7
The New York Times Magazine

Жер бетіндегі «ең бақытты елде» мұң кешіп өткен бір аптам

Молли Йоң
Сурет:
Марк Уо

Финляндия сегіз жыл қатарынан World Happiness Report («Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама») тізімінің көш басында тұр. Бірақ, шын мәнінде, бақыттың өлшемі бар ма осы?

Тыңдау
0:00
1x

Хельсинкиге азынаған ақпанда келгені несі?! –  деп таңырқай сұрады Микко Тирронен есімді жігіт. – Әдетте бұл кез біздің өңірдің... – деп сәл кідірді де, – ең бір жүдең шағы, – деді.

Мен «бақыт» туралы толғану үшін арнайы Хельсинкиге ұшып келгеннен кейін  кофеханада уеб-әзірлеуші әрі жазушы Тирроненмен жолықтым. 2012 жылы БҰҰ қолдауымен жүзеге асырылған «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» деп аталатын ерекше жоба ұсынған тізімде Финляндия сегіз жыл қатарынан әлемдегі «ең бақытты ел» деп танылып келеді. Финляндия бұл тізімнің басынан ойып тұрып орын алған бойда-ақ, ел үкіметі мүмкіндікті мүлт жібермей, «бақыт туризмі» атты бастама көтерді. Яғни елдің осы мәртебесіне ықпал ететін мәдени құндылықтарға негізделген арнайы маршруттар құрылды: табиғат аясында жабайы жеміс-жидек теруден бастап, таза ауа, орман-тоғай, өзен-көлдер, экологиялық таза тағамдарға дейін жетіп, саунаға да ұласты. Әсіресе, сол «сауна» дегені бәрінен де маңыздысы сияқты. Алайда мен сол «мінсіз» бағыттардың бірін де таңдамай, ақтүтек боран мен көкшұнақ аяздың әбден ашуына мінген сәтінде келе қалдым. Бұл жүрісіме қарап, Тирронен аң-таң. Көкейімде «Жер бетіндегі ең бақытты ел дәл осындай реңсіз күңгірт шағында да сол шат-шадыман қалпын сақтап қала ала ма?» деген сауал тұрды.

Ойымды айтқаным сол еді, Тирронен көп ойланбастан: «Финляндия – балалары қараңғы түнекте де асыр сап ойнайтын ел», –  деп, фин жазушысы Юкка Вийкиляның сөзін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл тіркес тек метафора ғана емес, шынайы өмірдің де көрінісі екен. Өйткені елдің географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты фин балалары расында да көп уақытын қараңғыда өткізеді. Көлік жүргізушілері оларды анық көруі үшін балалар сырт киімдеріне heijastin деп аталатын жарық шағылыстыратын әшекейлер тағып жүреді. Бұл шағын тұмаршалардың түр-түрі бар: лимон, пудель, аққу, кірпі, тіпті футбол добы пішінділері де кездеседі. Оларды ересектер де тағады.

«Мен кейде сыртқа жарқылдақ тұмарсыз шығу өзіңе өлім тілеумен пара-пар деп те әзілдеймін. Десе де, пешенеңе жазылғанын көресің ғой», – деді Тирронен мысқылдап. Екеуіміз финдерше шағын ғана шыны аяқтардан кофе ішіп отырғанбыз. Бұл елде кофе онсыз да аз-аздан құйылады, сондықтан бір жұтымнан көп ішкісі келгендер қайта-қайта толтыруға мәжбүр. Тирронен де кофесін бір ұрттап тауысып қойды. «Жұбайым бұл әзілімді жақтырмайды», – деді ол, бос шыны аяққа қарап жымиған күйі.

Мен сынамақ боп бекінген бақыт тәжірибесі әу бастан сәтсіз болды. Осыдан бір күн бұрын ғана, жексенбі түстен кейін, нағыз «вирус капсуласымен» ұшып келдім. Олай дейтінім, діттеген жерімізге жеткенше жан-жақтан күркілдеген жолаушылар жөтелінен ұшақтың өзі дір-дір еткендей әсер берді. Дүйсенбіні солардан жұққан тұмау мен джетлаг кесірінен мең-зең күйде өткіздім. Киіндім де, қонақүйдің мұздай суық әрі тар бөлмесінен сыртқа шығып, Normal (бағасы төмен, жап-жақсы тауарлары бар) дүкендер желісінің біріне бас сұқтым да, ол жерден осы өңірге тән ерекше тәтті саналатын тұзды мия кәмпитінің бір қабын сатып алдым. Хельсинки тұманнан тымақ киіп алғандай: аспанға қарасаң, бар-жоғы 9 метр биіктікке ғана көзің жетеді, ал одан жоғарғысы інжу шілтердің ар жағына жасырынған.

