2
The Economist

Құтқару тізімі: музейлер апат кезінде қай жәдігерді құтқарып қалу керек екенін қалай анықтайды

Лу Стоппард
Сурет:
Abaca Press

Климаттың өзгеруі миллиардтаған долларлық өнер туындыларына қауіп төндіріп отыр. Оларды сақтап қалу үшін кураторларға ауыр таңдау жасауға тура келеді.

Тыңдау
0:00
1x

Мурал» (Mural) – Джексон Поллоктың ең алып туындысы: биіктігі – 2,4 метр, ұзындығы – 5,8 метр. Суретті 1943 жылы коллекционер Пегги Гуггенхайм Нью Йорктегі пәтерінің кіреберісіне арнайы тапсырыспен салдырған. «Мурал» – абстрактілі шығарма, бірақ оған ұзақ үңіліп тұрсаңыз, сары, қызғылт және қою қара бояулар қойыртпағынан адам мен аңның бейнелері біртіндеп қылаң бере бастайды. Олар кенептің бір шетінен екінші шетіне қарай лап қойып, дәл қазір суреттен атып шығып, тап беретіндей әсер қалдырады. Поллоктың өзі бұл еңбегін бір досына «үріккен үйір» деп сипаттаған.

Бастапқыда Поллок «Муралды» қабырғаның өзіне салады деген ой болған. Алайда Пегги Гуггенхаймның досы, суретші Марсель Дюшан оны кенепке салуға кеңес береді. Сонда картинаны қажет болса, басқа жерге көшіре беруге болар еді. Өнертанушылар «Муралды» Поллок шығармашылығындағы үлкен бетбұрыс деп біледі. Өйткені дәл осы картинаны салған тәсіл кейін оның қолтаңбасына айналған: кенепке шашып кеп жіберген кезде бояу өз бетімен аға жөнеледі.

1948 жылы Пегги Гуггенхайм «Муралды» Айоуа Ситидегі Айоуа университетінің өнер факультетіне сыйға тартты. Кейін бұл туынды Анри Матисс, Пабло Пикассо, Роберт Мазервелл және Филип Гастон секілді суретшілердің еңбектері сақталған алуан түрлі дүние жиылған коллекцияның ең құнды жәдігеріне айналды. 1969 жылы университеттің өз өнер музейі салынған соң, картина Айоуа өзенінен бірнеше-ақ метр жердегі аласа, төртбұрышты ғимаратқа қойылды.

Сол кездері университеттің жоспарлау, жобалау және құрылыс жөніндегі директоры болған Родни Ленерц музейдің өзенге тым жақын орналасқан соң, айналасы көз тоймастай көркем көрінгенімен, мұндай сұлулықтың да төндірер қаупі бар дегенді айтқан. Университетке ондай қауіп аса төне қоймайды. Бірақ аяқ астынан су тасқыны бола қалса, су көзді ашып-жұмғанша лап қойып, қамдануға мұрша бермейді. Кейде тасқын бірден басталмайды. Оның да өз белгілері болады: толассыз жауған жаңбыр, қыста қатқан жердің жібуі... Мұның бәрі айлар, тіпті жылдар бойы біртіндеп жиналады. Осындай белгілерді әбден апат болғаннан кейін ғана аңғарып жатамыз. Бірақ дәл сол сәтте «бұған ешкім тосқауыл қоя алмас еді» деп өз-өзімізді жұбатқан әлдеқайда оңай болар еді.

1993 жылы Айоуада дәл сондай су тасқыны болды. Су университет аумағына дейін жеткенімен, айтарлықтай зиян келтіре қойған жоқ. Қас қылғанда, мұндайдан кейін жұрт сақтанайық дегеннің орнына, керісінше, жайбарақат жүре берді.

– Біз «су тасқынының ақыры осы болған шығар» деп ойладық, – деп еске алды Родни Ленерц. Музейдің жертөлесіне су өту қаупі жоғары болғандықтан, кейін оны пайдалануға болмайды деген шешім шығарылды. Десе де жоғарғы қабаттарда көрмелер өткізіліп, келушілерді қабылдай берді. Өйткені университеттен жоғарырақта соғылған бөгет қандай тасқын төнсе де, ұстап қаларына кәміл сенді.

Алайда 2008 жылдың басында бұл соқыр сенім сан соқтырды. Көктемде АҚШ-тың Орталық Батысына қайта аяз түсіп, жердің тоңы ұзаққа дейін жіби қоймады. Соның салдарынан еріген қар суы мен жауын-шашын жерге сіңбей қалды. Су Айоуа өзеніне құятын салаларға жиналып, су қоймасына қарай ағылды. Су деңгейі ай өткен сайын көтеріле берді. Ақыры маусымда шамадан тыс көлемге жетті.

– Су бөгеттен тасып-төгіліп, қырық бес минуттың ішінде өнер қалашығын тұтас басып қалды, – дейді Родни Ленерц.

Университет қызметкерлеріне бөгеттің шыдас беруі екіталай екені бір апта бұрын ескертілді. Десе де, мұның соңы немен тынарын ешкім шындап сезіне қойған жоқ. Музей кураторы Кәти Хейслетт су тасқынына қамдану жайы талқыланған университет жиынында отырып: «Осынша туындыны көшіріп үлгеру мүмкін бе өзі?» – деп ойлағанын еске алады. Родни Ленерц кейін: «Жұрт алаңдағандай болғанымен, ешкім шындап үрки қойған жоқ», – деген еді. Ақырында музейдің сақтандырушысы – Лондондағы Lloyd's компаниясы туындыларды дереу алып шығуға шешім қабылдады.

Музейлер біздің нені құнды санайтымыздың айнасы іспетті. Ғасырлар бойы жиналып, сақталып, көрмеге қойылған туындылар белгілі бір қоғам мен жеке адамдардың нені қадір тұтатынынан сыр шертеді. Уақыт өте келе сол таңдау тұтас бір дәуір, мәдениет пен қоғамның бет-бейнесіне айналады. Оның ықпалы мұнымен шектелмей, кейінгі ұрпақтың нені құнды деп қабылдайтынына да әсер етеді. Ал бір дүниені өзгесінен бұрын құтқаруға мәжбүр болғанда ғана сол таңдау айқындала түседі.

