6
The Economist

Жапон аниматорларының ізім-ғайым жоғалуы

Хан Чжан
Сурет:
Аруақтардың жетегінде (2001)

Аниме бұрын-соңды болмаған танымалдыққа ие. Ендеше неге бұл салада кадр тапшылығы дендеп барады?

Тыңдау
0:00
1x

Эндо Мизуки өз қолымен салған суреттерге жан бітіп, қимылдай жөнелгенін тамашалағанды ерекше ұнататын. Токио сыртындағы Канагауа префектурасында қарапайым жұмысшы отбасында өскен ол ермек үшін флипбуктер (парақтарын жылдам аударғанда кейіпкерлері қозғалғандай әсер қалдыратын шағын кітапшалар) жасайтын: мультфильмдегідей маң-маң басқан динозаврлар, «Ойыншықтар оқиғасының» образдары мен бірін-бірі қуалаған таяқша мүсіншелер – барлығы қағаз бетінде тіріліп кететін. Орта мектепке ауысар шақта аниматор болсам деген тоқтамға келді. Бірақ бұл әлемнен өз орныңды табу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтінін де ерте ұқты. Сондықтан жолым болмай қалып жатса, күнкөріске жарайтын бір мамандығым болсын деп шешті. Сөйтіп он алты жасында компьютерлік бағдарламалауды үйрететін кәсіптік мектепке оқуға түсті. Бірақ суретші болсам деген арманын ешкімге ашып айта бермейтін. Біз 2024 жылдың күзінде Токиода кездескенде сол күндерді еске алып: «Мұны сыныптастарыма айтсам да, бәрібір мені түсіне қояды деп ойламадым», – деген болатын.

Не де болса Эндо қол қусырып отырмай, суретшілік қарымын ұдайы ұштай берді. 2021 жылы оқуын аяқтаған соң азық-түлік дүкеніне кассир болып жұмысқа тұрды. Күнделікті тірлік оған нәпақасын тауып қана қоймай, қиял әлемінде қалықтап, сурет салуға да мұрша беретін. Үйіне келген соң YouTube-тегі шеберлік сабақтарын қарап, өзі үлгі тұтатын суретшілерге ғана тән шығармашылықтың айрықша қолтаңбасын зерттейтін. Солардың қатарында өзінің сүйікті «Жанды әуенді сүй! Супержұлдыз!!» («Love Live! Superstar!!») анимесінің кейіпкерлерін дүниеге әкелген Сайто Ацуши да бар еді.

Ақсарыға боялған шашы жалбырап, жүзі бал-бұл жанған жас жігіт Эндо сол кезде салған суреттерінің бірнешеуін көрсетті. Бірінде мектеп формасындағы жасыл шашты жасөспірім қыз шалқалай бүйірін таянып, аспанға телміріп тұр. Екіншісінде күлгін көзді бойжеткен мұздатқыштың есігін айқара ашып, салқынына бетін тосқан.

– Көңілім қалай қаласа, солай сала беретінмін. Бір сурет ойымдағыдай шықса болды, бірден келесісіне кірісетінмін, – деді ол.

Сурет салған кезде бойын кернейтін қуаныш таңдаған кәсібінің келешегіне деген күмәнді бір сәтке болса да сейілтіп жіберетін.

Эндо өмірін арнауды армандаған анимация индустриясы қазір өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатыр. Жапония анимация қауымдастығының (AJA) 2024 жылы жариялаған есебіне сәйкес, соңғы он жылда аниме нарығының көлемі үш есеге жуық ұлғайып, шамамен 19 миллиард долларға жеткен. Сол жылы жарық көрген Teikoku Databank зерттеуі аниме өндірісінің өзі де қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетті: бір жылдың ішінде саладағы сатылым көлемі 23 пайызға артып, 2 миллиард доллардан асқан. Экономикасы тұралап, халқының саны сиреп бара жатқан Жапония үшін бұл үміт отын жаққан жаңалық болды. Сондықтан Weekly Toyo Keizai экономикалық журналы 2023 жылы анимация индустриясын «қарқын алып келе жатқан санаулы саланың бірі» деп бағалаған еді.

Анименің жаһан бойынша табысқа жетуіне ең алдымен шетелдегі сұраныстың күрт артуы әсер етті. 2012–2022 жылдар аралығында Жапониядан тыс жерлерден түсетін табыс алты есеге көбейді. Ал тек аниме ұсынатын Crunchyroll стримиң платформасының жазылушылары 2020 жылдан бері 3 миллионнан 21 миллионға дейін өсті. Соңғы жылдарда бірнеше аниме фильмі АҚШ кинотеатрларындағы кассалық түсім бойынша көш бастады. Мұның бәрі анимациялық студияларға деген сұранысты бұрынғыдан бетер арттырды. Телерадио желілері мен өзге компаниялар жаңа жобаларын сеніп тапсыратын мықты студия іздеп, өзара бәсекеге түсіп жатыр. «Қазір беделді студиялардың уақытын алдын ала брондау үшін талас күшейіп кетті», – дейді ірі дистрибьютор компанияның қызметкері. Оның айтуынша, ең атақты студиялардың жұмыс кестесі алдағы үш-бес жылға дейін толып қалған. «Сала тығырыққа тірелді», – дейді ол.

