гөрі көргенді немесе тыңдағанды жөн көреді.

Бұл өзгеріс көбіне «сауаттылық дағдарысы» (literacy crisis) деп аталады. Америкалықтардың негізгі оқу дағдыларының төмендеп бара жатқаны рас. Соңғы он жыл ішінде төртінші және сегізінші сынып оқушыларының оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіштері төмендеген. Америкалық мектеп кітапханашылары қауымдастығының басқарма мүшесі Аманда Корделиски маған әріптестерімен бірге оқушылардың оқу деңгейінің төмендеуіне икемделу жолында жаңа кітаптар сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. Олардың ішінде ең танымалдарының бірі графикалық романдар көрінеді: бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ағаш басындағы ғажайып үйшік» (Magic Tree House) сериясы сияқты жаңартылған классикалық шығармалар және орта әрі жоғары сынып оқушыларына арналған мангалар.

2024 жылы жүргізілген ұлттық тестілеуде мектеп бітірушілердің небәрі 35 пайызы күрделі көркем шығармалардың тақырыбын талдау және автор дәлелінің қаншалықты өтімді екенін бағалау сияқты оқу дағдыларын «жетік» меңгерген. Шамамен осынша оқушы «бастапқы деңгейден төмен» нәтиже көрсеткен. Яғни олар мәтінде айдан анық айтылып тұрған дүниелерге қатысты ой түю немесе бейтаныс сөздің мағынасын контекст арқылы түсініп алу жағынан қиналады деген сөз. Ересектердің де оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіштері төмендеген. Олардың 30 пайызға жуығы бірнеше беттен тұратын мәтінді өз сөзімен жеткізуге қиналады немесе мәтіннің жасырын астарын аңғарып, қорытынды да жасай алмайды. 2017 жылы бұл көрсеткіш 20 пайыздан төмен болған.

Десе де, бір қызығы, америкалықтар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп сөз оқитын болуы ықтимал. Мәселе тек олардың нені және қалай оқитынында жатыр. Адамдардың алдынан электрон хаттар, мәтін хабарламалар, X-тегі жазбалар, Reddit-тегі талқылаулар, Instagram-дағы посттар толассыз өтіп жатады. Осындай шолақ мәтіндер тасқыны тілі шұрайлы, жеткізетін ақпары күрделі келетін көлемді жазбаларға ұзақ уақыт арнап, бар назарын салып оқудың орнын басты. Лос Анжелестегі Калифорния университетінде (UCLA) істейтін когнитив нейробиолог Марианна Вулф адамдардың жазбаша мәтінді тереңнен зерделеу қабілетінен айырылып бара жатқанын айтады. Бірақ бұл сөздерді тану мен оқуды ұмытып бара жатыр деген сөз емес. Керісінше, мәтінді түсіну және түрлі ойларды өзара байланыстырып, түпкілікті қорытынды жасау сияқты жоғары деңгейлі қабілеттерінен айырылып барады. Басқаша айтқанда, Америка сауатсыз болып бара жатқан жоқ. Ол постсауатты (postliterate) қоғамға айналып бара жатыр.

Жағдай бұдан әрі де нашарлай түседі, әрі бұл үдеріс өте қарқынды жүріп өтеді. Келесі ұрпақ қазіргі ересектердің бала кезінде оқығанынан әлдеқайда аз оқиды. Балабақша тәрбиешілерінің айтуынша, олардың қамқорлығындағылар балаларға арналған тақпақтар мен ертегілерді білмейді. Бұл туралы маған Йель университеті мен Коннектикут университетінің Haskins Global Literacy Hub орталығының директоры Бенджамин Пауэрс айтқан еді (236 мың америкалық ересек қатысқан зерттеуде анда-санда баласына кітап оқып бергендердің үлесі небәрі 2 пайыз болған). 1984 жылдан 2025 жылға дейін 13 жастағы балалардың кітапты ермек үшін анда-санда оқып қоятынын немесе мүлде оқымайтынын айтқандардың үлесі 8 пайыздан 29 пайызға дейін өскен. Бала есейген сайын оның кітап оқуға деген ықыласы да бәсеңдей түседі. Америкалық өнер және ғылым академиясының бағдарлама директоры Роберт Таунсенд жоғары сынып оқушыларынан өз еркімен, өз рахаты үшін кітап оқуға қатысты ойларын сұрап, жақында пікірталас өткізіпті. Оның айтуынша, оқушылардың көпшілігі кітапты рахаттанып оқу дегенді өздеріне жат бір әдет сияқты қабылдаған.

Кітап оқу тіпті қоғамның ең білімді өкілдерінің кейбіріне де қажетсіз нәрсе сияқты көріне бастаған. Харвард университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы қолдау бөлімі директорының орынбасары Маргарет Ренникс бір кездері көне ағылшын тілінде жазылған кітапты оқуға қиналып жүрген студентпен сөйлескенін айтты. Оның қиналған шығармасы Энтони Бөрджестің 1962 жылы жазылған «Бұрама апельсин» (A Clockwork Orange) романы еді (студент кітапты жеңіл әрі түсінікті тілге «аудару» үшін ChatGPT қолданған). Жуырда Харвардтың әлеуметтану профессоры студенттердің «курс бағалауында өздеріне берілген күрделі мәтіндерді көп оқуға тура келгеніне» наразылық білдіргенін көріп, Ренниксті сабаққа шақырып, кітап оқудың маңызын түсіндіріп сөз сөйлеуін өтінген. Сонда ол Америкадағы ең таңдаулы университеттің, әрі жазбаша бақылау, дәлелдеу және талдауға негізделген пәнді оқып жатқан студенттерге «үзінділер мен қысқаша мазмұн деген сияқтылар түпнұсқа мәтіннің тереңдігі мен күрделілігін толық жеткізе алмайтынын» түсіндіруге мәжбүр болған. Ренникстің айтуынша, кейбір студенттер қазір кітап оқуды білім алудың қажетсіз әрі ауыр жолы деп қабылдайды.

169 жылдық тарихы бар журналда қызмет ететін жазушының оқырмандықты жақтауы өз мүддесін көздегендей көрінуі мүмкін. Алайда постсауатты дәуірдің кесапатын көретіндер қара сөзбен нәпақа тауып жүргендер ғана емес. Оқу жай ғана дағды немесе өзара қарым-қатынас жасаудың құралы болудан да үлкенірек миссияға ие. Бір-бірімізбен байланысу үшін қолданатын ақпарат құралдары біз өмір сүріп отырған әлемнің қалыптасуына әсер етеді. Ежелгі адамдар мыңдаған жыл бойы тек ауызша қарым-қатынас жасады. Ал оқу мен жазудың пайда болуы қоғамды түбегейлі өзгертті. Ол адамдардың санасына, ұстанымына, сондай-ақ қол жеткізе алатын зияткерлік мүмкіндіктеріне ықпал етті. Оқудың құлдырауы да осындай ауқымды өзгерістерге әкеп соғады. Ол біздің ішкі ой-толғаныстарымызға, қоғамдағы саясат пен мәдениетке және өркениетіміздің тарихын қалай баяндайтынымызға әсер етеді. Көз салып қарасақ, бұл өзгерістердің әлдеқашан басталып кеткенін байқауға болады.

Оқу ешқашан адамға табиғатынан тән қасиет болған емес. Адам миында әріптерді сөздерге айналдырып, оларды шынайы өмірдегі нысандармен байланыстыруға арналған қалыптасып қалған туа бітті таным жүйесі жоқ. Оқу үшін адамдар сөйлеу мен заттарды тануға жауап беретін ми бөліктерін басқа мақсатқа бейімдеуге мәжбүр болды. Оқу тәжірибесі алғаш рет шамамен 6000 жыл бұрын Месопотамияда пайда болды. Одан кейінгі мыңдаған жылдар бойы халықтың басым бөлігі сауатсыз болды. Ал сауаттылық салыстырмалы түрде жақында ғана жаппай белең алған құбылысқа айналды. Бұл 1440 жылы Иоганнес Гутенбергтің баспа білдегін ойлап табуынан кейін кең өріс алды.

Жазба тілдің табиғаты ауызшадан мүлде бөлек. Жазу сөзді оны айтушыдан ажыратып, ауызша қатынас орнаған қоғамдағыдан әлдеқайда байыппен таралуына мүмкіндік береді. Ойды айтып жеткізгеннен гөрі қағазға түсіруге көбірек уақыт кетеді. Сондықтан жазу авторды асықпай, ойланып, толғанып отыруға жетелейді. Жазба тілде ауызекі тілге қарағанда сөйлем құрылысы да, сөздік қоры да күрделірек келеді. Оның үстіне ауызша сөз секілді айтылған сәтте-ақ жоқ болып кетпейді. Оқырман бір мәтінге қайта-қайта оралып, одан жаңа астар тауып, бөлек ой түйе алады. Жазылған сөздің тағы бір артықшылығы оның сақталатынында жатса керек. Адам өз жазғанын уақытша ұмытып қалуы мүмкін, бірақ оның біржола жоғалмайтынын біледі. Осы сенім адамның ойын жаңа идеяларға бағыттап, жаңалықтар ашуына мүмкіндік береді.

Тарихшы әрі иезуит ұстанатын дін қызметкері Уолтер Дж. Оң 1982 жылы жарық көрген «Ауызекі тіл және сауаттылық» (Orality and Literacy) атты кітабында: «Адамзат санасын жазу өнеріндей түбегейлі өзгерткен басқа бірде-бір өнертабыс болған жоқ», – деп жазды. Оның пікірінше, сауаттылық адамның ойын жинақтап, ұзақ уақыт бойы бір нәрсеге назар аударуына және логикалық қорытынды жасауына жетелейді. Сондай-ақ ол ойлаудың жаңа түрін, яғни жүйелі, бірізді әрі талдау жасай отырып ойлану қабілетін қалыптастырды.