Университеттің өнер музейінде қай туындыны алдымен алып шығу керегі оның нарықтағы болжамды құнына қарай айқындалатын. Басқаша айтқанда, әр туынды бәссаудада қаншаға сатылуы мүмкін деген есеп негізге алынды. 1993 жылғы су тасқынынан кейін музейдегі ең қымбат 75 туындының тізімі жасалды. Ол тізімді сол кезде 140 миллион долларға сақтандырылған Поллоктың «Муралы» бастады. Хейслетт одан кейінгі кезек қайсысына келетінін анықтау үшін Sotheby's бәссауда үйімен сағаттап телефон арқылы сөйлесіп, соңғы саудадағы бағаларды қайта-қайта нақтылап отырды. Өнер туындыларын сақтандырумен айналысатын брокер Адам Прайдо мұндай тізімді «құтқару тізімі» (the grab list, яки «бірінші болып алып шығу керек дүниелер тізімі») деп атайды. Егер орманда өрт шыға қалса, Лос Анджелес аймағы өнер музейінің (lacma) мамандары ең әуелі Моненің «Су лалагүлдерінің» өз қорларындағы нұсқасын, одан кейін Сезанн мен Пикассоның туындыларына ұмтылар еді. Ал Сена арнасынан тасап кетіп жатса, Лувр қызметкерлері еш ойланбастан «Мона Лиза» мен «Милостан шыққан Венераны» ала қашар еді.

«Муралды» тоңазытқышпен жабдықталған жүк көлігіне тиеп, қасына қарулы күзет беріп, Айоуадан Чикагодағы қоймаға аттандырды, онысы шамамен 320 шақырым жерде. Музейдегі ең қымбат екі туынды бір көлікпен кетпесін деген сақтықпен неміс суретшісі Макс Бекманның 1943 жылғы картинасы – «Карнавалды» басқа жүк көлігіне салды. Университет басшысы журналистерге сұхбат беріп тұрып, туындылардың жолда кетіп бара жатқанын айтып қойып, төбе шашы тік тұрғанын музейдің уақытша директоры Памела Уайт әлі күнге ұмытпайды.

– Біздің қорымыз бір миллиард доллардың төрттен бірі, не бәлкім, үштен біріне сақтандырылған. Енді міне, олардың Чикагоға бет алғаны жұрттың бәріне жария болды, – дейді Уайт.

– Әлгі жүк көліктерін біреу тонап кете ме деп қауіптендік, – деп сөзін жалғады Хейслетт. 

Оны музейдегі Африка, Колумбқа дейінгі өркениет пен Американың байырғы халықтарының өнер туындылары алаңдатты. Батыс суретшілерінің еңбектеріндей қымбат бағаланбағандықтан, олар құтқару тізімінің соңына ығыстырылған еді. Оның үстіне, көбі үлбіреген қауырсынмен не өрнектеліп әсемделген. Әрқайсысы – теңдессіз мәдени мұра-тұғын. Сонда оларды құтқарудың қажеті жоқ па? – деген сұрақ Хейслеттің көкейінен кетпеді.

Бас-аяғы бірер күннің ішінде музей қызметкерлері он мыңнан астам туындыны буып-түйіп, қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Жүк көліктерінің университет қалашығына жетуі мұңға айналғанда, еріктілер суреттер топтамасын дөңге қарай өздері тасыды. Ол кезде музейге кіші қызметкер болып бір апта бұрын ғана жұмысқа тұрған Мелисса Мор:

– Біз музейден шықпайтынбыз, тіпті сонда қонып жүрдік. Мынадай жалғыз ереже болды: әбден зорығып, бір дүниені бүлдіріп ала жаздайтындай күйге түссең ғана үзіліс аласың. Әйтпесе күні-түні тыным жоқ, мұрынымыздан шаншылдық, – деп еске алады. Родни Ленерц бір күні жалқын түсті комбинезон киген, штат түрмесінде жазасын өтеп жүргендердің амиш фермерлермен иық тіресе құм толтырылған қаптарды үйіп жатқанын көрген.

– Hallmark-тың арзанқол фильміндей көрінгенімен, адамға шабыт берген еді, – дейді ол.

13 маусымның таңында музейді дереу босату керек деген бұйрық та ақыры келіп жетті. Ұлттық Ұлан (National Guard) музейді жауып тастағанға дейін қызметкерлердің небәрі бір сағат уақыты бар еді. Жұрттың бәрі қолына іліккенін тасып әлек. Әкетуге үлгермегендерін жоғарыдағы сөрелерге шығарып жатты. Уақыт біткенде музейдің есігі тарс бекітіліп, қызметкерлердің бәрі сыртқа шығарылды. Артынша су да келді.

Музейдің мәні неде? Бір қарағанда жауабы айдан анық секілді, яғни өнер мен мәдениетті жұртшылыққа қолжетімді ету. Бірақ музейдің тағы бір міндеті бар. Ол – бұл туындыларды ғалымдар, қонақтар мен келер ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақтау. Алайда осы екі мақсат әуелден-ақ бір-біріне кереғар. Өнер туындыларын қоймада құлыптап ұстаса, әрине, бәрін қызық көретіндер де, кейде сыны беймәлім жұрт та оларды бүлдіріп кете алмас еді: қолына кофе ұстап алып серуендеп жүрген келушілер де, тентек балалар да, тіпті Just Stop Oil белсенділері де (олар жылдар бойы өнер туындыларын наразылықтың құралына айналдырып келеді). Бірақ климат өзгерісі күшейген сайын осы екі міндетті қатар атқарып жүру бұрынғыдан бетер қиындай түсті.