Сырт көзге Эндо секілді жас суретшілердің арманын жүзеге асыруына дәл қазіргідей қолайлы уақыт бұрын-соңды болмағандай көрінеді. Алайда анимация индустриясы ауыр дағдарысқа ұшырап отыр. Еңбек нарығындағы түйткілдер мен шығармашылық дағдарыс бір-біріне баттасып, саланың өркендеуіне кедергі келтіріп отыр. Солардың арасындағы ең өзекті мәселе – аниматор тапшылығы. Бұл мәселенің тамыры 1970 жылдарға барып тіреледі. Сол кезде студиялар шығынды азайтып, жұмысты жеделдету үшін штаттағы қызметкерлердің орнына келісімшартпен жұмыс істейтін мамандарды көбірек тарта бастады. Соның салдарынан кейінгі буын аниматорлардың дені кәсіби ортада тәлім алып, тәжірибе жинау мүмкіндігінен құр қалды. Көбі бұл кәсіптен түңіліп, мүлде басқа салаға кетіп қалды. Ал анименің әлемдегі танымалдығы артқан сайын бұл түйткіл бұрынғыдан бетер ушығып келеді. XXI ғасырдың басында Жапонияда жылына жүзден сәл ғана асатын аниме сериал көрсетілсе, кейінгі жылдары олардың саны үш жүзден асып кетті. «Соған сай аниматорлардың саны да еселеп көбейген шығар деп ойлайсың. Бірақ олай болған жоқ», – дейді Жапонияның аниме және кино мәдениеті қауымдастығының (NAFCA) өкілі Фукумия Аяно. 2010 жылы Жапонияда шамамен 4 500 аниматор болғаны айтылса, бүгінде олардың саны небәрі 5–6 мыңның арасында ғана.

Аниматор тапшылығы аниме өндірісіндегі тағы бір үлкен өзгеріспен тұспа-тұс келді. Бұрын бір туындының басы-қасында жүрген суретшілер көп болмаушы еді, қазір бір жоба төңірегіне бірталай адам жұмылдырылады. Бірақ бүгінде әркім өзіне тиген майда-шүйде жұмыспен ғана айналысады да, тұтас туындыға бас ауыртпайды. Сондықтан көптеген аниматор мен аниме жанкүйері «осылай кете берсе, анименің өзін жоғалтып алмаймыз ба?» деп алаңдайды. Өйткені көрермен анимені қиялға жетелейтін әлемі үшін, бәрін жіпке тізгендей айтып бермей, айтылмағанын өзің ұғынатын баяндау мәнері мен қолдан салынған суреті үшін жақсы көреді. «Жапонияда сөзбен айтылмайтын қағида көп. Көбіне ойыңдағыны ашық айта алмайсың. Бірақ іште тұнған сол қысым өнерде тосын да тегеурінді күшке айналып, сыртқа жарып шығады. Анимені өзгеше ететін де – осы», – дейді дистрибьютор компаниясының қызметкері.

Осы алмағайып кезеңде анимация саласының болашағына берік негіз қалап, суретшілердің бұл кәсіппен ұзақ жыл айналысуына жағдай жасауға күш салып жүрген аниматорлар, продюсерлер және ұстаздармен жүздесу үшін Токиоға бардым. «Қартайған шағымда да Жапонияда қолмен салынған аниме көріп отырғым келеді, – дейді Фукумия Аяно. – Қазір қырықтың қырқасына шықтым. Егер бәрі осы бетімен кете берсе, жапон анимесі менің көзімнің тірісінде-ақ ғайып болуы мүмкін».

Анимені қадір тұтатындардың көбі үшін оның ең қымбат қасиеттерінің бірі – «тегаки», яғни «қолмен сурет салу» дәстүріне адалдығы. Тегаки тәсілімен салынған анимацияда сызықтар мінсіз болмайды: бірі сәл тайқып кеткен, бірі қылқаламның ізі білініп тұратындай кедір-бұдыр көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осының өзі кадрға ерекше сезім мен жан бітіреді. Сондықтан мұндай көріністер негізінен америкалық анимация студиялары қолданатын компьютерлік графикамен (CGI) жасалған кадрларға қарағанда әсерлірек. «CGI бағдарламалары затты шынайы қалпында көрсетуге бейімделіп жасалған. Сондықтан оның беретін фактурасы тегакиден мүлде бөлек», – дейді Bandai Namco Filmworks компаниясының өндіріс жөніндегі бас менеджері Иноуэ Киичиро. Оның айтуынша, бүгінде жапон анимелерінің шамамен 80 пайызында CGI қолданылады. Алайда ол көбіне сурет салу басталғанға дейін композицияны әзірлеуге немесе қолмен салуға қиын түсетін отшашу, күрделі механизмдер сияқты көріністерді жасаудың амалы ғана.

Әйгілі Studio Ghibli студиясының соңғы туындысы – «Бала мен көкқұтан» (The Boy and the Heron) тегакидің құдіретін айқын көрсетеді (бұл – «Оскар» алған қолмен салынған толықметражды небәрі екі анимациялық фильмнің бірі. Оның екеуін де Studio Ghibli-дің негізін қалаушылардың бірі Миядзаки Хаяо түсірген). Фильмнің басында Маһито есімді он екі жасар ұл бала Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде отқа оранған Токио көшелерімен ауруханаға қарай бар пәрменімен жүгіреді. Анасы сонда жатыр. Дәл осы тұста тегаки тәсілі баланың ішкі арпалысын сөзсіз-ақ сезіндіреді. Маһито оң қолымен бас киімін қыса ұстағанда, саусақтарының және қолының үстіңгі жағының сызықтары дірілдеп, бірте-бірте бұлдырай бастайды. Бір сәтте олардың жиектері айналадағы көрініске сіңіп кетеді де, біресе құлағы, біресе бет-жүзі бұлдырап көрінеді. Осындай әдейі жасалған болмашы «қате» көрерменге аптап ыстық пен баланың үрейін ғана емес, сол сәттің оның жан дүниесінде өмір бойы жазылмас жара болып қалғанын да шебер жеткізеді.

Біз бүгін білетін анименің келбеті 1960 жылдары, теледидар кең тарай бастаған кезеңде қалыптасты. Сол тұста кино студиялары шабытты көбіне жапонның манга деп аталатын комикстерінен іздеді. Осы бағыттағы алғашқы ірі табысқа жеткен туынды – ұлынан айырылған ғалым жасап шығарған робот бала туралы «Астро балақай» (Astro Boy) болды. Қайғы-қасірет пен технологияның болашағы туралы толғаныстан тұратын шығарма Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін бастан өткеріп, артынша экономикалық өрлеу дәуіріне қадам басқан жапон қоғамының көңіл күйімен дәл қабысты.