Тирроненмен бірге отырып кофе ішкеннен кейін кешкі серуенге шығып, айлаққа қарай бет алдым. Кесек-кесек мұз арасынан жалт-жұлт еткен қара су әлсін-әлсін көзге шағылысады. Күндіз қызыл балық сорпасы мен хот-дог сататын дүңгіршектердің бәрі жабық болады екен. Аяз да қарып барады. Айнала иесіз даладай жұтаң тартқан. Көзің бірен-саран адамды шала қалған жағдайдың өзінде де, олар жарығы көмескі мейрамханаларда тамақтанып отырған боп шығады. Хельсинкидің атақты эспланадасы (алаңы) да қаңырап тұр. Көктемде бұл аллея гүлдеген жабайы алма ағаштарының жұпарына бөленіп, күн сүйген сұлу иықтар (естуімше) шеруіне айналады екен. Ал қазір дүңгіршектердің терезелері жабық, ағаштар да дірдек қағады. Жолдар қардан тазартылғанымен, адамның жүріп өткен ізі байқалмайды.

Мен бір барға кіріп, ішімдігімді тауысқаннан кейін өзімді бұрынғыдан бетер жайсыз сезіндім. Бұлай боларын әуелден білетінмін: ішімдік адамның жүрек түкпіріндегі жай күйін айқындай түсетін теңдессіз қасиетке ие ғой. Қонақүйге қайтып бара жатып, Тирроненнің бұрын айтқан бір сөзі есіме түсті. Оның пәтері орналасқан үйдің сыртында лайға әбден былғанған түрі жиіркенішті бір үйінді қар жатыр екен. Серігімен екеуі қалжыңдап, маған сол үйіндінің суретін естелік сувенир етіп «Финляндияға қош келдің!» деген ишара ретінде жібермек болған.

Бақытты өлшеудің өзі – қайшылықтарға толы құбылыс. Адамзаттың мыңдаған жылдар бойғы ізденістеріне қарамастан, Конфуцийден бастап Аристотельге, Жереми Бентамнан Ричард Истерлинге, тіпті Опра Уинфриге дейін ешкім «бақыттың не екенін» бір ауыздан анықтап берген жоқ. Бақыт дегеніміз ләззаттың белгілі бір өлшемі ме? Әлде жанның азаптан ада болуы ма? Әлде түйсікке еріп қандай да бір мақсат, үміт, қауымдастық жолына түсу ме? Оның денсаулық, байлық, табыс атаулыға қатысы қанша? Бақыт әлде жай ғана көңілдің көтеріңкі күйі ме? Не бір нейромедиатор ма?

Алғашқы «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» 170 беттен тұратын PDF құжат еді. Оның ішінде елдерді бақыт деңгейіне қарай тізбектейтін кесте болды. Бірінші орынға Дания шықты, Финляндия екінші келсе, Норвегия үшінші жолаққа жайғасты. Ал Америка Құрама Штаттары 11-орынды місе тұтты. Содан бері бұл рейтиң жаңартылып, жыл сайын баяндама жасалып келеді.

Рейтиң бір ғана сұраққа негізделген және де сол бір ғана сұрақтан ауқымды, тіпті ақылға сыймайтындай қорытындылар жасалады. Бұл сұрақ «Кәнтрил баспалдағы» деп аталады. Міне, оның өзі:

Көз алдыңызда төменгі жағы нөлден бастап, жоғарғы жағы онға дейін нөмірленген баспалдақ тұр деп еслестетіңіз. Оның ең жоғарғы сатысы сіздің түсінігіңіздегі ең жақсы өмірді, ал ең төменгі сатысы ең нашар өмірді білдіреді делік. Қазіргі сәтте өзіңізді осы баспалдақтың қай сатысында тұрмын деп айтар едіңіз?

Егер сіз де мен сияқты жоғарыда жазылған тапсырманы оқыған бойда баспалдақтың суретін салып, сатыларды нұсқаулықта көрсетілгендей нөмірлей бастасаңыз, онда 11 сатылы баспалдақ шығады. Бұл қалай болғаны?! Себебі былай екен. «Кәнтрил» баспалдағының авторы, психолог доктор Хәдли Кәнтрил 1965 жылы осы аталған тәсілді ұсынған кезде баспалдақтың сызбасын қоса беріпті. Ол төменгі жақтағы «нөл» дегеніміз шын мәнінде саты емес, бірінші сатының астындағы кеңістікті білдіретінін анықтап айтқан. Сондай-ақ Кәнтрил сұрақ қойып тұрған кезде сұхбат алушының саусағы баспалдақ бойымен «жоғары-төмен шапшаң жылжып отыруы керек» екенін де атап кеткен.

Жыл сайын Gallup ұйымының өкілдері әр елден шамамен 1 000 адаммен байланысып, телефон арқылы немесе бетпе-бет сөйлесу барысында олардан «өздерін сол баспалдақтың қай сатысында тұр деп есептейтінін» сұрайды. Ал «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» авторлары мұның бәрін алдыңғы екі жылдағы деректерге қосып, шамамен 3 000 адамның жауабынан құралған жиынтық үлгі жасайды.