Оң 1930 жылдары Өзбекстан мен Қырғызстанның шалғай ауылдарын аралаған нейропсихолог Александр Лурияның зерттеулерін де мысалға келтіреді. Ол кезде шаруалар енді ғана қарапайым оқу мен жазуды үйрене бастаған еді. Лурия зерттеуге қатысушылармен шайханаларда, егіс алқаптарында және кешкілік ошақ басында әңгімелескен. Сол жерде ол сауатты және сауатсыз шаруалардың ойлау жүйесіндегі айырмашылықтарды анықтауға бағытталған түрлі сұрақтар қойған. Лурия шаруаларға: «Қиыр Солтүстікті мекен ететін аюлардың бәрі ақ түсті. Ал Новая Земля сол Қиыр Солтүстікте орналасқан», – дейді. Содан кейін олардан Новая Землядағы аюлардың түсі қандай екенін сұрайды. Сауатты шаруалар бұдан еш қиындықсыз-ақ логикаға сүйеніп дұрыс жауап қатады. Ал сауатсыздары жауап беруден бас тартып: «Мен ол жақта болған жоқпын, қайдан білейін?» – деген екен. Демек, сауаттылық адамға жай ғана сөз оқуды емес, логикалық әрі абстрактілі ойлау қабілетін де қалыптастыратын болса керек.

Кейінгі зерттеушілер мұндай жаңа ойлау тәсілдерінің қалыптасуын кітап оқумен ғана емес, жазу мәдениеті орныққан қоғамдағы өмірдің өзге де ерекшеліктерімен байланыстыра бастады. Дегенмен Оңның негізгі тұжырымының мәні өзгерген жоқ: жазба мәдениет ұзаққа созылатын, жүйелі әрі рет-ретімен өрілген ой-толғамды жоғары бағалайды. «Жазу ауызша айтылған сөзді көз алдыңда қатырып ұстап тұрды да, соның нәтижесінде грамматик, логик, риторик, тарихшы, ғалым сынды мамандардың қалыптасуына жол ашты. Өйткені олар тілдің мәнін, қай тұста қате кеткенін және қандай бағытқа бет бұрып бара жатқанын аңғару үшін сөзді көз алдында ұстап, зерделей алуы керек», – деп жазды Нил Постман 1985 жылы. Шындығында, оқу мен жазудың пайда болуы пәлсапаның, қазіргі ғылымның, тарихтың дербес академиялық сала ретінде қалыптасуына, сондай-ақ өнер сынының өркендеуіне жол ашқан басты алғышарттардың бірі болды.

Бұл өзгерістер қоғамның қалыптасқан тәртібін әбден шайқалтты. Сауаттылық орнай түскен сайын, саяси толқулар мен революциялық қозғалыстардың өршуіне де ықпал етті. Америка отарларында тәуелсіздік үшін күрескен қозғалыстың жетекшілері ағылшындарға қарсы көзқарасты күшейту үшін газет-журналдар мен шағын саяси үнпарақтарды кеңінен пайдаланды. «Ежелгі Рим мен Грекия ойшылдарының аузынан шыққан сөз олардың дауысы жеткен жерге дейін ғана естілуші еді. Ал енді баспа арқылы тұтас халықтарға үн қата аламыз. Жақсы кітаптар мен сауатты жазылған үнпарақтардың ықпалы зор және алысты қамтуға мүмкіндік береді», – деп жазды Бенджамин Фрәнклин 1782 жылы.

Американың бастауында болған қайраткерлер жаңа елдің іргесін баспа арқылы тараған құжатқа сүйене отырып қалады. Олар өздері құрған мемлекеттік жүйенің дұрыс жұмыс істеуі азаматтардың елдегі және қоғамдағы жағдайдан хабардар, сауатты оқырман болуына тікелей байланысты деп санады. Фрәнклиннің өзі газет шығарумен айналысып, Америкада тұңғыш рет көпшілікке арналған кітапхана ашқан еді. Ол өзінің өмірбаянында: «Бұл кітапханаларда америкалықтардың әңгімесі мәнді-мағыналы бола түсті», – деп жазады. Оның айтуынша, кітапханалар «қарапайым қолөнершілер мен фермерлерді өзге елдердегі ең білімді, зиялы адамдардың дәрежесіне жеткізіп, олардың ой-өрісін кеңейткен». Сол кездің өзінде америкалықтар елде болып жатқан жайдан хабардар болуды азаматтық парыз ғана емес, адамгершілік тұрғыдан да міндет деп қабылдай бастады.

Әрине, іргесі енді ғана қаланған республика бірден суық сананың ордасына айналып шыға келген жоқ. Мемлекеттің негізін қалаған қайраткерлердің өзі баспасөз бетінде саяси қарсыластарына шабуыл жасап, жұртты оларға қарсы айдап салу үшін өтірік-өсек таратқан кездері де болған. Мәселен, Томас Джефферсонның жақтастарының бірі Джон Адамсты «не ерге тән қайраты мен табандылығы, не әйелге тән жұмсақтығы мен сезімталдығы жоқ жиіркенішті гермафродит (бір организмде аталық және аналық жыныс мүшелерінің болуы)» деп кемсіткен.

Алайда кітап оқуға мүмкіндік жұрттың бәріне бірдей бұйырмады. Ұзақ уақыт бойы америкалықтардың едәуір бөлігі федерал үкімет енгізген сауаттылық сынағынан өте алмады. Әсіресе бұл жағдай Оңтүстікте айқын көрінді. Өйткені қара нәсілді халықтың сауат ашуына тосқауыл қою ақтардың үстемдігін ұстанған биліктің негізгі тетіктерінің біріне айналды.

Әуел бастан-ақ әдебиет көптеген америкалықтар үшін көңіл көтерудің, өмірдің мәнін іздеудің және өзара байланыс орнатудың маңызды құралы болды. Інжіл мен ағылшын әдебиетінен алынған таным-түсінік, әдеби астарлар мен мысалдар оқырмандардың ортақ дүниесіне айналды. Чарльз Диккенсті америкалықтардың жақсы көргені сонша, 1842 жылы Нью Йоркке барған сапарында шашын алдыруға отырса, оның жанкүйерлері шаштаразға ағылып келіп, Диккенстің қиылған шашын естелікке әкетпек болған деседі.

XIX ғасырда хат жазу өнердің бір түрі саналатын. Тіпті ең жақын адамдарына, сүйген жарына жазған хаттың өзі көркем де ресми мәнерде жазылатын. «Қазір бізге ол біртүрлі көрінеді: Азамат соғысына қатысушы сарбаз әйеліне хат жазып отыр делік. Балшық-балшық шатырдың ішінде отырса да, сөз саптауы Шекспирден кем түспейді, – дейді Колумбия университетінің тіл маманы Джон МакУортер. – Сонда еріксіз: “Өз әйеліңмен сөйлесіп отырып, осынша бәлсінудің не керегі бар?” деп ойлайсың. Бірақ мәселе басқада. Оның солай жазуы – әйеліне гүл шоғын ұсынып, сезімін білдіргенімен бірдей».

Сәмюэл Д. Логхид Одақ армиясының Миссури ерікті жаяу әскерінің 8-полкінде қызмет еткен. Бұл полк Шайло шайқасына және Виксбург қоршауына қатысқан. 1862 жылдың қазан айында әйеліне былай деп хат жазыпты: «Ұрыс даласында өз қаныңа өзің тұншығып жатып өліп кету қандай азап десеңші. Сарбаз мінген аттардың ажал аузында жатқандар мен өлілерді тұяқтарымен аяусыз таптап, арқырай шапқаны қандай қасірет. Бір-ақ ауыз сөзімен жұбатар аяулы жарың да жаныңда емес. Адамзат тарихындағы ең қайғылы сол бір сәтте жаныңда демеу болар әпкең де, анаң да жоқ. О, адамзат-ай! О, соғыстың сұмдығы-ай!».

1962 жылы медиа теориясын зерттеушілердің рухани көшбасшысы саналатын Маршалл Маклюән Батыс өркениеті өзі «постсауатты қоғам» деп атаған кезеңге өтеді деп болжады. Сол жылы жарық көрген «Гутенберг галактикасында» (The Gutenberg Galaxy) ол бұл дәуірдің басталып кеткенін де жеткізбек болды: электрон ақпарат құралдары біртіндеп жазба сөздің орнын баса бастаған еді. Ол кезде америкалық үйлердің 90 пайызында теледидар бар-тұғын. Содан небәрі он жыл бұрын бұл көрсеткіш 9 пайыз ғана еді. Теледидар америкалықтардың жаңалықтардан хабардар боп отыруының құралына айнала бастады. Орта есеппен әрбір отбасы күніне бес сағаттан астам уақытын теледидар алдында өткізетін.

Қазіргі көзқараспен қарасақ, 1950–60 жылдардағы Америкаға «постсауатты қоғам» деген сипаттама беру қиын. Соғыстан кейін елдің әл-ауқаты артып, халықтың білім деңгейі де бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Жазба сөзге деген ықылас пен оны тудыратын зиялы қауымға деген құрмет те бара-бара одан әрі арта түсетіндей көрінді. 1964 жылы сол кезде үш миллионнан астам данамен тарайтын Time журналы қала маңындағы тіршіліктің қараңғы қырларын суреттейтін әңгімелерімен танылған жазушы Джон Чивер туралы көлемді мақала жариялады. «Оссиниңдегі Овидий» (Ovid in Ossining) деп аталған мақала «Метаморфозалар» шығармасының кіріспе сөзінен алынған ұзақ үзіндімен басталды. Ал Чивердің әйгілі «5:48» (The Five-Forty-Eight) атты әңгімесінде бас кейіпкер пойызға мінеді. Сонда ол бір кезде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болған, ал кейін келмеске кеткен бір жағдайға тап болады: вагон толы жаппай кешкі газет оқып отырған жолаушылар.