Татено Һитоми Миядзакидің режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы – постапокалипсистік «Болашақтың баласы Конан» (Future Boy Conan) анимесін алғаш рет 1970 жылдары мектепте оқып жүрген кезінде көрген. «Болашақтың баласы зып етіп ұшып кеткенде... пүннн», – деп еске алады ол, жапон тіліндегі секіріп кетуді білдіретін осы бір сөзді қолданып. «Ондағы қимылдардың бәрі адам сенгісіз еді». 1979 жылы Һитоми ата-анасын Токио дизайнерлік академиясындағы екі жылдық оқу бағдарламасының ақысын төлеуге көндіреді. Ол сонда анимация өнерінің әліппесін үйренемін деп үміттенген. Солайын солай болды да. Бірақ оқу бағдарламасы тәжірибеден гөрі теорияға көбірек ден қоятын. Кей дәрістерге жүзден астам студент жиналатындықтан, оқытушы әркімнің жұмысын қарап, жөн сілтеуге үлгермейтін.

Оқуын аяқтаған соң Татено шағын анимация студиясына жұмысқа орналасады. Студия өз анимесін шығармайтын. Оның орнына ірі компаниялардан тапсырыс алып, аралық кадрларды (in-between drawings) салумен айналысатын. Бұл – көріністегі негізгі қимылдарды бейнелейтін тірек кадрлардың (key frames) арасындағы қозғалысты біртіндеп жалғап отыратын суреттер. Осындай аралық кадрлар бірінен соң бірі тізілгенде ғана қозғалыс әсері пайда болады (әдетте анименің бір секунды 8–12 кадрдан тұрады, олардың басым бөлігі – дәл осындай аралық кадрлар).

Дәстүр бойынша аралық кадрларды салу аниматор мамандығындағы алғашқы баспалдақ саналады. Жас мамандар осы жұмыстың арқасында қолын жаттықтырып, сызық жүргізу шеберлігін шыңдайды әрі қозғалысты табиғи бейнелеуді меңгереді. Осындай берік негіз қалыптастырғандардың бірқатары кейін тірек кадрларды салу, сториборд әзірлеуге қатысу, тіпті режиссерлікке дейін көтерілу мүмкіндігіне ие болады.

Татено әртүрлі аниме жобаларына тапсырыспен аралық кадр салып жүргенімен, бұл жұмыс шығармашылық тұрғыдан оны еш қанағаттандырмайтын көрінеді. Ол өзін осы салаға ғашық еткен көркемдік деңгейге қалай жетуге болатынын да білмей дал болыпты. «Тек уайым ғана жанымды жегідей жеді. Алдым тұтас түнекке айналып, қайда бара жатқанымды көрмей қалғандай күй кештім», – деп жазады ол «Қарындаш сарбаздар шежіресі» (The Pencil Warriors Saga) атты мемуарында.

1980 жылдардың басында бір күні Татеноға бетперде киген әділет – Зорро бейнеленген көріністі аяқтау тапсырылады. Бұдан бұрын ол көріністі белгісіз бір аниматор салып бастаған екен. Бірақ әлдебір себеппен ол жұмысын соңына дейін жеткізе алмаған. Зорроның семсермен ауаны жосып кеп қалған сәті бейнеленген сол кадрларды қарап отырып, Татеноның көзі тосын бір дүниеге түседі. Әдетте семсердің ұшы аралық үш кадрда біркелкі иіліп, басы мен соңын жалғап тұрған көзге көрінбейтін доғаның бойымен өтуі тиіс. Алайда ортаңғы кадрда семсердің ұшы бастапқы және соңғы қалыптарды бір-бірімен дәл жалғап тұруға тиіс көзге көрінбейтін ізден оқыс тайқып кеткен екен.

Татено семсердің қозғалысын бұлай бейнелеу Зорроның қимылына жапон театрында керенми (kerenmi) деп аталатын драмалық әсер дарытатынын түсінді. Ол көркемдік шешімдерге қатысты осындай қырағылыққа біреу баулыса ғой деп армандайтын. «Қай кезде қалыптасқан қағиданы ұстану керек, ал қай кезде оны бұзуға болады?» деген сауал оны жиі мазалайтын.

Дегенінен қайтпаған соң Татено «Зорро» жобасының көркемдік жетекшісі Оцука Ясуомен жолығады. Ал Оцука өзі де, Миядзаки де еңбек ететін Telecom студиясына жұмысқа шақырады. Осы екі кісімен болған әңгімеден кейін Татено студиядағы жұрттың бәрі көз тігіп отырған орынды қағып әкетеді.

Telecom-да Татено өзі көптен көксегендей тағылымдама алу мүмкіндігіне ие болды. Қаламынан шыққан кадрлар тәжірибелі аниматорлардың талқысына түсіп отыратын. Олар әр штрихын көзден таса қылмай қарап, кем-кетігін көрсетіп, жетектеп жүріп тәлім-тәрбие берді. «Олардың қолдарын байлағаныма қысылатынмын. Бірақ бұл менің тезірек толысуыма сеп болды. Соның арқасында көп ұзамай өз бетімше жұмыс істеуге жарап қалдым», – дейді ол.

1985 жылы Миядзаки серіктесімен бірге Studio Ghibli-дің негізін қалады. Одан кейінгі отыз жыл ішінде аталған өнер ордасы жас таланттарды баптап өсіруге ерекше ден қоятын өзіндік жұмыс жүйесін қалыптастырды. Татено жиырма алты жасында студияға аралық кадрларды тексеруші аниматор болып қабылданды. Кейін ол Ghibli-дің «Менің көршім Тоторо» (My Neighbour Totoro), «Кикидің жеткізу қызметі» (Kiki’s Delivery Service) және «Рухтар әлеміне сапар» (Spirited Away) секілді әйгілі туындыларының жасалуына атсалысты. Өмір жолын мүлде басқа арнаға бұрған сол кезеңді еске алған ол: «Мұның бәрі маған жазмыштай көрінді», – дейді.