Скандинавия елдері ылғи да бұл тізімнің ең жоғары сатыларын иеленіп келеді. Финляндияның «бақыт көрсеткіші» бойынша сегіз жыл бойы көш бастап тұрғаны жұрттың бәріне мәлім. Дания, Исландия, Швеция мен Норвегия да тұрақты түрде алғашқы ондықтың қатарын толтырып отыр. Ал ең бақытсыз елдер тізімінен көбіне кедейлік, түрлі қақтығыстар мен жемқорлық жайлаған, адам құқықтары қорғалмайтын мемлекеттерді көресіз. Мысалы: Ауғанстан, Конго Демократиялық Республикасы, Йемен, Гаити сол жақта. Осы екі шектің арасындағы елдердің тағдыры қалай өзгеріп жатқанын да байқауға болады. Мысалы, Польша мен Португалия зерттеу басталғалы бері әрқайсысы шамамен бір сатыға жоғарылаған. Ал Америка Құрама Штаттары 2012 жылы 11-орынға дейін көтеріліп, содан бергі уақыттың бәрінде тұрақты түрде төмен қарай құлдилап келеді.

Наурыз айының ортасында кезекті 2025 жылғы «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» жарияланды. Бұл жолғы құжат 260 бетті құрап, осы уақытқа дейінгі ең көлемді, деректерге толы баяндама болды. Америка Құрама Штаттары өткен жылмен салыстырғанда бір сатыға төмендеп, 24-орынға түсті. Ал Финляндия көштің басындағы орнын сақтап қалды. Бұл есепке түрлі деңгейдегі талдаумен айналысатын көптеген медиа құралдар, соның ішінде алдыңыздағы осы басылым да бірден назар аударды.

Десе де, баяндаманың ойға қонымсыз тұстары көпшіліктің назарынан тыс қалып қойғандай. Мәселен, Италия (40-орын) Сальвадордан (37-орын) бақытсыздау көріне ме? Немесе Сауд Арабиясы (32-орын) Франциядан (33-орын) гөрі бақыттырақ дегенге сенер ме едіңіз? Не болмаса, Израильдің үздік ондыққа кіргеніне қалай қарайсыз? Ал осы баяндаманың пайда болуына өздерінің Ұлттық жалпы бақыт индексі арқылы сеп болған Бутанның 2019 жылдан бері бұл тізімде жоқ екеніне не дейсіз? Ол соңғы рет 95-орынға әупірімдеп жүріп әрең іліккен еді.

Ал енді құрғақ есепке келсек. Әр ел «Кәнтрил баспалдағы» бойынша берілген жауаптарға негізделген ұпаймен бағаланады. Финляндияның қазіргі көрсеткіші 7.736 десек, Америка Құрама Штаттарының көрсеткіші 6.724-ті құрайды, яғни шамамен бір сатыға төмен. Басқаша айтқанда, америкалықтар финдермен салыстырғанда 87 пайыз шамасында ғана бақытты. Бұл, жаман емес сияқты көрінеді. Алайда америкалық оқырмандардың көкейін тескен мәселе, мұның бәсеке екені және өздерінің жеңістен қағылғаны болып отыр. Тіпті керісінше, ең жақын көршілеріміз Мексика (10-орын) мен Канадаға (18-орын) есе жіберіп келеміз. Жыл сайын жарияланатын есептерге сүйенсек, біздің біртіндеп төмен қарай құлдилап бара жатқанымызды көрсетеді, тіпті, Литва, Словения, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдердің де артында қалып барамыз.

Америкалықтардың бақытқа деген көзқарасы басқалардан өзгеше десек, оның сыры аталған ұғымды алыстан жалт-жұлт еткен бір жұмбақ іспетті қарастыруынан болса керек. Олар оны түсіну үшін қылуетке кету керек деп санайтындай. Немесе Харвард пен Йельдегі (екі университет те «бақыт» жөнінде дәрістер ұсынған) арнайы курстарға қатысып, оқуын оқып алатын дүние іспетті көретінге ұқсайды. Алайда бұл – өзіміз шешімін табуымыз керек түйткіл. Осы елдегі көптеген басқа мәселелер секілді салық, медициналық сақтандыру, өзін-өзі қорғау дегеннің бәрі де әр адамның өз мойнында. Кофе шыны аяқтары үлкен-үлкен келетін, нағыз еркіндік салтанат құрған бұл елде біз бір-ақ сәтте миллиардерге айналып шыға келуді де, не көше қиылысында өлімші күйге түсуді де көз алдымызға оп-оңай елестете аламыз. Қиялымыз қаншалықты құлаш сермесе, бағанағы баспалдақтың да сатысы соншалықты жоғары.