Алайда теледидар америкалықтардың күнделікті өмірінің ырғағы мен дағдысын біртіндеп өзгерте бастады. 1985 жылы Маклюәннің ізбасары әрі онымен жақын араласқан Нил Постман «Өле-өлгенше көңіл көтеру» (Amusing Ourselves to Death) атты кітабын жарыққа шығарды. Ол теледидар америкалықтардың назарын өзіне баурап алып, саясатты арзан ойын-сауыққа айналдырды деп есептеді. «Мәселе теледидардың бізге қызықты тақырыптарды ұсынуында емес, кез келген тақырыпты ойын-сауық түрінде көрсетуінде жатыр. Теледидар – біздің мәдениетіміз туралы таным қалыптастыратын негізгі құрал», – деп жазды Постман. Сол кезде орташа есеппен әр америкалық отбасы күніне жеті сағаттан астам уақытын теледидар көруге арнайтын. Ал 2010 жылға қарай бұл көрсеткіш тоғыз сағатқа жуықтады.

Егер теледидар кітап оқуға жұмсайтын тыныш та оңаша уақыттың орнын басса, шексіз интернет пен смартфонның пайда болуымен жағдай тіпті қиындай түсті. Бұрын үйдегі экран алдындағы ойын-сауықтың да шегі болатын. Телебағдарламалар белгілі бір күні, белгілі бір уақытта ғана көрсетілетін. Ескі фильм көргің келсе, аяқ киіміңді киіп, бейнетаспа жалға беретін дүкенге баруың керек еді. Мұндай жағдайда кітаптың да өзіне лайық орны болды. Әйтеуір кей адамдар теледидарды өшіріп, ұйықтар алдында кітап оқитын.

Қазір ойын-сауықтың шегі жоқ. Нақты бір жеріне келіп тоқтап қалмайды: бір сериал аяқтала сала, келесісі жалғаса береді. Адамдар теледидар көріп отырып, бір қолына смартфон ұстап, әлеуметтік желілерді бақылап немесе достарымен хат жазысып отырады. Netflix режиссерлер мен сценаристерге көрерменнің экранға толық назар аудармайтынын ескеріп, оқиға желісінде не болып жатқанын қайта-қайта олардың есіне салып отыруды тапсырған. Жегені алдында, жемегені артында боп отырған мұндай жағдайда кітап оқу үшін адам шынымен-ақ ерік-жігерін жинап, кітапқа саналы түрде келуіне тура келеді. Ал мұны көпшілік жасай бермейді.

Адамдар кітап оқыған күннің өзінде, бұрынғыдай көп ақпаратты қорыта алмауы мүмкін. Бұл әсіресе телефоннан оқыған кезде байқалады. Экранды шексіз сырғыта беру, гиперсілтемелер мен түрлі хабарландырулар адамның мәтінді үстірт оқуына әкеп соғады: үнемі алдыңнан назарыңды ұрлайтын бір нәрсе шығып отырады. Зерттеулер адам цифрлық құрылғыдан оқығанда қағаздан оқығанға қарағанда мәтінді нашар түсінуі мүмкін деген нәтижеге келген. Мұның бір себебі – осындай алаңдатқыш факторлардың көптігі. Мәтінге ұзақ уақыт бойы толықтай назар аудару бүгінде шамадан тыс талап іспетті көрінуі мүмкін. Аудиокітаптардың баспа кітаптарына балама ретінде кең танымал бола бастауының бір себебі де осы: аудиокітап тыңдай отырып, басқа шаруамен айналысуға болады. Мысалы, ыдыс жуып жүріп немесе жұмысқа көлік айдап бара жатып, кітап тыңдай аласыз.

Дұрысында, зейін қою уақыты қысқарып, мәтінді түсіну қабілеті төмендеп бара жатқан тұста мектептер мәтінді қысқартуға және үстірт оқуға деген үрдіске тосқауыл қоюы керек сияқты еді. Алайда керісінше, бұл үрдісті одан әрі ушықтыра түсті. 2025 жылғы сауалнама нәтижесінде орта және жоғары сыныптарда ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің басым бөлігі оқушыларға бір жылда әрі кетсе төрт кітапқа дейін ғана оқуға тапсырма беретіні белгілі болды. Білім беру саласында қайта-қайта реформалар жүргізіле бергені мектептерде тұтас кітаптан гөрі қысқа мәтін үзінділеріне басымдық берілуіне алып келді. Өйткені мұндай үзінділер мәтінді түсініп, кейін бірнеше жауап нұсқасын таңдайтын емтихандарының форматына әлдеқайда икемді. Қазір мектептерде кең тараған оқу бағдарламалары да жекелеген үзінділерге сүйенеді. Калифорния штатындағы Корона қаласындағы бастауыш мектеп директоры Аннемари Кортестің айтуынша, мектеп әкімшіліктерінің біразы мұғалімдерге кітапты толық тауысып оқуға тапсырма берудің орнына мәтіннің қысқа үзінділері бойынша жеке-жеке  жаттығулар орындатуды тапсырады.

Тура осы шақта америкалық мектептерге жаппай цифрлық құрылғылар енгізіле бастады. New York Times жүргізген сауалнамаға сәйкес, бастауыш сынып мұғалімдерінің 80 пайыздан астамы оқушылар балабақша табалдырығын аттаған кезде мектеп тарапынан арнайы құрылғы берілетінін айтқан. Техас штатындағы Данкәнвилл қаласындағы мектепалды даярлық сыныбында үш жастағы балаларға сабақ беретін Лупита Вильялобос маған әр оқушыға сабақ оқу құралы ретінде планшет берілетінін айтты. Алайда ол балалардың үйде бұл құрылғыларға құмары қанғанша телміріп отыратынын білетіндіктен, сабақ үстінде планшет қолдануына жол бермейді. «Менің бір оқушым мектепке алғаш келгенде үйренісе алмай қойды, – дейді ол. – Әдетте балалар алғашқы бір-екі аптада жылап, анасын сағынғанын айтады. Ал мен әңгімелеп отырған бала планшетін сұрап жылады».

Біраз уақыт бұрын-ақ адамдар интернетті құр қолданбай, тым болмағанда бірдеңе оқитын еді. Бірақ бұл әдет те қалып барады. Кезінде негізінен мәтін жарияланып келген әлеуметтік желілерді қазір қысқа бейнежазбалар басып алды. Әсіресе TikTok, YouTube Shorts пен Instagram Reels жастардың есіл дертіне айналып, көпшіліктің назары үшін таласатын цифрлық ортаның негізгі ойыншылары боп шыға келді. Түрлі буын өкілдері, яғни ұрпақтар арасындағы өзгерістерді зерттейтін психология профессоры Жан Твенгенің соңғы деректерді талдауына сәйкес, сегізінші сыныпқа өткенде орта есеппен бір бала әлеуметтік желіге күніне төрт жарым сағат уақыт жұмсайды. Сол уақыттың едәуір бөлігін, шамасы, бейнежазба көрумен өткізеді, әрі көп жағдайда оларды екі есе жылдамдықпен қарайды. Тіпті мәтін хабарламалардың өзіне ауызекі сөйлесу мәнеріне тән белгілер ене бастады. Адамдар эмоциясын күшейтіп көрсету үшін сөздерді бас әріппен жазады, тым ресми көрінеді деген оймен тыныс белгілерін дұрыстап қоюдан қашқақтайды. Қазір сауатты, тыныс белгілерін толық сақтап жазылған мәтіннің өзі кейде жасанды, тіпті тым қатқыл көрінуі мүмкін. Жиырмадан асқан жастардың көбі сынды мен де достарыма мәтін жазып отырғанның орнына, ауызша хабарлама жіберуді жөн көретін болдым.

Жаңа технологиялар бірінен соң бірі пайда болып, қанша жерден тосқауыл болса да, жазба сөз мыңдаған жыл бойы өмір сүріп келеді. Оның өміршең екені анық. Оқу көрсеткіштері біресе өсіп, біресе құлдырауы мүмкін, алайда оптимистер түптің түбінде адамзат атаулы түгел сауатты болатын жолға түсті дегенге сеніп алған. Харвард университетінің салыстырмалы әдебиет профессоры Мартин Пухнер әдебиеттің тарихты қалай қалыптастырғанын зерттейді. Ол ондаған жыл бойы коммуникация технологияларының қалай өзгергенін және сол өзгерістердің қоғамда қандай үрей туғызғанын зерделеп келеді. Осы мансап жолында ол кітап оқу дәстүрінің жойылып кетуінен қауіптенетін пікірлерге аса бір келісе бермейтінін көрсетті. «Жазу технологияларының тарихын зерделей жүре қандай да бір ой түйген болсам, ол қара аспанды төндіріп, ақырзаман шақыруға асықпау керек екені», – деді ол маған.

Десе де, қазір Пухнердің өзі де сол ақырзаман орнағанын мойындайды: бейнежазбалар дәуірінен қайтадан мәтінге оралуымыз екіталай сияқты. Бәлкім, Маклюән мен Постман қоғамның біртіндеп постсауатты күйге өтетінін айтқан кезде соншалық қателеспеген де шығар. Олар тек мұны жарты ғасыр бұрын айтқан. 50 жыл бұрын осы аталған ойшылдардың айтқаны айдай келді. Сауатты жазу дәуірі ауызекі және цифрлық дәуірлердің арасындағы қысқа ғана интерлюдия іспетті өтпелі кезең болып қалуы мүмкін.