Татено шеберлігін шыңдап жүрген тұста жапон анимациясы да түбегейлі өзгеріс кезеңін бастан кешіріп жатты. 1960 жылдары және 1970 жылдардың басында анимация студияларында ұстаз бен шәкірт сабақтастығы берік сақталған еді, тәжірибелі аниматорлар жаңадан келген әріптестеріне өнердің қыр-сырын үйрететін. NAFCA ұйымының жуырда жүргізген сауалнамасына қарағанда, Татеномен қатарлас аниматорлардың онының жетеуі өнер әліппесін аға буын тәлімгерлерден меңгерген. Осындай жүйенің арқасында студиялар сапалы аниме жасап қана қоймай, қажет мамандардың жаңа буынын да өздері тәрбиелеп отырды.

1970 жылдардың басында анимация саласының көшбасшы студияларының бірі – Mushi Production-ның күйреуі бүкіл индустрияның бағытын өзгертті. «Астро балақай» (Astro Boy) анимациялық сериясын шығарған бұл студия кезінде жапон анимесінің алғашқы ірі жетістіктерінің бірі саналған еді. Алайда студияның шығынға батуы өзгелерге сабақ болды. Көпшілік бұған қарап «шығармашылық құрамды толық штатпен ұстау қаржылық жағынан өзін ақтамайды» деп қабылдады. NAFCA ұйымының бұрынғы директоры әрі өндіріс ісінің жетекшісі болған Уеда Масуо айтуынша, ол кездегі жалақы алатын аниматорлар ала таңнан қара кешке дейін кеңседе отыратын кәдімгі қызметкерлер емес еді: бірі күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істесе, енді бірі шабыт келгенде ғана қолына қалам алатын. «Студияда жүздеген қызметкер болғанына қарамастан, Mushi көп жағдайда жобаларын уақытында аяқтай алмай, сырттан көмек сұрауға мәжбүр болатын. Соның салдарынан барған сайын шығынға бата берді», – дейді Уеда.

1973 жылы Mushi банкротқа ұшырағаннан кейін анимация саласында мердігерлерге жұмыс тапсыру біртіндеп қалыпты тәжірибеге айналды. «Ай сайын жалақы бергеннен гөрі, атқарылған жұмысқа қарай ақы төлеу басқару жағынан әлдеқайда тиімді еді», – деп түсіндіреді Уеда. Аралық кадрларды салу сияқты жұмыстар алдымен Жапониядағы шағын студияларға, кейін жұмыс күші арзанырақ Шығыс Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы компанияларға беріле бастады. Әр мердігерге бір эпизодтың шағын ғана бөлігі жүктелгендіктен, өндіріс компаниялары жаңа эпизодтарды әлдеқайда жылдам әзірлей алатын болды.

Анименің алғашқы буын жанкүйерлері есейген сайын, саланың да ауқымы кеңейіп, жаңа мыңжылдыққа аяқ басар тұста өзара тығыз байланыс орнатқан күрделі индустрияға айналды. DVD дискілері мен түрлі тауарлар мол табыс әкелгенімен, бір туындыны өндіру мен таратуға қатысатын компаниялар көбейген сайын өндіріс шығындары да ұлғая түсті. Қаржыландыру жүйесі де өзгерді. Бұрын жобалардың негізгі қаржысын телеарналар көтерсе, енді бірнеше инвестор бірігіп қаржы құятын әрі жаңа фильмдер мен сериалдардың өндірісіне тапсырыс беретін «өндіріс комитеттері» (production committee) құрыла бастады. Алайда инвесторлардың көзқарасы бойынша, «қомақты бюджет те, мықты шығармашылық ұжымы бар студияны тарту да туындының табысты болуына кепіл емес», – дейді Жапония анимация қауымдастығы (AJA) бас хатшысының орынбасары Ишикауа Наоки. Сондықтан олар пайда көру үшін қай жобаға қанша көлемде қаржы салу тиімді боларын мұқият есептеуге мәжбүр (осындай тәуекелді бағалау тәсілі саладағы тасан таши (tasan tashi), яғни «көп туып, көп шетінеу» құбылысының қалыптасуына ықпал етті). Соңғы жылдары аниме нарығы қарқынды өскенімен, өндіріс бюджеті әлі де аз. Оның үстіне жалпы табыстың мардымсыз бөлігі ғана анимация студияларының өзіне тиеді. Teikoku Databank зерттеген компаниялардың әрбір үшеуі шығынға ұшыраған.

Мұндай ахуал аниматорлардың белін қайыстырды. Жұмысқа жаншылған олар титықтаудың аз-ақ алдында жүрді, ал анимация индустриясының өзі адам төзгісіз еңбек жағдайымен жаға ұстатты. Тіпті 2020 жылдың өзінде әлеуметтік желілерде «Аралық кадр салушылар азабы» (the hell of being in-betweeners) деген хәштег тарап, 24 сағаттан асатын жұмыс ауысымдарына (бір әйел қатарынан екі түн көз ілмей жұмыс істегеннен кейін елестер көре бастағанын айтқан), сондай-ақ тамақ ішуге үзіліс алғаны немесе туысының жаназасына қатысуға сұранғаны үшін басшылықтың қаһарына ұшырағаны жөніндегі шағымдарға жұрттың назарын аударды.