Финляндияның барлық мемлекеттік ғимаратында сауна бар. Ел бойынша есептегенде, әр екі финге бір саунадан келеді. Сондықтан да «бақыт туризмі» туралы әдебиеттерде сауна тақырыбының ерекше жиі аталуы таңғаларлықтай жайт емес. Тіпті ыстық буға толы бөлмеде уақыт өткізгеннен кейінгі тәннің балбыраған тәтті күйін білдіретін арнайы атау (saunanjälkeinen raukeus) да бар. Оған қоса, саунаға қатысты тағы бір наным (Saunatonttu) тараған. Финдер қабырға мен пештің арасын кішкентай пері мекендейді деп сенеді. Саунаның есігін тарс жапсаң, ол ашуға булығады екен-мыс.

Екінші күні мен Löyly деп аталатын жерге бардым. ЛОУ-лу деп оқылады. Бұл мен көрген алғашқы әрі әдеттегі сауналарға ұқсамайтын нысан болды. Мұнда келушілер арнайы суға түсетін киім киюге міндетті (бұл сирек жағдай), бағасы 26 еуро (қымбаттау), әрі өзі көздің жауын алатын сәулет туындысы дерсіз. Сыртынан қарасаң, ғимарат тастардың үйіндісіне ұқсайды: жел мүжіген қарағай тақтайлары қабат-қабат қиыстырылып, арғы жағы кедір-бұдыр террасаға ұласады. Сол жақтан теңізге түсетін баспалдақ бар. Келушілер мұздай суға шомыла алатындай етіп сол жерден төмен тұста мұзды ойып, дөңгелек тесік жасап қойған. Бұл дәстүр avantouinti деп аталады, оны мен YouTube-тегі фин инфлюенсерлерінен көрген едім.

Мен сауна ішінде де, сыртында да суға сүңгушілерді бақылап жүрдім, өйткені өзімді алда не күтіп тұрғанын жақсылап түсініп алуым керек еді. Суға толықтай бойлау міндет. Егер өйтпесем, екі сағат бойы бұл іс «қолымнан келер ме еді, келмес пе еді?» деген ой мазамды қашырар еді. Кешкі ауа температурасы Цельсий бойынша нөл градус шамасында болатын. Ал теңіз суы қанша градус? Білмеймін, бірақ саунадағы ойықтан басқа жердің бәрін көкжиекке дейін тұтас мұз басып жатыр. Кейбіреулер баспалдақтан еш кідірместен секіріп, судың ішінде 20-30 секундтай тұрып, емен-жарқын күліп, ішіне үзік-үзік ауа жұтып, су бетінде қалқып жүрді. Ал басқалары баспалдақпен баяу ғана түсіп, денесі тітіркенген күйі зорға сүңгіп жатты.

Баспалдақпен төмен қарай тықырлап түсіп бара жатып, санамды сол үшін әдейі өшіргендей хәлге түсіп, суға секірдім. Аузыма бір ащы дәм келді. Бір-ақ сәтте төбемнен жасын ұрғандай болып, денемдегі әрбір жасушаға қайта жан біткендей күй кештім. Террасаның арғы жағында тұрған бір кісі қол соғып, қолдау танытып қояды. Сол біреудің жай ғана көңіл бөлгенінен бойымды әлдебір мақтаныш сезімі билеп, су бетінде бірнеше секунд қалқып тұруыма күш бітірді. Сосын қайтадан баспалдақпен жоғары шықтым.

Көтеріліп келе жатып, төмен түсіп бара жатқан бір ер адаммен қатар кеп қалдым. Екеуіміз бір-бірімізге жымия қарап өттік: бірі мәнсіз-мағынасыз жеңісіне қол жеткізіп келе жатса, екіншісі соған енді бет алған. Мен оның суға сүңгігенін күттім де, қол соғып қошемет білдіріп, асығып қайтадан ішке, ыстық саунаға бет бұрдым. Ол жердің табы денемді дуылдатып, ерекше сезім сыйлады. Мартин Әмистің «Лондон алқаптары» (London Fields) романында «Түн ортасында бәріміз де – мына жалғанмен арпалысып жатқан не ақын, не шаранамыз» деген бір жол бар еді. Мұздай теңізде де дәл солай екен. Ал саунада әбден жылынып, өне бойың босаңсыған кезде «Ыстық болған қандай тамаша, сосын суық, сосын қайтадан ыстық, сосын тағы суық» деген ойлар алма-кезек таласып келе береді.

Löyly-дан кейінгі күні Kotiharjun атты анағұрлым дәстүрлі саунаға бардым. Оның маңдайшасында қызыл түсті неон шам жанып тұр, ал кіреберісте екі пластик орындық қойылған: біреуі бос, екіншісінде иығына тек сүлгі жамылған, көңілсіздеу ер адам отыр. Оның жылтыраған денесінен бу бұрқырап тұрды. Есіктен кіргенде тар ғана дәлізге тап боласың, ішінде қонақтар сыраларын сақтайтын ортақ мұздатқыш бар. Қызметкер кіру ақысын (16 еуро) алып, әйелдер киім ауыстыратын бөлмеге апарар бір баспалдақты нұсқады, онысы сықыр-сықыр етеді. Бір танысым бұл орынды маған өз алдына бір «көрініс» деп сипаттаған еді.