Сол кезде өнер музейімен қоса, Айоуа университетінің аумағындағы 22 ғимаратты су астында қалдырған топан су музей үшін бұрын-соңды болмаған, тіпті ақылға сыймайтын алапат апаттай көрінді. Өйткені әдетте асықпай, асқан ұқыптылықпен тасымалданатын өнер туындыларын енді көзді ашып-жұмғанша көшіруге тура келді. Алайда содан бергі жиырма жыл ішінде «климат өзгерісінен туындайтын катастрофа кезінде қордағы дүниелерді қалай аман сақтап қаламыз?» деген сауал өзге де көптеген институциялардың алдынан шыға бастады. Музейлердің ауқымы да, қаржысы да сан түрлі болғандықтан, мұндай апатқа алдын ала қамданудың өзі кейде өте қиын, тіпті құр әурешілік сынды көрінді. 2023 жылғы ала құйыннан кейін ескі локомотивтері түгелдей жарамсыз болып қалғанда, Ирландиядағы Даунпатрик пен Каунти Даун теміржол музейінің төрағасы:
– Бізде төтенше жағдайға арналған жиынтық бар еді. Кейін оны су бетінде қалқып жүрген жерінен тауып алдық, – деген болатын.

Музейлер қашаннан айналасындағының бәрін бақылап отыруға тырысып келеді. Өнер туындылары бүлінбес үшін жарықты көмескі күйде ұстайды; температура 16-20°C аралығында болу керек; ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 40-70% шамасында сақталып, қысқа уақыт ішінде 5%-дан артық ауытқымауға тиіс. Бұл талаптар 1970 жылдары енгізілді де, музей ісіндегі «стандарт» жағдайлар деп аталып келеді. Алайда көптеген консервация мамандары (мәдени мұраны сақтау) бұл талаптарды шартты қағида санайды. Оларды музей орналасқан өңірдің климаты мен туындылардың қандай материалдан жасалғанына қарай икемдеу керек деп санайды. Консервация мамандарының бірқатарын тағы бір мәселе алаңдатады. Өнер туындыларын сақтаймыз деп электр қуатын көп қажет ететін салқындату жүйелері, тасымалдауға арнайы жасалып, кейін қайта пайдаланылмайтын жәшіктер, сондай-ақ туындыларды тез әрі жайлы жеткізу үшін ұшақпен тасымалдау орынсыз шығындар тізімінің басына шыққан.

– Мұның бәрі өнер туындыларын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалудың бірден-бір дұрыс әрі тұрақты жолындай көрінеді. Бірақ сол жолдың өзі тұрақтылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды, – дейді Берлинде жұмыс істейтін консервация маманы Ким Крәкцн.

Музейлердің көбі, әсіресе ұлттық деңгейдегі ірі музейлер, қатаң экологиялық талаптардың толық сақталатынына кепілдік болмаса, өз қорындағы туындыларды уақытша көрмеге бермейді. Соның салдарынан ауа райы тым ыстық, ылғалды не құбылмалы өңірлердегі мұндай қымбат талаптарды орындауға шамасы жетпейтін музейлер, сұраған күннің өзінде, таңдаулы музейлер ең бағалы деп санайтын туындыларды ала алмайды.

Десе де, әлемге әйгілі өнер туындыларының көбі бүгінде табиғи апат қаупі төніп тұрған қалаларда. Лондондағы Темза өзенінің жағасында Tate Britain мен Tate Modern бастаған аса танымал музейлер шоғырланған. 1928 жылдың қаңтарында Ұлттық галерея, Миллбанк деген атпен танылған Tate музейін су басты. Соның салдарынан 300-ден астам туынды бүлініп, оның 18-і тіпті жарамсыз боп қалды. Дж.М.У.Тернердің жертөледе сақталған қағаз туындылары лай суда қалқып жүрген жерінен, бояуы ағып кетпей тұрып алып шығарылған. Тіпті музей директорының өзі ашық қалған кәріз құдығына құлап кетіп, оны да әупірімдеп жүріп әрең құтқарып қалған екен.

Бүгінде өзен толысып тасығанда, Tate музейлерін әлемдегі ең ірі жылжымалы бөгеттердің бірі саналатын Темза бөгеті (Thames Barrier) қорғайды. Алайда соңғы жылдары Лондонның өзінде дауыл бұрынғыдан да жиі соғады. Оның үстіне бұл бөгет алғаш жобаланғанда 2030 жылға дейін ғана қызмет етеді деп жоспарланған. Демек, оған небәрі бес жыл ғана қалды (дегенмен кей инженерлер ол 2070 жылға дейін де қазіргі стандартқа сай жұмыс істей алады деп есептейді). Париждегі Лувр да Сена өзенінің жағасында, дәл осындай қауіп-қатер төнуі мүмкін жерде орналасқан. Қаңтар айында жұртқа тарап кеткен қызметтік жазбада музей директоры Лоранс де Кар кейбір көрме залдары «су өткізбейтін қасиетінен айырылып барады» десе, «енді бірінде температураның күрт құбылуы өнер туындыларына зиян келтіріп отырғанын» жазған. Лувр қорындағы 100 мыңға жуық туынды Парижден солтүстікке қарай 190 шақырым жердегі Льевендегі арнайы қоймаға әлдеқашан көшіріліп қойған. Бірақ өзен жағасында қалған жәдігерлердің тағдыры әлі де қыл үстінде тұр.

Лувр – тұрақты қорындағы туындыларын сақтандырмайтын беделді мемлекеттік музейлердің бірі. Мұның бір себебі – ондағы жәдігерлердің көбі баға жетпес құнды саналады. Дәл сол сияқты қорын сақтандырмайтын Лондондағы Ұлттық галереяның төрағасы мұның құны тым қымбатқа түсетінін айтқан. Ал жекеменшік коллекциялар мен институциялар сақтандырусыз болмайды деп есептейді, сондықтан полиске қол жеткізу үшін барын салады. Бүгінде өнер туындыларын сақтандыру құны жағынан Манhәтн Флорида мен Калифорниядан кейін әлемде үшінші орында тұр.

– Бұған, бір жағынан, байлықтың, екінші жағынан, мәдени институциялардың осы өңірлерге шоғырлануы себеп, – дейді axa xl компаниясында өнер туындыларын сақтандыруға жауапты Дженнифер Шипф.