Соңғы жылдары жағдай біршама жақсарды. Кейбір компаниялар қызметкерлердің шамадан тыс жұмыс істеуіне жол бермеу үшін кешкі сағат тоғыздар шамасында кеңсе жарығын өшіру сияқты тәртіп енгізген. Алайда қажып-қалжырауға байланысты түйткілдер біржола жойылған жоқ. Жапония анимация жасаушылары қауымдастығының (JAniCA) 2023 жылғы есебіне сәйкес, аниме саласы қызметкерлерінің әрбір төртіншісі айына төрт күннен артық демалмаған. Ал әрбір төртінші маман күйзеліске түскенін не психикалық жай-күйіне қатысты өзге де қиындықтарға тап болғанын айтқан.

Бүгінде тәжірибелі аниматордың қасында жүріп тәлім алатын жас маман сирек. Қазір әр бес аниматордың біреуі ғана аға буыннан тікелей үйренеді. Татено еңбек жолын бастаған кезде мұндай үрдіс әлдеқайда кең тараған еді. Мен тілдескен жас аниматорлардың барлығы дерлік еңбек жолын жапондар «докугаку», яғни «өздігінен білім алу» деп атайтын жолмен бастапты. Оқулықтар мен интернеттегі бейнесабақтар пайдалы болғанымен, кәнігі маманның жанында шыңдалмай кәсіби деңгейге жету қиын. Өйткені ол үшін суреткерлік пайыммен қатар анимация өндірісінің техникалық қыр-сырын да меңгеру қажет. Мысалы, аралық кадрларды салатын аниматорларда өз кадрларының ретін белгілеп отыратын таймшит (timesheet) деген кесте бар. Бояу, фон мен басқа да элементтерді соның негізінде өзара үйлестіреді. Менімен әңгімелескен тәжірибелі аниматорлардың кейбірі жас әріптестерінің таяз білімі ақыр соңында өздеріне артық жүк болатынын айтты.

Шын мәнінде, «Жас аниматорлар кәсіби шеберлігін шыңдауға ынталы. Шеберлігі артқан сайын табысы да шарықтайды», – дейді аниме продюсері Аримура Тораһико. NAFCA жүргізген сауалнамаға сәйкес, 30 жасқа толмаған аниматорлардың әрбір үшеуінің екеуі айына 1300 доллардан аз табыс табады. Бұл – Жапонияда университетті енді бітірген түлектердің бастапқы орташа жалақысынан да төмен. Ал JAniCA есебіне қарағанда, жасы отызды орталаған аниматорлардың орташа айлық табысы 2700 долларға жетеді. Бұл – осы жастағы жапон жұмысшыларының орташа табысынан сәл ғана жоғары.

Жөн-жосығын көрсетер жүйенің де, мардымды табыстың да жоқтығынан жас аниматорлардың көбі бұл кәсіпте ұзақ тұрақтай алмайды. Жапонияның зерттеу институтының (Japan Research Institute) есебіне сәйкес, олардың әрбір төртіншісі салаға келген алғашқы төрт жылдың ішінде кетіп қалады, ал сегіз жыл ішінде олардың әрбір үшеуінің екеуі аталған саладан қол үзеді. Көпшілік мұны осы кәсіптегі табиғи іріктелудің көрінісі деп қабылдап келді. Бірақ аниме индустриясы туралы бір емес, екі кітап жазған Судо Тадаши мұндай көзқараспен келіспейді. «Бұл – жаңсақ түсінік», – дейді ол. Оның айтуынша, режиссер мен кейіпкер дизайнері секілді қызметтерге расында да «ерекше дарынды мамандар» қажет. Алайда өз ісін жеткілікті деңгейде меңгерген аниматорлар, әсіресе аралық кадрларды салатын мамандар жеткіліксіз болса, бұл саланың жұмысы жүрмейді. «Тек таңдаулылар ғана тұрақтап қалатын саланы жақсы орта деп айта алмаймын», – дейді Судо. Сондықтан негізгі мәселе – аниматорларға өз ісін жеткілікті деңгейде меңгерген маман болып қалыптасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

Қазіргі ахуалға тәжірибелі мамандардың өздерінің де көңілі толмайды. «Бұл күндері өндіріс тәсілі ұзақ мерзімді табыс тұрғысынан өте ұтымды. Бірақ оның өтеуі – шығармашылық еркіндіктің шектелуі», – дейді Токиода кездескенімізде қырықтар шамасындағы белгілі режиссер Ошияма Киотака. Ол 2017 жылы өз жобаларын өзі таңдап, шағын ұжыммен жұмыс істеу үшін Durian студиясын құрған. Студияның 2024 жылы жарық көрген алғашқы толықметражды «Өткенге көз сал» (Look Back) анимациялық фильмінің негізгі шығармашылық тобында небәрі сегіз адам болған. Жұмыс барысында әркім бірнеше міндетті қатар атқарған. Бір әріптесі Ошияманың бір аптаның ішінде мың сурет салып шыққанын әлі күнге дейін ұмытқан емес.

Осындай қолбайлаудан ада жұмыс тәсілі ұжымға үйреншікті қалыптан тыс көркемдік шешімдер қабылдауға мүмкіндік берген. Соның бірі – анимациядағы аралық кадрларды салатын суретшілер әдетте түзетіп жіберетін негізгі кадрларды әдейі сол «міні бар» күйінде қалдыру. Сондықтан «Өткенге көз сал» (Look Back) фильмін көрген қарапайым көрерменнің өзі киім жағасы жиегінің салынбай қалуы секілді болмашы детальдарға еріксіз назар аударады. Бұл әдейі жасалған тәсіл. Фильмнің өзі манга әлемінде өз орнын іздеген екі жас суретші туралы болғандықтан, мұндай көркемдік шешім оған өте жарасып тұр. «Трейлерді жариялар алдында кей көрермен мұны оғаш көріп қалмай ма деп алаңдадым», – дейді Ошияма. Алайда бәрі керісінше болды. Көрермендер оның сурет салу үдерісін жылтыратып жасырмай, бар қалпында көрсеткенін жоғары бағалады. Коммерциялық табысқа да жетіп, сыншылардың жоғары бағасына да ие болған фильм кейін сурет альбомының жарық көруіне, арнайы көрменің ұйымдастырылуына және оның желісі бойынша көркем фильмнің түсірілуіне негіз болды.