Шынында да солай еді, тек тып-тыныш көрініс екен. Жаңа ғана шомылып шыққан не жуынуға дайындалып жүрген он шақты әйел сыбырлай сөйлесіп, күрең қызыл түсті жұқа перде ілінген терезе жанындағы ағаш шкафтардан заттарын алып жатты.

Іште үстел ойындары, жасанды орхидея, Sauna атты журналдың бірнеше шығарылымы және антисептиктің ірі-ірі бөтелкелері тұр екен. Kotiharjun-ның жалпы атмосферасы көлік жуу не химиялық тазалау секілді қызмет көрсету орнына ұқсайды, сонысымен де тартымды көрінеді. Туризм ықпалының жалғыз ғана белгісі – киім ауыстыратын бөлменің қабырғасына ілінген «Сауна әдебі» деген тақтайша. Онда: «ішке кірер алдында жуыныңыз, су ішуді ұмытпаңыз, иіссу қолданбаңыз, айқайлап сөйлеспеңіз, саунада кім ұзақ отырады деп жарысқа айналдырмаңыз және өзіңізді де, өзгелерді де жапырақ шоқтарымен жеңіл сабалап, сергітуге болады» дегендей қарапайым ережелер жазылыпты.

Киім ауыстыратын бөлмеде менен басқа шетелдіктер көрінбеді, бірақ Финляндияға баратынымды естігендердің бәрі Kotiharjun-ға соғуға кеңес берген еді. Сыра сақтайтын мұздатқышы мен неон шамы бар бұл сауна аутентикалық деген сипаттама мен «аутентикалық сияқты» дүниенің ара жігінде тұрғандай әсер қалдырады. Шынайы ұғыну мен тым әсірелеу сынды осы екі.ұғымның арасындағы өткел қандай тар болса, Kotiharjun дәл осы демилитар әскери аумақтың төрінен ойып тұрып орын алғандай әсер қалдырады.

«Финляндияның төл қазыналарының ішінде (жарық шағылыстырғыш, мүкжидек шырыны) дәл сол саунаның даңқы ел шекарасынан әлдеқайда асып кеткендей. АҚШ-та сауна десе ішкен асын жерге қоятындар арасында Жо Роган, Леброн Жеймс пен Леди Гага сынды танымал тұлғалар да бар. Ал суық суда сергітіп алатын Avantouinti немесе соған ұқсас дүниелер фитнесқұмарлар мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында сәнге айналды. Бірақ АҚШ-тың өзінде оны көбіне қауым боп емес, гаражда өздерін видеоға түсіріп тұрып жалғыз жасайды. Бізге я сауна мәдениеті жетіспейді, я бәріміздің басымызды қосатын қандай да бір ортақ мәдениет қажет сияқты.

Бұрын бір суретшімен тілдескенде жазғы үйінде ыстық су мен душ болмаса да, саунаның қайнап тұруын қалыпты жағдайдай сипаттаған еді. Туризм бюросының қызметкері боп істейтін тағы бір фин өзінің онша саунақұмар емес екенін айтып, «аптасына екі-ақ рет барам» деді. Бірақ ол да: «Өз саунаң болмаса да, кеңсе ғимаратындағыға бара аласың,» –дегенді жеткізді. Карам есімді бір такси жүргізушісі пәтерінде жеке саунасы барын айтты, бірақ «оны тек шаршағанда не бұлшық етім ауырсынғанда ғана қолданамын. Яғни, күнде. Ха-ха!» – деп әзілдеді.

Финляндияда сауна белгілі бір мақсатқа жетудің құралы емес. Олар саунаға барсам байимын, сымбатым түзеледі, зейінім ашылады демейді. Оның мәні, тіпті, терлеп «токсиндер» шығаруда да емес. Ондай әсері болуы мүмкін, әрине. Аталған дәстүрдің сыры әрекеттің өзінде: отбасың, достарың мен бейтаныс адамдар арасында тәніңді жалаңаштай отырып, жаныңның тыныштық табуында; сол тыныштыққа негіз болған терең сенімде.

Тұңғыш «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» зерттеу нәтижелері бақытқа қатысты екі концепттің ара жігін ажыратып көрсетті: «аффектив бақыт» пен «рефлексив бақыт». «Аффектив бақыт» эмоцияларға тәуелді келеді: белгілі бір сәтте қуану не мұңаю, яғни адамның болған оқиғаға жедел жауап беруі. Ал «рефлексив бақыт» әлдеқайда жүйелі ойға негізделген: ол адамның өз өмірін тұтастай қалай бағалайтынын, оған қаншалықты қанағаттанатынынан туындайды. «Аффектив бақыт» ойын-күлкі, көңіл көтеру, пикниктер, сауық кештері, секс сияқты сәттерден өріледі. Ал «рефлексив бақыт» деннің саулығы, көңіл тоярлықтай табыс, қоғамдағы өз орнын табу мен қауіпсіздік сынды құндылықтармен тығыз байланысты.