Кітап оқу қазіргі заманғы ойлау жүйесін қалыптастырды. Ал оның жойылып кетуі адам санасын тағы өзгертеді. Когнитив ғылым мамандары бұл өзгерістің қандай сипатта болуы мүмкін екенін енді ғана тереңірек түсіне бастады. Мен он шақты ғалымнан: «Кітап оқуды тоқтатсақ, миымызда не болады?» – деп сұрадым. Олардың кейбірі бұл сұрағымның тым қарабайыр мәнерде қойылғанына жымиып қана қойды. «Адамның басынан өтетін кез келген нәрсе миды өзгертеді, – деді Вирджиния университетінің профессоры Дән Уиллингем. – Тіпті бір ғана сөзді оқудың өзі миды кем дегенде бірнеше сағатқа өзгертеді. Ал мұны дұрыс өлшей білсеңіз, оның әсері одан да ұзаққа созылатынын байқауға болады». Ол бұл сөзімен мені жұбатқысы келген еді. Егер мидың кез келген нәрседен өзгере беретінін ескерсек, онда жеке-дара бір әрекеттің соншалықты маңызы бола бермейді дегені ғой.

Бірақ адам бір әрекет (мысалы, сөз оқу) орнына үнемі басқа бір әрекетпен  (айталық, Instagram Reels көрумен) айналысса ше? Нейроғылымдағы негізі мықты тұжырымдардың бірі – адам миы немен көбірек айналысса, сол істен шыңдала түседі. Егер уақытымызды кітап оқуға емес, қысқа бейнежазбалар көруге жұмсасақ, оқу дағдымыз біртіндеп әлсірейді. Мәтінді түсінуге көмектесетін бұрынғы білім қорымыз да азаяды. Бұл бір күнде жаппай сауатсыздыққа ұрыну деген сөз емес. Алайда кітап оқу дәстүрі қалыптастырып келген күрделі танымдық қабілеттер біртіндеп көмескілене бастайды. Сөйтіп, адам санасында жылдар бойы жинақталған білім мен ойлау қоры біртіндеп қараусыз қалған кітапханадай тозып, жоғала жаздайды.

Кітап оқу – зейінді шынықтыратын жаттығу. Неғұрлым көп оқыған сайын, оқу да соғұрлым жеңілдей түседі һәм оқыған сайын жаңа бір нәрсені түсініп, таным көкжиегің кеңейеді. Ақырында оқу адамға қиындық әкелетін әрекеттен гөрі, ләззат сыйлайтын әдетке айналады. Бірақ денені шынықтырған сияқты мұның да тұрақты машықты талап ететін жағы бар: неғұрлым аз оқысаң, оқу соғұрлым қиындай береді, ал білімге бастар жол соғұрлым машақатты да күрделі бола түседі.

Әлеуметтік желі адамға лезде ләззат сыйлайды. Техас университетінің Оңтүстік-Батыс медициналық орталығының педиатрия профессоры Джон Хаттон «TikTok-ты сырғыта беру зертханадағы егеуқұйрықтың түймені басқан сайын кокаинге мас болуына ұқсас нәрсе» дегенге келтірді. Ақырында әлгі егеуқұйрықтың бар тілегі сол түймені қайта-қайта басу болып қалады. Калифорния университетінің Ирвайндағы кампусында психология профессоры Глория Марктың айтуынша, 2004 жылы адамның экрандағы бір нәрсеге зейін қойып отыратын орташа уақыты екі жарым минут болған. 2012 жылға қарай бұл көрсеткіш 75 секундқа дейін қысқарды. Ал бес жыл бұрын небәрі 47 секунд шамасында еді. «Бара-бара ақпараттың көзді ашып-жұмғанша ауысып отыратынына етіміз үйреніп барады», – деді Марк.

Бейнежазба көру – ақпаратты кітаптан алудың енжарлау жолы іспетті. Жақында Хаттон 3-5 жас аралығындағы балалардың түрлі форматта ұсынылған әңгімелерді қабылдау кезіндегі ми қызметінің бейнелерін жинақтады. Балалар әңгіменің анимациялық бейнежазбасын көрген кезде – қиялға жауап беретін ми бөлігін – статикалық иллюстрацияларға қарап, аудиожазбаны тыңдаған кездегіден шамамен екі есе аз пайдаланған. Сондай-ақ олар бейнежазба көріп отырған кезде мидың үйренуге жауап беретін бөлігі саналатын мишығы да азырақ іске қосылған. «Экранда оқиға өздігінен өрбіп жатқандықтан, олар қиялына ерік беріп, бәрін көз алдына елестетіп отырмайды, – деді Хаттон маған. – Анимациялық бейнемен салыстырғанда, иллюстрация түрінде ұсынылған әңгімені түсініп, одан бірдеңе түю үшін ми әлдеқайда көп жұмыс істейді».

Бұл жерде бір парадокс бар: бейнежазба беретін ақпар мәтінге қарағанда молырақ болса да (онда тек тілдік ақпарат қана емес, дыбыс пен қозғалмалы бейнелер де бар), ол терең ойлануға ықпал ете бермейді. Керісінше, бейнежазба әп-сәтте көрерменді ақпаратқа көміп тастайды да, соның ішінен белгілі бір нәрсеге назар аударуды қиындатады. Кадрлар көрермен қаншасын байқап, қаншасын түсініп үлгергенін елеместен, бірінен соң бірі ауыса береді. Ал байқамай қалған тұстарына қайта оралып, сәл кідіріп, ой елегінен өткізу үшін бейнені тоқтатып, кері айналдыратындар көп емес.

Бүгінгінің жастары қысқа бейнежазбалар мұншалық кеңінен тарамаған әлемді көріп өскен жоқ. Хаттон жүргізген басқа зерттеулерде экран алдында көбірек уақыт өткізіп, кітапты азырақ оқитын балалардың өз әрекетін жоспарлап, игере білуіне, сондай-ақ ой-түсінігі мен сөйлей алуына жауап беретін ми аймақтарындағы ақ заттың аз бөлінгені анықталған. Бұл олардың аталған қабілеттерге нашар дағдыланғанын көрсетеді. Хаскинстің жаһандық сауаттылық орталығындағы Бенджамин Пауэрс «оқушылардың бастауыш мектепке келген кезде ұзақ уақыт бойы бір нәрсеге зейін қоя білу қабілеті – төмен, ал ой еңбегіне төзімі – әлсіз» болатынын айтты. «Бұны қайдан байқаймыз? Оқушылар сөздерді оқып, деректерді таба алғанымен, мәтінде тікелей айтылмай, жанамалап жеткізілген ойды аңғаруға, түрлі дүниелерді өзара байланыстырып, қорытындыға келуге немесе көлемді мәтінде жазылған бірнеше ойды жадында ұстап отыруға қиналады», – деді ол.

2024 жылы үшінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін сабақ беретін мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнамада олардың 80 пайыздан астамы оқушыларының 2019 жылдан бері ұзақ уақыт бойы кітап оқуға төзімділігі төмендегенін айтқан. ACT (American College Testing) емтиханының оқу және ағылшын тілі бөлімдеріндегі ұпайлар да соңғы жеті жыл бойы төмендеп келеді. Қазір бұл көрсеткіштер соңғы отыз жылдан астам уақыттағы ең төмен деңгейге жетті. SAT (Scholastic Assessment Test) емтиханының оқу және жазу бөлімдеріндегі нәтижелер де құлдыраған. Бұл ретте білім беру саласының басшылары оқып түсіну қабілетін бағалайтын мәтіндерді қысқартып, жеңілдетіп жіберген. Соның салдарынан профессорлар мұндай оқушылар колледжге келгенде, оларға мәтінді қалай түсіну керек екенін, басқаша айтқанда, қалай ойлау керегін үйретуге тура келетінін байқайды. Браун университетінің неміс тілі мен әдебиетін зерттеу профессоры Джонатан Файн маған былай деді: «Мен неміс тілінен сабақ беремін, сондықтан біз студенттерге мәтінді қалай оқу керегін үйретуге бұрыннан дағдыланғанбыз. Қазір ағылшын тілі мен әдебиеті бөлімдерінде жұмыс істейтін оқытушылар да мұны өздері үйретуге тура келетінін түсініп жатыр. “Мұндағы негізгі ой қандай?” деген сұраққа жетпес бұрын, алдымен: “Бұл мысқыл ма?”, “Мұндағы метафора нені білдіруі мүмкін?” деген мәселелерді түсіну керек. Яғни әрбір сөз бен грамматикалық құрылымға назар аударатындай етіп, мәтінде жазылғанды байқап отыруды студенттерге үйрету қажет. Сонда ғана олар жекелеген тұстар қабыса келе кейінірек үлкен байланыс түзетінін өздері аңғара алатын жағдайға жетеді».