Өнер туындыларын сақтандырумен айналысатын брокер Прайдо 2012 жылы Нью Йоркті жайпаған «Сәнди» дауылының өнер әлемінде нағыз «хаос» орнатқанын айтады («Манhәтннің осыншама жерін су басады деп ешкім ойлаған жоқ, – дейді Шипф: «Манhәтн үлкен астауға айналып кеткендей болды. Бір галереяға кірсем, суда мүсін қалқып жүр екен»). Одан кейін сақтандыру өтемақысын талап еткен өтініштердің саны жаға ұстатты. Бірақ Прайдо жағдай одан да нашар болуы мүмкін еді деп ойлайды. Ол бірде Лондондағы Lloyd's штаб пәтерінде отырып, андеррайтердің (сақтандыру тәуекелдерін бағалайтын маман) мониторындағы картадан дауылдың Делавэрдегі Freeport қоймасының үстінен өтіп бара жатқанын қарап қалғанын еске алады. Әлемдегі ең ірі коллекционерлердің көбі салық төлемеу үшін өнер туындыларын сонда сақтайды.

Оның ішінде миллиардтаған доллар тұратын өнер туындылары бар. Егер дауыл оларды астан-кестең етсе, бәріміздің кәсібіміз құрдымға кетеді, – деген екен андеррайтер.

Кейінгі жылдары Нью Йорктегі бірқатар музейлер су тасқынының қаупін азайтудың қамына кіріскен. Гудзон өзенінің жағасында орналасқан Whitney Museum of American Art жаңа ғимаратын салып жатқан кезде «Сәнди» дауылының кесірінен тереңдігі тоғыз метрге жуық жертөлеге 23 миллион литрдей су құйылған. Соның салдарынан сәулетшілер жобаны қайта қарауға мәжбүр болды. Су тасқыны қаупінің карталары мен дауылға қатысты болжамдарды зерделегеннен кейін олар ғимараттың кіреберісін жер деңгейінен бес метрдей биіктету жайында шешім қабылдады (тіпті бастапқы жобаның өзінде ол биігірек етіп жоспарланған еді). Бұған қоса музейге өнер туындылары жеткізілетін қабылдау алаңдарын қорғау үшін әскери кемелерге есік жасайтын Walz and Krenzer компаниясына «тасқынға төтеп бере алардай қалыңдығы 25 сантиметрге жуық алюминий қақпалар» жасауға тапсырыс берді. Мұндай қақпалар 3 175 келіге дейін жететін салмақпен ұрғанға да мыңқ етпейді. Музейді жобалауға қатысқан сәулетші әрі инженер Кевин Шорнның айтуынша, бүгінде бұл ғимарат сүңгуір қайық іспетті..

Қаланың жоғарғы бөлігіндегі Метрополитен өнер музейі 2030 жылы ашылатын модерн және қазіргі заман өнеріне арналған Таң қанатын (Оскар Л. Таң мен Х.М. Агнес Сюй-Таңның құрметіне аталған ғимаратты) салып жатыр. Бастапқы жобада жерасты қоймасының бірнеше қабатын салу көзделген еді. Алайда 2021 жылы «Ида» дауылы салдарынан музейдің бір бөлігін су басып қалған соң, бұл жоспардан біржола бас тартқан.

– Енді ешқашан өнер туындыларын жер астында сақтамаймыз, – дейді музейдің күрделі құрылыс пен инфрақұрылым жоспарлау бөлімінің басшысы Бретт Гайар.

Метрополитен музейі ұзақ жылдан бері ғимараттың негізгі салқындату жүйесін жаңартуды жоспарлап жүр. 140 мың шаршы метрдей аумақты алатын құрылым нысан ішіндегі «стандарт» жағдайды қамтамасыз етеді. Әуелгіде оны төменгі қабатта қалдыру көзделген. Бірақ «Ида» дауылынан кейін мұның мүмкін емес екені белгілі болды (енді ол жер деңгейінен жоғары орнатылады). Мұндай өзгеріс енгізу оңайға соқпады. Дегенмен, Гайар басқа амалдың қалмағанын айтады.

– Бұрын жүз, екі жүз не тіпті бес жүз жылда бір қайталанады деп есептеліп келген су тасқындары енді бас-аяғы бір онжылдықтың ішінде бірнеше рет таситын болды. Ол солай жалғаса бермек.

Ал қаржысы бұдан әлдеқайда аз институциялар үшін ғимаратты қайта жобалау тіпті мүмкін емес дүние. Сондықтан олар климат өзгерісінен туындаған қатерлерге қатысты үміт пен күдіктің ортасында өмір сүріп келеді. 2023 жылы Исландия ұлттық галереясының консервация (мәдени мұраны сақтау) бөлімінің жетекшісі Натали Жакмине Париждегі Нотр Дам соборындағы өртке арналған конференцияға қатысқан (өртке ауа райы емес, электр сымының ақауы немесе темекі тұқылы себеп болған деген болжам бар.) Жакминенің айтуынша, өрт болардың аз-ақ алдында Нотр Дам кураторларының бірінің төтенше жағдай жоспарын аяқтап үлгергені тағдырдың тосын сыйындай болған екен. Париж өрт сөндіру қызметінің басшысы кураторға алдымен сыртқа шығарылатын жәдігерлердің тізімі бес заттан аспауы керек дегенде, ол шошып кетіпті.

– Бұл мүмкін емес. Бізде аса құнды жәдігер өте көп, – депті куратор.

Сөйтіп, ол тізімге 19 жәдігерді енгізеді.

– Ақырында [құтқару қызметі] шіркеу ішіндегі бірнеше жәдігерді қауіпсіздеу жерге жылжытқанымен, сыртқа небәрі бесеуін ғана алып шықты. Өйткені бұл олардың міндетіне кірмейтін, – деп еске алады Жакмине.