«Рефлексив бақыт» дегеннің қарапайым синонимі (бұл зерттеулердің көбі дәл осы қарабайыр баламаларға келіп тіреліп қалады!) «қанағат» болар еді. «Кәнтрил баспалдағы» да, негізінен, осыны өлшейді. Сондықтан халқының өмір жасы ұзақ, табысты қайта бөлуге бағытталған салық жүйесі бар, басқару жүйесі тиімді, жемқорлық сирек кездесетін, оның үстіне, ортақ құндылықтары қалыптасқан Скандинавия елдерінің рейтиң басында тұруы бекер емес. Ал туристер Финляндияға іздеп баратын бақыт түрі, жеме-жемге келгенде, бұл елдің сеніміндегі бақыттың өзі емес.

Тағы бір гәп «аффектив» пен «рефлексив» аталатын бақыттың екі түрінің бір-бірінен тәуелсіз екенінде. Мысалы, босанып жатқан әйел толғақ азабын сезінеді («аффектив бақыт» төмен), бірақ жүрегін шүкіршілік кернеп, өмір мәнін ұғына түсуі мүмкін («рефлексив бақыт» жоғары). Ал «Әлемдегі ең бақытты ел» деген атау америкалықтардың санасында үздіксіз ләззатқа толы шексіз карусель секілді әсер қалдырады.

Бір күні таңертең трамвайға мініп, көзімді жұмып отырдым. Өзімді ұйқы қысып бара жатса да, қос құлағым сергек. Айналамдағы жұрттың не дегенін ақырындап тыңдап келемін. Фин тілі фин-угор тілдер тобына жатады, оған венгр мен эстон тілдері де кіреді. Әуезі ырғақты. Трамвай ішінде отырып, жағаға соққан мұхит толқыны, сүңгілерден тамған тамшы дыбысы естілгендей. Бұл әсер, бәлкім, елдегі өзен-көлдер іспетті су айдынының көптігінен туған шығар. Әлде керісінше, тілдің өзі сол су әлемінің ықпалымен қалыптасқан ба екен? Немесе бұл байланыс фин тілінің интонациясынан туындаса керек: сөйлем айтылған кезде әуен жоғарыдан төменге қарай баяу сырғиды. Ал екпін әрдайым сөздің бірінші буынына түсетіндіктен, тілде бір ерекше үйлесімді ырғақ бар, жолмен келе жатқан ат тұяғының тықылындай.

Мен қала орталығына жетіп алдым да, Хельсинкидің орталық кітапханасына қарай жаяу адымдап келемін. Сыртынан қарасаң, кеме пішінді сәбіз тортына ұқсайтын ғимарат. 2018 жылы ашылған. «Oodi» деп аталады. Бұл атау кітапхана ашылардан бір-екі жыл бұрын өткен байқауға түскен 2 600 ұсыныстың ішінен таңдап алынған. Қазылар алқасы қысқа, айтуға жеңіл әрі бір ғана тұлғаға таңылмаған атауды іздеген екен. «Oodi» фин тілінде «ода» дегенді білдіреді.

Оқырман әлгі алапат кеменің тұмсық тұсынан кіреді. Егер аяқ киіміне мұзда тайдырмайтын табан жапсырылған болса, оны шешіп кетуі керек. Мен барған күні іші адамға лық толы еді, сөйте тұра мүлгіген тыныштық орнаған. Осы бір үйлесімсіз көріністің көркемдігі мені шу басатын құлаққап киіп жүргендей күйге түсірді.

–   Хей! – деді қызметкер амандасып.

–   Хей, – дедім мен. – Билет қанша тұрады?

–   Немене?

–   Кіру үшін билет сатып алуым керек пе?

–   Ха-ха-ха! – деді қызметкер.

–   Жоқ. Бізде билет сатып алу деген атымен жоқ.

Ха-ха. Әрине, билет жоқ. Қоғамдық кітапханаға кіру үшін билет керек емес қой. Ғимараттың сән-салтанатына аузымды ашып қалған менің басыма «ақша төлеу керек» деген ой сап ете қалды, ақыры солай ойлағаным үшін өзімді ыңғайсыз сезініп қалдым.

Кітапхананың бірінші қабатынан кинотеатр, қызылша лазаньясы мен сәбіз қосылған сорпа ұсынатын кафе және терезе жанындағы үстелдерде шахмат ойнап отырған жиырма екі баланы көрдім. Содан кейін эскалатормен екінші қабатқа көтерілдім. Онда 3D баспа станциясы, лазерлік кескіш, үлкен форматты принтер, гравюра жасау құрылғысы, кез келген адам пайдалана алатын конференц-залдар және отырып оқуға арналған тербелмелі орындықтар бар екен. Сондай-ақ уақытша ала тұруға болатын (өздері сапалы екен) электр және акустикалық гитаралар, барабан қондырғысы және бірнеше цитра аспабы да қызықтырып жіберді. Подкаст пен электрон музыка студиялары, оқу залдары және алдын ала брондау арқылы бірге тамақ әзірлеуге болатын асүй кеңістігі де қарастырылған.