Аузымнан шыққалы отырған сөз әсіре сілтеу сияқты естілуі мүмкін. Алайда жоғарғы оқу орындары білім беру жүйесіндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қосымша оқытуға көбірек ден қоюы керек. 2024 жылы Канзастағы екі өңірлік университеттің ағылшын тілі және ағылшын тілін оқыту мамандығында оқитын студенттеріне зерттеу жүргізіледі. Онда ғалымдар Чарльз Диккенстің «Суық үй» (Bleak House) романының алғашқы жеті абзацын оқуды ұсынады. Романда мұраға таласқан Джарндайс әулеті мүшелерінің ұзаққа созылған сот дауы баяндалады. Роман былай басталады: Лондон. Майклмас мерзімі жаңа ғана аяқталған. Лорд Канцлер Линкольнс Инн Холлда отыр. Қарашаның қара суығы азынап тұр. Көшенің бәрі батпақ, құдды жер бетін жайлаған топан су енді ғана тартыла бастағандай. Тіпті Холборн төбесінен бойы 12 метр болатын, піл секілді дүрсілдеген кесіртке тектес мегалозавр келе жатса да, оған ешкім таңғалмас еді.

Зерттеушілер студенттердің осы үзіндіні түсінуге жасаған талпыныстарынан мысалдар келтіреді. Студенттердің бірі былай деген: «Яғни, көшенің бәрі батпақ болып кеткен. Жоқ... бәрін су шайып кеткендей, сол себепті біз мегалозаврдың сүйектерін тауып қалуымыз мүмкін. Бірақ ол оның... анау төбеге қарай дүрсілдеп бара жатқанын айтып тұр ғой». Зерттеуге қатысқан студенттердің кем дегенде төртеуінің біреуі көркем сөздерді тура мағынасында қабылдаған. Соның салдарынан олар ХІХ ғасырдағы Лондон көшелерінде динозаврлар жүрген деген қорытындыға келген. Диккенс бұдан әрі Лорд Канцлерді суреттей келе, оның алдына «ат жақты, сақалы қалың, дауысы жіңішке әрі бас-аяғы жоқ бітпейтін өтініштерін айта беретін» бір адвокаттың келгенін жазады. Бір студент бұл тұсты былай түсінген: «Меніңше, оны бір бөлмеде қандай да бір жануармен бірге суреттеп тұр. Сақалы қалың дейді ғой? Онысы мысық па?»

Студенттердің өздеріне таныс емес тарихи немесе мәдени сілтемелерді түсінуге қиналуы заңды ғой, әрине. Алайда зерттеушілер оларға тұтас интернетті пайдалануға мүмкіндік берген. Қаласа, олар Майклмас мерзімі, Лорд Канцлер немесе Линкольнс Инн Холл деген атаулардың мағынасын интернеттен іздеп, анықтап ала алатын еді. Бірақ студенттер өздері нені нақты түсінбей тұрғандарын қалай анықтап, мәнісіне қалай жетуге болатынын да білмеген, немесе оған бас қатырып әуре болмаған. Олардың көпшілігі бұл үзіндінің сотта өтіп жатқанын да аңғармаған. Ал оқыған мәтінін дұрыс әрі тиянақты түсінгендердің үлесі небәрі 5 пайызды құраған.

Бұл өзгерістер тек колледж қабырғасымен шектелмейді. 2006 жылдан 2018 жылға дейін америкалық ересектердің логикалық сұрақтарға жауап беру, ойды дұрыс қорытып, өзінше пайымдай алуы және заңдылықтарды талдау қабілеті де төмендеген. Сонымен қатар, америкалық ересектердің сөздік қоры жарты ғасыр бұрын дәл сондай білім деңгейінде болған адамдармен салыстырғанда біраз азайған. Соңғы зерттеулер Флинн әсерінің (1930-жылдардан бері ұрпақтан ұрпаққа IQ көрсеткішінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсететін  құбылыс) соңғы жиырма жылда кері кеткенін көрсетеді. Northwestern университетінің медицина мектебінде жұмыс істейтін зерттеуші-психолог Элизабет Дворактың айтуынша, орташа IQ көрсеткіші әр он жыл сайын шамамен үш ұпайға төмендеп келеді.

Адамдардың ойлау қабілетіндегі бұл өзгерістердің бәрін бірдей нашар деуге болмайды. Дворактың зерттеулері америкалық ересектердің оң мен солын ажырата білу, яғни, кеңістікте адаспау қабілеті артып келе жатқанын көрсетеді. Ал постсауатты мәдениеттің біз әзірге толық түсініп үлгермеген өз артықшылықтары да бар болуы мүмкін. Платонның «Федр» диалогында Сократ жазу өнерінің пайда болуы туралы: «жазудың келуі үйренушілерді ұмытшақ етеді, өйткені олар өз жадын пайдаланбайтын болады; өз жадтарына емес, сыртқы жазба таңбаларға сеніп, білгендерін есте сақтамайтын болады» деп есептейді. Оның сөзінің жаны бар еді. Алайда жазу жеке адамның жадын әлсіреткенімен, медиа теориясының зерттеушісі Андрей Мир байқағандай, қоғамның ұжымдық жадын күшейтті.

Миы шеті мен шегі жоқ бейнеағынға байланған күйде өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында біз әзірге анықтай алмай жүрген ойлау қабілетінің жаңа бір түрі, бұрын-соңды болмаған ерекше зерде қалыптасып жатқан шығар? Бәлкім, расымен де солай болар. Алайда әзірге кітап оқудың азаюы рационал, аналитикалық әрі күрделі ойлаудан алшақ, қарапайымдау ойлау тәсілінің қалыптасуына жол ашып жатқандай. Мұның қандай да бір артықшылығы бар деу қиын.

1982 жылы Уолтер Дж. Оң қазіргі өркениеттің «екінші ауызекі мәдениет» деп аталатын кезеңге аяқ басып келе жатқанын байқады. Оның пайымында, бұл – бір кездері жазу мәдениеті қалыптасқан қоғамның сауатқа дейінгі ауызекі мәдениеттерге тән кейбір дәстүрлерге қайта орала бастаған кезеңі. Айтылған сөз сол сәтте-ақ жоғалып кететіндіктен, ауызекі мәдениеттерде есте сақтауға көмектесетін қайталап отыру әдетіне ерекше мән беріледі. Ауызекі сөзге құрылған қоғамдардағы жыршылар ой желісін жоғалтпай, оны есте сақтау үшін дайын тіркестер мен есте сақтауға көмектесетін тәсілдерді пайдаланады. Оңның сөзімен айтқанда, олар эпитеттер мен «атыс-шабыстың майын тамызып суреттеуге» бейім, өйткені қақтығыс салқынқанды талқылауға қарағанда есте жақсырақ сақталады. Сөйлеуші өз сөзін жазушы секілді өңдеп, түзете алмайды. Сондықтан қателескенін мойындамай-ақ, сөзін әрі қарай жалғастыра береді. Кейін өз сөзі өзіне қайшы келіп жатса да, тыңдаушы оның бұдан бұрын не айтқанын есінде сақтап қалады деп күтпейді. Мұндай мәдениетте мағына объектив ақиқатқа емес, сөзді айтып тұрған адамның кім екеніне байланысты болады.

Әлгі Дональд Трамптың «Ауызекі тіл және сауаттылық» (Orality and Literacy) атты еңбекті оқығанына күмәнім бар. Алайда оқыған болса, Оңның ауызекі мәдениет туралы сипаттамасынан өзін көріп қалуы мүмкін еді. Трамптың қарым-қатынас мәнері ауызекі қоғамға сай. Ол есте сақтауға да, қайталап айтуға да оңай эпитеттерді, яғни «Енжар Джеб», «Мыртық Марко», «Маужыраған Джо» сияқты атауларды жиі қолданады. Бұған қоса, бұрын айтқан сөздері еш жерде жазылып қалмағандай, аузы-аузына жұқпай отырады. Тіпті оның жазу мәнерінің өзі ауызша сөйлеуінен асып тұрған жоқ. Мұның да жөні бар: Трамптың мәтін жазғаннан гөрі, ауызша айтып тұрып біреуге жаздырғанды жөн көретіні айтылған еді. Оның интернеттегі жазбаларында тыныс белгілері қалай болса, солай тұрады, бас әріптер орынсыз қолданылады және леп белгілері көп кездеседі. Жазуы аз, көбіне мем сипатындағы мұндай жазбалардың бірінде америкалық әскери кеменің Иран ұшағын лазер сәулесімен атып түсіріп жатқан бейнежазбасы көрсетілген. Оның астында: «Лазерлер: Биң, биң, ЖОЙЫЛДЫ!!!» деген сөз жазылған.

Трамп – біздің алғашқы постсауатты президентіміз. Ақпарат негізінен мәтін күйінде тарайтын елдің басына осындайлар сайланған заман-ай. 2024 жылғы сайлау қарсаңында NBC News 1000 сайлаушыға жүргізген сауалнамада газет оқитын респонденттердің арасында Джо Байденнің басымдығы 49 пайыз болған. Трамп біздің ойымызды сан-саққа жүгіртіп, пікірталас пен дау-дамайға толы дәуірге бейімделген коммуникация мәнерін қалыптастырды. Техас университетінің Остиндегі кампусында коммуникация саласының құрметті профессоры Родерик Харт маған: «Көптеген адам, әсіресе академиялық және журналистік ортадағылар, оны саяси революционер деп қабылдайды. Ал мен оны әлдеқайда риторикалық революционер деп санаймын», – деді.

1985 жылы жарық көрген «Кеңістіктің мәні жоқ»  (No Sense of Place) кітабында медиа теориясын зерттеуші Джошуа Мейровиц теледидар мен өзге де электрон ақпарат құралдары америкалықтарды болашақ көшбасшылар туралы бұрын болмаған жаңа сипаттағы ақпаратпен жаппай қамтамасыз еткенін байқаған. Баспа құралдары жұртшылыққа саясаткерлердің алдын ала әзірленіп, өңделген сөздерін ғана жеткізсе, бейнежазбалар америкалықтарға президенттердің терлегенін, түшкіргенін, сөзінен жаңылып, мүдіргенін көруге мүмкіндік берді. «Сайлаушылар енді кандидаттарды бағалағанда олардың өмірбаяны мен кәсіби жетістіктеріне қатысты өлшемдерден гөрі, күнде көріп жүрген адамға қоятын талаптарға көбірек мән бере бастады», – деді ол маған.