Осы оқиғадан кейін Жакмине Ұлттық галереяның он екі залының әрқайсысынан ең маңызды бес жәдігердің суреті мен оларды қауіпсіз жерге қалай көшіру керегі көрсетілген құжат әзірледі. Оның бір данасын өрт сөндіру қызметіне беріп, енді бірнеше нұсқасын музейдегі кеңселерде сақтап қояды. «Таңдау жасау өте ауыр болды», – дейді ол. Ақырында Жакмине басымдықты Исландия кескіндемесінің алғашқы кезеңіне жататын туындыларға берді. Олар табиғаттың айбынын осы ұлтқа тән көркемдік тілмен астастыра бейнелейтін исланд өнерінің қалыптасу жолын айқын көрсетеді. Қазіргі заманның даңқы дүркіреген суретшілерінің еңбектеріндей қымбат бағаланбауы мүмкін. Бірақ олар жоғалса, орнын толтыру мүмкін емес болар еді.

Исландия музей кеңесінің және дағдарыс пен қарулы қақтығыс кезінде өнер туындылары мен тарихи мұраны қорғауға аттанатын «мәдени Қызыл Крест» атанып кеткен Blue Shield ұйымының Исландиядағы бөлімшесінің мүшесі ретінде Жакмине өзге музейлерге әуелі қандай жәдігерлерді құтқару керегін іріктеу жайында кеңес береді. «Құдай-ау, бұл туған балаларыңның бірін таңдағанмен бірдей», – дейді екен олар.

Сосын Жакмине олардан дәл осындай жағдайды көз алдарына елестетуді сұрайды.

– Есіктің алдында тұрған өрт сөндірушіге не айтар едіңіз? – дейді ол.

Сонымен қатар қай жәдігерді тез көшіруге болатынын, қайсысы апаттық шығаберіске жақын тұрғанын да алдын ала ескеру қажет.

Кейбір институциялардың өнер туындыларын басқа жерге көшірудің өзі мүмкін емес: олардың бірі тым көлемді, екіншісі тым нәзік, енді бірі тұрған ғимараттың болмысымен біте қайнасып кеткен. Мұның айқын мысалы – Хьюстондағы Ротко капелласы. Музей һәм ғибадат орны саналатын бұл минималистік ғимаратты Марк Ротконың өзі ойластырған. Сондықтан мұнда қойылған он төрт алып кенепті тұрған орнынан бөліп қарау мүмкін емес.

2024 жылдың тамызында «Берил» дауылы капелланы зақымдады. Осылайша он жылға жетер-жетпес уақыт ішінде ол екінші рет табиғи апаттың ортасында қалды. Бұған дейін, 2017 жылы «Харви» дауылы салдарынан капелланың жылыту және салқындату жүйелері орналасқан жертөлесі су астында қалған еді.

– Біз бәрінен айырылып қалдық, – дейді капелланың бұрынғы атқарушы директоры Дэвид Лесли. Осы оқиғадан кейін электр жүйелері басқа жерге көшірілді. Бірақ «Берил» дауылы кезінде шатыры сыр берген екен. Төбеден сорғалаған су төрт кенептің үстіне тамған. Әсіресе шығыс қабырғадағы триптихтің бір бөлігі қатты бүлінді. Жұлдызсыз түнгі аспандай мұңды сұлулығымен көз тартатын қою қара үш кенептің бірінің бетінде қыртыстар пайда болып, бояуы қабыршақтанып түсе бастады. Лесли эвакуация жасауды ойламапты. Өйткені туындылар тым үлкен еді, әрі ғимарат іші қауіпсіз екеніне сенімді болған.

Қаңтар айында Леслимен сөйлескенімде, капелла жақында ғана қайта ашылған еді. Алайда келушілер бүлінген туындылар ілулі тұрған қабырғалардың бос тұрғанын көрді. Лесли олардың жоқтығы көрген адамның ойын сан-саққа жүгіртетінін айтады. Бірақ ол мұның келушілерді ойландыруға сеп боларына сенеді.

– Бұл дүниеде мәңгі ештеңе жоқ, – дейді ол. – Бұл климат өзгерісі алдында қаншалық дәрменсіз екенімізді еске салады.

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында мен Лос Анджелестегі J. Paul Getty Trust ұйымының тұрақты даму жөніндегі жетекшісі Камиль Киркпен және Getty Conservation Institute-нің қорлар жөніндегі бөлім басшысы Ставрула Гольфомицумен сөйлестім. Бұл институт әлемдегі ең үздік реставрация және консервация орталықтарының бірі саналады (Айоуадағы су тасқынынан кейін «Мурал» туындысын да осы институттың мамандары қалпына келтірген еді). Getty Center қорында Тернер, Ван Хоһ пен Рубенс еңбектері сақталған. Ал одан шамамен 16 шақырым жердегі Пасифик Палисейдс ауданында орналасқан Getty Villa – ежелгі грек және рим өркениеті жауһарларының мекені.

Табиғи апат қаупі жоғары аймақта жұмыс істейтін Кирк пен Гольфомицу өнер туындыларын сақтап қалу дегеннің өзі нендей мағына беретіні жайында көптен бері ойланып жүр екен.

– Егер өмір сүріп жатқан ғаламшарымыздың өзі жоқ болса немесе өнер институцияларын қаржыландырып отырған үкіметтер бүкіл қаржысын апаттың салдарын жоюға, оның зардабын азайтуға және соған төтеп беруге жұмсауға мәжбүр болса, онда коллекцияларды сақтаудың өзі кімге керек болады? – дейді Кирк. Дегенмен Кирк те, Гольфомицу да Getty-дің жер сілкінісіне дайындығына шүбә келтірмейтінін айтады. Мәселен, қабырғалар опырылып қалған жағдайдың өзінде туындылар құлап кетпеуі үшін болат арқалықтардан арнайы тор орнатылған. Ал мүсіндер еденге бұрғылап бекітілген арнайы тұғырларда тұр.

Екеуі де өздерін Лос Анджелес аумағында жылдан жылға үдей түскен орман өрттері алаңдататынын айтты. Ол өрттер бірінен бірі өтеді. Әңгімелескенімізден небәрі екі апта өткенде, қаңтардың басында Getty Villa аумағын өрт шарпыды. Бұл өрт бір мезетте тұтанған бірнеше ірі өрттің бірі еді. Кейін ол Лос Анджелес тарихындағы ең жойқын өрт ретінде тіркелді.