Мұның бәрі өзіне тартып тұрды, бірақ мені ерекше таңғалдырғаны бір ғана жазу болды. Бруклиндегі үйімнің жанындағы кітапхана қабырғалары «Өтінеміз, тыныштық сақтаңыз» деген ескертулерге толы. Ал Oodi-дегі жазулар мүлде басқаша: «Өтінеміз, өзгелердің тыныштықта жұмыс істеуіне мүмкіндік беріңіз!» деген. Бұл екі ескерту бір-біріне ұқсас болғанымен, мәні жағынан айырмашылығы бар. Бруклиндегі нұсқа – өзін-өзі ұстауға шақыру. Ал фин нұсқасы – айналаңда адамдардың бар екенін мойындауға бағытталған өтініш. Айырмашылықты сезіп тұрған шығарсыз.

Жоғарғы қабатта кітаптар, ойындар және Эдвард Григ пен Янни сияқты композиторлардың ноталары қойылған. Одан бөлек қызыл балық сорпасы, алқызыл күмбезді ханшайым торттары ұсынылатын тағы бір кафе бар екен. Әр үстелде құтыларға жаңа ғана салынған гүл шоқтары алыстан «қол бұлғап» тұр. Іште Bucida buceras ағаштары өсіп тұр. Күн сәулесі қиғаш орналасқан әйнек қабырғалар арқылы жұмсақ қана еніп, кеңістікті нұрға бөлеген. Қабырғалардың ар жағында сұрғылт түсті Парламент үйі төніп қарап тұрғандай. Oodi балконы сол ғимараттың кіреберісімен дәл бір деңгейде орналасатындай етіп жобаланған. Кітапхана буклетінде бұл «демократия мен диалогты бейнелеу үшін» қабылданған шешім деп көрсетілген екен.

Шұлықпен жүрген балалар шыршадан жасалған еңіс еденнен құдды шөп төселген төбешіктен сырғанағандай ойнап жүр. (Сәл аялдап, АҚШ-тағы ірі қалаларда еденде аунап ойнауға болатындай таза қоғамдық кітапхананы елестетудің қаншалықты қиын екенін ойлап көріңіз.) Жұмыртқа пішінді күмбез төбенің астында олардың асыр сап жүргенін көріп, мен тағы да әлдебір мұңлы күйге бой алдырдым. Мұнда адамның құлпырып гүлдене өмір сүруінің куәгері боласың, бір жағынан өте қарапайым секілді, екінші жағынан ақылға сыймайтындай әсер қалдырады. Сан Францискодағы балалық шағымда қоғамдық кітапханаға барғам. Сонда бір ер адам әзілдеп «Қаңғыбастар паналайтын жер үшін бұл жерде кітап тым көп екен» дегені әлі есімде.

Oodi-дің шэлтр екенін де айтпай кету қате болар. Кітапхананы ұйықтайтын жылы орын іспетті пайдаланатын, әрлі-берлі бірдеңе тасып жүрген адамдар да болды. Бұған рұқсат етілген. Олар белгілі бір шектелген аймақта ғана жатпайды, ешкім олардан қашпайды да, мазаламайды да. Егер бұл фин түсінігінде «төменгі деңгей», «Кәнтрил баспалдағындағы» нөлдің айналасы болса, онда «жоғарғы деңгейдің» сонша биік болмауы қаншалықты маңызды? Қолаң шашты финдердің біреуі осы бір кітапханаға қарап тұрып, «біздің елге Жефф Безос жетіспейді немесе сондай тұлғаға айналуға деген мүмкіндік болмай тұр» деп ойлай ма екен? Бәлкім, дәл сол ойдың жоқтығының өзі-ақ сені баспалдақтан бір саты жоғары көтеретін шығар?

Бір досыммен хат алмасып отырғанымда, өзімнің қатты жабырқау күйде жүргенімді айттым. Ол бірден қоңырау шалды да, мен кері хабарласқанша қайта-қайта телефонды ызылдата берді, нағыз дос деген міне дәл осындай болса керек. Фин балаларының емін-еркін жүгіріп, ойнап жүргенін көргенде бойымды жайлаған мұң жайлы оған біраз шер тарқаттым, ұзақ сөйледім. Сол кітапханада түрлі жастағы аналардың жиналып, әңгімелесіп, демалып, кейде жай ғана аяқтарын уқалап отырғанына да куәгер болғанымды баяндап бердім. Әлгі аналардың бірі тоғыз айдан енді асқан сәбиін кітапханадағы кафе үстелінің жанындағы биік орындыққа отырғызып, алдына көкөніс пюресін қойып, өзі кітап алуға кетіп қалғанын айттым. Ол шамамен жиырма минуттан кейін қайтып келді. Біз бір-бірімізге жымиып қарадық. Сосын сәбидің анасы менен:

– Қай жақтан келдіңіз? – деп сұрады.