Мейровиц «Кеңістіктің мәні жоқ» (No Sense of Place) кітабында «Бүгінде билік өкілдері бұрынғыға қарағанда жақсы жазып, жұртты иландыра білгеннен гөрі, көбіне “сырт көрінісі мен сөйлеген сөзі жақсы” болуы керек» деп жазды. Ол басылымдардың ықпалы әлсіреп, электрон ақпарат құралдарының күшеюі түптің түбінде жұртты популист көшбасшыларға қарай бет бұруға итермелейді деп болжады. Адамдар билік пен қалыптасқан институттардан гөрі, теледидардан өзін жақсы көрсете алатын кандидатты таңдай бастайды деп есептеді. Мейровиц бұл кітабын бұрын актер болған Рональд Рейган қайта сайланғаннан кейін көп ұзамай жарыққа шығарды.

«Жақында бұл кітапты қайта оқып шықтым. Оқып отырып: Құдай-ау, мұның бәрі кітапты жазған кездегіден де бетер шындыққа айналыпты ғой, – деп ойладым», – деді Мейровиц. Әлеуметтік желі платформалары америкалықтарға өз өкілдерінің әрбір әрекетін бұрын-соңды болмаған деңгейде бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Олардың алгоритмдері күрделі талдауды, мәселенің қыр-сыры мен дәйектілігінен гөрі, қарапайым, арандатушы һәм эмоцияға әсер ететін нәрселерді ілгерілетеді. Сондықтан саясат туралы жұрт арасында кең тараған қарапайым түсініктерге үйлесетін ойлар (көшбасшылардың бәрі бірдей жемқор; иммигранттар жұмыс орындарын тартып алады; саясаттағы мәселелердің бәрінің қарапайым әрі ақылға қонымды шешімі бар деген сияқты пікірлер) сол саланы кәсіби тұрғыдан зерттейтін сарапшылардың тұжырымдарынан басым түсіп жатады.

Оңшыл да, солшыл да саясаткерлер осы жаңа платформаларды өз пайдасына шешуді үйреніп алды. Консерватив бағыттағы Manhattan Institute президенті Рейһан Салам бұл үдерістің қалай жүретінін маған былай түсіндірді: «Бір жау ойлап тауып, жұртты бір-біріне айдап саласың, сөйтіп қоғамды жіктейсің. Мәселенің қыр-сырын ашуға жол бермейсің, өйткені билік үшін күрес жүріп жатқан кезде бәрін жан-жақты қарастырудың өзі жұртты шатастыратын нәрсе сияқты көрінеді». Мұндай жағдайда қоғамның мемлекеттік институттар мен элитаға деген сенімсіздігін күшейтетін саясаткерлердің жолы болады. Саламның айтуынша: «Сен шын мәнінде бәрі өте-мөте қарапайым деген ой қалыптастырасың да, көз көріп, көңілге қонарлық жеңістердің бәріне іші-бауырыңа кіріп тұрған біреу жетеді деген түсінік тудырасың». Дәл осындай демагог тұлғаны Құрама Штаттардың негізін қалаушылар көзі ашық, көп оқитын халық бірден танып, оның арбауына түспейді деп үміттенген еді. Салам: «Конституциялық құрылымымыздың қалай жұмыс істеуге тиіс болғанын ойласақ, мұндай нәрсеге ол мүлде кереғар», – деді.

Маршалл Маклюән бірде: «Либерал әлем дегеннің өзі сауатты әлем дегенді білдіреді», – деген еді. Бұл сөздерді керісінше оқығанда да, осы заңдылық сақталатын секілді.

Егер Трамп алғашқы постсауатты президент болса, демек ол соңғысы емес. Барак Обаманың президенттік науқандарының негізгі стратегтерінің бірі болған маман Дейвид Плуфф жуырда кандидаттар күн сайын мазмұнды контент жасауға басымдық беруі керек деген пікір айтты. Ол әрбір ойды назарын ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыра алмайтын сайлаушылардың қабылдауына лайықтап, барынша қысқа түрде жеткізуге кеңес берді. «Егер ойды Instagram-дағы бір жазбаға немесе 10 секундтық TikTok видеосына сыйғызып жеткізе алмасаң, шимайыңды қайта қара», – деп жазды Плуфф New York Times газетіне жариялаған мақаласында. Бұл постсауатты дәуірде сайлау науқанын қалай жүргізу керек екеніне қатысты әбден орынды кеңес болуы мүмкін. Алайда саналы түрде ақпаратқа сүйеніп, өз-өзін басқару қоғамын қалыптастыру тұрғысынан алғанда, мұның соңы құрдымға әкелуі мүмкін.

Жасанды интеллект туралы әлі сөз қозғаған да жоқпын. Қазірдің өзінде бірқатар цифрлық технология адам назарын өзіне тартып алып, зейін қойып оқуға желкесі жар бермейтін болды. Ал генератив жасанды интеллект – жазба сөздің әрі қарай өмір сүруіне алғаш рет тікелей қауіп төндіріп отырған құрал.

Жазу – қиын іс. Джордж Оруэлл жазу барысын «ұзақ уақытқа созылған ауыр дертпен арпалысуға» теңеген. Ал жасанды интеллект бұл қиындықтың оңай шешімін ұсынатындай көрінеді. Бірақ мәселе мынада: жазу дегеніміз – дайын тұрған ойды қағазға түсіру ғана емес. Егер солай болғанда, жазу қиын болмас еді. Жазу – адамның өз ойын айқындап, өз ойын өзі түсініп, сол ойына келісе қоймайтын адамға қалай жеткізу керегін анықтау тәсілі. Джорджтаун университетінің компьютер ғылымдары профессоры Кэл Ньюпорттың айтуынша, жазу барысы ойды рет-ретімен, жүйелі түрде өрбітуге мәжбүр етеді. Ол пісіп-жетілмеген ойлар мен таяз тұжырымдарды айқын көрсетеді. Ал ойды сөзге, сөйлемге және абзацқа айналдыруға жұмсалатын уақыт пен зейін авторға жаңа байланыстарды аңғарып, тың түсініктерге келуге мүмкіндік береді.

Бұл айтылғандар маған өте таныс. Менің жұмысым – жазу. Оруэлден кешірім сұрай отырып айтарым, ұзаққа созылған ауыр дертке шалдығу мүмкіндігі бос парақтың алдында отыруға қарағанда соншалық азапты еместей көрінеді. Бірақ осы арпалыстың өзінде бір қанағат бар. Жазу үдерісі – шикі, әлі қалыптасып үлгермеген ойларымды шыңдап, жүйеге келтіріп, нақты тұжырымға айналдыратын әрі соның негізінде жаңа түсініктерге жетелейтін жол. Өз уәждерімді таразылап, нанымды шықпағандарын алып тастау арқылы ғана сенімді дегендерімді табамын. Жазу – қиын, өйткені жазушының өзі қалам сермей отырып үйренеді. Егер жасанды интеллект осы қиындықты жойса, онда үйренуді де жояды.

Алғашқы зерттеулер жасанды интеллекті жазу үшін қолданған кезде дәл осындай жағдай болатынын көрсетіп отыр. Үдеріс жеңілдейді. Ал дайын өнім көбіне адамның өз бетімен жаза алатынынан да жақсы шығады. Бірақ мұның өтеуі – ойлау қабілетінің дамуына нұқсан келуі. Бразилияда ойламаған жерден тест өткізіп, зерттеу жүргізген. Сабақта жасанды интеллекті пайдаланған бакалавриат студенттері ЖИ қолданбай оқыған студенттерге қарағанда айтарлықтай төмен нәтиже көрсеткен. Олар нақты білімді ғана емес, ойланып, күш салуды қажет ететін сұрақтардың өзінде қатарластарынан қалып қойған. Ал Ұлыбританияда жүздеген адамның қатысуымен жүргізілген тағы бір зерттеу танымдық тапсырмаларды орындау үшін жасанды интеллекті жиі қолдану мен сыни ойлау қабілетінің төмендеуі арасында өзара байланыс бар екенін анықтаған.

Қазіргі өмір адамнан жалықтыратын, бірсарынды жазу жұмысын көп талап етеді. Оның біразын аса үлкен зиян келтірмей-ақ машиналарға жүктеуге болатыны сөзсіз. Алайда жаңа технологиялардың тарихта қалай қабылданып, қолданысқа енгенін зерттеуге бар саналы ғұмырын арнаған Ньюпорт «бір мәселені автоматтандыру басқа мәселелерді туындатпай қалуы екіталай екеніне» көз жеткізген. Адамдар жалықтыратын жұмыстан құтылу үшін белгілі бір құралды пайдаланып жатырмыз деп ойлайды. «Содан кейін оның күтпеген жерден салдары шыға келеді», – деді ол маған. Электрон пошта «факс, телефон қоңыраулары мен кездесулердің орнын басып, олардан әлдеқайда ыңғайлы балама болады» деп ойластырылған еді. Алайда оның орнына электрон хаттарға жауап беру өте көп уақыт алатын өз алдына бір іске айналды. Осындай алдын ала болжанбаған салдарлар ақыр соңында интеллектуал өмірдің өзін өзгертеді.