Әлемдегі ең бай музей саналатын Getty дағдарыс кезінде қорындағы туындыларды эвакуацияламайды. Оның орнына қамалдай тас-түйін бекініп, жылдар бойы миллиардтаған доллар жұмсап жасатқан өртке қарсы қорғаныс жүйесіне сенім артады.

– Лос Анджелестегі ең қауіпсіз ғимарат –  мына біздікі. Қалғанының бәрі күлге айналып кетсе де, біз орнымызда тұра береміз, – дейді музей директоры Тимоти Поттс.

J. Paul Getty Trust ұйымының президенті әрі бас атқарушы директоры Кәтрин Флемиң вилла бағының өртке оранғанын жедел басқару орталығы деп аталатын қауіпсіз бөлмедегі экрандардан бақылап отырған кезін есіне алады. Түтін мен аптап ыстықтан вилладағы камералар мен электр сымдары еріп, көрініс бұлыңғырланып қалған. Соған қарамастан Getty тобы вилла ішінде отырған он алты қызметкермен байланыста болған. Ара-тұра олардың бірі сыртқа жүгіріп шығып, ұшқын тұтанған жерлерді өрт сөндіргішпен өшіріп отырған.

Орайы келіп, мезгілінен бұрын қамданып отырғанының арқасында вилла аман қалды. Сол күні Getty-дің өрт қауіпсіздігі жөніндегі екі маманы кездейсоқ сол жерде болған. Оның үстіне мекеме аумақты күтіп ұстау мен суару жүйесін үнемі қадағалап, құрамында майы көп болғандықтан лап етіп тез тұтанатын эвкалипт секілді ағаштарды алдын ала тазалап отырған.

– Getty Villa-ның ежелгі Геркуланумдағы вилланың үлгісімен салынғаны менің де ойымнан шықпай қойды. Ол да бет қаратпас табиғи апаттың құрбаны болған еді, – дейді Флемиң.

Бір кезде Лос Анджелестегі бірнеше өнер институциясын өрт жалмап кетердей көрінді. Солардың бірі – өнеркәсіп дизайнерлері Чарльз бен Рэй Имз салып, өздері тұрған XX ғасыр ортасындағы әйгілі Имздер үйі (Eames House). Үйді сақтап қалумен айналысатын Eames Foundation ұйымының жетекшілері – Имздердің немерелері Имз Деметриос пен Люсия ЭтУудпен сөйлескенімде, ғимаратқа төнген тікелей қауіп сейілгенімен, маңайдағы өрт әлі толық сөнбеген еді.

Деметриос та, ЭтУуд та осы үйде өскен. Үйге қауіп төнгенде, екеуі де лезде Лос Анджелестегі өз үйлерінен жетіп келіп, қолдарынан келгенше ішіндегі заттарды көліктеріне тиеп әкетуге кіріскен. Қай заттарды алып шығуды олар 2019 жылғы орман өртінен кейін алдын ала жасаған тізімге сүйеніп шешкен. Мақсат – үйдің рухын сақтап қалу. Сол үшін сөредегі бірнеше кітап пен үстел үстіндегі бірнеше бұйымды ғана алған. Егер үйдің күл талқаны шықса, ата-әжелерінің «заттарды үйлестіріп орналастыру мәнерін» басқа жерде қайта жаңғырта алатындай болуын ойлаған.

– Тізімдегі заттың бәрін алып шығуға үлгермедік. Кейбірі асығыс эвакуациялағанға тым нәзік еді, – дейді ЭтУуд. Сондықтан сынғыш заттарды терезеден аулақ жерге жылжытып қойған.

Ақыр аяғында өрттің Имздер үйіне түтіннен өзге залалы тиген жоқ. Бірақ бұл оқиға үйдің қаншалық осал екенін тағы бір мәрте еске салды. Getty ұйымы атынан сөйлеген Флемиңнің айтуынша, өзге өнер институцияларынан айырмашылығы – бұл үйдің өзі өнер туындысы саналады. Ал Деметриос үшін үйдің құндылығының сыры көзге көрінбейтін, ешнәрсемен алмастыруға келмейтін дүниелерде жатыр.

– Міне, атам мен әжем отырған орын осы. Қабырғадағы бояу да сол күйі сақталған. Айналасындағы табиғаты да, оны қоршаған орта да – бәрі түпнұсқа, бәз баяғы қалпында, – дейді ол.

Жақында ЭтУуд сәулетші Лиз Маклинді Имздер үйінің «250 жылдық жобасына» (250 Year Project) шақырды. Жобаның мақсаты – үйді алдағы бірнеше ғасыр бойы сақтап тұрудың жолдарын әзірлеу. Маклин ұсынған шаралардың бірқатары алдын алу жұмыстарына бағытталған. Мысалы, Имздер алғаш көшіп келген кездегідей етіп ағаштарды сирету және аумақтың жиегіне отқа төзімді ағаш түрлерін отырғызу. Алайда Маклин Имздер үйін аман алып қалу мүмкін болмайтын жағдайға да дайындалып жүр. Сол үшін ол аумағы шамамен 140 шаршы метр болатын үйдің әр бөлмесін лазермен үш өлшемді форматта сканерлеп, ғимарат туралы бұрыннан жиналған мол фотомұрағатты толықтырып келеді.

– Сонда үйдің қандай болғанын дәлме-дәл көрсететін карта қолда қалады. Құдай бетін аулақ қылсын, егер үйден түк қалмайтындай күн туса, оның үш өлшемді бейнесі ғана сақталар еді, – дейді Маклин.

Өнер атаулы табиғатынан өзгеріске бейім. Біз бүгінде ақ мәрмәр кейпінде елестететін ежелгі грек мүсіндері бастапқыда ашық қанық түстермен боялған. Түрлі саяси режимдер өз мүддесіне қарай кей туындыларға жаңа бейнелер мен бөлшектер қосқан; кейін олардың бірі қайта алынып тасталып, енді бірі сол күйі сақталып қалған. Вандализм мен табиғи тозудың өзі де заманауи өнердің бір тіліне айналған. Кей суретшілер уақыт өте өзгеріп, біртіндеп бұзылатын материалдармен жұмыс істейді. Тіпті өз туындыларын өз қолымен жоятындары да бар. 