– Нью Йорктан, – дедім мен. – Менің де сіздің ұлыңызбен шамалас кішкентай қызым бар

–  Ә-ә... Мен Нью Йоркке әлі барып көрмеппін. Барғым келеді, – деді ол.

Біз балалар мен кітапханалар жайлы және елдеріміздегі қауіпсіздік деңгейі туралы сөйлестік. «Бірнеше жылда бір рет бір дағдарыс болып тұрады. Біреу баланы ұрлап кетсе де, 15 минуттан кейін қайтарып береді не тауып алады, – деді ол Финляндия жайлы. –Елейтіндей дүние емес». Ұлы пюресін жеп болды да, қол бұлғап қоштасты. Олар ертегі бұрышына қарай бет алды.

Саяхат адамның өз үйін жатсындырып жібереді. Мен де Финляндияны өз елімдегі қалыпты жағдаймен салыстыра отырып көп нәрсені ұққандай болдым. Алыстан қарағанда Нью Йорктегі жүйкеме тиетін ұсақ -түйек бір ортақ сипатқа ие болып, өктемдік пен немқұрайлылықтың белгісіндей көріне бастады. Кез келген жерге қоқыс тастау, метроның есігіне адам өте алмайтындай тұрып алу, екі бірдей көлік тұрағының орнын бірден алып қою, баласының арбасын баспалдақпен көтеріп не түсіре алмай әлек болып жатқан анаға мән бермеу, тағысын тағы...

Адамдар түрлі себептермен қоғамға жат қылықтар жасайды. Бір аптаның ішінде мен финдердің неге шағын кофе шыны аяқтарына қарсы шықпайтынын, қоқыс тастамайтынын, кезексіз өтпейтінін, қоғамдық орындарда телефонмен дауыстап сөйлеспейтінін немесе неге әр бес адамның бірінде ит болса да, айналада иттің нәжісі көрінбейтінін түсініп үлгермедім. Немесе неге жаяу жүргінші бағдаршамында қызыл жанып тұрса, жолда еш көлік болмаса да, фин жасыл жанғанша күтіп тұра беретінін де ұқпадым.

Мен тұтқаның арғы жағындағы досыма тоқтаусыз шағымдана бердім: қызым кітапханада кафеде отырып өз бетімен көкөніс жесе, мұрнымды кесіп берейін, ағаш саясына жайғасып, ертегі қабырғасына солтүстік шұғыланың суретін салады деп армандамай-ақ та қояйын. «Иә, – деді досым – Бірақ бала өсіруге АҚШ-тан да нашар жерлер бар». Ол дұрыс айтты. Мысалы, Румыния, Косово, Эстония. Ең болмағанда «Дүниежүзілік бақыт туралы баяндама» нәтижесі солай деп тұр. Кәнтрил баспалдағына бір апта бойы байланып отыру менің шынайы өмірді бағалау сезімімді бұрмалап жіберген еді.

Келесі күні мен «өміріне көңіл тояр елден» Finnair ұшағымен ұшып кеттім. Ол болса, биіктікке көтерілгенше мазасыз діріл қағып, әлсін-әлсін «ықылық атқандай» күйде болды. Ал мені Нью Йоркте не күтіп тұр? Әуелі әуежайдағы жан баласына сенбеудің айқын көрінісі іспетті такси кезегі. Сосын шұрық-тесік тас жолдармен баяу жүріп, едені сықырлап тұрған пәтерге жету. Медициналық төлемдер. Балабақша шығындары. Бірақ, екінші жағынан, үлкен кофе шыны аяқтары бар.

Кез келген туризм, түптеп келгенде, «бақыт туризмі» секілді басталады. Сапарымыздың соңы өз-өзіңді қазбалаумен аяқталатын болса да, біз туыстарға бару, іссапармен жүру немесе бірдеңеден қашып құтылу сияқты жағдайлардың бәріне бір атау беріп қоямыз.

Микко Тирроненмен алғашқы кездесуімде мен оған Кәнтрил баспалдағы туралы сұрақ қойған едім. Кейін оны өзге финдерден сұрағанымда да, бәрі бұл секілді сұрақтың дұрыстығына күмән келтірді.

– Мен қайдан білейін оның жауабын? – деді де, – Мен де бірінші рет өмір сүріп жатырмын ғой, – деп ағынан жарылды Тирронен. Баспалдақ та жоқ, жоғарғы саты да, төменгісі де жоқ.

–  Бұрын қараңғы түнек болатын, қазір бірдеңе өзгеріп жатқандай көрінеді. Бірақ не болып жатқанын түсінбей абдырап та қаламын. Кейін қайтадан түнектің үстемдігіне ораламын.

Аа