Жазудан қашу үшін халықтың басым бөлігі жасанды интеллекті пайдаланатын әлемде терең ойлау қабілеті барған сайын нашарлай түсуі мүмкін. Бірақ сонымен қатар оның маңызы да барған сайын арта береді. Жасанды интеллект мәтіннің шамадан тыс молаюына әкеліп отыр. ChatGPT іске қосылған 2022 жылдан бері Amazon-да ай сайын жарық көретін кітаптардың саны үш есеге артқан. Осы кезеңде ғылыми журналдарға жіберілетін мақалалардың саны да күрт өскен. Олардың көпшілігі кем дегенде ішінара жасанды интеллектің көмегімен жазылған.

Жасанды интеллект жинақы әрі кәсіби тілмен жазылған мәтіндер шығарады. Адам жазған және жасанды интеллект жазған мәтіндер қатар ұсынылғанда, тіпті шығармашылық жазу саласында магистр дәрежесін алуға дайындалып жүрген студенттердің өзі машиналар жазған мәтінді таңдағаны байқалған. Алайда жасанды интеллектің жазуы жағымды әрі нанымды болғанымен, ол көбіне төлнұсқадан жұрдай, көбіне ауытқып кетеді немесе онда осы екі кемшіліктің екеуі де қатар кездеседі. Сондықтан адамдарға ажыратып, бағамдай білу және түсіну қабілеті бұрынғыдан бетер қажет болады. Олар өздері не ойлайтынын және өз пайымына сүйеніп, шешімді қалай қабылдау керегін білуі тиіс. Ал дәл осы қабілеттер жасанды интеллекті қолдану салдарынан әлсіреу қаупіне ұшырап отыр.

Қауіптің астында тұрған нәрсе – адамның өз бетінше ойлау қабілеті. Егер адамдар жазу ісінде жасанды интеллектке шектен тыс сүйеніп кетсе, өз көзқарастарына күмән келтіріп, оны талдап-тексеру, тіпті өз пікірін қалыптастыру қабілетінен де айырылуы мүмкін. Бұлар – адамға ғана тән қабілеттер. «Егер осы қабілеттерден бас тартсақ, қазіргі қалпымыздағы адам болудан қалар едік. Біз мүлде басқа жаратылысқа айналар едік», – деді маған Нью Йорк университетінің философы Кваме Энтони Аппиах.

Осыдан жүз жиырма алты жыл бұрын The Atlantic журналы Артур Рид Кимболдың «қазіргі америкалық өмірдегі ешкім дау көтермей қабылдап кеткен ең елеулі өзгерістердің бірі» туралы жазған эссесін жариялады. Ел азаматтарының сауатты жазып, терең ойлау қабілетіне қауіп төнген еді. Шешендік пен ұзақ уақыт бойы тұрақты назар аударудың жауы не болды? Газет. Кимбол «Журналистиканың басып кіруі» (The Invasion of Journalism) атты мақаласында спорт беттері мен өсек-аяңға толы бағандары, әртүрлі ұсақ-түйек жаңалықтары мен жаргондары бар күнделікті газеттердің кітап пен әдеби журналдардың орнын ығыстырып бара жатқанын жазды. Оның айтуынша, тіпті газеттен Уошиңтонда немесе Еуропада болып жатқан маңызды оқиғаларды білу үшін оқимын дейтін адамдардың өзі алдымен «қызықты бір оқиғаға» көз жүгіртеді: бірі велосипедпен болған тосын оқиға туралы болуы мүмкін, енді бірі – айлакер ұрының қолға түскені жайлы.

Газет пайда болғанға дейін «роман» оқу дәстүрі мен адамгершілік ұстанымдарға қауіп төндіретін дүние ретінде қабылданған. Томас Джефферсон «әйелдерге білім берудегі ең үлкен кедергілердің бірі – олардың көркем әдебиетке деген құмарлығы» деп санаған. Өйткені роман әйелдерді «пайдалы әрі тағылымды кітап оқудан» алыстатып, өзіне еліктіріп әкетеді деп есептеген. Ол бір әйел романға әуестеніп кетсе, «жалт-жұлт етіп, арбап алмаса, ешқандай дүние оның назарын аудара алмайды» деп жазған.

Қазіргі кітап оқуға жасалып жатқан шабуылды елеусіз қалдыруға бүйрегі бұрып тұратын адамдар мұның бұрыннан келе жатқан дәстүр екенін алға тартады: жаңа бір технологияны немесе ақпарат құралын америкалық халықтың назарын бөліп, оны аздыратын құбылыс ретінде айыптау – әлденеше рет қайталанған әдет. Бәлкім, осыдан 126 жыл өткен соң бұл эссе де осындай кезекті алаңдаушылықтың бір көрінісі болып көрінер. Өткенге көз жүгіртіп, осындай өкпе-наланың тарихын қарастырғанда, әдетте ең алғаш болып ескінің адамдары бәрінен айырылып қаламыз деп қауіптенетінін байқадым.

Кейбір көрсеткіштерге сүйенсек, кітап әлі де өз өміршеңдігін сақтап келеді. Былтыр қағаз кітаптардың сатылымы он жыл бұрынғыдан жоғары болды. Barnes & Noble 60-тан астам жаңа дүкен ашты. 2025 жылы 400-ге жуық тәуелсіз кітап дүкені бой көтерді. Substack платформасында көлемді, ұзақ форматтағы жазбаларға жазылушылар саны күрт артты. Дуа Липа мен Риз Уизерспун сияқты танымал адамдар өздерінің атағы мен ықпалын пайдаланып, аса табысты кітап клубтарын іске қосты. Ал аудиокітаптар миллиардтаған долларлық индустрияға айналды.

Алайда оптимистер деректердегі аса маңызды бір жайтты елеусіз қалдырады: мәтінмен байланысты мәдениет халықтың барған сайын азайып келе жатқан бөлігінің арасында ғана өркендеп отыр. Өткен жылы кітаптардың 80 пайыздан астамын ересектердің небәрі 20 пайызы оқыған. «Бұл бірте-бірте марка жинау немесе орхидея өсіру сияқты белгілі бір шағын топтың әуестігіне айналып бара жатыр», – деді маған оқу мәдениетін зерттейтін Ратгерс университетінің тарихшысы Лия Прайс. Қазір оқырмандар кітап оқуға күн сайын жиырма жыл бұрынғыға қарағанда көбірек уақыт бөледі. Олар қағаз кітапқа өздерінен бұрынғы ұрпаққа қарағанда тіпті көбірек берілген сияқты. Бірақ мәтінге ден қойып, жазба сөз арқылы мәдени дүниені түсініп, зияткерлік байланыс орнататын адамдар қазір өзіндік бір субмәдениеттің өкілдеріне айналып барады. Бұл мақаланы оқып отырғаныңыздың өзі сіздің сол субмәдениеттің мүшесі екеніңізді білдіруі әбден мүмкін.

Енді оқырман болу міндетті нәрсе емес, адамның өз қалауына байланысты болғандықтан, ол белгілі бір адамның өзін танытатын белгіге айнала алады. Пойызда біреудің қағаз кітап не баспа мәтін оқып отырғанын көрсеңіз, мұның өзі бір ұстанымды білдіретіндей әсер қалдырады. Мұндай ұстанымдардың интернетте мазаққа айналуы да заңды шығар: қоғамдық жерде кітапты әдейі көзге түсетіндей ұстап жүрсеңіз, «жұрт айтсын деп кітап оқиды» деп айыптауы мүмкін. Бұл атаудың астарында әлгі адамның кітапты шын мәнінде оқу үшін емес, өзінің жоғары білімді екенін немесе әдеби талғамының өзгелерден биік екенін көрсету үшін алып жүргені туралы түсінік жатыр. Әйтпесе кітапты неге өзімен бірге тасып жүр?

Біз мұндай жағдайды бұрын да бастан өткергенбіз. Қоғам алғаш рет ауызекі мәдениеттен жазу мәдениетіне көшкен кезде, кітап оқи алатындар аз ғана топ болды. Осы аса бағалы дағдыны игерген адамдар ретінде олар қоғамда артықшылыққа ие болып, еңбегі үшін қомақты ақы алатын. Александрия кітапханасында тұрақтап тұрған ғалымдар қаланың патша сарайы орналасқан кешенінде өмір сүрген.

Бүгін халықтың аз ғана бөлігі кітап оқиды. Алайда сауатты, кітапқа жақын адам болу бұрынғыдай мәртебе емес. Қазір қалған оқырмандар қоғамнан шеттетіліп, мазаққа айналып, көп жағдайда қажетсіз болып қалды. Көпшілік үшін кітап пен жазба сөзге негізделген өмір салты экономикалық тұрғыдан тығырыққа тірелетін жолға айналды. Соңғы жиырма жылда газеттердегі жұмыс орындары 75 пайызға қысқарған. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы академиялық қызмет орындарының саны да азайып келеді, ал сақталып қалған қызметтердің барған сайын аз бөлігі ғана тұрақты академиялық лауазым мәртебесіне ие. 2024 жылы колледж түлектерінің небәрі 8 пайызы гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Сол жылы ағылшын тілі мен тарих кафедралары 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға аз диплом берді. Панельдік талқылаулар мен конференцияларда тарихшылардың сыбырлап айтылатын бір қорқынышы бар: олар өткенді жүйелі түрде зерттейтін ең соңғы буын болып қалуы мүмкін.