Аниме жасаудың жаңа жолын іздеп жүрген институциялардың бірі – 2019 жылы отыздар шамасындағы продюсер Ишии Рю негізін қалаған Flat Studio. Токиодағы минимализм стиліндегі дуплекс кеңсесіне барғанымда, студияда орташа жасы 26-дағы жиырма бес қызметкер жұмыс істейтінін айтты. Коммерциялық аниме студияларындағы қатаң иерархиядан айырмашылығы, Flat Studio шығармашылық шешімдерді ұжым болып ақылдасып қабылдайды. «loundraw» деген лақап атпен танылған белгілі иллюстратор жаңа хикая концептін құрады. Кейін бүкіл ұжым сторибордтан бастап әр көріністің түсі мен реңкіне дейінгі бар шешімді ақылдаса отырып бірге қабылдайды. Осы тәсілдің нәтижесінде студия бірнеше қысқаметражды туындымен қатар, «Жазғы елес» (Summer Ghost) атты қырық минуттық толықметражды анимациялық фильмін де шығарды.

Әңгіме үстінде студия аниматорларының бірі компьютерден кейіпкерлердің бірнеше нобайын көрсетті. Солардың арасында шашы иек тұсынан келетін, матрос үлгісіндегі жейде мен бүрмелі қысқа белдемше киген жас қыздың суреті де болды. Суреттің астына ұсақ әріппен жұмысқа қатысты ескертпелер қоса жазылыпты. Соның бірінде жеткіншек кейіпкерге тән албырт мінезді айқындай түсу үшін жейдесінің жеңін түріңкіреп салуға кеңес берген. «Бұл ескертпелердің мақсаты – суретші кейіпкерді әр салған сайын оның мінезі мен болмысын бұрынғыдан да дәл, бұрынғыдан да әсерлі аша түсуге жетелеу», – дейді студия қызметкері. Егер қандай да бір сурет не көркемдік шешім ұжым күткен деңгейге жетпесе, бәрі бас қосып, неден мүлт кеткенін бірге талқылап, бірге түзетеді. «Біз үшін әр жоба жай ғана жұмыс емес, бәріміздің қатар үйреніп, бірге өсуімізге берілетін мүмкіндік», – дейді Ишии.

Кей аниматорлар шығармашылық үдерісті бұрынғыдан да еркін меңгеруге озық технологиялар мүмкіндік береді деп санайды. Қазір жетпістің белесін бағындырған продюсер Ито Хакубун аниме өндірісінде компьютерлік графиканы (CGI) қолданудағы ізашарлардың бірі болды. Ол кезде мұндай технологиялар тек аса қуатты суперкомпьютерлердің көмегімен ғана жұмыс істейтін. Өткен жылы Ито тағы да жаңашылдардың алдыңғы легінен көрінді: ол жапон теледидарындағы ЖИ көмегімен жасалған алғашқы аниме саналатын шағын детектив сериалды экранға шығарды.

Ито түсірген сериалға қарасаңыз, оның ЖИ көмегімен жасалғанын аңғару қиын емес. Алайда дәстүрлі аниматорлардың пікірінше, бүгінгі технология әзірге пейзаждар мен көше көріністері секілді фондарды ғана сенімді шығара алады. Соның өзінде аниме өндірісіне ЖИ-ді араластыру мәселесі Жапонияда қызу дау туғызды. 2023 жылы Netflix Japan жасанды интеллект жасаған фон қолданылған қысқаметражды фильм шығарғанда, қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады. Компанияның бұл туралы жариялаған жазбасына екі мыңға жуық адам пікір қалдырған. Көпшілігі Миядзакидің бір кездері айтқан пікірін мысалға келтірді. Режиссер бірде «жерде тырысып жатқан адам тектес ЖИ кейіпкері бар» бейнежазбаны көріп, оны «өмірді қорлау» деп сөккен еді.

Аниме жанкүйерлері жас аниматорларға араша түсуге дайын тұрады. Сондықтан олардың ЖИ-ді құп көрмеуін жұрт жақсы түсінеді. Оның үстіне бұған себеп те жоқ емес: ЖИ компаниялары өз модельдерін үйрету үшін өзгенің шығармашылық еңбегін рұқсатсыз пайдаланып келеді (мысалы, авторлық құқықпен қорғалған миллиондаған кітаптың мәтінін пайдаланады). Бірақ мен әңгімелескен аниматорлар бұл мәселеге байыппен қарайды. Жас мамандардың ЖИ-дің ертеңін болжап отырар шамасы жоқ, әзірге олардың бар ойы – осы салада өз орнын табу. Ал орта буындағы продюсерлерді «ЖИ керек пе?» деген сұрақ емес, «оны қай жерде және қалай қолдануға болады?» деген мәселе көбірек қызықтырады. «ЖИ-ді алғашқы нобай сызбасына пайдалануға қарсылығым жоқ. Мысалы, тапсырыс берушіге көрсетуге арналған бейнежазбаны тез дайындауға жақсы көмектеседі. Бірақ үлкен экраннан көрінетін дайын дүниенің өзіне оны араластырмас едім», – дейді Токиодағы анимациялық студияның иесі Артелл Айсом.