Өнердің құндылығы оның еш өзгермейтін қалпында деп есептейтіндерге мұндай ұстаным оғаш көрінуі мүмкін. Алайда бүгінде өнер туындысының біртіндеп жойылуын оны сақтап қалудың бір жолы деп санайтын зерттеушілер көбейіп келеді. Фернандо Домингес Рубио «Натюрморт» («Still Life») кітабында өнер туындысына қатып қалған, өзгермейтін нысан ретінде емес, «органикалық және бейорганикалық үдерістердің әсерімен әлі де өзгеріп, қалыптасып жатқан созылыңқы құбылыс» ретінде қарау керек деп жазады. Оның айтуынша, тіпті аса қастерлі, тарихқа айналған жауһарлардың өзін де «біртіндеп өршитін апат» ретінде қабылдауымыз қажет.

Осыған ұқсас пікірді Кардифф университетінің профессоры әрі Халықаралық консервация институтының бас хатшысы Джейн Хендерсон да айтады. Ол жәдігердің бүлінгені мен қараусыз қалғанын көрсететін іздерді кетіруге қарсы. Мұндай әрекетті ол «тарихты тазалап шығумен» теңестіреді. Болашақтағы музей келушісі үшін уақыт табы өшірілмеген, яғни «бүлінген» деп саналатын картина мінсіз сақталған туындыдан да көп сыр шертуі мүмкін. Нью Йорк қалалық университетінің зерттеушілері қатысушыларға мынадай сауал қойған: егер «Мона Лиза» өртте жанып кетсе, оның күлін көргенді қалар ма едіңіз, әлде дәлме-дәл көшірмесін бе? Сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызы күлін көргісі келетінін айтқан.

Консервация маманы Ким Крәцн өнер туындыларына «қадір-қасиетіне сай қоштасу рәсімін» жасау идеясы қызықтыратынын айтады. Жуырда ол Канададағы Уэстерн университетінің (Western University) музейтану және кураторлық зерттеулер жөніндегі директоры Кирсти Робинсонмен бірге өнер туындыларына «реанимация жасамау туралы бұйрық» тұжырымдамасын әзірледі. Екеуі қазіргі заман суретшілерінің туындыларын сатып алғанда институциялар қол қоюы мүмкін қосымша шарттарды дайындады. Сатып алу келісіміне тіркелетін бұл қосымша шарт (acquisitions rider) кез келген консервациялық түзеп-күзеуден бас тартуды қарастырады.

Крәкцн суретшілерді туындысы сатылған сәттен бастап оған біржола иелік ету құқығынан айырылдым деп ойламауға үндейді. Ол мысал ретінде майя-какчикел тайпасынан шыққан суретші Эдгар Кәлелді келтіреді. Кәлел «Бағзы білім жаңғырығы» («Ru k’ox k’ob’el jun ojer etemab’el») атты еңбегіне қатысты Tate Liverpool-мен ерекше келісім жасаған. Музей жөн-жоралғы жасағанда қолданылатын тастардың үстіне жеміс-жидек пен көкөніс қойылатын бұл инсталляцияның иесі емес, тек сақтаушысы болуға ғана келіскен. Он үш жылдан кейін Tate-пен жасалған келісім қайта қаралады. Содан кейін туынды басқа бір институцияға берілуі мүмкін немесе Кәлел мен оның қауымы дұрыс деп тапса, қайтадан жер қойнауы қайтарылады. Крәкцн мұндай келісім суретшіге «қоштаса білудің және қоршаған әлемді жоқтаудың» маңызын жеткізуге мүмкіндік беретінін алға тартады.

Нью Йорктің Куинс ауданындағы Socrates Sculpture Park-тің тең директорлары Кәти Диксон мен Шон Леонардо да осыған ұқсас ұстанымды басшылыққа алады. Осыдан қырық жылдай бұрын Американың ең ірі екі тұрғын үй кешенінің ортасына, бұрын қоқыс төгілген жерге салынған парк үнемі су астында қалады. «Сәнди» дауылы кезінде ол түгелдей суға кеткен. Команда мұндай апатты сәттерді суретшілердің, Леонардоның сөзімен айтқанда, «шындықты» қабылдауына мүмкіндік ретінде қарастыруды жөн көрген. Мұнда өнер туындылары тот басады, пішінін өзгертеді, құлайды, кейде мүлде жоқ болады. Өсімдіктерден жасалған кейбір туындылар жаңа кейіпке еніп өседі немесе солып қалады.

– Socrates (Sculpture Park) өзін уақыт өте келе ландшафттың ажырамас бөлігіне айналатын өнер туындыларының мекені ретінде көреді, – дейді Диксон.

2008 жылдың маусымында Ұлттық Ұлан (National Guard) Айоуа университетінің өнер музейін жапқаннан кейін бірнеше күн өткен соң, Кәти Хейслет пен Памела Уайт құрылыс дүкенінен су кешетін арнайы етік сатып алды. Екеуі музейдің жағдайын көру үшін жақын маңдағы дөңге көтерілді.

– Су ғимараттың бел ортасына дейін көтеріліпті, – дейді Хейслет. – Болған жайттың бәрі абсурд боп көрінді.

Родни Ленерц АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты Төтенше жағдайларды басқару федерал агенттігімен (FEMA) келіссөз жүргізуге жауапты болды. Агенттік қаржыны нысанның қаншалықты бүлінгеніне және оны қайта тұрғызуға қанша қаражат қажет болатынына қарай бөледі. Алайда су тасқынына дейін музейдің ең құнды қоры, яки өнер туындылары қауіпсіз жерге көшіріліп қойғандықтан, FEMA музей ғимаратын қайта салуға қомақты қаржы бөлуге құлық танытпады.

– Өнер туындыларын аман алып қалғанымыз үшін жазаға тартылғандай күй кештім, – дейді Хейслет.