Миллиондаған америкалық оқитын апталық басылымның мұқабасында көпшілікке танымал әдеби тұлғаның шығуын елестете алмайсың. Өйткені ондай тұлға да, соншалық кең таралып, көпшілік оқитын апталық басылымдар да жоқ. Оның орнына америкалықтардың көпшілігі постсауатты қоғамның өкілдері екеніне мақтанады. Президенттің өзі ақпаратты тармақтарға бөлініп, қысқа түрде берілген анықтамалардан алғанды ұнататынын айтқан, ал оның көмекшілері суреттер мен диаграммаларды жақсы көретінін жеткізген. Әлемдегі ең бай адамдардың өзі ақпаратты X-тегі жазбалар, подкасттар мен чат-боттармен әңгімелесуден алатынын мақтанышпен айтады. Ал байлық пен ықпалға ұмтылған жастар соларға ұқсап бағады.

Әдетте, мәдени және экономикалық ықпалға «ең көп қолданылатын коммуникация технологиясын шебер меңгерген адамдар» ие болады. Бүгінде ондай адамдар – стримерлер, подкастерлер және инфлюенсерлер. Джо Рогандікіндей аудиторияға ие болу журналистер қауымына арман. Оның Spotify платформасында 14 миллионнан астам жазылушысы, ал YouTube-те 20 миллионнан астам жазылушысы бар. Өмірдегі Squid Game ойынын ұйымдастыру секілді ауқымды әрі күрделі қойылымдар жасайтын ютюбер MrBeast үнемі жүздеген миллион қаралым жинайды. IShowSpeed пен TheBurntPeanut сияқты бейнеойын стримерлері де елдегі ең танымал медиа тұлғалардың қатарында. Бұл тұлғалар жастардың кім болуға ұмтылатынына, не туралы сөйлесетініне, тіпті қалай сөйлейтініне де ықпал етеді.

Бұрын кітап білім, жад, даналық пен адамгершіліктің көзі болатын. Әлеуметтік психолог Джонатан Хайдттың айтуынша, аға буын кітап жазып, мәдениетті кейінгі ұрпаққа тікелей жеткізетін. Ал қазір ақпарат көлденең бағытта тарайды, бір жастан екінші жасқа қарай. Осындай үдеріс MrBeast пен TheBurntPeanut сияқты тұлғаларды америкалық мәдениет шырақшыларына айналдырады. Кітап оқудың азаюы дүниені төңкеріп тастаған жоқ. Ол дүниені белгілі бір бағытқа бұрып жіберді.

Жастар ығайлар мен сығайлардың қатарына қосатын мамандықтарға ұмтылады. Қазіргі заманда кәмелетке толып, өмірге енді араласып келе жатқан адамдар сол үшін инфлюенсерлікке бет бұрады. 2023 жылы Morning Consult жүргізген сауалнамаға қатысқан Z буыны өкілдерінің 60 пайызға жуығы мүмкіндік болса, әлеуметтік желі жұлдызы болғысы келетінін айтқан. Америкалық мектеп кітапханашылары қауымдастығының мүшесі Аманда Корделиски Оклаһома штатында кітапханашы болып жұмыс істейді және онда оқушыларға арналған дыбыс жазу студияларын ашқан. «Подкаст жүргізу – қазір ең қызу талқыланатын, ең танымал дүние. Мен миллион микрофон сатып алсам да, аудио зертханаларына кіру үшін кезекте тұратын адам табылады, – деді ол маған. – Инфлюенсер болғысы келмейтін кісі жоқ».

Қыркүйек айында Сиракюз университеті Creator Economy орталығын ашты және көп ұзамай инфлюенсер болуға ұмтылғандарға арналған алғашқы қосымша оқу бағдарламасын ұсынбақ. Университеттің Ньюхаус қоғамдық коммуникациялар мектебінің деканы Марк Дж. Лодато баспасөз мәлімдемесінде: «Бұл орталық қазіргі және болашақ студенттердің ұмтылыстарына тікелей жауап береді. Мақсат – оларды осы заманда да, келешекте де көш бастауға дайындау», – деді.

Алайда ондай әлемнің келетіні әзірге анық емес. Біз неден айырылып жатқанымызды аңғарған кейбір адамдар басқа жолды таңдап жатыр. Жиырмаға жуық штат оқу кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салды. Техастағы тыйым өткен оқу жылының басында күшіне енгеннен кейін, Даллас мектеп округінде кітапханадан кітап алу саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 200 мыңға артты – бұл шамамен 25 пайыздық өсім. Чикаго маңындағы мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін, сондай-ақ Ағылшын тілі мұғалімдерінің ұлттық кеңесінің мүшесі Рекс Овалле мәтін үзінділеріне қарсы пікірдің күшейгенін, кейбір мұғалімдердің оқу бағдарламасына тұтас кітаптарды қайта енгізіп жатқанын айтты. Кливленд қоғамдық кітапханасының атқарушы директоры Фелтон Томас кіші кітапхананың ең жас оқырмандарының егде жастағы оқырмандармен бірге цифрлық нұсқалардан гөрі қағаз кітаптарды таңдауға көшкенін мәлім етті. Постсауатты мәдениетке қарсылық білдіретін бұл әрекеттер нәтижесіз болып көрінсе де, байқап көргенде тұрған ештеңе жоқ.

Мен постсауатты дәуірде өстім. Мен дотком көпіршігі жарылғаннан көп ұзамай дүниеге келдім, ал iPhone жарыққа шыққан кез шамасында бірінші сыныпқа бардым. Жетінші сыныпта алғашқы телефонымды алып, көп ұзамай Instagram-да аккаунт аштым. Интернетке қатысты кез келген нәрсені, мейлі не болса да, мен (өкінішке қарай) көбіне түсініп тұрамын. Оқуға негізделген әлем туралы білімімнің басым бөлігін кітаптан оқығандарымнан алдым.

Мен кітап оқитын отбасында өскенімнің пайдасын көрдім. Әкем орта мектепті аяқтағанша, жатар алдында маған кітап оқып беретін (мінезі құбылмалы қыздың әкесі ретінде маған айтарға сөз таппай да қалатын. Бірге кітап оқығанда ол көкейіндегісін басқаның сөзімен жеткізетін). Әпкелерім мені өздерінің кітап клубына қабылдауға асықты. Ең сүйікті кітабымыз – «Вагонды паналаған балалар» (The Boxcar Children), қаңырап қалған пойыз вагонын үйге айналдырған жетім төрт бауыр туралы шығарма. Онда балалар тамақ пен баспанаға қол жеткізе салысымен, кенжелерін оқуға баулиды. Олар ағаш жаңқаларын әріптерге ұқсатып ойып, сия орнына қаражидектің шырынын пайдаланады. Мен он жасқа толғанда, анам маған бала кезінде оқыған «Қояндар төбесі» (Rabbit Hill) мен «Джонни Тремейн» (Johnny Tremain) кітаптарының өзі сақтап қойған даналарын берді. Оларды алғаш алған кезінде ішкі мұқабасына өз аты-жөнін жазып қойған екен. Мен де өз қолтаңбамды қостым.

Жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде классиканы оқуым керек деген ойға келдім. Мұғалімдерім қайта-қайта өздері жақсы көретін кітаптарды ұсынатын. Мен олардың әңгімесіне ілесіп, айтқан сөздерінде қандай кітапқа сілтеме жасап тұрғандарын түсінгім келді. Джейн Эйр романына әрең тісім өтіп, Анна Каренинаға ғашық болдым. Кітап оқып отырғанда жалғыз болсам да, жалғызсырамадым. Бұл кітаптарда ұрпақтан-ұрпаққа жеткен даналық бар еді. Джеймс Болдуин 1963 жылы Life журналындағы мақаласында (Time журналының мұқабасына шыққанынан тура бір апта өткен соң) былай деген: «Өз қайғы-қасіретің мен жан жараңды адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған деп ойлайсың. Бірақ содан кейін кітап оқисың. Мені қатты қинаған нәрселердің менен бұрын өмір сүргендердің бәріне ортақ екенін Достоевский мен Диккенс үйретті». Мен өзімді білім мен мәдениеттің үзілмеген тізбегінің бір бөлшегі сезіндім.

Содан бергі жылдардың бірінде, нақты қашан екенін өзім де білмеймін, бұл әдетім біртіндеп жоғала бастады. Өзгеріс байқатпай келді. Шаруам көбейді. Ұйықтар алдында кітап оқудың орнына телефонды сырғытып отыратын болдым. Бірнеше бет сайын назарым басқа жаққа ауып кете берді. Аз оқысам, одан не өзгерер еді? Менің қанша оқығанымды ешкім бақылап отырған жоқ қой. Ал кітаптар тұрған жерінде тұра береді. Кейін қайта қолға алармын.

Александрия кітапханасы жойылған кезде, ондағы бумаларға жазылған білім мәңгілікке жоғалды. Эратосфен мен Евклидтің бұдан бөлек тағы не жазғанын біз білмейміз. Күлі көкке ұшты. Мына заманда ондай жағдай болмайды: ұлы кітапханадағы бар кітапты бір ғана компьютер чипіне сыйғызуға болады. Қазір тіпті көпшілікке белгісіз академиялық монографиялардың өзі сканерленіп, цифрлық форматқа көшіріледі. Google Books пен Internet Archive-ті ұшы-қиыры жоқ кітапханалар деуге болады. Оларға жету үшін Жерорта теңізін басып өтіп, қауіпті сапарға аттанудың қажеті жоқ, бірнеше пернені басып-ақ кіре аламыз. Мәтіндерді ылғал құртып, тышқандар кеміріп кетпейді.

Алайда немқұрайлылық әлі де бар. Біз жоғалтып жатқан нәрсе – сол мәтіндерді оқуға деген қабілетіміз бен ықыласымыз. Бізге мол білім мен даналық мұра боп жетті. Ал сол мұраны қайда жұмсайтынымыз өз қолымызда.

Аа