Жұрттың ЖИ-ге қатысты күмәнін сөз еткенімде, Ито оған селт ете қоймады. Қайта технологияның мүмкіндігін көрсеткісі келді. Ол өзі жасаған сериалдың бір көрінісін ашты: бұлттардың арасынан толған ай жарқырап тұр. Сосын Gen 3 Alpha деп аталатын бейне жасаушы бағдарламаны қосты. «Әуелі мына жерге суретті жүктейсіз, – деді ол экранның сол жағын нұсқап. – Сосын не керек екенін жазып, Generate батырмасын басасыз». Бағдарлама бір көріністің бірнеше нұсқасын жасап берді. Бірінде сұрғылт тартқан бұлттардың шеті күмістей жарқырап, аспан түнере түскендей әсер қалдырды. Екіншісінде бұлттардың реңі жұмсарып, көрініс те жайлырақ әсер етті. «Көңілімнен шыққанша жиырма шақты рет қайталадым», – деді Ито. Сериалға ақырында ай сәулесі үлпілдек бұлттардың бір жағын ғана жарықтандырып тұрған нұсқа енді.

Ито қалам, жазу машинкасы, компьютер секілді әрбір жаңа құрал жазу мәдениетін қалай өзгертсе, жасанды интеллект те өнерге деген көзқарасымызды солай өзгертеді деп сенеді. Оның айтуынша, енді сурет сала алмайтын адамдардың өзі үйінде отырып-ақ аниме жасап, талғамына сай дүние шығара алады. «Енді өзімізден: адам қолынан шыққан дүниенің басты белгісі не? – деп сұрайтын кез келді».

Шағын студиялар мен тәуелсіз авторлардың жаңа тәсілдері анимация өнеріне тың серпін беруі мүмкін. Алайда коммерциялық аниме индустриясындағы маман тапшылығын жою үшін бұдан да ауқымды әрі табанды жұмыс істеу қажет. Осындай бастамалардың біріне Татено Хитоми жетекшілік етеді. Ghibli-ден зейнетке шыққанына алты жыл толғанда, яки 2020 жылы аниме продюсері әрі серіктесі Аримурамен бірге атауы Жапонияда өсетін сасаюри лалагүлінің құрметіне қойылған Sasayuri академиясын ашты. Мұндағы мақсат – Татеноның кезінде Telecom студиясында алған тәжірибесіне негізделген қарқынды оқу бағдарламасы көмегімен жас мамандарды анимация саласына даярлау.

Sasayuri академиясында алты айлық оқу бағдарламасы бар. Сабақ аптасына бір рет өтеді. Әр лекке 45 адамға дейін қабылданғанымен, үш сағатқа созылатын әрбір сабаққа алты адам ғана қатысады. Соның арқасында Татено әр шәкіртімен жеке жұмыс істеуге уақыт табады. Мұнда біреулерді жұмысқа жаңадан қабылдаған компаниялары жіберсе, енді біреулер тәжірибелі маманнан тәлім алғысы кеп келеді. «Әр студияның жұмыс тәсілі әртүрлі. Сондықтан біз «дұрыс жауап мынау» деп үйретпейміз. Біз студентке кез келген студияға барған кезде өз орнын тауып, сол ортаға бейімделіп, "страйк аймағын" дәл табуды үйретеміз», – дейді Аримура бейсболдағы теңеуді қолдана отырып. Бүгінде Sasayuri академиясын 300-ден астам аниматор тәмамдаған. Олардың дені әлі күнге дейін осы салада еңбек етіп жүр. Көпшілігі кәсіби тұрғыдан өсуіне осы академияның көп көмегі тигенін айтады.

Sasayuri академиясына алғаш қабылданғандардың бірі – Мукояма Цукаса. Алғашқы жұмысында жалақысы көңіл көншітпеді. Бірақ оның жанын жегені ақша емес, шығармашылық компромистер еді. Теледидардан өзі қатысқан анименің бір бөлімін, артынша дәл сол сериалдың басқа студия жасаған келесі бөлімін көргенде шыдамы таусылып тынды. Екеуі бір туынды дегенге сену қиын еді. «Қимыл-қозғалысы мүлде басқа болатын. Сол айырмашылықты көрген сәтте бұлай жұмыс істей алмайтынымды анық түсіндім», – деді ол.

2020 жылы жұмыстан шығып, көп ұзамай Sasayuri академиясына оқуға түсті. Оқуын аяқтаған соң, ата-анасының көмегінсіз-ақ күн көруге жететін жалақысы бар жұмысқа орналасты. Алайда жаңадан келсе де, тәжірибелі жалғыз қызметкер болғандықтан, өз жұмысымен қатар өзгелерге де қолғабыс етуіне тура келді. Ақыры оған түскен жүк тым ауырлап кеткен соң, аралық кадрларды салатын фриланс аниматор болып жұмыс істеуге көшті. Қазір оның өз ісіне көңілі толады. «Егер тәжірибелі мамандар көбірек болса, компанияда қайтадан штатта жұмыс істеуге қарсы емеспін. Бірақ фриланс маған көп адаммен танысуға мүмкіндік береді. Аралық кадрларды салғанды шынымен жақсы көремін. Соның арқасында табыс тауып жүргенім – мен үшін ең үлкен қуаныш», – дейді Мукояма.

Күн шайдай ашық болған бір сенбіде Татено мен оның бірнеше шәкіртінің сабағына қатыстым. Бөлме Виктория дәуіріндегі қонақжайды еріксіз еске түсірді: терезе алдына шыны құмыралар тізіліп қойылған, ал шамдар мен аспалы шырақтар лалагүл мен раушан өрнектерімен безендірілген. Студенттердің әрқайсысы жарық үстелі мен механикалық қарындаш ұштағышпен жабдықталған жұмыс орнына жайғасқан.

Татено шәкірттерін айналаға зер салуға баулиды. «Көріністі әсерлі етіп салу үшін ойдан шығара салу жеткіліксіз. Әуелі өмірде көрген-түйгеннің бәрін бойыңа сіңіруің керек. Сонда ғана суретке өзіңе ғана тән өрнек қоса аласың», – дейді ол. Мен барған күні ол шәкірттерінен қазаннан көтерілген будың суретін салуды сұрады. «Юратто», – деді ол будың баяу көтерілген қимылын жапонның еліктеуіш сөзімен бейнелеп. «Шеті сәл-пәл бұлдырап тұрады, түтінге ұқсайды». Бөлменің қақ ортасына тұрып, қолын толқындата қимылдатып, будың жоғары көтерілгенін көрсетті. «Пішінін бұзбасын. Таудай болып жоғары көтерілсін».