Осы аралықта өнер туындылары Чикагодағы уақытша қоймада жатты.

– Туындыларды тым асығыс эвакуациялағандықтан, бәрі бірдей тиісті күйде сақталмаған еді, – дейді Уайт. – Бір қоймаға барғанымда «Мурал» картинасын қабырғаға сүйеп қойғанын көрдім. Олай істегендері дұрыс болмады.

Су тасқынынан бір жыл өткен соң, музей ұжымы қордағы туындылардың басым бөлігіне тиісті күтім жасау үшін көрші Figge музейіне көшіруге келісті. Алайда университет музейінің болашағы әлі де қыл үстінде тұрды.

2010 жылдың шілдесінде FEMA жаңа музей салуға қаржы бөлмейтінін ресми түрде мәлімдеді. Оның үстіне Lloyd’s өзенге тым жақын жерде сақталатын коллекцияны сақтандырудан бас тартты. Сондықтан ескі ғимарат жөнделген күннің өзінде де, туындыларды оған қайта әкелу мүмкін болмады. Келесі жылы штаттың Республикалық партиясынан шыққан өкіл Скотт Рекер университетті қалпына келтіруге қаржы табу үшін «Мурал» картинасын сатуды міндеттейтін заң жобасын ұсынды. Алайда қоғамның қарсылығынан кейін ол көп ұзамай кері қайтарылды.

– Су тасқынынан кейін университет ішінде де, бәлкім, жалпы өнер қауымында да: «Айоуа университетінің музейі деген не өзі? Бұл туынды олардың не теңі?» деген көзқарас болды, – дейді Уайт. – «Өнерден түк хабары жоқ. Оның үстіне ит өлген жерде орналасқан».

Ақыры Айоуа университеті жаңа музейіне арада он бес жылға жуық уақыт өткенде ғана қол жеткізді. Оның құрылысына 50 миллион доллар жұмсалды, соның жартысынан астамын жекеменшік демеушілер қаржыландырды. Музей 2022 жылы Stanley Museum of Art деген атаумен ашылды (атауы жергілікті меценаттардың құрметіне қойылған). Музей баяғыдай өзен жағасында орналасқан. Бірақ бұл жолы инженерлер су басу қаупі жоқ деп таныған жер телімі таңдалды. «Мурал» картинасы ғимараттың екінші қабатындағы тұтас бір қабырғаны алды.

Қазір де университетте жұмыс істеп жүрген Ленерц музей залдарын аралаған сайын, оны қайта ашу үшін қаншама күш жұмсалғанын ойлап толқитынын айтады. Ол су тасқынының мұншалық ауыр зардап тигізгеніне шындыққа көз жұму да себеп болғанын жақсы біледі.

– Мұның осылай болары анық еді. Бізге алдын ала ескерту де берген еді, – дейді ол.

Алайда музейдің қайта ашылуына себеп болған да сол сыртқы қысымға мойынсұнбайтын мінездері еді. Ленерц «аңғал оптимизм» өзін-өзі алдау ма, әлде өмірдің қиындықтарынан өтуге көмектесетін қажетті қасиет пе деп толғанады.

Бірнеше аптадан кейін Лос Анджелестегі өрттерден соң Getty ұйымының президенті Кәтрин Флемиңмен сөйлескенімде ойыма Ленерцтің сөздері қайта оралды.

– Біз тәкәппарлықтан аулақпыз. Құдай сақтап, ажал аузынан аман қалдық, – дейді Флемиң.

Сол әсем бұйымдардың уақытпен санаспай бейқам халде көз алдыңда мүлгіген тыныштықта тұрғанының өзі бір ерекше әсерлендірген еді. Сонда «тіпті көзайым қылар жан баласы қалмаса да, сұлулықтың аты сұлулық боп қала береді екен ғой» деп ойладым, – дейді Флемиң.

Ол қалада еш жер климат қатерінен толық қорғалмағанын жұрт барған сайын түсіне бастады. 2022 жылы әлемдегі ең ірі сақтандыру компанияларының бірі AIG (American International Group) Лос Анджелестегі тұрғын үйлерді сақтандыруды тоқтатты. Қаладағы галерея иелері өрттер басталмай тұрып-ақ сақтандыру рәсімдеу үшін бірнеше компанияның табалдырығын тоздыруға мәжбүр болғанын айтты. Ал Калифорнияның Сақтандыру департаменті тұрғын үй сақтандыру полистерінің күшін жоюға немесе мерзімін ұзартудан бас тартуға бір жылдық мораторий енгізді. Бірақ оның мерзімі аяқталған соң не болары әзірге белгісіз.

Бірақ өрттен зардап шеккендердің талайы бәрібір де үйін қайта тұрғызып алатынын айтқан.

– Өзін-өзі алдау да кейде сынбаудың амалына айналып жатады, – дейді Флемиң.

Оған өнер де осының көрінісі іспетті сезіледі. Өйткені өнер – «адам жаратылысының нәзік екенін ұғудың үлгісіндей».

Флемиң өртті басқару орталығынан галереяларды бақылағанына отыз алты сағат өткен соң Getty Villa-ға қайта кірді.

– Бәрі сол күйі мінсіз қалпында тұр. Тап-таза. Тіпті титтей де шаң қонбапты, – дейді ол.

Залдар соғыс пен шекара үшін жүргізілген қақтығыстар салдарынан ыдырап кеткен ежелгі Фракия туралы көрмедегі алтын бұйымдарға толы еді (бұл көне өлкенің тарихи аумағы бүгінгі Болгария, Румыния және Македония жерлерін қамтиды).

– Сол әсем бұйымдардың уақытпен санаспай бейқам халде көз алдыңда мүлгіген тыныштықта тұрғанының өзі бір ерекше әсерлендірген еді. Сонда «тіпті көзайым қылар жан баласы қалмаса да, сұлулықтың аты сұлулық боп қала береді екен ғой» деп ойладым, – дейді Флемиң.

Лу Стоппард – Лондонда тұратын жазушы әрі куратор.

Аа