Студенттер қазаннан көтерілген буды қағазға түсіруге кірісті. Сол аралықта Татено оларды бір-бірлеп шақырып алып, өткен аптадағы тапсырмаларын тексеріп шықты. Тапсырма – желге желбіреген ұзын шаштың қозғалысын бейнелеу. Әр студент екі негізгі кадрдың арасына өзі салған екі аралық кадрды орналастырған. Татено сол суреттерге қарап отырып, сызықтарын түзетеді де, ескертпесін жай ғана сыбырлап айтады. Даусы бәсең болғанымен, сөзі нық.

– Шаштың орта тұсы қозғалмауы керек, – деді ол деним жейде киген студентке. Студент оның қарындашының ізіне көз алмай қарап отырды.

Сабақтан кейін бірнеше студентпен әңгімелестім. Солардың бірі Нишимура Го аниматор болу үшін компьютер ғылымдары саласындағы магистратурасын тастап кеткен. Бұған дейін екі жыл бойы интернеттегі курстар арқылы өздігінен үйреніпті. «Ұстаздың қалай жұмыс істейтінін көзбен көрудің орны бөлек екен, – дейді ол. – Өйткені мұнда дайын суретті ғана көрмейсің».

Азық-түлік дүкеніне жұмысқа тұрғанына шамамен бір жыл болғанда, Канагауадан шыққан жас аниматор Эндо Мидзуки Bandai Namco Filmworks компаниясының ақылы тағылымдамасына қабылдау жүріп жатқанын көреді. Бұл – соңғы жылдары коммерциялық аниме компаниялары іске қоса бастаған компанияішілік даярлық бағдарламаларының бірі. «Осыдан шамамен он жыл бұрын жобаларға аниматор табу тым қиын еді. Жапонияда аниме көбейіп жатты, ал маман үшін талас тартысты болды», – дейді компанияның өндіріс жөніндегі үйлестірушісі Окумура Кенсүке. «Фрилансерлерді де тартамыз. Бірақ өз кадрымызды өзіміз дайындап, кейін компания штатында қалдырғымыз келеді».

Іріктеу мен интервьюдің бірнеше кезеңінен сәтті өткен Эндо 2023 жылдың көктемінде бағдарламаға қабылданды. Танысының көмегімен Токиодан арзан ғана бір бөлмелі пәтер тауып алды. Соған қарамастан, оның ай сайынғы шәкіртақысының 600 долларының тең жартысы пәтерақыға кететін (келесі лекке қабылданған тағылымгерлердің шәкіртақысы 1 100 долларға дейін көтерілді). Көбіне дайын тұздық қосылған макарон жеп күнелтті. «Күріш одан қымбат еді, – дейді Эндо. – Ең бастысы, қарын тойдыратын ең арзан ас іздейтінмін».

Бірақ Эндоның қуанышында шек жоқ еді. «Bandai-да жұмыс істеуді бұрыннан армандайтынмын, – дейді ол. – Өйткені ең сүйікті анимем – «Жанды әуенді сүй! Супержұлдыз!!» («Love Live! Superstar!!») осы студияның туындысы». Бір жыл бойы Эндо мен тағы жеті тағылымгер күн сайын таңертең студия аниматорлары өткізетін сабақтарға қатысты. Түстен кейін берілген тапсырмаларды орындап, тәлімгерлерінің ескертпелері мен ұсыныстарын тыңдайтын. Әуелі аралық кадрларды салуды меңгеріп, кейін негізгі кадрларды жасауға көшті. «Біз нақты аниме өндірісінде пайдаланылған материалдармен жұмыс істедік. Соның арқасында өз бетімше үйрену мүмкін болмайтын талай тәсілді меңгердім», – дейді Эндо.

Тағылымдаманы аяқтаған соң Эндо компанияға тұрақты жұмысқа қабылданды (бағдарлама 2018 жылы іске қосылғанда студияда небәрі жеті штаттық аниматор болса, бүгінде олардың саны 41-ге жеткен). Алғашында ол бірнеше аниме жобасына арнап аралық кадрлар сызды. Тіпті бір жолы сүйікті анимесі – «Жанды әуенді сүй! Супержұлдыз!!» («Love Live! Superstar!!») үшін де бір көрініс салу бақыты бұйырды. «Екі кейіпкер сөйлесіп тұрады да, артынан аздап сөзге келіп қалады», – дейді ол күліп. Ал «Жанды әуенді сүй! Супержұлдыз!!» анимесінің кейіпкерлерін жасаған суретші Сайто Ацушиға қолтаңба сұрап баруға әлі күнге дейін батылы жете қоймаған.

Эндоның ендігі арманы – бір күні өз анимесін шығару. Бұрын алыстағы сағымдай боп көрінген сол арман бүгінде қол созым жерге жақындағандай. Қоштасарда маған үнсіз ғана визиткасын ұсынды. Аты-жөнінің астына бар болғаны екі-ақ сөз жазылыпты: «Өндіріс бөлімі. Аниматор». Бір кезде азық-түлік дүкенінде жұмыс істеп жүріп, күріштен гөрі арзан болғаны үшін дайын макаронмен күнелткен жігіттің бүгінгі өмірін осы екі-ақ ауыз сөз сипаттап тұрғандай еді. Ал оң жақ жоғарғы бұрышында компанияның ұраны көзге түсті: «Баршаға шаттық сыйлап, болашаққа ұмтылу» (Fun for All, into the Future). Бәлкім, бұл ұран компанияның ғана емес, Эндоның өз өміріне де айналып үлгерген шығар.

Аа